еді.
Бұл Бұлғыр таудан ханның елі көшті де, баяғы қалмақтың жайлауы Шағанға барып
қонды. Шағанның бойына барып қонған соң қайтып келіп алармыз деп, Ақжүніс
сұлу мен Тарғынды, Тарлан атын қастарына арқандап, алты-жеті күндік азық
беріп, жұртқа тастап кетті. Бұл тастап кеткен азығы таусылды. Ханзада ханнан
ешбір кісі келмеді. Арқандаулы тұрған Тарлан атты бағатұғын кісі жоқ. Бұлар
аштықтан өлім халіне жетті. Сол уақытта Тарғынға қайғы түсті. Мұның Қырым
жұртында қырық құрдасы бар еді әм бірнеше мырзалары бар еді. «Олардың
қасында болсам, мұндай бәлеге ұшырамас едім,— деп,— менің бір қызға бола өз
жұртымнан айрылып, бұл жұртта жатқаным хатеден екен»,— деп жылайды,
жылайды да толғайды:
«Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған құрғыр тау.
Қаптай қонар елім жоқ,
Елім, күнім Кәрібоз,
Сөйлесетұғын тілің жоқ!
Ел таптырар ма екенсің?
Арысаң да, жануар,
Көрсетер едің бір қара,
Саған мінер белім жоқ,
Белге қылар емім жоқ!
Бұл шамаға келгенде,
Ажалым аштан болды ма?
Ауызға жерге жемім жоқ!
Егер өлсем бұл жерде,
Сүйегімді ұстар теңім жоқ!
Көк шалғынның үстінде
Көгеріп келіп жатырмын,
Үстіме киер кебін жоқ!
Еңіреп жүрген ер едім
Қаптаған қара борандай,
Өткені ме дүние боқ!
Ащылы тоғай ала бас,
Ақсарай алды боз ағаш,
Алтынды сарай, қара шаш.
Ала бастан боран бораса,
Боз ағаштан боран борамас.
Тұлпардан туған Тарланның
Артынан телміріп қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Алдынан найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Жануар түсер жерін қарамас.
Қапыда өткен дүние-ай,
Аяғына айдай таға қақтырып,
Еділдің күзгі қатқан көкше мұзында-ай
Шауып кетсем, тая алмас!
Қарындасы кімнің бар болса,
Жамандық жер кез келсе,
Көкіректегі жанын аямас.
Жаудың жаман болмағы —
Жамандық жер кез келсе,
Ат сауырсын бір берсе,
Қайрылуға жарамас.
Шағанның бойын шаңдатып,
Кешегі кеткен ит ноғай
Жұртына тірі тастап кеткені,
Есімнен қалмас бүйткені!
Ақжүністей аруым,
Болғаны ма мұның да
Ит тигендей арам ас?!
Көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Баданамды баса бөктеріп,
Қасыма жаттан жолдас ертіп,
Күн-түн қатып жортқанмын
Атаңа некес қалмақтың
Жайлау, қыстау жері үшін!
Еділден шыққан ен Шаған,—
Қалмақтан ноғайға тартып әпердім,
Атамнан арыстан туған ер үшін!
Атаңа нәлет ноғай-ай,
Елемеді өзімді,
Сыйламады сөзімді!
Жаудыратып көзімді,
Тастап кетті жұртына
Бір мертілген бел үшін!
Қапыда өткен дүние-ай,
«Тарғын, Тарғын» дейтұғын,
Қолымнан сарқыт жейтұғын,
Жамандық жер кез келсе,
Қайрылмай кетпен дейтұғын
Қарасайұлы Көбен-ді,
Алшағырұлы Себен-ді <қосылма>
Бірге жортқан жолдасым,
Пейілі жаман оңбасын!
Осындай қиын жерлерде
Келмей кетті не үшін?
Аюкенің ауыр қол
Алты күндей атысып,
Қара қанға батысып,
Бәрін бірдей қырғанда,
Саяға шығып тұрғанда,
Балалы марал келгенде,
Қоянақұлы Қартқожақ
Баласын байлай атқанда,
Атқанына жығылмай баласы,
Ақсай басып өткенде,
Біздің деңге жеткенде,
Тарғын созып тартқанда,
Атқан оғы маралдың
Атасының қос жаурынынан өткенде,
Иегін сүйей жатқанда,
Қасымдағы қырық жігіт
Суыра алмады оғымды
Тасқа кірген тартқанда!
Қапыда өткен дүние-ай,
Басымнан дәулеттің құсы ұшты ма,
Фәләктің <қосылма> қайғысы мұндай қысты ма?!
Ішім оттай жанады,
Жалыны жүректі шалады,
Бұл істерді айтқанда!
Дін кәпірге болмаған,
Оған тиген оңбаған,
Азау деген Аз қала,
Алпыс атын бақтырған,
Үлкені әр нәрсе қылса, жақтырған.
Ақ сыбанның баласы,—
Ақ айуанды жаһұттың
Алпыс атын алған мен едім!
Сол сапардан үйге қайтқанда,
Балтаға бардым тал үшін,
Талды кестім сал үшін.
Айналасы алты айшылық Еділге
Тарланды талай-талай салғанмын.
Еділдің арғы жағына
Аттанбадым олжа үшін,
Сыңсып жатқан малы үшін.
Аттанғанмын кәуірге
Атамның ежелден ескі кегі бары үшін!
Қолаң шашты, қой көзді,
Қастауыш қасты Ақжүніс,
Айттым сені Құдай жолына,
Кешегі ноғай жұртына тастап кеткенде,
Көкіректегі шыбындай жан үшін!
Айналайын Тарланым,
Бектер мінген бедеуге
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Жалғыз-ақ сені қармадым!
Қырдан қиқу болғанда,
Қараңғы тұман толғанда,
Сеніңменен еді дәрменім.
Мінбей, түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың.
Алдыңа келіп бітсейші
Қамысты көлдің құрағы!
Суғаратұғын балам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Маңдайынан ақсайшы
Құрғыр қара таудың бұлағы!
Қаламдай қасы сүрілген,
Оймақтай аузы бүрілген
Ақжүністей арудың,
Алғанынан айрылып,
Сөнгені ме енді шырағы?!
Құдіреті күшті Құдайым,
Ақжүністей арудың
Көз алдында көлбектеп,
Аштығынан еңбектеп,
Көзіме менің көрсетпей,
Алдына келіп өлсейші
Киіктің жалғыз жетім лағы!
Менің бүйтіп жатқаным —
Өз шәһәрімнің жырағы!
Еңірей-еңірей кетейін,
Қырымда қалған ерлердің
Есіткей дағы құлағы!
Сол батырлар келмесе,
Жайымды солар білмесе,
Кеткен жақтан қайрылып,
Бір-бірінен айрылып,
Екеумізге кім келсін?!
Атам қалды дейтұғын —
Өзімнен туған балам жоқ.
Балам қалды дейтұғын —
Атам менен анам жоқ!
Бауырым қалды дейтұғын —
Інім менен ағам жоқ!
Белімнен басқа жарам жоқ,
Ауызға жерге парам жоқ!
Бір қайрылып келмеді,
Не болғанымды білмеді,
Ер Тарғынды көрмеді,
Атаңа нәлет ақсүйек,
Ойлай-ойлай қарасам,
Ханзада ханнан сараң жоқ!
Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт құрсайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды!
Айды бұлт құрсайды,
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Көгілдірін еріткен
Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды.
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды!
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда?!
Көктегі жұлдыз сиресе,
Септеп болмас, не пайда?!
Көлденеңдеп тұрған тұлпарым,
Шабысыңнан маған не пайда?!
Асыл туған Ақжүніс,
Таңдап алған текті едің,
Көріп алған көрікті едің,
Маған тегіңнен сенің не пайда?!
Көркіңнен сенің не пайда?!
Алладан әмір болған соң,
Жас мезгілі толған соң,
Көрмеймісің жатқанын
Арыстаныңның бір сайда?!
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!
Мінбей-түспей қарыдың,
Арқанда тұрып арыдың,
Айналайын Тарланым,
Бектер мінген бедеудей
Безектей басқан аяғын!..
Сен құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жасты арда емдің,
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім!
Бес жасыңа келгенде,
Белдің қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Аттай мұрның танаттым.
Алшақтатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым!
Жеті жасқа келгенде,
Жер топылды желгенде,
Дұспанның көзі қорықты
Көлденеңнен көргенде!
Қандай қатын қинайды,
Таудан асқан тұлпарым,
Иең Тарғын өлгенде?
От орнындай тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай.
Жауырыныңа қарасам:
Сыпыра шапқан тақтадай.
Құйрығыңа болайын:
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын:
Күлтеленген жібектей!
Шықшытыңа болайын:
Оралып жатқан түбектей!
Құлағыңа болайын:
Көлге біткен құрақтай!
Қабағыңа болайын:
Қара албасты қабақтай!
Сағағыңа болайын:
Піскен алма сабақтай!
Екі көзіңе болайын:
Қорқыт жаққан шырақтай!
Танауыңа болайын:
Түбін алған шелектей!
Бауыздау жеріңе болайын:
Сарттың <қосылма> мақтадан соққан келептей! <қосылма>
Омырауыңа болайын:
Еділден шыққан аңғардай!
Телміріп қиқу келгенде,
Шұбар туды шұлғанып,
Қара терге бұлғанып,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Мінер ме еді заңғарды-ай?!
Сауырыңа болайын:
Зәнтекті қара көмірдей!
Сүбелік жеріңе болайын:
Тастан соққан қорғандай!
Жамбасыңа болайын:
Ұста соққан сандалдай!
Тұрпатыңа болайын:
Тұлпардан туған жорғадай!
Қартайғанша мінбедім,
Өлгеніңше дәурен сүрмедім!
Ойлап келіп қарасам,
Жігіттегі мен бейбақ
Болғаным-дағы сормаңдай».
Енді Тарғын Ақжүніспенен, атыменен амандасып болды. Сонда Ақжүніс ойлайды:
«Мен қыз да болсам, ханның қызы едім. Бұл ел-жұртынан, атасынан, анасынан
айрылып, мені осындай алыс жерге жолдас қылып алып келіп еді. Бұл ғой, өзі
өлейін деп жатса да, меніменен, атыменен толғауменен амандасты. Енді мен де
толғап, мұныменен амандасайын. Егер де дүниеден көше қалса, бұл батырдың
маған көңілі хош болсын»,— дейді. Сонда Ақжүніс толғайды:
«Арыстанымның барында
Оқалы байпақ кигенім,
Оқасын жерге төгілтіп,
Әлде неден азғырдың,
Асыл туған арыстанды
Әділ жаннан түңілтіп?!
Атасы басқа, жат ру,
Жаман екен, дүние-ай,
Тастап кетті жұртына
Екі бірдей асылды,
Асылдан шыққан нәсілді —
Екеумізді үңілтіп
Қосаяқтай көшкенде!
Қатар-қатар қара нар
Көш болып қашан түзелер?
Қыл жалаулы қалмақтан
Дүркін-дүркін қуалап
Келіп тұрған көп жылқы
Қашан келіп күзелер?
Байлауда қалған ақ сұңқар
Бұрынғыдай бола алмас,
Көлден үйрек ала алмас,
Күндердің күні болғанда
Қорағытып барып түленер.
Кетпек болсаң, алғаным,
Нағылғаным сенен қалғаным?!
Кетемін деп шыныңды айт,
Артыңда қалып нетемін,
Алдыңда сенің кетемін!
Арыстан кетіп, мен қалсам,
Артыңда қалған бибағың
Құрсаулы шелек қолға алып,
Қай шәһәрден тіленер?!
Сүйіп мінген Тарланның
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Тұяқтан ұшқан тозаңын
Жаурынынан жауған қардай боратып,
Арқадан соққан борандай
Жер түбіне желген ер!
Атасы некес <қосылма> кәуірдің
Мәстегін айдап келген ер!
Бекіре ойнар ақ теңіз,
Өңгеге терең болса да,
Сіз өтейін дегенде,
Белгілі өткел болған ер!
Ит мінезің ұстаса,
Қайсардың қара тасына
Қарауыл салмай қонған ер!
Шыныңменен тілесең,
Қайда кетті тілегің,
Тәңірің тілек берген ер!
Баданаңды баса бөктеріп,
Жаттан жолдас ертіп,
Еділ, Жайық екі су,
Ерінбей жортып, дүние-ай,
Басы-аяғын көрген ер!
Ерлігіңде шама жоқ,
Ағаштан биік мерт тауып,
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!»
