ӘОК: 94 [070](574) Қолжазба құқында


ЖАСТАР  БАСПАСӨЗІНДЕГІ  ҚАЗАҚСТАННЫҢ



Pdf көрінісі
бет7/10
Дата30.03.2017
өлшемі1,03 Mb.
#10622
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ЖАСТАР  БАСПАСӨЗІНДЕГІ  ҚАЗАҚСТАННЫҢ   
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІ  
 
3.1 Жастар баспасөзіндегі Қазақстанның экономикалық жағдайы  
Революцияға  дейін  біртұтас  Қазақстанды  губернияларға,  облыстарға, 
уездерге, болыстар мен ауылдарға бөлгенде ұлан  - ғайыр өлкенің жекелеген 
аудандарының экономикалық және жергілікті ерекшеліктері ескерілмеген, ал 
енді  ол  саяси  және  экономикалық  жаңа  қажеттерге  мүлде  сай  келмеді. 
Елімізде  кеңес  өкіметі  орнағаннан  кейін  халық  шаруашылығын  қайта 
қалпына келтіру, кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын қалпына келтіру  ісі 
қолға алынып, бұл мәселелер арнайы түрде партияның пленум, конференция, 
съездерінде  қарала  бастады.  Үкімет  шаруашылықты  қалпына  келтіруді 
бұқара  халыққа  мерзімді  баспасөз  арқылы  түсіндіруді  жөн  санап,  өлкелік, 
губерниялық  және  уездік  газет-журналдарда  оны  жүзеге  асыру  барысы  
жөнінде мақалалар жарық көре бастады. Жастар баспасөзі де бұл іске бел буа 
кірісті.  Әсіресе  Жаңа  экономикалық  саясатқа  көшу  барысындағы 
қиыншылықтар,  елдегі  ашаршылық,  онымен  күресу  жолдары,  елдің 
экономикасын  көтеруде  табиғи  байлықты  игеру,  оны  тасымалдайтын  тас 
жолдар,  темір  жолдар  салудағы  іс-шаралар  жайлы  үзбей  ақпарлар  беріп 
отыруды өз міндетіне алды.       
Сөйтіп,  жастардың  мерзімді  басылымдары  бірінші  күннен–ақ  қазақ 
қоғамының  көкейтесті  саяси  -  экономикалық  мәселелерін  көтерумен 
шұғылданды.  Күн  тәртібіндегі  түйткілді  мәселелерді  шешуде  жастардың 
рөлін  арттыруға  көп  күш  жұмсалды.  Жастардың  рухын  шыңдап,  жағымды 
қасиеттерге баулып, олар халыққа пайдалы істерге жұмылдырылды. 
Коммунистік сипаттағы болған жастар баспасөзі, жас ұрпақты өз жағына 
тарту  мақсатында  жастардың  сана-сезіміне  әсер  етуге  бағытталған 
идеологиялық  жұмыс  жүргізді.  Үгіт-насихат  жұмысын  күн  өткен  сайын 
үдетумен  болды.  Жастарға  арналып  шығарылған  газет-журналдар  жас 
журналистердің  шығармашылық  табыстары  болып  табылатын  озық 
туындыларын көптеп жариялады. Бұл басылымдар өмірдің барлық саласына 
араласа  отырып,  сан  алуан  тақырыпты  көтеріп,  уақыт  тынысын  айнытпай 
білдіретін  өз  заманының  бұқаралық  ақпарат  құралдары  бола  білді.  Жас 
талапкерлерді журналистік шығармашылыққа баулыған, жастар баспасөзімен 
ғана  айналысқан  алғашқы  кәсіби  журналист  мамандар  жастар  баспасөзінде 
қаулап өсті. 
Жастар  газетінің  еліміздің  экономикалық  барысын  өзінің  алғашқы 
нөмірлерінен  бастап  жариялай  бастаған.  Азамат  соғысынан  кейін  күйреген, 
ашаршылық  тұсында  тұралаған  шаруашылықты  қалпына  келтіріп, 
экономикамыздың    дамыту  үшін  жастардың  күші  қажеттігін  айта  отырып, 
жастар басылымдары, олардың алда қолға алатын міндеттерін нақты көрсетіп 
берді.  «Өртең»  газетіне  жариялаған  «Қазаққа  не  керек?»  деген  мақаласында 
С.  Сәдуақасов  экономикамыздың  ілгері  жылжуы  үшін  не  істеу    керектігіне 
тоқталып,  оның  бірнеше  жолдарын  көрсетіп  берді.    «Бірінші  қазақ 
еңбекшілерінің  ойлайтын  ісі  -  өздерінің  шаруашылық  жайы.  Бұрынғыдай 

 
87 
қазақтың  сүтін  енді  басқа  біреу  пайдаланбайды,  енді  де  қазақ  өз  сүтімен  өз 
баласын асырауға кірісті. Біреудікін емес, өзінікін пайдалану  ұят емес», - дей 
отырып,  еліміздің  қазба  байлығының  мол  екендігін,  бірақ  оны  өңдейтін 
орындардың  жоқтығын  айтып,  біріншіден,  болашақта  осы  істі  қолға  алу 
керектігін  көтерсе,  екіншіден,  мыңдаған  шақырымға  созылып  жатқан  кең  -
байтақ аумақты бір-бірімен байланыстыру, ел экономикасын гүлдендіру үшін  
шойын жол (теміржол)  салу керектігіне үндейді. Бұл мәселені үкіметтің тез 
арада  қолға  алу  қажеттігіне  тоқталады.  С.  Сәдуақасовтың  үшінші  көтерген 
мәселесі  оқу-ағарту  ісі  болды.  «Оқу  тұрмыстың  зор  тірегі.  Оқусыз  адам 
уықсыз  тігілген  үй  секілді.  Қазақтың  еңбекшісі  оқымай  көпке  жете 
алмайтындығы  айдан  айқын.  Басқа  жұрт  біздің  ісімізді  істеп  бермейді»,  – 
деп,  үкімет  осы  мәселені  жылдам  қолға  алып,  жер-жерлерге  қажетті 
мұғалімдерді даярлап жіберсе деген тілегін айтады [217, 265-267-бб.].  
Ал  осы  газетке  жарияланған  Ә.  Нақымжанұлының  мақаласында 
жұрттардың  көбі  Қазақстанның  бар  байлығы  малы  мен  оның  жүн-жұрқа, 
тері-терсегі  деп  түсініп  жүргендіктері  үлкен  қатеге  екендігін,  Қазақстанның 
жер асты байлығының молдығын: «Жер астындағы алтын, күміс, жез, темір, 
мыс,  тас  көмір,  торф,  жер  майы  (нефть),  тұз,  бояу,  һәм  неше  түрлі  басқа 
қымбат заттар. Бірақ осы байлық бұл елге дұрыс пайда келтіріп тұрған жоқ. 
Осы  байлықтардың  бәрін  пайдаланып,  керекке  жарату  үшін  көп  уақыт,  көп 
еңбек,  әсіресе  көп  инженер,  техник,  аграном  секілді  көп  оқыған  адамдар 
керек», – деп, жер асты байлығымызды игеру үшін бірінші кезекте ғылымды 
оқу керектігіне үндейді [218].  
1921-1922 
жылдардағы  ашаршылықтан  Қазақстан  халқы  қатты 
күйзеліске  түсті.  Себебі  қыстың  қатты  қарсыз  болуы,  егіннің  шықпай  қалу, 
шөптің  жаңбырдың  жаумауынан  күйіп  кетуі  малдың  қырылуына  бір  алып 
келсе,  екіншіден,  ел  арасында  жұқпалы  аурулар  тарап,  нәтижесінде  ауыл-
ауылдарға  тарап,  адам  өлімі  көбейді.  Үшіншіден,  онсыз  да  қатты  қиын 
жағдайды  бастан  кешіріп,  тентіреп  кеткен  елімізге  Орталық  Ресейдегі 
ашыққандарға көмек көрсету турасындағы нұсқау  бойынша есепсіз салықтар 
салынып,  одан  сайын  жағдайларын  ауырлатып  жіберді.  Осындай  ел  басына 
күн  туған  кезде  қазақ  жастары  ел  шаруасын  көтеруге,  ашаршылық  қатты 
жайлаған  аудандарға  көмек  көрсетуге  аттанып,  зор  қажыр-қайрат  көрсетті, 
жер-жердегі  кеңес,  кооператив  ісін  меңгеріп,  оларды  жалшылармен 
жанастыруға  дәнекер болды. Жастар Одағы алда да осындай пайдалы істер 
істеуге даяр екендіктерін білдірді [219].  
«Жас алаш» газетіне жарияланған Ғани Мұратбаевтың «Жетісу мәселесі 
һәм  қазақ-қырғыз  мәселесі»  деп  аталған  мақаласында  Жетісудың 
экономикасын қалпына келтіру үшін бұрынғы отаршылардың меншігі болған 
жер-суды  халық  игілігіне  пайдалану  керектігін,  өлкеге  қолынан  іс  келетін 
білікті  азаматтарды  жіберу,  оқудан  бос  кездерінде  жастарды  тартудың 
маңыздылығын көрсетіп берді. Сонымен бірге жастарды оқуға тарту, жастар 
ұйымдарын ашу қажеттігін де ұсынды [220].  
Елдің  экономикасын  көтеру,  күйреген,  қираған  шаруашылықты  қайта 
қалпына  келтіре  отырып,  социалистік  алғы  республиканың  біріне  айналу 

 
88 
мәселесін  «Жас қазақ» журналына  жариялаған мақаласында  Ибат  Игенов та 
көтерді.  «Гурьев  уезінде»  деп  аталатын  мақаласында  ол  шалғай  жерлермен 
қатынасу  үшін  шойын  жолды  салу  керектігін  атап  өтті.  Ол  Гурьев  уезі 
Оралдан  500  шақырым  жерде  шалғай  жатқан,  жазда  тек  Астрахань  арқылы 
параход  ғана  қатынай  алатындығын  айта  отырып,  темір  жолдың  салынуы 
елдегі шаруашылық ісіне аса маңызды болар еді деген пікір де айтады [172, 
59-61-бб.].  
Қазақ  Өлкелік  партия  комитетінің  1928  жылғы  сәуірде  өткен 
пленумында республиканың жаңа әкімшілік-шаруашылық аудандастырылуы 
мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс деп атап көрсетілді: 1) 
шаруашылық  және  мәдени  социалистік  құрылысқа  неғұрлым  толық 
жоспарлы  басшылық  жасау;  2)  дамудың  неғұрлым  жоғары  сатысында 
әкімшілік  бірліктердің  жеткілікті  шаруашылық  қуаты  мен  орнықтылығын 
қамтамасыз  ету;  3)  Қазақстанның  барлық  ұлттары  еңбекшілерінің 
туысқандық  ынтымағын  қамтамасыз  ететін  жағдайлар  жасау  және  4)  өкімет 
билігін  жергілікті  жерлерге  жақындату,  олардың    бастамасы  мен 
талапкерлігін дамыту [221]. 
Осы  қаулыға  сәйкес  жүргізілген  республиканың  әкімшілік  -  аумақтық 
бөлінуі,  негізінен  1929  жылы  аяқталды.  Болыстар  жойылып,  аудандар 
құрылды,  ауылдар  мен  поселкелер  өздігінше  әкімшілік  бірлікке  айналды. 
Осыған  сәйкес  баспасөз  шығару  да  өзгеріске  ұшырады.  1930  жылы  11 
тамызда  БК(б)П  Орталық  Комитетінің  «Округтерді  жоюға  байланысты 
газеттердің  желісін  қайта  құру  туралы»  қаулысы  шықты.  Соған  сәйкес 
бірқатар  газеттердің  шығатын  жері,  түр  -  сипаты,  атауларына  дейін  бәрі 
өзгеріске  ұшырады.  Кейбір  жерлерде  орыс  тілді  газеттер  ғана  қалып, 
қазақшалары жабылды. Орыс тіліндегі газеттің соңғы бір бетін қазақша беру, 
немесе орысша газеттің қосымшасы етіп шығару сияқты жаман әдет қайтадан 
бой көрсетті. Мәселен, Ақтөбе округ орталығы аудан орталығына айналғанда 
5-6 жыл бойы шығып тұрған «Кедей» газеті жабылып қалды [222]. 
Бұрын  артта  қалған  Ресейдің  шет  аймақтары  сияқты,  Қазақстанның 
индустриялық  дамуы  Кеңес  Одағын  индустрияландырудың  құрамдас  бөлігі 
болды.  Республиканың  индустриялық  дамуында  бірінші,  әсіресе  екінші 
бесжылдықтардың  нысандарының  маңызы  айтарлықтай  болды.  Оның  сол 
кездегі маңызды нысаны – Түркістан-Сібір темір жол құрылысы еді. Ол 1931 
жылдың  басында,  қаңтар  айында  тұрақты  пайдалануға  берілді.  Осындай 
атқарылған  күрделі  істің  нәтижесінде  ұлттық  жұмысшы  табының  сан 
жағынан өсуі қамтамасыз етілді. Фабрика - зауыт жұмысшыларын, инженер -
техникалық кадрларды даярлау және қайта даярлау ісі мықтап қолға алынды. 
Сол  тұста  қазақтың  алғашқы  техникалық  интеллигенциясы  қалыптаса 
бастады. 
Түрксіб теміржолын салуға қазақ жастары көптеп тартылып, ірі құрылыс 
орындарына  жұмысқа  баруға  сұранып,  комсомол  ұйымдарына  өтініш 
білдірген.  Сонымен  қатар  олар  кен  өндіру  орындарында  да  табысты  еңбек 
етті.  Мәселен,  Балқаштағы  мыс  қорыту  комбинатына,  Қарағанды  көмір 
бассейінінде  жастардың  қатары  күннен-күнге  көбейіп  отырған 

223]. 

 
89 
Сонымен  қатар  олар  социалистік  жарыстарға  белсене  қатысып, 
коммунистермен  бірге  қатардан  көрінді.  1935  жылы  стахановшылар 
қозғалысы басталғанда комсомол жастары да бұл үндеуге үн қосты 

224].  
Кеңес  өкіметі  мен  Коммунистік  партия  Қазақстанның  ауыр  өнеркәсібін 
өркендетумен  бірге,  республикамыздың  халық  шаруашылығы  үшін  қажетті 
инженер-техник кадрларын дайындау жөнінде де аса зор жұмыстар жүргізді. 
Революцияда  бұрындары  бірде  бір  жоғары  және  арнаулы  техникалық  орта 
білім  оқу  орны  болмады.Осыған  байланысты  ондай  оқу  орындарын  ашумен 
бірге,  еліміздің  басқа  оқу  орындарында  қазақтың  ұлттық  кадрларын 
дайындау  ісі  батыл  қолға  алынды,  нәтиже  де  аз  болмады,  бірінші 
бесжылдықта 1928 ж. салыстырғанда орта арнаулы білім орындарының саны 
үш  есе  өсті.1934  ж.  қазақтың  тұңғыш  Кен–металлургия  (қазіргі 
политехникалық)  институты  ашылды.  Сөйтіп,  жоғары  білімді  инженерлер 
дайындау  жүзеге  асырылды.  Сонымен  бірге  Мәскеудің  Кен  академиясында, 
Жоғары  техникалық  училищесінде,  Ленинградтың  политехникалық  және 
Томскінің  технологиялық  институттарында  көптеген  қазақ  студенттері 
оқыды.  1930  жылы  Свердловскіде  (қазіргі  Екатеринбург)  арнаулы  Урал  - 
Қазақстан  өнеркәсіп  академиясы  ашылды.  Мұның  тыңдаушылары 
Қарағанды,  Қарсақбай,  Жезқазған,  Риддер,  тағы  басқа  Қазақстанның 
өнеркәсіпті  қалаларының  жұмысшыларынан  құралды.1931-1932  оқу 
жылында  сол  кездегі  туысқан  республикалардың  жоғары  оқу  орындарында 
4330 қазақстандық студенттер оқыды. Ұлттық республикалардағы жұмысшы 
және  селолық  тілшілер  қозғалысына  партия  органдары  мен  газет 
редакцияларының басшылығы жеткіліксіздігі баса айтылған. 
Коммунистік сипаттағы болған жастар баспасөзі, жас ұрпақты өз жағына 
тарту  мақсатында  жастардың  сана-сезіміне  әсер  етуге  бағытталған 
идеологиялық  жұмыс  жүргізді.  Үгіт-насихат  жұмысын  күн  өткен  сайын 
үдетумен  болды.  Жастарға  арналып  шығарылған  газет-журналдар  жас 
журналистердің  шығармашылық  табыстары  болып  табылатын  озық 
туындыларын көптеп жариялады. Бұл басылымдар өмірдің барлық саласына 
араласа  отырып,  сан  алуан  тақырыпты  көтеріп,  уақыт  тынысын  айнытпай 
білдіретін  өз  заманының  бұқаралық  ақпарат  құралдары  бола  білді.  Жас 
талапкерлерді журналистік шығармашылыққа баулыған, жастар баспасөзімен 
ғана  айналысқан  алғашқы  кәсіби  журналист  мамандар  жастар  баспасөзінде 
қаулап өсті. 
Кеңес  Одағының  экономикасы  жоспарлы  түрде  қарыштап  дамыды: 
бірінші бесжылдықтың  (1928-1932 жж.) белгіленген межесі мерзімнен бұрын 
орындалды.  Мұның  өзі  екінші  бесжылдықта  (1933-1937  жж.)  елдің  халық 
шаруашылығын  социалистік  жолмен  қайта  құруды  аяқтау,  өнеркәсіп  пен 
ауыл шаруашылығының барлық салаларында ең жаңа техникалық база құру 
және  оны  игеру,  патшалық    Ресейден  мұра  болып  қалған  техникалық-
экономикалық  артта  қалушылықты  жою,  халық  шаруашылығының  озық 
машинасы  техника  негізіне  көшірілуі,  капиталистік  елдерден  экономикалық 
тәуелсіздікті жеңіп алу, елдің қорғаныс қуатын нығайту міндеттері қойылды. 

