48-бап. Жұмыстан шеттету
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті.
2. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа:
1) жұмыста алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған немесе жұмыс күні ішінде осындай масаңдық туғызатын заттарды пайдаланған;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөнінде білімін тексеру бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап берген жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарын пайдаланбаған;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын болса, медициналық қарап-тексеруден не ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген;
5) жұмыскерді еңбек шартында келісілген жұмысты орындау үшін қажетті көлік құралын басқару құқығынан немесе басқа да рұқсаттардан айырған жағдайда;
6) егер әрекеттері немесе әрекетсіздігі өзінің, оның ішінде басқа да жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға, өндірістік жарақаттар мен аварияларға, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі не көліктегі жол жүрісі қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті.
3. Толық материалдық жауаптылықты өзіне алғаны туралы жазбаша шарттың негізінде жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеген жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жұмыстан шеттетуге құқығы бар.
4. Жұмыстан шеттету кезеңінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің жалақысы сақталмайды және еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың қаражаты есебінен төленбейді.
5. Жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттету оны шеттету үшін негіз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейінгі мерзімге жұмыс берушінің актісімен немесе қабылдаушы тараптың актісімен жүзеге асырылады.
6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерді, жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан заңсыз шеттеткен жағдайда, олардың жалақысы, еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақысы және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде немесе қабылдаушы тараптың актісінде көзделген өзге де төлемдері сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |