|
Оқ тоқтаған кезінде
Домбауыл барып құлады,
Туын қолдан жұлады.
«Лалайләмә лух» деп,
Бәлем, қалмақ сұлады!
Толып жатқан көп қалмақ
Атына өпшін жабады.
Әрі-бері кеңесіп,
Ақыл-айла табады.
Тарғындайын батырды
Тұрған жерде қамады.
Қамағанын көрген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Сонда Тарғын сөйлейді:
«Олайым да бұлайым,
Қолдай көр, Жаббар Құдайым!
Алты мыңдай ауыр қол,
Өзіңнен медет болмаса,
Бұған не амал қылайын?
Жаман-жақсы болса да,
Алланың болар әмірі.
Қорлық берді басыма,
Жақындап келді қасыма,
Нағылып бұған шыдайын?
Алты қырлы ақ мылтық,
Ата алмасам, маған серт.
Мен атқанда ұсынып,
От алмасаң, саған серт!
Қозы жауырын қу жебе
Алтыннан ойған алпыс кез
Тартатұғын шақ болды,
Жан-жағыма жау толды.
Қиғаш салып жауырыным,
Тарта алмасам, маған серт!
Талайдан бермен жұмсаған,
Қан көрмесең — сусаған,
Қанға тойсаң — жусаған,
Тауға салсам — тас кескен,
Кеудеге салсам — бас кескен,
Алты аршын ақ болат,
Қынаптан алып суырып,
Шаба алмасам, маған серт!
Қанға тоймасаң, саған серт!
Айдаһардың тіліндей,
Салсам, кеткен білінбей,
Қарағайға саптатқан,
Шұбар туға шұлғаған,
Аруаққа көрсетіп,
Талай жауға мақтатқан,
Төрт қырлаған көк сүңгі,
Жау ішінде жалданып,
Толғамасам, маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсып сынсаң, саған серт!
Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кеңқұрсақ,
Құлжа мойын төгерек <қосылма>,
Ұмтыла шапқан Тарланым,
Алты мыңдай кісі екен,
Тіл жіберсең, саған серт!
Сен желігіп жүргенде,
Тая шапсам, маған серт!
Тауыса шапса бұл жауды,
Сонда бітер Тарлан бәйгісі.
Осындай жауды көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Қиқулатып кірген соң,
Қаса қатын болмаса,
Бізге ұқсаған ерлердің
Көкірегінде болар ма,
Қайран, Тәңірім, қайғысы?!
Алтыннан соққан кіселі,
Әжептәуір мүшелі —
Бұлайынша толғап Ер Тарғын,
Енді атынан түседі.
Қысқартты келіп құйысқан,
Өзінде жоқ Тарғынның
Алладан басқа туысқан.
Мұндай-мұндай жауларға
Неше дүркін жуысқан.
Жуысқан жаудың жүрегі
Мұз құйғандай суысқан.
Тартты бекем айылын,
Жасынан көрген қайымын,
Білмесеңіз, Тарғынның
Білдірейін зайырын <қосылма>.
Шабайын деп батыр тұр,
Алла берсін қайырын!
Мінді батыр еріне,
Іздеген жауға көріне.
Келген қалмақ жолықты
Тарғын сынды бөріге.
Кеудеден жаны кетпесе,
Әл-қуаты бітпесе,
Тарғын намыс берер ме?
Ақыл-айла табады,
Келді, қалмақ қамады,
Сарала туы салбырап,
Қабағы тастай түйіліп,
Аллалап Тарғын шабады.
Ай бетінен кіреді,
Күн бетінен шығады.
Қойға кірді бір бөрі,
Бөріктіре қырады,
Талай қалмақ құлады.
Ер қайратын сынады,
Тарлан атты бұлады.
Атысқан жауы артық көп,
Қай уақытта тынады?
Сүйіп мінген Тарланға
Басты келіп дойырды,
Тарлан салды мойынды.
Толып жатқан қалмаққа
Тарғын салды ойынды.
Талай қалмақ жойылды,
Қару қанға тойылды.
Бір уақыт болғанда,
Салды келіп қамшыны-ай,
Сауырсынан тер кетті
Көктен құйған тамшыдай,
Қысылды-ау, батыр қысылды,
Қысылмай батыр не қылсын,
Сауытын қанға малшыды-ай!
Бір уақыт болғанда,
Толғады батыр найзаны,
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды еркіне қоймады.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Бір уақыт болғанда,
Суырды белден қанжарды,
Жауға таман ал барды.
Қалмақтың көбі шалбарлы,
Шалбарлыны сермеді,
Іліндірді сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Қарсы алдынан қараса,
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.
Бір уақыт болғанда,
Қынабынан суырды
Қиялай тартып қылышты,
Жалғыз жаумен ұрысты.
Жау қарасын көрген соң,
Ұмтылмай кетер ер ме еді —
Ит арқасы құрысты.
Ердің жаудан қашпауы
Шариғатта дұрыс-ты.
Алты күн айғай салғанда,
Жетінші күн болғанда,
Тарлан сонда түзеді
Жылмия басып жүрісті.
Сегізінші күн болды,
Көп қалмақтың басына
Атпайтұғын түн болды,
Ер жігітке сын болды.
Қорамсақтан суырды
Қуалай тартып садақты-ай.
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса, қалмақтан,
Алты күн айғай салғанда,
Азғантай қалды қадақтай.
Тоғызыншы күн болды,
Мойынынан алады
Атайын деп мылтықты-ай.
Неше батыр болса да,
Түтін қосты түтінге,
Ынтықты-ай батыр, ынтықты-ай!
Санын садақ үзген көп қалмақ
Сынған санын сүйретіп,
Тарғынның қуысын көрген соң,
Қашты сайға сылтықтай.
Тап он бір күн болғанда,
Ердің жүрген намыспен,
Күні-түні шабыспен,
Қиқу салған дабыспен,
Ұмтыла шапқан Тарланның
Мойынынан жал кетті,
Аяғынан әл кетті.
Неше жүйрік болса да,
Бір тынымы болмады,
Болдыратұғын күн жетті.
Мойнын барлай қараса,
Өкпе-бауыр, жалы бар.
Аяғын барлай қараса,
Болар-болмас әлі бар.
Он екі күн болғанда,
Болдырды енді жануар.
Аруағы қашты кәпірдің,
Сұсы басты батырдың.
Болдырған соң Тарланға
Қаһары келді батырдың.
Басты келіп тепкіні,
Сонда Тарлан ұмтылса,
Әлі де болса бедеудің
Үй жыққандай екпіні.
Бір уақыт болғанда,
Қарайды да күн батты,
Сарғайды да таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн шыққанда қараса,
Болған екен тамаша:
Қырылып жауы батырдың
Өзі қапты оңаша.
Астына мінген Тарланның
Тұрпатына қараса:
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты,
Етектейін еріннің
Екі елісі қалыпты,
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты,
Жалбыраған жалынан
Жалғыз қарыс қалыпты,
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
Тұла бойын қараса,
Он жеті жерден жаралы.
Сонда да Тәңірім алмайды,
Ол жараға болмайды,
Әлі де ойын салады,
Қос тізгінін созады.
Артынан қиқу таянса,
Ит арқасы қозады.
Қос тепкіні салған соң,
Қамшыны басып алған соң,
Шаршады Тарлан десек те,
Жер басқаннан озады.
Отырысы нән болып,
Тұла бойы қан болып,
Жүрген жері шаң болып,
Көргендерге таң болып,
Төскейден төмен желеді,
Көңілін жауға бөледі.
Ханзада сынды ханына,
Қара ноғай биіне
Аман-есен келеді.
Бірін бірі көреді,
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.
Тарғын жаудың қырғанын қырып, қашырғанын қашырып, аман-есен келіп, Ханзада
ханға көріскен соң, мұның қуанышына ат шаптырып, той қылып, арақ-шарап ішіп,
халық тойдың қызығыменен таңның атқанын, күннің батқанын білмеді.
Бірақ хан қызын беремін деген уәдесінде тұрмады, қызын бермеді. Хан Тарғынға:
«Жеті атаңнан бергіңді сұрап келіп отырсам, қожа мен төреге ешбір шатасқан
жерің жоқ екен, соның үшін саған қызымды беруге аталарымның аруағынан
қорқамын,— деді.— Енді бұл он сан Орманбеттің ішін қыдыр да көр, қандай сұлу
қыз тапсаң да алып берейін»,— деді.
Сонда Тарғын айтты: «Биылғы Бұлғыр таудың ішіне жалғыз тастап кеткеніңнің
кінәсін кешіп едім, енді қызыңды беремін деп жауыңды қырдырып алып, қызыңды
бермегеніңді кешпеймін»,— деп, Ақжүністі алды да, Қырымға қарай жүре берді.
Сонда: «Осы кеткеннен қайтып келсе, бізге жақсылық болмайды»,— деп хан елі
оның ызалы кетуінен қатты қорықты, малын баға алмады, отын жаға алмады, асын
іше алмады. Ханы, халқы жығын болып, әбігер тартты.
Ол уақытта жүзден асып жатқан Сыпыра жырау деген бір шал бар еді. Ол Сыпыра
жырау өз өмірінде қолынан тоғыз ханды өткізіп, толғау айтып тоғыз ханды түзеткен
кісі еді. Жұрт сасқан соң, ханы, халқы жиылып, Сыпыра жырауға барды да,
Сыпыра жыраудан сұрады: «Біз Тарғын батырды екі алдадық, әуелі, Бұлғыр тауға
жалғыз тастап кетіп, қайтып келеміз деп, келмей кеттік; екінші, қызымды беремін
деп, жауымызды қырдырып алып, бермей қалдық. Сонан соң ол ашуланып:
«Қырымдағы қырық құрдасымды алып келіп, жұртыңды қырамын»,— деп кетті. Ол
өзі Қырымнан қыз алып қашты, ханына қылмысты болып жүрген кісі еді. Ол
жұртына барып, мұнда қайтып келер ме, я болмаса ол бізге өтірік айтып, бізді
қорқытып кетті ме? Соны болжап, бізге айтшы, көпті көрген көне едің, не десеңіз,
сіздің ақылыңызбен боламыз»,— деді.
Сонда Сыпыра жырау айтты:
«Хан менен төрем, келіпсің,
Би менен мырзам, отырсың,
Бізге ақыл салсаңыз,
Біздің тілді алсаңыз,
Тарғындайын батырға
Жиылып барып бәріңіз —
Қараң түгіл, ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Батырды еске алыңыз,
Етегіне басың салыңыз.
Егер кетсе еліне,
Тату болып қалыңыз.
Буырқанып, бұрсанса,
Мұздай темір құрсанса,
Жыртпай кетпес жағаңды,
Жаңылтар, келсе, тобаңды,
Шулатпай кетпес балаңды,
Қан етпей кетпес қалаңды!
Бір түбектей бір қылар
Жалпы жатқан далаңды,
Қырым деген ағаңды,
Ағаңның ісі жаман-ды».
Сонда хан, қызын бермек болып, Сыпыра жырауға: «Біздің шәһәріміздің ханының,
халқының өтірігі шықты. Біздің ішімізде Тарғын тілімізге нанатұғын бір кісіміз
қалмады. Оны нағылып тоқтатамыз? Осы өз қоластыма қараған кісімнен сол
Тарғын тіліне нанатұғын бір кісі тауып бер»,— деді.
Сонда Сыпыра жырау айтады:
«Батырдың жіберіңіз артынан,
Қызбенен қалған бүлініп
Қара ноғай халқынан
Қасына ерген баяғы
Қарасайұлы Көбенді,
Алшағырұлы Тегенді,
Өмірұлы Себенді!
Аруақты туған ерлердің
Аллаға берген уәдесі бар болар.
«Қызметі сіңген қосшының,
Тарлық жері тап келсе,
Тілегін бермей кетпен» деген-ді.
Бұл үш кісі Тарғынның
Соңынан қуып кетті енді,
Батырды қуып жетті енді,
Етегіне басын салды енді,
Ашуын тілеп алды енді,
Елге қарай жүрді енді,
Ел ішіне кірді енді,
Ханы, халқы жиылып,
Хан ордаға кірісіп,
Бірін бірі көрді енді.
Бұл Тарғын ханның үйіне келген соң, ханы, халқы жиылып отырса да, хан өзінің
ұятынан ешбір сөз бастап айта алмады және Тарғын да ешбір сөз бастамады.
Сонда Сыпыра жырау сөйледі, Тарғын батырға қарап тұрып:
«Ай, батырым, батырым!
Тауда Тарлан ақырса,
Тас мұрынын ару сұңқар сызғырса,
Көгілдірін ерітіп,
Көлден қулар ұшар ма?
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермейді,
Өтірік сөзден өлмейді,
Бұл сықылды хандары
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе ұсар ма?
Ай, батырым, батырым!
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау бақырың.
Ханы, халқы жиылып,
Айт деп отыр біздерге.
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге.
Аруақты туған ер болсаң,
Нағыласың бір қызды!
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап
Шыға берме түздерге.
Мына тұрған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз
Сый қылады — алыңыз.
Қара лашын береді,
Көлден көлге шүйсейші!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падыша жіберген
Балдағы алтын ақ берен,
Мұны саған береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке,
Мұны саған береді,
Баса келіп кисейші!
Нағыласың бір қызды!
Бес жүз атан береді,
Шағаннан көшсең, айдашы.
Бес жүз бие береді,
Желілеп мұны байлашы!
Нағыласың бір қызды!
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда,
Осы жерді бір ойлашы!»
Бұл батыр енді райынан қайтып, ханның, халқының берген сыйын алды. Қара
ноғайдың ханы, халқымен татуласып, табысты да, Жанарыстан Үш Тарғын деген
тауды барып жайлады, әрі қыстады, әрі сол жерді мысыр етті. Сол елге
Тарғынның өзі хан болды және батыры болды, сөйтіп жүргенде Тарғынның өзі
қартайды, ажал келіп, дүниеден көшті.
Бұл Ақжүністен бір Ардаби деген ұл туды, бұл да бек ер болды, бек асыл би
болды. Бұл Ардабиден екі бала туды: үлкені Әжігерей мырза.Әжігерей мырза
жиырма жасында дүниеден өтті. Енді жеті жасар кенже баласы Айғожа қалды. Бұл
Айғожа бес қалаға хан болды. Сөйтіп жұрт иесі болып, хан болып таққа мініп, бес
қаланы билеп, мұратына жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|