Ерліктің, еркіндіктің туы – Абылай!
Абылай хан – ХVIII ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ресей үшін Бірінші Петр
қандай болса, Қазақстан үшін ол да сондай тұлға. Абылайдың дара тұлғасы, қолбасшылық
таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай
империаларының көз алартуына қарсы күресіне байланысты. Қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде
көзге түсті. Абылай қазақ халқының тағдыры талай қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда, ел
бірлігін ұйымдастырып, 1723 жылғы қырғыннан абдыраған үш жүздің басын қосып, анталаған
жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол салды
.
Абылайдың аты көзі тірісінде аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты
жауынгерлік ұранға айналды. Абылай есімін атағанда барша қазақ атаулының жадында
«бостандық», «егеменді ел», «қазақ халқы», «туған жер», «Отан», «ел бірлігі», сияқты қасиетті
ұғымдар ойға оралады. [1].
Отандық жылнамаға көз салған адам қазақ даласы ежелден қиыр – шиыр күрес пен
көтерілістердің, қозғалыстардың кіндігіне айналғанын көрер еді. Оның барлығының аңсағаны –
еркіндік пен тәуелсіздік. Ұлттық тәуелсіздік жаршылары атылды, түрмеге қамалды, жер
аударылды. Дегенмен, бұл арыстардың ой армандары бүгінгі қазақстандық қоғамның дәстүрлі
саяси құндылықтарын байыта түседі. Ұлттық қоғамдық идеялар мен ұстанымдардың нығайып,
бекіп өрістей түсуіне негіз қалайды. Ол бізге сонысымен қымбат, сонысымен қастерлі.
Әрбір азамат өз ұлтының ұлтжанды ұлы, өз елінің елжанды ері, өз халқының қайсар да
қаһарман, жалпы жұртшылық үшін жарғақ басы жастыққа тимей, жанын сала еңбек етіп, тер
төгетін шынайы патриот болғанда ғана Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.
Қазақ тарихын оның ақтаңдақ беттерін ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеудің соңғы
жылдары батыл қолға алынғаны белгілі. «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес тұлғалар тарихын
саралау жаңа белеске көтерілді. Дегенмен, өзіміз күнделікті жазып, айтып жүрген ХVIII
ғасырдағы қайраткерлер өмірінің барлық тұстары тарихи сараланды ма, оларды шынайы танып
болдық па? Тарих ғылымының сүйенері сан алуан деректер екендігі бәрімізге аян. Әсірісе
зерттеушілер мұрағат деректеріне көбірек сенім артады, көбіне оларды сол күйінде қабылдайды.
Біздің тарихымызды ержүрек, еліміздің бостандығы үшін күрескен батырлар аз болған
жоқ. Олар елін, жерін қорғап қалу мақсатында жан аямай күресті. Ұлт болып қалыптасуды
көздеген небір көсемдер ел қамы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ат үстінен түспей, қолындағы
найзасынан бір сәт айырылмаған. Солардың ішінен парасаттылығымен батырлығы жөнінен халық
көңілінен шыққан қолбасшы Абылай болған. [2].
Абылай хан заманы – ерліктің заманы. Бұл ғасырда қазақтың біртуар ұлдары Қаракерей
Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек бабамыз ұлттық ерлік
мектебінің негізін қалады.
Ең алдымен Абылайдың ата – тегіне тоқталар болсақ Абылайдың шын аты – Әбілмансұр.
Арғы аталары – әлемге әйгілі Шыңғыс хан және оның үлкен ұлы Жошы хан. Бұлардың тікелей
ұрпағы болып табылатын Қазақ хандығының іргесін қалаған Әз – Жәнібекте – Әбілмансұрдың
арғы аталарының бірі. Қазақтың хан тағына тек Шыңғыс ұрпақтары отырады, міне, Әбілмансұр
осы төре тұқымынан. Ол 1711 жылы Уәлидің шаңырағында дүниеге келген. Абылай көпке дейін
шыққан тегін, өзінің хан тұқымы екенін жасырып келген. Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүріп ,
Сабалақ деген ат алады. Алайда көреген дана би Сабалақтың жай тұқымнан емес екенін түсінген.
Ақылымен, батырлығы, табандылығымен көзге түскен Сабалақ Бөгенбаймен танысады. Бөгенбай
Сабалақты көргенде адамның да, малдың да асылы екенсің деп:
Шырағым – ай, көзің отты бала екенсің!
Мінезің қазақтағы хан екенсің,
Жазға салым қалмаққа аттанамыз,
Соғанда керек болар жан екенсің,-
деп батасын беріп, астындағы Нарқызыл атты тұлпарын берген екен. Әбілмәмбет ханның
ордасына келген Абылай жоңғар басқыншыларына қарсы күреске 15 жасынан қатыса бастайды.
Қалмақ батыры Шарышты жекпе – жекте жеңуі, қазақ қолын соғысқа бастап кіруге хан,
сұлтандардың арасында оның беделін көтереді, осы жекпе – жекте оның «Абылай» деп ұран
шақыруы кейіннен Абылай атануына себеп болады. [3].
1741 жылы Абылай аң аулап жүрген кезінде жоңғарлардың тұтқынына түседі. 1742 жылы
ол жоңғарлардың тұтқынынан босайды. 1743 жылы Абылай жоңғарларға қарсы күресті қайта
бастап, Ресей және Цинь империасымен байланыс орнатады. 1743 жылы желтоқсанда Орынборға
жолдаған хатында ол Ресеймен «тату көрші болуды» қалайтындығын, «өзіне және ағалары
Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханға Орынборда еркін сауда жасауға рұқсат» берілуін сұрады.
1748 жылы тамыз айында Әбілқайырдың өлтірілуі Абылайға қатты әсер етті. Ел ішіндегі
бірлікті бұзған Барақ сұлтанға Жәнібек тархан «Әбілқайыр хан сияқты басты ханды өлтіріп,
қашқаның жарамайды », Орта жүз билері Өтебай, Шорақ, Қабанбай батыр «Әбілқайыр хан барша
қазақтың мүддесі үшін патшаға ұлын аманатқа да беріп қойды; қазаққа сауда жасауға мүмкіндік
туғызды; жайлы қоныс, байтақ жайылым тауып берді. Әбілқайырдың әрекетінің қазақ халқы әлі
күнге игілігін көріп отыр » деп сәлем жолдаса, Қазыбек би «қазаққа қанша жер алып берген ханды
өлтірдің» деп Барақтың Ұлы жүзге, Жоңғарларға жібермей жолдан ұстап қалған. Оларды Төле би
де қолдады . [4].
ХVIII ғасырдың 50- жылдары Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысты қазақ мүддесіне
пайдаланып, қашып келген жоңғар нояндары Әмірсана мне Даваци, Банчжураны қабылдап, Лама-
Доржиге бермеді. Ойраттар шабуылының алдын алу үшін Абылай Лама- Доржиге елші жіберіп,
қашқындарды қайтару мәселесі қазақ кеңесінде шешіледі деп жеткізді. Кеңесте Абылай Давацидің
мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның себебін Жапақ батыр Абылайдың Жоңғар тұтқынында болған
кезеңінде Давацимен қалыптасқан достығымен түсіндірді. Кеңестен соң Абылай Лама – Доржиге
елші жіберіп, «нояндар өздері келді, біздің дәстүр бойынша «қонақтарды» бере алмаймыз » деген
көпшіліктің шешімін жеткізді. Мұндай шешімді күтпеген Лама- Доржи 1752 жылы қыркүйекте 20
мыңдық әскерін қазақтарға аттандырды. Абылай бастаған қазақ әскері қазан айында Баянауылда
жиналып, жоңғарларды талқандап, кері шегіндірген. Жоңғар ханы Даваци бірден Әбілмәмбет пен
Абылайға елші жіберіп, достық келісімге келді. Көп ұзамай Жоңғарияда Даваци мен Әмірсананың
өзара тақталасы басталды. Оның соңы Жоңғар мемлекетінің құлап, Қытай империасының
қарамағына еніп, тарих сахнасынан жойылуына әкелді.
200 мыңдық Қытай әскері 1755 жылы маусым айында жоңғар хандығын жойғаннан кейін,
Абылай ханға ресми елшілігін жіберді. Елшілікті қабылдаған Абылай қазақтар атынан Бөлебай
бастаған елшілерін келген қытайлықтарға қоса аттандырды. Бұл оқиға жаңа замандағы қазақ –
қытай байланысының бетбұрысты бастамасы еді. «Бабаларымыз Есім хан, Жәңгір хан заманынан
бермен қарай Қытай империасының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді » деген жолдардан
басталатын Абылай хаты 1757 жылы тамыз айында Қытай патшасына жетті. [5].
Абылайдың Қытай патшасымен тікелей байланысы, қазақтардың еркін сауда саттығы,
одан әрі Қашқарға сауда керуендерін жіберуі, қырғыздармен келісімі, Ташкентті бағындыруы,
аталған мемлекеттің маңызы бар мәселелерді шешуде оны Әбілмәмбет, Нұралы хандардың,
Қазыбек бидің, өзге де би, батырлардың, сұлтандардың қолдауы бұл тұлғаның қадір – қасиетін,
алысты болжайтын сарабдал саясаткерлігін дәлелдеді.
Абылайдың оңтүстіктегі көршілермен қатынастары басқаша болды. Абылайдың күш
салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары
жалғаса берді және Абылай оларға қарсы ара – тұра жорықтар жасап тұрды. 1774-1779 жылдары
сондай жорықтар жасап тұрды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына
бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ және
Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен Абылай ханның ХҮІІІ ғасырдың 70- жылдарындағы
сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық
аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді.
Абылайға дейінде де, одан кейін де бірде – бір қазақ ханының мұндай шексіз билігі болған
емес. Бұл ең алдымен оның билігінің сөзсіз құдіреттілік сипатына байланысты еді. Ш. Уәлиханов
былай деді: «құрмет (ханға) әлдебір мистикалық сипатта болды... Бұл хан уақыт қастерлі еткен
еркін жеңілдіктерге қарсы рақымсыздықпен әрекет ете отырып, өз әрекеттеріне ұрпақтары оны
әулие деп санайтындай сипат бере білді». Көреген саясатшы және шебер дипломат Абылай өзіне
ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Бұған ханның
жеке қасиеттері де себепші болды. Текті әулеттен шыққанына қарамастан, балалық шағында оның
бақташы да, түйеші де болуына, жоңғарларға қарсы соғысқа қатардағы жасақшы ретінде
қатысуына және шайқаста батыр атағын алуына тура келді. Абылай мұсылманша жақсы сауатты
болды, оқып жаза білді. Ол сирек кездесетін саясатшы, тамаша қолбасшы және дипломат болды.
Дегенмен де, ол тарих көшін өзгерте де, көшпелі өрениеттің бұрынғы күш – қуатын қайтадан
қалпына келтіре де алмады. Ол қайта түлеткен біртұтас Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір
сүрсе, сонша өмір сүрді.
Абылай үлкен саясатта ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Мәселен, бірде қытай
елшілерімен кездесу үстінде Абылайдың үйінен оның бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды»
деген хабар екі қайтара жеткенде «отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның
сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда
Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау» деген. 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай Омбы
әкімшілігіне жазған хатында «менің ата – бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай
хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан,
олардан соң енді мен Абылай ханмын » деп, алғаш рет Қазақ Ордасының бас хандарын тізбелеп
берді. Бұл дерек Абылайдың өз атынан жазылғандықтан, оған толықтай сенуімізге болады. Оған
қосымша анықтама ретінде И.В. Ерофееваның Абылай хан мөрінің Түркістанда (1771 жылы) хан
сайлағанға дейін 3 жыл бұрын соғылғандығына таңданыс білдіргенін де айта кетуімізге болады.
Дегенмен де, бұл арада Ш. Құдайбердіұлының «Абылай барлық қазақтың ханы болып 1735 жылы
сайланды», М.Қ. Қозыбаевтың «Келесі 1734 жылы Әбілмансұр Абылай деген атпен хан болып
сайланды» және оларды қайталайтын пікірлердің де бар екендігін атап өту абзал. Бұл пікірді
қолдаушылар Абылайлап жауға шапқан батырдың Шарышты өлтірген шайқасын 1734-1735
жылдарға жылжытады. Ал шайқастың 1741 жылы көктемде өткендігі мұрағат дерегінен белгілі.
Ендігі екінші пікір 1744 жылдан Әбілмәмбет ханның Түркістанға көшіп, Орта жүзге Абылайды
қалдырды деп жазған зерттеушілер пікірлерінен туындап отыр. Ол П.И. Рычков, А.И. Левшиннің
еңбектерінен бастау алады. [6].
Абылай хан 1771 жылы қаңтар айында басталған Еділ қалмақтарының Жоңғарияға көшуі
кезеңінде үш жүздің қарулы қолдарымен бірлесе қимылдады. Ол туралы Ералы сұлтан
жасақтарымен бірге қоян – қолтық қалмақтарды түпкілікті талқандады. Міне, үш жүз игілері
қатысқан жорықтар тұсында қазақтар 1771 жылы Түркістан қаласына жиналып, бірауыздан
Абылайды тағы да ақ киізге көтеріп, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі жанындағы Бас хандыққа
заңды түрде бекіткен. Ол туралы Абылай 1778 жылы 28 ақпанда орыс патшасына жазған хатында
«1771 жылы Түркістан қаласында.... мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді»
деп, ашық жазған- ды. Одан хабардар Ш.Уәлиханов «1771 жылы Абылай серт беру үшін орыс
шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өзінің грамотасымен
әлдеқашан бекіткен» деп толықтыра түседі. 1767 жылы көтерілген Бас хандық 1771 жылы
түпкілікті шешіледі.
Абылай хан 1781 жылы қайтыс болады. Оның денесі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет
Иассауи мазарына жерленеді. Абылай хан – 1723 жылдан кейін ыдыраған үш жүздің басын
біріктіріп, қазақ мемлекетінің іргетасын нығайтып, елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауда
елеулі істер атқарған ұлы тұлға. Абылай қасына Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Тәтіқара ақын
сияқты ұлы руханият өкілдерін топтастыра білді. Абылайдың ұрпақтары арасында қазақтың соңғы
ханы Кенесары, сұлтан Шыңғыс, ғалым Шоқан Уәлиханов сияқты алаштың біртуар тұлғалары
бар.
Бір сөзбен түйіндесек, алдыңғы буын ағалар жолымен ұлтын, бүгінгі Қазақ мемлекетінің
ұлан ғайыр жерін сақтап, ата – бабасының ұрпағына аманаттаған бірлігін қастерлеген Абылай хан
әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалар қатарынан орын алады. Оның сарабдал саясаткерлігі өз
заманының тынысын да, ағысын да, даму барысын да терең түсінумен айқын дәлелденеді. [7].
Әдебиеттер тізімі:
1. Ш. Уалиханов. Таңдамалы шығармалар.2 том. А.1984ж.
2.
Аспендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.
3.
Абылай хан. Тарихи жырлар. А., 1991.
4. Қазақстан тарихы. 5-томдық. 1,2,3 ТТ. А., 1996, 1998, 2002
5.
Қозыбаев М.К. Ақтандақтар ақиқаы. А. 1992.
Сентаева Р. Т, Алдибаева А., Орынбаева Л.Т.
М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Тараз, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |