Эссе Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің мәні



Дата17.10.2023
өлшемі18,74 Kb.
#117311
Байланысты:
ЭССЕ. А.Яссауи


Эссе


Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің мәні


Қожа Ахмет Яссауи артына мәні өшпестей аса елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани Хикмет» атты екі әлемнің де мән-жайын сипаттайтын туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді сипатттап ашып көрсетуге арналған.
Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттер дін талабы тұрғысынан сарапталады. Бұл дүниенің баянсыздығы мен мен ол дүниенің бақилығын салыстыра отырып, қанағат, адамгершілк, мейірім-шапағат, адалдық, ізеттілік жайында сөз қозғайды. Осыған орай, ол Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол: жиған малдың қызығын тек өзі көрмей, өзге жетім-жесір, мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу, Аллаға сол туралы шын көңілден жалынып-жалбарынудың қажеттігін ұтымды түрде сипаттайды. Қожа Ахмет Ясауидің өз хикметтеріне алтын арқау еткен басты мәселесі: Алла Тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы, нұр шапағатын талмай сипаттап бергендігі дер едік. Ол бұл мақсатта Құдай дидарына ғашық болған пенделерінің өзге қызықтың бәрінен баз кешіп, күндіз-түні тек Аллаға құлшылық етуі қажет, бұл жолда жан мен тәнін де аямауы керек. Сонда ғана хақ дидарын көруге болады деген пікір ұсынады:
– Сүннатларын махкам тутиб уммат булгил,
Кеча, кундуз айтыб улфат булгил.
Нафсидан кечиб, жафасини рахат билгил,
Андаг ғашық еки кузи қирян иурур…
Лала дегил, ғалам сені кафир десун,
Кафир тию Мансур сифат дарға ассун.
Башиң берил хақ курсатсин,
Башиң берган хақ дидарын курар ирмиш.
Бұдан байқалғандай, әулиенің Құдай салған қиыншылық пен азапты да шыдамдылық, сабырмен жеңе білу, төзімділік таныту жөн, тынбай жылап дертін тарт, Құдай көзді тек көру үшін ғана емес, жас ағызып жылау үшін де берген дейді. Бұлай болмаған күнде Хақ Тағаланың кісі күнәсін кешу-кешпеуі екіталай, өйткені бәріне де оның әмірі ғана жүреді дегенді ескертеді: – Таубе қылсам кечармикун қадир Алла, Иуқ ирса ниткум анда мен ру сияһ, Таңла барсам имек аяғ барча куә, Хақ алдида һар не шилар асан иурур. Өмірдің қызығы мен қиыншылығын пенде бастан қанша кешірсе де, қиыншылыққа төзіп, қуанышқа сабыр, шүкірлік етуі шарт. Бұл үшін ол үнемі бір Құдайға жалбарынып, соның кешірімін алуы қажет. Біздің халықта: «Аруақ ұрған оңалмайды, Құдай ұрған оңалады» деген мәтел бар. Немесе кейде: «Күнәсін мойындағанды Құдай да кешеді» – дейді. Сондықтан адам, алдымен, өзінің Аллаға деген көңілін, сенім-нанымын, пиғылын жөндеп алуы керек. Өмірдің қуанышынан қайғы-қасіреті көбірек, сол себепті ол Құдайға деген сенімін кемітпей, қайта оның шарапатына, кешірімділігіне нық сенгені дұрыс.
Қожа Ахмет Ясауи бір Аллаға деген қалтқысыз сенім-нанымның ақыры оған жан-тәнімен берілген шын сүйіспендікке, ғашықтыққа ұласуын қалайды. Егер адам тек сырттан ғана құдайшыл болып, іштен басқа пейілде болса, ол екіжүзділікке, опасыздыққа ұрынады деп баяндайды. Мұндай алдамшы, аяр жандар сабырсыз, төзімсіз келеді, оның соңы надандыққа (жәһілдікке) ұрындырады деген ой ұсынады. Ол надандықтың адам баласына келтірер зияны мен бүлігін жеріне жеткізе, өлтіре сынап, бұған жаңалықты ғана қарама-қарсы қояды, үміт-тілегін де даналарға арнайды: Наданмен өткен өмірің тозақ болар, Надан барса тозақ одан қашар. Наданмен тозаққа қарай қылма сапар, Надандардың ортасында суық шалғандай болдым мен-ә. Надан хәлін менен сұрама, көңілім қапа, Хақтан қорқып, қайғы тұтсам, күлер «қақа». Араны ашық, нәпсі ұлық, мысалы лақа, Надандардан қорқып саған келдім мен-ә. Жер астына қашып кірдім надандардан, Қолым жайып дұға тілеймін жомарттардан. Ғаріп жаным мың садаға даналардан, Дана таппай жер астына кірдім мен-ә! Қожа Ахмет Ясауи Құдайға беріліп құлшылық етушілердің өзін жалған ғашықтар, шын ғашықтар деп жүйелейді. Жалған ғашықтары, жоғарыда айтылғандай, екі жүзді аярлар, надандар делінсе, шын ғашықтары Алла жолына жан-тәнімен берілген даналар деп сипатталады. Осының бәрін ол екі әлемнің (ол дүние мен бұл дүниенің) сыр-сипаттары тұрғысынан шендестіре суреттейді. Ғұлама өзі жеті жасында пайғамбарымыздың Мұхаммед Мұстафа ғалайссаламның арнап қалдырған құрмасын табыс еткен Арыстан Бабтың айтқан ақылдары мен үлгі-өсиеттерін зор ілтипатпен еске ала отырып, ұстазының рухани тазалығын, адалдығы мен шыншылдығын өзгелерге үлгі тұта сөйлейді. Осыған орай ол кейбір надан шәкірттер мен арам сопылардың бет пердесін жұлып алып, олардың шын мәнісінде қандай жандар екенін айқара ашып әйгілейді: Тақуамын деп зор санар, көзіңнен шықпайды жасың, Көңілдерінде дерті жоқ, қалай ауырар басы. Өтірік, айла қылса да, Құдайға мәлім бар ісі, Арыстан Бабам сөздерін есітсеңіз тәбәрік. Шәкіртімін деп айтады, көңілінде жоқ шындығы, Шын шәкіртті сұрасаң, іші-тысы гәуһәр дүр, Хаққа аян сырлары, жемістері таза дүр, Арыстан Бабам сөздерін есітсеңіз тәбәрік! Сөйтіп, арамдық пен өтірік-өсектен, нәпсіқұмарлықтан жиіркенбейтін шәкіртсымақтарды ақын өлтіре сынай отырып, «ғарыптардың ұлығы, заты таза» Арыстан Бабты сондай пасықтарға үлгі етіп ұсынады.
Қожа Ахмет Ясауидің есепсіз көп хикметтеріндегі негізгі түйін: адам баласының жалған дүниеден бақилық өмірге өтудегі үмбеттік жолдың дұрысы мен бұрысын көрсету, Аллаға шын берілген құлдың іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады. Осы орайда оның, ең алдымен, қандай ауыр қиыншылыққа тап болсаң да, шыдамдылық, сабырлылық танытуға мән бергенін көреміз. Әулие бабамыздың айтуынша, әр іске төзімділік, шүкірлік етіп Құдайға жалбарыну, одан шапағат күту, дүние-мүлік, байлық үшін жанын жалдап, өтірік-өсекке ұрынбау тәрізді мәселелер күнәдан арылудың басты-басты талаптары делінеді. Сондай-ақ, ол адамның Аллаға деген сенімінің, ой-пиғылының тазалығына баса назар аударады. Осыдан барып Құдайға деген ықылас артып, мұның ақыры оған қалтқысыз берілген шын сүйіспендікке ұласады деп көрсетеді. Шын ғашықтықтың ұшына шыққандарын Алланың сүйген құлы – жарандар деп жүйелейді. Құдай жолына біржола бет қойған, соның азап-қиыншылықтарына бас қойған ғашықтықты ол ең қиын, машақаты мол жол деп бейнелейді. Қожа Ахмет Ясауидің кешірімділік, төзімділік туралы ой-пікір, тұжырымдарын жүйелеп әңгіме еткенде, оның «Рисала» атты еңбегіндегі мына бір қорытындыларына тағы бір рет назар аударып көрелік. Ол мұнда қай пайғамбардан нендей үлгі қалды деген мәселеге орай былай дейді: «Тәуба қылу Адам пайғамбардан, ғибадат қылу Ідірістен, зікір-сабыр Аюбтан, зікір ғаріптік Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қалды, ал сыпайылық хазірет Сүлейменнен қалды», – деп жазады. Бұдан тыс мағрипат, шариғат, хақиқат, тариқат туралы баяндағанда әулие Құдай рахметінен үміт үзбеу, тәубаға келу, насихат алу, пақырларға пана болу, Хақты тануда шыдамды болу тәрізді мәселелерге ерекше мән береді. Сонымен қатар жүрек дерттерін баяндайды, адамның рухани кемшілігіне қатты мән береді. Бұл дүниетаным Исламдағы көптеген ғұламалардың еңбектерінде ұшырасады. Мәселен, имам Ғазали «Тіпті «жүрек дерті жоқ» деген ұранмен бұл аурудың бар екені теріске шығарылды. Нәтижеде адамдар дүниені сүйюге, құлшылықты сырт көз үшін, рия амалдар жасауға ден қойды. Жүрек дерттерінің белгілері міне, осылар – дейді» Ғашық болу мен адамдар арасындағы ғашықтықты да әулие орнын тауып, екеуін астастыра, жалғастыра жырлайды. Мәселен, қорлықтан естен танған Мәнсур, ғаріптіктен құл болған Махмут сұлтан, Құдай дидары үшін арманда өткен Ысмағұл, басына түскен бәлеге сабыр тұтқан Аюб, көкірегі күйіп-жанған Мұса пайғамбарды айтумен қатар, Ләйлі мен Мәжнүн, Фархад пен Шырын, Жүсіп пен Зылиха бейнелері де аталған мақсатқа сәйкес хикметтерге қосылады.
Қожа Ахмет Ясауидің ендігі бір мән берген, аяусыз әшкерелеген тақырыбы надандық дер едік. Өйткені оның түсінігінше, надандық бүкіл жауыздық, зұлымдықтың таусылмас қайнар көзі. Мұнда арсыздық пен бәлеқорлық, өтірік-өсек, әділетсіздік те содан табылады деп түйіндейді. Жоғарыда айтылғандай, осы надандыққа ғылым-білім мен даналықты үнемі қарама-қарсы қойып отырады. Сондықтан наданның көзін ашып, Құдайдың сара жолына түсіруге ол бар ынтасы мен ықыласын сарқа жұмсайды.
Тіпті өз ойын жинақтай келе ғұлама: «Надандармен бірге өткізген уақыттың өзі дозақпен тең», – деп қорытып, олармен бірге жүруге де, жолға шығуға да қарсы тұрады. Жалған молда, залымдарды да аяусыз түйреп, «Хал ілімін» үйренуге шақырады. Осындай әділетсіздіктер мен зұлымдықтарға қарсы әділдікті ту ете отырып, Хақ Тағала ісіне ғана сабырлық, төзімділік танытудың қажеттігін бейнелі жолдармен өрнектейді.
Өйткені Құдайдың адамға қояр талабы – оның көркем құлықты, жамандыққа жаны қас, жақсылыққа жаршы, болатын, Құдайдың шынайы құлы болу үшін адам, ең алдымен, өз болмысымен тұтастықта болып, содан кейін қоршаған әлеммен үйлесімділік құруы тиіс. Осы үндестікті қамтамасыз ету үшін Құдай Құран арқылы адамға құндылықтар жүйесін ұсынады.
Бұл құндылықтар адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастырудың негізгі қалыбы – тезі. Адамның жақсылық, парасат, парасатты іспен, сөзбен және оймен қарулануы оның иманының қуатына тікелей қатысты. Өйткені Құранда имандылық адамгершіліктің тұтқасы, негізгі көзі ретінде түсіндірілген.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет