Эссе Педагогикалық шеберлік: тәрбие мен оқыту өнері ретінде Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады. Соның алғашқысы мамандық таңдау деп ойлаймын. Себебі дұрыс таңдалған мамандық адам баласының өмір бойғы азығы, өкінбес алға алып жүрер жол бастаушысы. Өз басым таңдаған мамандығым үшін осы уақытқа дейін еш өкініп көрген жоқпын. Ел болашағы болар ұрпақ тәрбиелеу мәртебелі қызмет деген ойдамын. Ал ұрпақ тәрбиесі өте жауапты жұмыс, әр бөбектің жүрегіне жол тауып, оның өмірге, білімге деген құштарлығын арттыру үшін тек жай маман емес педагогикалық шеберлікті жете меңгерген, өз міндетін жете түсінетін адам ғана жете алады. Біз қызмет жасайтын «Сәуле» балабақшасында мұндай маман иелері баршылық.
Жалпы бұл жерде бірінші туындайтын сұрақ әрине «педагогикалық шеберлік» дегеніміз не? Педагогикалық шеберлік үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әр педагогтің қолы жетуі мүмкін. Педагог — өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, жалпы, әсіресе балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман дер едім.Әр бүлдіршін бір әлем, бөбектің жан дүниесін ұғынып, қоршаған ортаға, ондағы әр түрлі табиғат құбылысына деген сұрағына жауап алуына көмектесу үшін бала психологиясын жетік біле отырып олардың қызығушылықтарына ұғымды да түсінікті жауап бере білу. Бала қөкейінде әрдайым «Бұл не? Ол не үшін керек?» деген сұраулар тұрады, оған тұшымды да түсінікті жауап бере білу шебер маманның қолынан қана келеді. Әсіресе біз жұмыс жасайтын қалалық мекемелерде бөбектер екі тілді қатар пайдалануға үйренген, осыған орай шебер маман көбінесе баланың ана тілінде немесе өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіні болса мемлекеттік тілде сөйлетуге, сөйлеуіне көбірек назар аударғаны дұрыс деген ойдамын. Өз жұмыс тәжірбиемде осы бағытқа басты басымдылық беремін, бұл әрине біраз жылғы еңбек тәжірбиесінің нәтижесінде келді.
Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, бөбектерді жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Әр баланың дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, балабақша, жанұя, тәрбиешінің ролін анықта— педагогикалық шеберлікті жетілдіруге негізделеді. Өйткені тәрбиешінің баламен жеке жұмысы қомақты нәтиже бермеуі де мүмкін, осыған орай баламен бірге оның ата-анасымен үнемі байланысты болу, баланың қай бағытта қызығушылығы мол екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Замана ағымын сылтау етіп, үнемі жұмысқа асығып жүретін ата-аналар да баршылық, мұндай отбасындағы бөбек өз бойындағы алғы қасиеттерін ашып көрсете алмайды, бұйығы, тұйық болып қалуы кездеседі. Сол себепті әр баланың айналаға деген құштарлығын ашып, қызығушылығын арттыруды балабақша – тәрбиеші – отбасы – ата-ана болып бірлесіп жұмыс жасуда педагогикалық шеберлік керек.
Педагогикалық шеберліктің тағы бір көрінісі – мұғалімнің шығармашылық іс-әрекеті, яғни оның тұлға ретінде жеке-даралығы және адамның индивид ретіндегі кейбір ерекшеліктерінің өзгеріске ұшырауы. Осыдан шығарар қорытындымыз: әрбір педагог мұғалім мамандығын таңдап алған соң, ол жауапкершілігін бірге ала жүруі керек. Ұстаз-тәрбиеші өз пәнін ғана емес, дүние сырын, қоғамдағы өзгерістерді, адам мінездерін, өнердің қуат әсерін білетін жан болуы қажет. Адам бойындағы талант осындай кезде көрініс береді. Талант деген тек әнші, суретші немесе басқа да шығармашыл маман иелерінде емес, мұғалім, тәрбиешіде болу керек деген ойдамын. Осы ұстаз бойындағы таланттың арқасында педагогикалық шеберлік айқын көрініс табады. Ал педагогикалық шеберлік тәрбие мен оқытуда бірінші кезектегі қажеттілік. Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман — уақыт талабы. Кеше ғана көк туын желбіретіп шаңырақ көтерген егемен еліміздің тәуелсіздік алғанына да 30 жыл толады, осы елімізді өркениетке жетелейтін білімнің бастауында әрине алғашқы баспалдақ ретінде балабақша тұр, ал сол балабақшада жас ұрпақ бойына білім негізінің мәңгілік іргетасын қалаушы – ұстаз тұрады.Осыған орай қазіргі ұстаз заман талабына сай маман иесі болуымен қатар оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдаланудың шарттарының жете меңгерген әрдайым ізденісте, өздігінен білім алудың жағдайын жасап отыру қажет.
Мақала:
Отбасы – тәрбие ұясы
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Әр отбасының өзіндік жазылмаған заңы, салт-дәстүрі болады. Бала дүниеге келген күннен бастап осы қалыптасқан өмір заңымен бірге жасасып ер жетеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп атамыз қазақ текке айтпаса керек. Қазақ отбасындағы тәрбие негізі ата мен әже мектебінен өтетін болған. Осыған орай Бауыржан Момышұлы атамыздың «Бесік жырын білмейтін әжеден, батырлар жырын айтпайтын атадан қорқамын» деген қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Бұрынғы кезде қазақ отбасында бесік жырын айта отырып әжелеріміз болашақ отанасы болатын қыз балаға ертегі айтып, ғашықтар жырын айтып үй шаруасына бейімдейтін, ал ақсақалды аталарымыз болса ұл баланы ат жалын тартып мінуге үйретіп нағыз ер азамат етіп тәрбиелейтін. Ал қазіргі кезде кейбір ат-әжелердің өздері уақытымыз жоқ деп сылтауратып немере тәрбиесінен алыстап кеткендей. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың өз тілінен, мәдениетінен, әдебиетінен алшақтап мәңгүрттенуге алып келетіні жасырын жайт емес. Дегенмен барлығы нашар дейден аулақпыз, немере жанынан табылып өзінің қазақи болмысымен ұрпаққа үлгі боларлық ата-әжелеріміз де баршылық. Осындай аға ұрпақтың арқасында және ең бастысы тәуелсіздігіміз бен егемендіктің арқасында өз елін, өз Отанын, өз отбасын жанындай жақсы көретін ұлтжанды ұрпақ өсірп келеді. Бұл егеменді еліміздің 30 жыл тәуелсіздігінің арқасында жеткен жетістіктері.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындата түседі. Әрине отбасы тәрбиесіндегі ата мен әжеден бұрын басты тұлғалар – әке мен ана. «Әке асқар тау, ана ағып жатқан бұлақ, ал бала жағасында өскен құрақ» деп тегін айтпайды бабаларымыз. Саялы таудың бауырында, мөлдір бұлақтың нәрімен сусындаған балапан ағаштың жайқалып өсіп, кейіннен мәуелі бақ боларына ешкім шүбә келтірмесі анық. Дәстүрлі отбасында қалыптасқан жағдайда тәрбиеленіп, білім алған жеткіншек болашағына сенімді арлы азамат болып ер жетеді. Осы орайда отбасын шағын мемлекет десек осы мемлекеттегі әр тұлғаның өзіндік орны мен міндеті бар. Әке отбасындағы басты тұлға, ұлдың үлгі тұтар шамшырағы, ал қыз баланың қамқоршысы. Сол себепті әке өзін отбасында тек асыраушы ғана емес, барлық жағынан үлгі болар адам ретінде көрсете білуі керек. Ал ана болса қазақ отбасында жан сұлулығымен қатар үй шаруасын жүргізудегі шеберлігімен қөзге түскені абзал. Қазақта тағы «тәрбие басы –тал бесік» деген аталы сөз бар. Замана талабына сай қазіргі кезде бала дүниеге келгеннен кейін үш жасқа толған соң бүлдіршінді балабақшаға беруге тырысады. Мұның да әрине өзіндік себебі бар, бала өз қатарластарымен бірдей жетілуі, смартфон, телефонмен көп айналыспай жетік сөйлей алуы үшін балабақшаның алар орны ерекше. Қызмет, жұмыс бабымен бос уақыттары өте тығыз ата-ана мұндай кезде әрине балабақшаға үлкен сенім артады. Инновациялық технологиялар дамыған кезеңде баланың тұлға ретінде дамуы бағытында ата-анамен балабақшаның өзара бірлікте жұмыс жасауы да үлкен нәтиже берері сөзсіз.
Ата-аналардың балалармен өзара пікірлесуі және өзара қатынас тарихы отбасы тарихымен тығыз байланысты. Отбасы – бұл баланың өзі және басқалар туралы ойы қалыптасатын және оның әлеуметтік табиғи, сондай-ақ рухани мәдениеттің орталығы. Баланың дүниеге келген сәті сияқты, оның мектепке дейінгі жасы, өсуі, дамуы және жеке тұлға болып қалыптасуы ғалымдар мен психологтардың айтуынша үңіле зейін аударатын маңызды және жауапты құбылыс. Әсіресе ең маңызды кезеңі мектепке дейінгі балалық шақта өзіндік сана дамиды, өзіндік баға және қоршаған ортаға деген қарым – қатынасы қалыптасады. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуына отбасының қарым-қатынас стилінің әсері өте маңызды. Балалар ата-аналармен әрекеттестігінде басқалармен қарым - қатынас әдісін меңгереді. Олар баланың өміріндегі қарым-қатынас жасаушы жандардың ең біріншісі және үлгі болатын басымырақ оқытушылары болып саналады.Ата-аналардың балаларға психологиялық әсері қашанда жеке дара. Сондықтан да әр әке және ана отбасындағы өз міндеттерін мүлтіксіз орындаған жағдайда өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптасқан, өзін қоғамда еркін сезіне алатын, қиындықтан тайсалмай жол тауып шыға алатын тұлға қалыптасатынына сенімдімін.