Бұл Тарғын: «Мені жұрт ағаштан жығылып өлді демес, Шағанның бойындағы көп
қалмақты асырамын деп, жаудан өлді дер»,— деп ойлайды екен. «Қатыным бұлай
деген соң, басқа жұрт та мені ағаштан жығылып өлді дер. Ойлап тұрсам, менің
мұным бек ұят екен»,— деп, бек қатты қаһарланды. Бұрын дәрігерлер белін
қараймыз десе, безелектеп маңына жолатпаушы еді. Қаһары келген соң, бүйтіп
жатқанша, біржолата өлейін деп, белін қолымен басып қалғанда, бел омыртқасы
сырт етіп орнына түсіп кетті.
Алты құлаш белбеумен
Алып белін орады,
Алладан мәдет сұрады:
«Бабадан жәрдем болғай»,— деп,
Таяна барып тұрады.
Тұрмасына арланды,
Төңірегін қарманды,
Ақжүніске сөйледі:
«Бергей-ді Тәңірім тілекті,
Қуантар болғай жүректі,
Алып кел, Жүніс, Тарланды!»
Алып келді Ақжүніс
Шұбала басып Тарланды!
Арқанда тұрған Тарланы —
Хайуан бұл да зарланды.
Алып келіп ер салды,
Оңалмаған енді не қалды!
Атын ерттеп болған соң, Тарлан атқа екеуі мінгесті. Ақжүніске барша қару-жарағын
асындырып, оны алдына мінгізді де, өзі артына мініп, Ақжүністен ұстап отырып:
«Кешегі жұртына тастап кететұғын ноғайдың еліне қарай жүр»,— деді.
Бір уақыт болғанда
Бұл Тарланы пысқырды.
Пысқырғанменен қоймады,
Және жерді тебінді,
Хайуан бүйтіп не білді?
Сонда Тарғын Ақжүніске: «Ай, Ақжүніс, бұл Тарлан менің қашаннан бергі
жолдасым, хайуан болса да, мұның сыры маған белгілі. Бұл артынан бір нәрсе
келе жатса пысқыратұғын еді. Егер де алқынып, ащы терге шомып шабатын
болса, жер тебетұғын еді. Сол екі әдетін бірдей қылды. Жан-жағыңа қарашы,
біреулер келе жатпасын, менің бұрылып қарауға әлім келмейді. Біз бүйтіп
науқастан әлсіреп келе жатқанда, төтеннен жау келіп, маза етіп жүрмесін»,— деді.
Ақжүніс олай-бұлай қарады да: «Сырт жағымызда ештеме көрінбейді. Бірақ
алдыңғы жағымызда емескі бір-екі қара көрінеді»,— деді.
Сонда Тарғын сөйледі:
«Хақтағала, Құдайым,
Ақ тарыдай ақтарып,
Шешіп, жаздың белімді!
Белім түсіп орнына,
Тағы іздедім кешегі
Тастап кеткен елімді.
Елдің шеті бола ма,
Емескі екі қара көрінді?
Сен, Тарланым, пысқырма,
Таудан үлкен күш қылма!
Көрінген қара ел болып,
Ыңырсыған жау шапса да,
Бір шығарман теріңді!
Кім үшін сені қинайын,
Бір омыртқам мертіліп,
Жалғыздығым білінді!
Ару, саған ұнаса,
Кел, тапсам қайтер екен жөнімді!»
Солай деді де, Тарғын атының басын тартып тұрды.
Сонда Ақжүніс: «Бұлай етпеңіз, беліңнің жазылғандығын білдіріп, сол тастап
кеткен ноғайдың ішіне барып, хан, халқына көрініп, жақсысына ой салып,
жамандарын қорқытып қайтыңыз. Егер де бармай, қайтып кетсеңіз, Қырым
халқынан — Ақша ханның қоластынан бір Тарғын деген батыр келіп, бір
омыртқасы сынған соң, қайтып бұйымға аспай, қарға, құзғынға жем болып, Бұлғыр
таудың бұлағында өліп қалды дер»,— деді.
Тарғын айтты. «Ендеше, жүр!»— деді.
Бұл екеуі ел шетіне келіп түсті. Елге бармады. Тарғын менен Ақжүністің келгенін
қойшы, малшы көріп, таныды да, елге шауып барып, «Тарғын келді!»— деп хабар
берді.
— Тарғын батыр елдің шетіне келіп түсіпті!— деп, ел биге шапты, би ханға шапты.
Бұл уақытта ханның елін кешегі Шаған бойынан Тарғынның қуып жіберген көп
қалмағы келіп қамап, шабамын деп шаба алмай жатыр екен. Шаба алмай
жатқаны: Ханзада ханның бір сұлу қызы бар екен, «сол қызыңды берсең,
шаппаймын, егер де қызыңды бермесең, шабамын»,— деп, елді әуреге салған
соң, «сенің дегеніңді орындаймыз» деген сөзбен өтірік дәмелендіріп, жұбатып
жатыр екен.
Тарғынның келгенін есіткен соң, ханы, халқы, мырзасы, биі — баршасы жиылып
барып көрісті, отырысты: «Айыпқа бұйырмаңыз, сізге бара алмадық. Бұл уақытта
жұртымызға жау келіп, өзіміз бек қатты қайғыдамыз. Өзіңіз аман-есен жазылып
келдіңіз бе?»— деді.
Батыр: «Аллаға шүкір, келдім»,— деді.
Хан: «Бұл қалмақты әуелгідей қырып, қуып, бізді бұл жаудан бостан қыл»,— деді.
Сонда Тарғын: «Менің әзірге жауға шабатұғын қуатым жоқ, бұл әскердің
қашатұғын айласын мен сіздерге үйретейін, сол менің үйреткен айламменен өзіңіз
барыңыз. Үйреткен айламды қылсаңыз, өздеріңізден де қашар»,—деді. Онда хан
айтты: «Онда, шабуға әліңіз жоқ болса, үйретіңіз»,— деді. Сонда Тарғын
үйретерде сөйлейді:
«Ауан, ауан, ауан су,
Ауандап үлкен балық жүзген су,
Қараша, Құбан — қанды су,
Ақтөбе, Бозан — даңды су,
Үш өзен, Самар — жанды су
Су болғалы ежелден,
Кәпір менен пұсырман
Ерлеріменен даулы су,
Даулы жерде тұрмаймын!
Мен кетемін, кетемін,
Кеткенменен, айдалаға кетпеймін,
Айналып Еділді өтемін!
Қадір білмес сен итке
Қарашы болып нетемін?!
Иірімі жоқ суларға
Иірілген шабақ не табар?
Қайырымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
Қатын қалса — бай табар,
Қарындас қалса — ер табар.
Талапты туған жігітке
Тәңірім қайғы бермесін,
Алтыннан соққан кеудесі
Ат басындай шер табар!
Ай, жебір сұлтан, сен білмейсің,
Елден кеткен ер жігіт
Алғидың құба жонында,
Тәңірім жөнін берген соң,
Тарланға мінгесіп жүріп жөн табар!
Мінбей-түспей қарыған,
Байлауда тұрып арыған
Тарлан жауға мінілмес!
Мінілсе де бұл Тарлан,
Бұрынғыдай жүгірмес!
Қалған белім үзіліп,
Балдағы алтын ақ болат
Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес!
Шығыршығы шираған
Бадана көзді кіреуке
Шарайнасы бес қабат,
Жау қарысы жетпеген,
Жез айырдың оғы өтпеген,
Сатуға бәсін сұрасаң,
Сан ділдеге бітпеген,
Енді үстіме киілмес!
Батыр жауға шүйілмес!
Неге десең, сұлтаным,
Қатып қалған көнім бар,
Шілде түспей жібімес.
Қатты қалған көңілім бар,
Май құйсаң да ерімес.
Жебір сұлтан, сен білмейсің,
Мен — бір аңқау туған бөрімін,
Көп екен деп саған иек сүйемен,
Несібемді бір Тәңіріден көрермін!
Бұл барғаннан барармын,
Қырымға таман барармын,
Қырымда қалған қырық құрдас,
Қырқын қасқа алармын!
Алла маған жол берсе,
Бері қарай, сұлтаным,
Сапарланып салармын.
Есен барып, сау келсем,
Домалантып басыңды алармын,
Жұртыңа бүлік салармын!»
Тарғын мұны айтты да: «Жаудың қашатұғын айласы осы, кет, көзіме көрінбей!» —
деді.
Тарғынның бұл сөзінен ханы, халқы қорықты. Ханзада хан айтты: «Олай болса,
райыңыздан қайтыңыз,— деді.— Бұл Бұлғыр тауға сені жалғыз тастап
кеткендігімнің ұятынан Ақжүніс сұлудың үстіне саған жалғыз қызымды берейін,—
деді,— жаңағы жұртымның саған бармаған айыбы үшін қолыңды бер!» — деп,
қолын алды.
Сонан соң бұл батыр райынан қайтты да, Ханзада ханның ордасына келді.
Бірнеше күнде белінің ауруы бітіп, жазылды.
Келіп жатқан қалмақтар Тарғынның мұнда екенін білмеді. Қызын бермеген соң,
атқа мініп, ханның елін шаппақ болып, барабандарын соғып, ханның үстіне келді.
Жау келгенін білген соң,
Бұл әскерді көрген соң,
Сарала туы салбырап,
Сауытының шашағы
Тұс-тұсына саудырап,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Жаурыны жазық, мойны ұзын,
Атарына қолы ұзын,
Құланды қақтан қайырған,
Егескен ханды елінен,
Алтын тақтан айырған,
Ертеңнен салса — түсте озған,
Ылдидан салса — төске озған,
Оза, оза зырлаған,
Басын тартса — болмаған,
Көк айыл болып көпірсе,
Айшылықты алты аттауға ойлаған,
Артынан қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Томауыл көрсе — қарғыған,
Қарғи барып атылған,
Атыла барып тік түскен,
Аяғының дәңкімен
Қазандай тасқа жік түскен —
Томаға көзді Тарланды
Жауға қарай тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Толып жатқан әскерге
Келді Тарғын желігіп.
Алты құлаш ала атпен,
Үсті толған болатпен,
Сайдан шыққан қолатпен
Көңілін тоқсан бөледі,
Бұ да айтулы ер еді,—
Келе жатқан Тарғынды
Сонадан байқап көреді,
Қалмақтағы болмаған
Домбауыл деген бір жайсаң,
Жекпе-жекке Тарғынға
Соғысуға келеді.
Келе қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Алайын десем, оңайсың,
Алмайын десем, тоғайсың.
Айтшы маған жөніңді,
Нағылып жүрген ноғайсың?»
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Асу да асу бел,— дейді,—
Аса бір соққан жел,— дейді.—
Сұрасаң, жөнімді айтайын,
Әкең Тарғын мен,— дейді,—
Іздегенім сен,— дейді.—
Еркек қара қарғадай
Қоқаңдаған зәлім құл,
Сен де бір жүрген ер,— дейді,—
Қағысқалы кел!» — дейді.
Домбауыл сонда сөйлейді:
«Асу да асу бел,— дейді,—
Аса бір соққан жел,— дейді.—
Қарсы алдыңнан қарасам,
Жасың кіші жас ұлсың,
Кезегімді бер!» — дейді.
Толғана мойнын бұрады
Алладан пәрмен сұрады,
Қашатұғын қатын ба,
Таятұғын сарсаң ба,—
«Кезегім бер» деген соң,
Қасқайып қарап тұрады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алған қу жебе
Көп оғына жол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
Тарлан аттың басы деп,
Алтынды ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толғанып тұрған Тарғынды
Толғап атып салады.
Кірістен шығып кетеді,
Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат торғауыт
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жазды сауыттың
Қатарланған жағасы.
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден бермен тобасы.
Өтер еді мұнан да,
Жібермеді бұл оқты
Сыйынып жүрген Тарғынның
Бітуәжі бабасы.
Сонда Тарғын сөйлейді:
«Атаңа некес ит Домбау,
Атың мінген күймелі,
Ақ сауытың түймелі.
Кесілмесем қарымнан,
Айрылмасам барымнан,
Қасқайып қарсы тұр солай,
Мен тартқан соң көрсетпен,
Бәлем, саған дүние-ай!»
Желігіп келген Ер Тарғын
«Алла!» деді, ақырды,
Аруағын судай сапырды,
, бабам!» дей берді,ß«
Жарандар қамын жей берді.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда-ақ мол салды.
Кезегендей қалады,
Созағандай алады.
Алаша аттың басы деп,
Қалмақы ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толықсып келген қалмақты
Толғап Тарғын салады.
Зырқырай оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді,
Көкірек қысқан көбеден,
Қалмады қапыл жебеден,
Зырлауменен өтеді,
Бұған тоқтар қайрат па,
Мұнан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Төбені төңкере тастай кетеді.
Атқан оғын көрген соң,
Мықтылығын білген соң,
Аттанып келген әскердің
Көңіліне қайғы бітеді.
|