ЕРЕКШЕ БӨЛІК
2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ
24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша жұмыскер жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесі қағидаларын сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді.
25-бап. Еңбек шартын жасасу кезі мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері
1. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектемейді.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні;
жеке сәйкестендiру нөмiрi (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi);
жұмыс беруші заңды тұлғаның және оның орналасқан жерінің атауы, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың орындалатын орны болуға тиіс.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, жұмыстың орындалатын орны көрсетілмейді;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) тараптардың жауаптылығы;
13) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
2. Мүгедектігі бар адаммен жасалатын еңбек шартында жұмыс орнын оның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықтау жөніндегі талаптар қамтылуға тиіс.
3. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2) 28-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мүгедектігі бар адаммен жасалатын еңбек шартында жұмыс орнын оның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықтау жөніндегі талаптар қамтылуға тиіс.";
30-бап. Еңбек шартының мерзімі
1. Еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2) осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайлардан басқа, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, осы Кодекстің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі.
Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты көп дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін.
Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі;
Осы тармақшаның төртінші және бесінші бөліктерінің ережелері дербес білім беру ұйымдарының және олардың ұйымдарының шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына;
6) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдар беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың, еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың және өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.
2. Шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлермен еңбек шарттарын осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасаса алады.
3. Мемлекеттік органның шетелдік жұмыскерімен еңбек шарты мемлекеттік органның басшысы айқындайтын мерзімге жасалады.
4. Заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек шартын Қазақстан Республикасының заңдарында, тараптардың құрылтай құжаттарында немесе келісімінде белгіленген мерзімге және тәртіппен жасасады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген – ҚР 15.02.2023 № 199-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Егер заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда, тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, еңбек шарты құрылтайшылар, заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы жаңа басшыны не сол адамның өзін сайлау (лауазымға тағайындау, бекіту) туралы шешім қабылдағанға дейінгі мерзімге, егер көрсетілген шешімде ұзартудың өзге мерзімі айқындалмаған болса, ұзартылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-тармақты үшінші бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 15.02.2023 № 199-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері
1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
2. Еңбек шарты:
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс. Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
31-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.";
49-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері
Еңбек шартын тоқтату үшін негіздер:
1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;
2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы;
3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
4) жұмыскердің басқа жұмыс берушіге ауысуына байланысты;
5) жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;
6) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар;
7) жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын лауазымға тағайындалуы;
9) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы болып табылады.
6-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ
67-бап. Жұмыс уақыты және оның түрлері
1. Дайындық-қорытынды жұмысы (наряд-тапсырма, материалдар, құралдар алу, техникамен, құжаттамамен танысу, жұмыс орнын дайындау және жинау, дайын өнімді тапсыру және басқалар) уақытының кезеңдері, еңбек технологиясында, еңбекті ұйымдастыруда; еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі қағидаларында көзделген үзілістер; жұмыскер өзінің уақытына еркін иелік ете алмайтын жұмыс орнында болу немесе жұмысты күту уақыты; мереке және демалыс күндеріндегі кезекшіліктер; үйдегі кезекшілік, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне немесе Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес басқа да кезеңдер жұмыс уақытына жатады.
2. Ұзақтығы қалыпты, ұзақтығы қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты болуы мүмкін.
68-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы
1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
2. Еңбек шартында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы азырақ жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.
3. Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.
71-бап. Жұмыс уақыты режимі
1. Жұмыскерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
2. Өндірістердің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
3. Жұмыс беруші еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарына немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.
4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.
5. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып айқындалады.
6. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық жұмыскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыскерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шарттарына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.
7-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
80-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер:
- тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс;
- ауысымішілік және арнайы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (вахтааралық тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
84-бап. Демалыс күндері
1. Жұмыскерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасында жұмыскерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында – бір демалыс күні беріледі.
3. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртіптемесі қағидаларында белгіленеді.
4. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.
5. Қолданылатын жұмыс режимдеріне және ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) қарамастан, мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар – православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
6. Іссапарда жүрген жұмыскер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесі қағидаларына сәйкес пайдаланады.
85-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс(7 тарау)
1. Ауысымдық кесте немесе вахталық кесте бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді мереке күндерінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмысқа тарту үшін жұмыскерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді.
Осы Кодекстің 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жұмыскердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 109-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
3. Мереке күндері кезеңінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
4. Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
88-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ұзақтығы
Егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
8-тарау. ЕҢБЕКТІ НОРМАЛАУ ЖӘНЕ ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ
103-бап. Жалақының мөлшері
1. Жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді. Айлық жалақының мөлшері ең жоғары мөлшермен шектелмейді.
Жалақы жұмыскерге жұмыс уақытын есепке алу бойынша жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін төленеді.
1-1. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жалақы қабылдаушы тараптың жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжаттарында есепке алынған олардың нақты жұмыс істеген уақыты үшін төленеді.
2. Осы кезеңге айқындалған жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын немесе еңбек міндеттерін орындаған жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайды.
Ескерту. 103-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
103-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жалақы қабылдаушы тараптың жұмыс уақытын есепке алу жөніндегі құжаттарында есепке алынған олардың нақты жұмыс істеген уақыты үшін төленеді.";
Достарыңызбен бөлісу: |