 
90 
Осындай тарихи стратегиялық мақсатты жүзеге асыру жер-жерде, барша 
әлеуметтік–экономикалық  және  рухани  салада  жаңа  жетістіктерге  жету 
жолындағы бүкілхалықтық еңбек қозғалысын жан-жақты қамтуда баспасөзге 
айрықша  мән  берілді.  Енді  мерзімді  баспасөз  республика  орталығында  ғана 
емес, сонымен бірге облыстарда да шығарыла бастады. 
ХХ 
ғасырдың 
20-жылдарындағы 
Кеңес 
өкіметінің 
жүргізген 
көшпелілерді  отырықшыландыру  жөнідегі  науқаны,  ұжымдастырудың 
төтенше  сипаты,  кулактар  мен  байлардың  малын  тәркілеу,  күштеп  жүргізу 
әрекеттері,  салық  салу,  астық  дайындау  және  басқа  да  күш  жұмсап 
жүргізілген науқандар іс жүзінде шаруаға қарсы жасалған қастандық еді. 
Жергілікті  органдарға  жіберілген  нұсқауда  деревняларда  жойылатын 
кулактардың  үлес  салмағы  шарушылықтың  жалпы  көлеміне  қарағанда  3  -  5 
пайыздан  аспауы  керектігі  айтылған.  Бірақ  көптеген  аудандарда  олардың 
саны  бұған  жетпей  қалды.  Сондықтан  кулактар  санына  жеткізу  үшін  орта 
шаруалар есебінен барлық жерде жаппай оның деңгейі жоғары  «көтерілді». 
Көп  жағдайда    «жалпы  сан  жөніндегі»    тапсырма  асыра  орындалғаны 
соншалық,  іс  жүзінде    субъективті  түрде  белгіленген  адам  санынан  2-3  есе 
асып  кетіп  отырды.  1930-1931  жылдары    «Кулакты  жер  аудару  жөнінде» 
жіберілген  нұсқауға  сәйкес  олардың  толық  емес  деректер  бойынша  6765 
адамға жеткені мәлім. 
20-шы  жылдары  Кеңес  өкіметі  жаңа  экономикалық  саясатқа  көшуінен 
бастап  газеттер  бетінде  ауыл  шаруашылығындағы  өзгерістер  түсіндіріле 
бастады.  Азық-түлік  салғырты  енгізілгеннен  кейін  мемлекет  астық 
дайындауды  көбейтуге,  Қызыл  армияны  азық-түлікпен  жабдықтауға,  қала 
еңбекшілері  мен  астығы  жоқ  аудандарды  ашаршылықтан  құтқарып  қалуға 
жанталаса кірісті. Мысалы, 1921 жылы 7 қарашада «Еңбекші қазақ» газетінің 
бірінші  саны  «Астық  үшін  күрес  -  социализм  үшін  күрес»  деген  бас 
мақаламен ашылды. Мақала газеттің екі бетіне толық жарияланды [225].  
Сталиндік-голощекиндік  жүйе  Қазақстанды  «кулактық  жер  аудару» 
алабына айналдырды. ОГПУ мен НКВД-ның еңбекпен түзеу лагерлерінің Бас 
басқармасының    (ГУЛАГ)    арнайы  қоныс  аударушылар  жөніндегі  бөлімнің 
мәліметтері  бойынша  республикаға  46091  отбасы  немесе  180  мыңнан  астам 
адам айдалып әкелінген. 
Кеңес үкіметінің бұл шаралары бұрын - соңды болып көрмеген ауқымды 
көлемде  жүргізілген  жазалау  науқанына  ұласты.  Мәселен,  1936  жылғы  7 
тамыздағы  «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздар мен кооперативтердің 
мүлкін қорғау және қоғамдық  (социалистік)  меншікті нығайту туралы»  заң 
қабылданды.  Соған  сәйкес  жер-жерлерде  атышулы  ОБХСС  органдары 
құрылды:  заңда  ату  жазасы,  ал  жеңілдетілген  жағдайда  мүлкін  тәркілеп,  10 
жыл  түрмеде  қамау  жазасы  көзделді.  Алғашқы  жылдың  өзінде  Қазақстанда 
3345 адам сотталды. 
XX ғасырдың  30-жылдары қазақ халқы тарихында бұрын – соңды болып 
көрмеген  ауыр  қайғы-қасіретке  душар  болды.  Сталиннің  екпінімен  1929 
жылы  жаппай  ұжымдастыру  науқаны  күштеп  жүргізілді.  1930  жылы  10  күн 
ішінде (қыркүйектің 10-нан  20-сына дейін) ғана 10,5 мың  шаруа ұжымшарға 

 
91 
мүше  болды,  бұрын  шығып  кеткендер  мылтық  асынған  уәкілдердің 
қысымымен қайтадан мүшелікке тартылды. 
Ұжымдастыру  және  сонымен  бірге  жүргізілген  отырықшыландыру 
қазақтардың  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  өмір  салтын  түбірінен  өзгертті. 
Қазақ  қоғамының  табы  жойылып  қана  қойған  жоқ,  сонымен  бірге  көшпелі 
өркениет жасаған барлық тіректер қиратылды. 
1931  ж.  екінші  жартысы  –  1932    ж.  бірінші  жартысы  аралығында 
ұжымдастыру  ісінде    қайтадан  күрделі  қателіктер  жіберілді,  өздерінің  зілді 
зардаптары  жағынан  олар  1930  жылдың  басында  орны  алған 
бұрмалаушылықтан  әлде  қайда  асып  түсті.  Мәселен,  1932  ж.  ақпанда 
Бүкілхалықтық  санақ  қарсаңында  –  1928-1929  жылдары    қолда  бар  40  млн. 
бас малдан небары 5 млн. 397 мыңы ғана қалды, яғни 85,5 пайызға азайған. 
Бұған қоса елдің орталығындағы халықты етпен асыраудың ауыртпалығынан 
қазақтар  көп  малынан  айырылды.  Қазақ  даласын  аштық  жайлады.  Жасанды 
ұйымдастырылған    аштықтың    салдарынан  –  голощекиндік  зұлматтан  –  2 
млн. 300 мың қазақ өлді. Аштықтан және зұлматтан аман қалу үшін  900 мың 
қазақ  (18  пайыз)  шет  аймаққа  –  Ресейге,  Орта  Азияға,  содай  -  ақ  Қытай, 
Монғолия, Ауғанстан және Иранға қаша көшті [226, 48–55–бб.].  
Республикадағы  жергілікті  халық  өзінің  70  пайызға  жуығынан 
айырылды.  Жалпы  шығын  көшпелі  аудандарда  –  70-75,  ал  отырықшы 
аймақта 50-60 пайызды құрады [227].   
Сол  кезде  шығып  тұрған  көптеген  басылымдарда    БК(б)П  ОК    1930 
жылы колхоз кұрылысы жөнінде бірқатар құжаттарды оқуға болады. Мысалы 
30 қаңтарда ОК - тің кулактарды мал-мүлкін айыру жөніндегі нұсқауы жер - 
жерге  жіберіледі;  ал  20  ақпанда  «Коллективтендіру  және  эконмикалық 
жағынан  артта  қалған  ұлт  аудандарының  кулактарға  қарсы    күрес  жүргізу 
туралы»    қаулысы  қабылданады.  2  наурызда  ОК  шешімі  бойынша  И.В. 
Сталиннің  «Табыстан бас айналу» деген мақаласы газеттерде жарияланады, 
14  наурызда  «Колхоз  қозғалысының  партия  жолын  бұрмалаушылықтарға 
қарсы күрес туралы»  қаулы шығады. 
Ұйымшылдық,  жолдастық  көмек,  кеңестік  патриотизм,  социалистік 
интернационализм,  партиялық  принциптілік,  таптық  мақсат,  жалынды 
атеизм,  білім  мен  өнерге,  әдебиет  пен  өнерге  құштарлық  сияқты  ізгі 
қасиеттер кеңес адамдарының рухани байлығының жарқын көрінісі болды. 
Партияның  осы  нұсқауларын  орындау  үшін  Қазақстан  өлкелік  партия 
комитеті  мынадай  қаулылар  қабылдады:  1930  жылы  21  наурызда    «ОК-тің 
колхоз  құрылысындағы  бұрмалаушылықтар  туралы  осы  жылғы  18 
наурыздың  қаулысын  жергілікті  жерлерде  іске  асыру  туралы»;  26  наурызда  
«Колхоздарда  ұйымдық-шаруашылық  жағынан  нығайту  жөніндегі  шаралар 
туралы»;  5сәуірде  «Ауылдық  шаруашылық  –  саяси  шаралар  туралы»;  6 
сәуірде  «Қамалған және жер аударылған кедейлер мен орташаларды босату 
туралы  бұрын  қабылданған  нұсқауларды  тексеру  туралы»;  12  сәуірде 
«Ауылдағы жағдай туралы». Осылардың бәрі республикалық және аймақтық 
газеттерде жарияланған [228].  

 
92 
Мал  басының  кеміп  кетуінің  шаруашылық  және  саяси  мәнін 
Бүкілқазақтық  VI    партия  конференциясының  шешімінен  көруге  болады: 
«Талдау    Қазақ  АКСР  халық  шаруашылығының  өзекті  саласы  мал 
шаруашылығы екенін көрсетеді, халықтың 75 пайызы мал шаруашылығымен 
шұгылданды  және  ол  бүкіл  жалпы  өнімнің  50  пайызын  береді.  Сондықтан 
Қазақ  АҚСР-і  экономикасының  бұл  саласын  мейлінше  жақсы  дамыту  бүкіл 
халық  шаруашылығын,  Республика  халқының  басым  көпшілігінің  әл  – 
ауқаты мен игілігін көтеруге шешуші ықпал жасайтын болады. Ал байырғы 
халықтың  90  пайызы  осы  кәсіппен  шұғылданатын  болғандықтан,  едәуір 
дәрежеде  ұлттық  мәселе  болып  табылады»  [152,  117-118-бб.]  -  деп  атап 
көрсетілген.  
Орталық  Комитеттің  бірқатар  нұсқауларына,  оның  ішінде  «Малды 
күштеп  қоғамдастыру  туралы»  1932  жылы  26  наурыздағы  соңғы  нұсқауына 
қарамастан  колхозшыларға  мал  қайтарылды.  Керісінше,  жергілікті  колхоз 
жүйесінің,  жер  органдары  мен  баспасөздің  тарапынан  қоғамдастырылған 
малдан  ештеңе  қайтармау  бағыты  жүргізілуде  (мысалы,  бұл  жөнінде 
«Социалистік Қазақстан» мақалада), ал кейбір жерлерде, мәселен, Көкшетау 
ауданының 20 колхозында жуырда жүргізілген тексеруде малдың 100 пайызы 
қоғамдастырылғаны анықталды [227, 21-б.]. 
Ф.И.  Голощекин  өзінің    «Тағы  да  мал  шаруашылығын  өркендету 
жолдары  және  осы  майдандағы  оппортунистер  туралы»  атты  мақаласында 
мал  басының  кеміп  кетуінің  себебі  туралы  пікір  айтқан  Төреғожин  және 
басқаларға тойтарыс беріп, қоныс аударғандарға мынадай түсініктеме береді: 
«Бұрын  ауылынан  ешқашан  ұзап  шығып  көрмеген  қазақ  өзінің  көшіп  – 
қонған  өрісінен  басқа  жолды  білмеген  еді,  ал  енді  Қазақстанның  бір 
ауданынан  екінші  ауданына  оп  –  оңай  көшіп  барып,  орыс,  украин 
колхоздарына  кіріп,  Еділ  бойына,  Сібірдің  шаруашылық  құрылыстарына 
жұмысқа ауысып жатыр»  [229, 52-б.].  
Осы күшпен ұжымдастыру жылдарындағы елді жайлаған аштық туралы 
баспасөзде  кейбір  мақалалар  мен  өлең-жырлар,  хабаралар  орын  алды. 
Мысалға,  мына  бір  өлеңде  көрсетілгендей,  жұртты  қанша  қиыншылық 
көрседе бір-біріне қарайласуға шақырды. 
«… Тоқ  ағайын , аш бауырды көріңдер! 
Барың болса, аш балаға бөліңдер! 
Жүздеп, мыңдап өліп жатыр қарашы! 
Жас буындар, алдағы өмір ағасы. 
Күшті салып сен құтқарсаң, тарихта 
Рахмет  айтар  кейін  қазақ  баласы  ...»  -  деп  аштық  туралы    нәубетті  А. 
Асылбеков анық жеткізеді  [230]. 
Колхоздастыру  кезінде  асыра  сілтеу  салдарынан  елдің  мал 
шаруашылығына  зор  нұқсан  келді.  Мысалы    ірі  қараның  саны  1923  жылы 
60,1  миллион  1933  жылы  33,5  миллионға  түсті.  Қой  –  97,3  миллионан  32,9 
миллионға  (1934  жылы),  жылқы  –  32,1  миллионнан    14,9  миллионға  дейін 
кеміді [231]. 

 
93 
Осы 1931 және 1932 жылдары астықтың түсімі төмен болғанымен, елді 
аш  қалдыратындай  аз  мөлшерде  еді.  Аштықтың  себебі  басқада,  атап 
айтқанда, 
мынадa: 
Сталиннің 
басшылығымен 
колхоздағы, 
жеке 
қожалықтардағы 
астық 
түгелімен 
сыпырылып 
алынды. 
Еліміздің 
индустриясын  «серпілте»  алға  бастыру  мақсатымен,  яғни  валюта  үшін  шет 
елге астық сату шектен тыс арттырылды. Мысалы, 1930 жылы жиналған 835 
миллион центнер астықтың 48,4 миллион центнері экспортқа шығарылды. Ал 
1931  жылы  бар  болғаны  695  миллион  центнер  астық  жиналса,  сыртқы 
рынокқа 51,8 миллион центнер астық жөнелтілді. Көп колхоздар тіпті тұқым 
қорынсыз  қалды.  Сібірде,  Поволжьеде,  Қазақстанда,  Солтүстік  Кавказ  бен 
Украинада аштық басталды [232]. 
Көрнекті  ғалым,  академик  Ә.  Марғұлан  былай  еске  алады:  «1932  жылы 
елдегі ашаршылықты естіп, жолға шықтым (Ленинградта оқып жүрген кезім . 
Фрунзеге  (Бишкек)  келгенде  жүрегім  сыздап  сала  берді.  Босқындар 
(қазақтар)  көшеде жүргізбейді. Көбісі  – Солтүстік аймақтан. Шыдай алмай, 
Қырғызстан  Атқару  Комитетінің  төрағасына  кірдім,  бәрін  баяндадым. 
Қолымнан  келген  көмегім  сол  ғана.  Содан  Алматыға  бет  алдым. 
Голощекинге  кіру  қауіпті.  Елдің  өз  астығын  өзіне  қимау  не  деген  сұмдық! 
Елге  жетсем,  ауылдың  орнынан  басқа  ештеңесі  қалмапты.  Шешем 
Қарағандыға бара жатып жолда өліпті. Арғы атамыздан қалған араб, монғол, 
түркі  тілінде жазылған, кейін өгіз терісіне басылған жазбалар  бар еді. Оның 
баршасы жоғалыпты» [231, 219-б.]. 
Сол  жылдары    Мәскеуде  оқып  жатқан  қазақ  студенттерінен  бригадалар 
жасақталып,  қолдарына  мандат  беріліп,  арнайы  вагондармен  Мәскеуден 
Куйбышевке  (Саратов)  қарай  жіберілді,  олар  жолды  бойлап  Мәскеуге  қарай 
бір  үзім  нан  үшін  жаяу  –  жалпылама  шұбырған  қазақтарды  жинап,  азық  - 
түлік  таратып,  жергілікті  басшыларға  тапсырып,  жұмысқа  орналасуына, 
орнығуына  қыруар  жағдай  туғызған.  Темір  жолды  жағалап  Ресей 
ормандарын  аралап  кеткен  аштарды  жинаған  вагондар  ел  арасында  
«Рыскулов вагондары» атанып кеткен» – деп жазылған «Нәубетте» [231, 231-
б.]. 
Ф.И.  Голощекин  арсыздықпен:  «Бұл  халықтың  қырылып  жатқанын  біз 
емес,  өзі  кінәлі,  еңбектенгісі  келмейтін,  жалқаулығынан  қырылып  жатыр»  – 
деген  сандырақты  қарамағындағы  әкімшіл  -  әміршіл  аппарат  қызметкерлері 
осыған бас шұлғыған. «Революция шығынсыз болмайды» деген «Кіші Казан» 
қағидасы да сол голощекиншілдіктің бір сорақы көрінісі еді  [233].  
Әр  түрлі  үрейлі  әдістер  арқылы  мәдени  –  психологиялық  ерекшеліктер 
мен  факторлар  жалпы  халықты  қоныстандыру,  отырықтану  мен 
колхоздастыру  жұмысында  өрескел  қателіктер  жіберілудегі  ең  бастысы  – 
елдің  өз  ерекшелігімен  және  пікірімен  санаспаудан  бұл  жөнінде 
«Литературная  газетаның»  тілшісі  Валерий  Шаровтың:  «Почему  –  то  наше 
отношение к малым народом чаще всего сводится к тому, чтобы все делалось 
так,  как  было  бы  удобно  «большому  брату»,  как  ему  кажется  лучше. 
Естественно  и  ошибки  свои  мы    и  исправляли,  «по  –  нашему»  –  дегенінде 
жазушыларымыз өзінің халық алдындағы парызын да өтей алмай отыр  [234]. 

 
94 
Тарихшы  –  демографтар  алдын  –  ала  талдаулар  жүргізіп,  қазақ 
этносының  қызыл  қырғынға  ұшырағанын,  аса  ауыр  шығынды  басынан 
кешіргенін дәлелдеп отыр. Қазақтар аштықтан және соған байланысты түрлі 
індеттерден,  сондай-ақ  табиғи  өлім  деңгейінің  үнемі  жоғары  болуынан  2 
миллион 200 мың адамнан, яғни жалпы қазақ халқы 49 пайызынан айырылды 
[233, 161-б. ]. 
Халықтың  тұтасынан  жойылып  кетпеуі  үшін  көшпенді  қазақтарды 
отырықшылыққа  көшіріп,мемлекет  тарапынан  көмек  көрсету  үшін  1930 
жылғы қаңтарда Республикалық отырықшыландыру комитеті құрылды. Бәрі 
де  халық  қамын,  ойлап  қанаушы  таптың  мүддесін  қорғаған  әділ  әрекеттер 
сияқты  көрінді.  Бірақ    оларды  жүзеге  асырудың  әрбірінде  асыра  сілтеулер 
мен  қателіктердің  көп  болғанын  кейін  басылымдардың    беттерінде  жарық 
көрген деректерінде пайдалануға болатын мақалалардан көруге болады. 
Академик  М.  Қозыбаев    «Аштыққа,  яғни  көшпенді  шаруаға 
ұшырағандарға  көмек  көрсететін  арнайы  қаржы  болмағандықтан,  халықты 
отырықтандыруға бөлінген қаржы енді солар үшін жұмсалады» – деп жазады  
[235].    Бұл  да  сол  кезде  халықтың  біржола  құрып  кетпеуіне  себеп  болған. 
1933 ж. 31 наурызда Өлкелік партия комитеті көшпенділерді шаруашылыққа 
орналастыру  жөнінде  декрет  қабылдайды.  Сөйтіп,  1934  жыл  барлық 
көшпенді шаруаларды орналастыру жылы болды. 30–жылдардағы  Қазақстан 
трагедиясы тек эконмикалық емес, саяси қылмыстың нәтижесі екенін көруге 
болады.  
Республикалық  орталық  басылым  «Казахстанская  правда»  газетінде 
«Лениндік ұлт саясатын осылай жүзеге асыру керек» деген айдармен бірнеше 
хабарлар  жарияланған.  Мысалға  «Қарағанды  облысының  алдыңғы  қатарлы 
МТС-терінде  көшпелі  шаруаларға  туысқандық  көмек  көрсету  және 
шаруашылыққа  орналастыру  жөнінде  қозғалыс  кең  өріс  алып  отыр»  –  дейді 
газет [235, 5-б.].  
Алматы  облысы,  Октябрь  ауданының  жоспарлаушы  экономисі  А. 
Шелесов  1934  ж.  23  мамырдағы  түсіндірмесінде    «Мұнда  1931  жылдан  бері 
коллекивтендіру шаруашылықтың да, сондай - ақ халықтың да азаюы арқылы 
жүріп  жатыр,  мен  оған  әсіресе  коллективтендіру  ісіндегі  сонымен  бірге 
қоныстандыру мәселелеріндегі асыра сілтеулердің және партия мен үкіметтің 
шешімдерін  бұрмалаудың  зардабы  тиді  деп  есептеймін,  соның  нәтижесінде 
республиканың басқа аудандары мен  қалаларына, тіпті Қытайға көшу  пайда 
болды» – деп жазған  [227]. 
Орыс  дәрігері    Т.Г.  Невадовская  1933  жылы  наурызда  Шындәулет 
ауылында болғанда жазған өлеңінде:  
« ... И этот труп казаха на меже  
Кто  приказал? Узнать - понять хочу я. 
Кто смерть и нищету послал сюда? 
Где спокон веку жил народ, кочуя»,-  
деп  өз  көзімен  көрген  жантүршігерлік  жағдайды  жазған.  «Сол  кездегі 
қазақ халқының жазалау және қажетсіз шеккен қасіретіне белгісіз солдаттың 
басына орнатқандай ескерткіш орнатар едім» – деген сөздерін бүгінде ерекше 

 
95 
көңіл  бөлуді  қажет  етеді  деп  ойлаймын  деп  жаза  келе  М.  Хасанаев  өлеңді 
баспаға ұсынған [237]. 
1921  жылдың  маусымында  өкімет  белгілеген  азық  –  түлік  саясатын 
орындау  мақсатында  жас  Қазақ  республикасының  астанасы  –  Орынборға 
губерниялар  мен  уездерден  26674  партия  мүшесінің  атынан  163  делегат 
жіберіліп,  РК(б)П  –  нің    X    съезінің  кеңестік  және  шаруашылық  құрылысы 
міндеттеріне  қатысты  қабылдаған  шешімдерін  жүзеге  асыруға  белсене 
кірісті.   
Қазақ  даласын  жайлаған  жаппай  ашаршылықтан  кейін,  аман  қалған 
балалар  1933  ж.  басында  оқуға  тартылды,  мектеп  жасындағылардың  84 
пайызы  партаға  отырды.  Дегенмен  шалғайда  мал  шаруашылығымен 
айналысатын  бірқатар  аудандарды    әлі  бастауыш  мектеп  болмады, 
балалардың  50-60  пайызы  ғана  оқуға  тартылды.  Оның  өзі  де  жазу  мен 
есептеуді білумен ғана шектелді. 1932 жылы жалпыға бірдей бастауыш білім 
беру  жүйесі  енгізілді.  Ұлттық  педагог  кадрларын  даярлайтын  оқу  ісіндегі 
олқылықтар  да,  жетістіктер  де  «Пионер»  журналы  мен  осы  аттас  газетте 
көрініс тауып отырды. 
Голощекиннің әрекеттеріне наразылық білдірген алдыңғы қатарлы қазақ 
зиялылары    репрессияға  ұшырады.  Бұған  айқын  мысал  ретінде  «1930  жылы 
контрреволюциялық  астыртын  ұйымға  қатысты»  деген  жалған  желеумен  М. 
Жұмабаев,  А.  Байтұрсынов,  Ж.  Аймауытов,  т.б.  тағдырын  атауға  болады. 
(Қазақ  ССР  Жоғарғы  сотының  қылмысты  істер  жөніндегі  алқасы  1988 
жылдың  4  қараша  күні  іс  -  әрекеттерінде  қылмыс  құрамы  жоқ  деп  тауып, 
ақтағаны белгілі.). Сол кездегі Қазақстан өлкелік партия  комитетінің бірінші 
хатшысы  Ф.И.  Голощекиннің  субъективті  көзқарасы  мен  авантюристік 
пиғылдарының  салдарынан    қаулап  келе  жатқан  қазақтың  жас  ұлттық 
интеллигенциясының  өкілдеріне  біріне  оңшыл,  екіншісіне  солшыл, 
үшіншісіне  бұрынғысынша  ұлтшылсың  деген  айдар  тағылып  қудалауға 
ұшырады.  Ойдан  шығарылған  байтұрсыновшылдық,  сәдуақасовшылдық, 
меңдешевшілдік,  сейфуллиншілдік,  рысқұловшылдық  деген  дақпыртпен 
халықтың етене жағдайын жақсы білетін зиялы  азаматтар өз қызметтеріннен 
ығыстырылды,  тіптен  сол  кезден  -  ақ  қудалауға  ұшырады.  Сөйтіп, 
халқымыздың  саны  кеміп  қана  қойған  жоқ,  рухани  куаты  әлсіреді, 
интеллектуальдық потециалы төмендеді.  
1934 жылы Алматы облыстық «Сталин жолы» газеті шығарыла бастады. 
Оның  алғашқы  редакторы  Жақан  Сыздықов  болды.  Газет  облыс  өміріндегі 
өзгерістерді,  табыстарды  көрсетіп  отырды.  Істегі  кемшіліктерді  ашып,  оны 
жоюдың    жолдарын  насихаттады.  1936  жылы  желтоқсанда  қабылданған 
КСРО Конституциясын жырлады, халыққа Қазақстанның одақтас республика 
болғанының  маңызын  түсіндірді,  облыс  еңбекшілерін  жаңа  табыстарға 
үндеді.  1937  ж.  КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  сайлауы  кезінде  үгіт-насихат 
жүргізуде  үлкен  роль  атқарды.  Газет  1938  ж.  көктемінде  өзінің  шығуын 
тоқтатты. 
Жастар арасында еңбекке коммунистік көзқарасты таратуда «Қарағанды 
комсомолы»  газеті,  т.б.  басылымдар,  жастарды  еңбеккерлікке  баулып,  сол 

 
96 
заманның  идеологиясын  кеңінен  насихаттап  отырды.  Ұрандатылған  осы 
науқанға 
байланысты 
«Жаңашылдар 
қозғалысы», 
«Стахановшылар 
қозғалысы»  барлық  өнеркәсіп  орындарында  өріс  ала  бастады.  «Социалистік 
Қазақстанның» 1940 ж. қыркүйектегі нөмірінде «Қарағанды – Отанымыздың 
үшінші көмір базасы» деген тақырыпта жазушы Ә. Әбішевтің «Үсті ел, асты 
қазына» деген очеркі жарияланды  [238]. 
Комсомол  жастары  «Стахановшылар  қозғалысына»  құлшыныспен 
кіріскен.  Кен  өндіретін  орындар  мен  ірі  өнеркәсіп  орындарында  комсомол 
жастар бригадасы өзара жарысқа түсіп, араларын суырылып шыққандар үлгі 
ретінде тақталарға ілініп, олардың еңбектері жайында газеттер жаза бастады. 
Өлкелік  комсомолдар  конференциясының  ашылу  құрметіне  орай  17 
шахтадағы  Мұқажанов  бригадасы    ақпан  айының  жоспарын    артығымен 
орындап,  1250  вагон  көмірдің  орнына  2375  вагон  көмір  өндіріп,  айдын 
аяғына дейін жоспардан тыс 1000 вагон көмір беруді міндетіне алса [239], ал 
стахановшы  Әбсәлам  Топаев  комсомол  мүшесі  Садықовпен  бірге 
Қарағандыдағы  көмір  бассейінінде  өз  жоспарын  200  проценттен  кем 
орындамаған [240].  
Колхозшы  жастар  да  өзара  социалистік  жарысқа  түсіп,  өздерін  көрсете 
білген.  Тассай  кеңесіне  қарасты  «Қайтпас»,  «Жасасын»  колхозында 
ұйымдасқан комсомол мүшелері Сәбен Ысқақов, Бағлан Әлсейітова жарысқа 
түсіп,  мақта  теруден  екеуі  де  күнделікті  нормаларын  кейде  200,  кейде  300 
процентке орындаған [241].  
Республикалық  басылымдар  ауыл  шаруашылығының  мәселелеріне  көп 
мән  берді,  барлық  баспасөз  еңбекшілерді  Қазақстанды  елдің  негізгі  мал 
шаруашылығы  базасына  айналдырудағы  міндетті  орындауға  шақырды. 
Жастар  баспасөзінде  осы  мазмұндағы  мақалалар  тізбегі  көптеп  жариялана 
бастады.  «Лениншіл жасқа» жарияланған «Жаңа өмірге көшуде» деп аталған 
мақалада  «Колхозды  большевиктік,  колхозшыларды  ауқатты  етейік»  деген 
ұранмен Қазақстанның көп колхоздары іске белсене кірісіп, егін егу мен мал 
басын өсіруге құлшынып отырғандығын айта келе, осындай колхоздың біріне 
Батыс  Қазақстан  облысының  Теректі  ауданындағы  «Тазарту»    деп  аталған 
кохоздың  жетістіктерін  келтірді.  Бұл  колхозда  барлығы  60  үйлі  жан  бар 
екендігі,  негізгі  кәсіптері  егін  егу  болып,  отырғандығын,  соған  қарамастан 
бір  сүт  фермасы  мен  қой  фермасы  барлығын,  астық пен  малға  азық  ретінде 
шөп  сақтайтын  екі  үлкен  сарай  салынып  жатқандығын  зор  мақтанышпен 
жазды [242].  
Қазақ жастарының колхоз ісіне бар ниетпен құлшына кірісуі колхоздың 
сәлетті  болып  көркеюуіне,  өсуіне  жол  ашып  отырғандығын  Сейітжан 
Омарұлы  деген  жас  комсомол  да  қуанышпен  хабарлаған.  Ол  «Киров» 
колхозының  мал  шаруашылығының  өсуіне  мектеп  бітірген  барлық  жастар 
тартылып,  мал  өсірумен  ғана  емес,  сауатсыздықты  жоюда  да  белсенділік 
танытып,  колхоз  өмірін  осы  жастар  нұрландырып  отырғандығын  келтірді 
[243].  
Стахановшылар  қозғалысына  қазақ  қыздары  да  үлкен  сеніммен 
араласты. Газеттер олар жайында арнаулы очерктер мен мақалалар жариялап 

 
97 
отырды. 1936 ж. бүкіл Кеңес Одағының газет-журналдарының бетінде бұзау 
құшақтаған,  мойнында  пионер  галстугі  бар  қазақ  қызының  фотосуреті 
жарияланды.  Ол  -  Рауза  (Роза)  Шамжанова  еді  Көкшетау  облысындағы 
Казгородок  балалар  үйінің  оқушысы,  7  жасында  әке-шешесі  жоқ  жетім 
қалған  еді.  Оқуымен  қатар  мал  фермасында  бұзау  бағып,  ерен  еңбегімен 
үлкен абыройға бөленді. 12 жасар пионер қыз Мәскеуге арнайы шақырылып, 
Бүкілодақтық  Орталық  Атқару  Комитетінің  төрағасы  М.И.  Калининнің 
қолынан  «Құрмет  белгісі»  орденін  алды.  Бүкіл  байтақ  елде  мұндай  жоғары 
құрметке  бөленген  бүлдіршіндер  саусақпен  санарлықтай  аз  еді. 
Қаршадайынан еңбек сүйгіштілігімен  ерекше көзге түскен Раузаның өнегелі 
еңбегі  жастар  баспасөзінде  кеңінен  насихатталды,  барша  елдің  балаларына 
әйгілі пионер, оқуда да, еңбекте де  шамшырақ рөлін атқарды. 
Осыған қосымша айтарымыз, Роза кейін Ұлы Отан соғысына өз еркімен 
сұранып  барып,  қайсар  мінезімен  тағы  да  көзге  ілінді.  Соғыстан  кейін 
Мәскеудегі  П.  Лумумба  атындағы    Халықаралық  қатынастар  институтын 
(МГИМО)  бітіріп,  халықтар  достығы  тақырыбында  1968  ж.  Қазақстанның 
шетелдермен экономикалық және мәдени қатынастарының  тарихы бойынша 
кандидаттық диссертация қорғады. Көп жылдар бойы шетелдермен байланыс 
жөніндегі  Қазақ  қоғамы  төралқасының  төрайымы  қызметін  абыроймен 
атқарды. 
Р.  Шамжанованың  қоғамдық  еңбегіне  риза  болған  журналистиканың 
ардагері  Сарбас  Ақтаев  кейін  былай  деп  жазды:  «Ол  қазір  де  пионер. 
Халықарлық қатынастар саласында қазақ қыздары арасынан шыққан пионер. 
Бүкіл  қазақстандық  пионер  қозғалысының  тарихында  «Құрмет  белгісі» 
сияқты жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған Р. Шамжанова тұңғыш және 
жалғыз қазақ баласы болды»  [244]. 
Стахановшы қазақ қыздары арасынан Нұрила Махмұтова да көзге түсті. 
Ол  да  жетімдер  үйінде  тәрбиеленіп,  Қарағандыға  келіп,  горпромучта  оқып, 
жақсы  бітіріп,  байыту  фабрикасында  істеп,  жеті  рет  сыйлық  алып, 
стаханошылар  қозғалысының  бірінші  күнінен-ақ  қатарына  еніп,  айлық 
жоспарын 250-300 процентке орындаған [245].  
1938  ж.  колхоз  малын  жұт  апатынан  сақтап  қалу  үстінде  қазаға 
ұшыраған  Алматы  облысы  Қаскелең  ауданының  пионері  Болатбек 
Омаровтың  есімі  жастар  баспасөзінде  мейлінше  дәріптелді.  Бұл  науқанға 
«Социалистік  Қазақстан»  бастаған  республикалық  газеттер  бастамашылық 
танытты.  Алты  жастағы  ауыл  баласын  қолдан  батыр  жасау  ісіне  барлық 
басылымдар  жұмылдырылды.  Газеттер  Болатбектің  1933  ж.,  яғни  он  бір 
жасында 
«Политотдел» 
колхозында 
жас 
малшылар 
үйірмесін 
ұйымдастырғанын,  комсомолдың  басшылығымен  колхоз  құрылысының  
жауларын әшкерелегенін, газеттер жарыса жазды. Белсенді Болатбек екпінді 
пионерлердің  республикалық  слетіне  (Алматы,  1934),  пионерлердің  
Бүкілодақтық слетіне (Мәскеу, 1935) делегат болып сайланды. 1935 ж. Қазақ 
АКСР-нің  15-жылдығына  орай  мерекелік  белгімен  марапатталды. 
Болатбектің образын көпшілікке үлгі етуде әсіре таптық тұрғыдан шындықты 
бұрмалау мен жасандылыққа жол берілді деп келісуге болар еді. 

 
98 
Коммунистік партияның идеологтары өз әкесіне қарсы шыққан ресейлік 
пионер  Павлик  Морозовқа  ұқсаған  қазақ  пионерінің  жасанды  образын 
сомдауға көп күш салды. Социалистік мүлікті қорғау үстінде тап жауларына 
айналған  өз  туыстарына  тайсалмай  қарсы  шығып,  солардың  қолынан  қаза 
тапты  деген  стереотип  қазақ  жасөспірімдерінің  санасына  күштеп  енгізілді. 
Олар Болатбектің ерен ерлігі  туралы әңгімені  жақсы білуге  тиісті болды, ол 
жөнінде жазылған тақпақтарды жатқа айту әдетке айналды. Мұндай жасанды 
мысалдар баспасөзде молынан басылып жатты. 
Республиканың  бүкіл  бұқаралық  ақпарат  жүйесі  жұмысына  кіріскен, 
жастар 
және 
балаларға 
арналған 
газет-журналдардың 
басты 
тақырыптарының біріне айналдырылып, Б. Омаровтың есімімен байланысты 
жүргізілген  идеологиялық  науқан  жас  ұрпақты  орыстандыруға  бағытталған 
саясаттың  айқын  көрінісі    болды.  Бұл  саясаттың  жасы  үлкендерді  сыйлап 
өсетін,  әке-шешесін  шексіз  құрметтейтін    қазақтың  ұлттық  психологиясына 
жат  екендігі  ескерілмеді.  Заман  солай  еді.  Қазір  де  солай,  ұлттық 
психологияға  жат  тұрпайы  әдет-ғұрыптар  электрондық  ақпарат  арқылы 
таудың  тасқынындай  күндіз-түні  жарнамалануда.  Оларға  тосқауыл  жоқ, 
айтылатын уәж - демократия осындай. 
Мерзімді  қазақ  баспасөзінің  дамуына  сол  жылдары  республикада 
салынған  116  баспахана  зор  роль  атқарды.  1936  ж.  Алматыда  газет-журнал 
басып  шығаратын  баспахана  іске  қосылды.  Осының  нәтижесінде  мерзімді 
басылымдардың саны екі - үш есе көбейді. Мысалы, 1940 ж журналдар – 38 
дейін көбейді, 1933 ж. – 23 еді; олардың 9-ы қазақ тілінде, бұлардың жалпы 
таралымы 3 еседен асып түсті. 1932 ж. - 120 газет шығарылып, 340 мың дана 
болса,  1940  ж.  тиісінше  336  газет  және  бір  миллион  данадан  асты.  Оның 
үстіне  көп  тиражды  70  газет  қазақ  тілінде  шыққан.  Республикалық, 
партиялық-саяси және көркем әдебиет журналдары, жастарға және әйелдерге 
арналған журналдар да шығарылып тұрды. 
Қазақ  жастары  мерзімді  баспасөз  мекемелері  бүкіл  елдегі  сияқты,  кең 
өріс  алған  дене  шынықтыру  мен  спорт  мәселелеріне  арналған  мақалаларды 
көптеп басып отырды.Спортшыларды даярлаудың мән-жайы да назардан тыс 
қалмады. 
1938  ж.  жазда  бірінші  Республикалық  колхоз  Спартакиадасы  өткізілді, 
600-ден  астам  спортшы  қатысты.  Онда  33  республикалық  және  1  одақтық 
рекорд  жасалды.  1940  жылы  спорт  қоғамдарында,  сондай-ақ  жоғары  оқу 
орындарында  19  мың  шаңғышы,  20  мың  гимнаст,  1  мың  автомобиль 
жүргізуші,  600-ден  астам  альпинист  және  басқа  да  көптеген  спортшы 
даярланды. 
Жастардың  мерзімді  баспасөзі  жігіттерді  Кеңес  Армиясы  қатарына 
шығарып салудың үлкен қуанышты оқиға екендігін түсіндіруге тырысты, бұл 
жақсы  әдет,  дәстүрге  айналды.  Омырауы  ордендерге  толы  соғыс 
ардагерлерінің  жастарды  Отанға  адал  қызмет  етуге  шақырған  ыстық 
лебіздерін,  құттықтаулары  мен  тілектерін  жариялап,  Қарулы  Күштер 
қатарына алынғандарға оң сапар тілегін білдірді. 

 
99 
ХХ  ғ.  30-шы  жылдары  баспасөз  одан  әрі  дамыды.  Газет-журналдар 
еңбекшілерді  әлеуметтік-экономикалық  және  мәдени,  құрылыс  саласындағы  
жоспарды орындауға жұмылдыруда көп іс тындырды. Онжылдықтың аяғына 
қарай  республикада  жалпы  таралымы  10  миллион  данадан  асатын  337  газет 
(193-і  қазақ  тілінде)  және  таралымы  1  миллион  данаға  жуық  38  журнал 
шығып  тұрды.  1940  жылдың  басында  әрбір  тұрғын  күн  сайын  екі  газет  пен 
журнал алып отырды. 
Елдің  қорғаныс  қабілетін  нығайту,  экономикасы  мен  мәдениетін 
гүлдендіруде атқарылатын шараларды  іске асыруда еңбекшілерді жан аямай 
еңбек  етуге  шақырған  мақалалар  жастар  басылымдарында  аз  болмады. 
Еңбекшілерді  коммунистік  рухта  баулуда  сол  кездің  баспасөзі  партияның 
насихатшысы, үгітшісі және ұйымдастырушысы  рөлін атқара білді. 
Баспасөздің ең басты міндеті уақыт тынысын сезініп, өз жұмысын  соған 
лайық  етіп  атқару  1939-1941  жылдары  жасөспірімдер  журналы  көбірек 
діттеген.  Сол  кезде  ерекше  назар  аударған  екі  мәселе  болды:  біріншіден, 
балалардың, пионерлердің еңбекке араласуы, екіншіден, әскери - патриоттық 
тәрбие. Бұл екеуін де уақыт талап еткен, жалғыз ғана пионер ұйымдары емес, 
бүкіл  халық  алдында  тұрған  міндеттер  болатын.  Ол  кездің  пионерлері  шын 
мәнінде  халық  шаруашылығына  өздерінің  үлесін  қосты.  Сол  кездегі 
«Пионердің»  әр  беті  –  республика  пионерлерінің,  жалпы  елдің  өмірінен 
мағлұмат беретін шежіре іспеттес болды, бір - екі мысал: 
«...1939  жыл  журнал  мұқабасы.  Онда  винтовка  атуды  үйреніп  жатқан 
балалар  бейнеленген.  Журнал  О.  Мацкевичтің  «Мистер  Уркварт  қалай 
алжасты»  деген  көлемді  мақаласымен  ашылған.  Онда  Қарағанды  көмір 
бассейінің  кешегісі  мен  бүгіні  туралы  әңгімеленді.  Революциядан  бұрын 
көпес Ушаковқа 250 сомға сатылып, кейін ағылшын капиталисі Уркварттың 
меншігінде  болып  келген,  Қарағандының  қазіргі  жайын  тебірене  жазады. 
Осы  санда  сол  кездегі  ірі  құрылыстарының  бірі  -  үлкен  Ферғана  каналы 
туралы да, Марс планетасы жайында мақалалар басылған [246]. 
«...1940  жылғы  №  7  -  8  нөмірлері  екі  айда  бір-ақ  шығарылған.  Мұнда 
Ленин  өмірінен  әңгімелер,  Хасандағы  ұрыстың  екі  жылдығына  арналған 
бірнеше материалдар, Қазақстанның 20 жылдығына арналған мақала, әңгіме, 
очерк,  өлеңдер  жарық  көрген.  Қазіргі  әдебиет  пәнінде  оқытылатын  Иса 
Байзақовтың әйгілі «Он бір күн, он бір түн» поэмасы да жарияланған. «Қазақ 
драма  театрының  құрылысы»,  «Қызыл  ту»  колхозындағы  (Іле  ауданы, 
Алматы  облысы)  ПВО  үйірмесінің  мүшелері»  деген  түсіндірмемен  берілген 
екі фотосуреттен де сол кездің болмысын елестетуге болады  [247]. 
Ал  1941  ж.  мамырында  журнал  «Соғыс  өнерін  үйренейік!»  деген 
айдармен  профессор  В.  Федоровтың  «Винтовканың  тарихы»  атты  көлемді 
мақаласы  жарияланған...  .1941  жылдың  маусымындағы  санынан  кейін 
шықпай  қалды,  оның  қызметкерлері  қазақ  балаларының  досына  айналған 
басылымды  шығаруға  еңбек  сіңірген  журналистер  майданға  аттанды. 
Жалынды журналистік сөзімен сол кезгі ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосқан 
«Пионердің»  журналистері  –  редакторлар  -  Рамазан  Аманкелдин,  Қасен 
Сейілхановтар  Отан  үшін  шайқаста  үлкен  ерлік  көрсетті.  Журналдың 

 
100 
тұрақты  авторлары  –  Абдолла  Жұмағалиев,  Әли  Еспенбетов,  Сырбай 
Мауленов,  Әзілхан  Нұршайықов,  Диқан  Әбілев  сияқты  жауынгер  ақын  -  
жазушылар жауға қарсы қарумен қатар қаламын жұмсады [248]. 
Мерзімдік  баспасөздің  куәландыруына  қарағанда,  комсомол  – 
жастардың  69  пайызы  жеке  адамға  табыну  мен  Сталиннің  өзі  саналы  түрде 
жүзеге    асырған  деп  қопара  жазуды  қаласа,  18  пайызы  мұндай  әшкерелеу 
мақалалар социалистік қоғам идеалына  сенімсіздік  тудырады деп есептейді.  
Сол  кезде  баспасөз  елде  жүріп    жатқан  саяси  науқанға    лайық  жаршы 
болуға  тырысты.  «Ұлтшыл  –  фашисттерге    өмір  сүргізбейміз»,  -  деп 
«Социалистік  Қазақстан»  ұрандатты.  «Әдебиеттегі    троцкист  –  бухариншіл 
ұлтшыл  –  фашист  зиянкестерін  жеріне  жете  құрту  керек»  деп  «Қазақ 
әдебиеті» дабыл көтерді. «ҚазАПП кезіндегі ұлтшыл – фашист – провакатор 
Байдилдиннің  зиянкестігін,  әдебиеттегі  алашордашылардың,  қазіргі  ұлтшыл 
–  фашистердің  контрреволюцияшыл  фашист  төбеттері  –  Нұрмақов, 
Рысқұлов,  Сәдуақасов,  Құлымбетов,  Жүргенов,  Қожанов,  Тоғжановтардың 
қалдықтарын  түп    –  тамырымен  құрту  бүгінгі  таңдағы  ірі  міндетіміз  екенін 
бір  минут  те  ұмытпауымыз  керек»,  -  деп  алдарына  міндет  қойған  газет, 
сондай-ақ  қалалық  жалпы  жиналыстарда  осындай  ұрандар  көтерілді,  оның 
қайғылы салдарлары мәлім  [249]. 
Сот  процесінің  барысы  күнбе  –  күн  хабарланып,  тергеу  хаттамалары 
баспасөзде  халықтың  «ой  –  пікірі,  талап  –  тілегімен»  қоса  жарияланып 
отырды.  Мысалы:  «Қазақ  халқының  ежелгі  жаулары»  деп  аталған 
«Социалистік Қазақстан» 1938 жылғы 22 наурызда: «Қазақ халқын бақытты, 
қызық  дәуренінен  айыруға  тырысқан  ұлтшыл  –  фашист,  троцкишіл  – 
бухариншіл  шпион  бандиттерді  дер  кезінде  әшкерлеген  даңқты  чекистерге, 
олардың сталиншіл наркомы Н.И. Ежов жолдасқа Қазақстан халқы көп – көп 
алғыс  айтуда,  жауларды  түгел  жоюда  НКВД  орындарына  әрқашан 
жәрдемдесіп отыруға дайын» деп жазды  [250]. 
Тарихшы,  профессор  Х.  Маданов  «Сталиннің  қылмысы  қандай?    атты 
мақаласында:  «...Репрессияға    ұшыраған  адамдардың  398  тізіміне  ең  қатал 
жаза  қолдануға  рұқсат  етіп  Сталиннің  жеке  өзі  қол  қойған.  Ал  бұл 
тізімдердің  әрқайсысында  жүздеген  фамилия  болған»  -  деп  келтіреді 
мәлімдемелерді   [251]. 
Белгілі  кеңес  жазушысы  Г.И.  Серебрякованың  «Қара  құйғын»  атты 
повесінде мынадай дерек бар: «Біз кінәсіз өліп барамыз. Өлер алдында адам 
жалған 
сөйлемейді. 
Бізге 
сеніңіздер 
және 
біздің 
партиядан 
айнымағанымызды  жолдастарымызға,  бүкіл  совет  халқына  айтыңыздар.  Біз 
туралы түбінде бір айту үшін тірі қалыңыздар» [252].  
Міне,  осылайша  тоталитарлық  жүйенің  қатаң  саясатының  шынайы 
көрінісі  осылайша  адамдар  тағдырынан,  жалпы  қоғам,  оның  айнасы 
баспасөздердің қызметі мен мазмұнынан анық көрініп тұрды. 
Кеңестік  кезеңде  республикамыздағы  жастар  баспасөзінің  тарихы 
арнайы зерттелмей, ол тек жалпы баспасөз тарихы қатарында қарастырылып 
келді.  Ал  шын  мәнінде  бұл  салада  көптеген  мәселелердің  сол  кезеңде  
қордаланғаны  белгілі.  Міне,  сондықтан  да  бүгінгі  қазақ  баспасөзі,  баспасөз 

 
101 
бостандығының  нәтижесінде  өзекті  айтылған  мақалаларды  батыл  жариялай 
отырып,  сол  кезеңдегі  қазақ  жастарының  жаңа  тұрпатты  баспасөзінің 
алғашқы  қадамдарын,  аға  буын  өкілдерінің  оларға  басшылық  қызметін, 
жастардың ғылым мен білімге ұмтылысын ел шежіресінің бір парағы ретінде 
қарастырып келеді, Тарихи тәжірбиені бүгінгі жастарға  тәлім–тәрбие ретінде 
батыл пайдалануға болады. Сол кеңестік биліктің кезінде жастарға, олардың 
тәрбиесіне  қандай  мән  бергені  жөнінде  егемен  еліміздің  мерзімді  басылым 
беттерінде  сындарлы  мақалалар  жарық  көруде.  Жастар  баспасөзі  жастарды 
тәрбиелеуде  дем  беруші  күш,  рухани  қару  ретінде    пайдаланылатыны 
бәрімізге аян.  

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет