Эссе соөЖ №12 Тақырыбы: І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», оның құрылысы, маңызы Орындаған: Кошкарбаева Гулдана,кял-20-3 тобының студенті Ақтау,2022 ж. «Фразеология»
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
«Туризм және тілдер» факультеті
Эссе СОӨЖ №12
Тақырыбы: І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», оның құрылысы, маңызы Орындаған:Кошкарбаева Гулдана,КЯЛ-20-3 тобының студенті
Ақтау,2022 ж.
«Фразеология» дегеніміз, біріншіден, «тілдегі барлық фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы», екіншіден, «фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы».
Ал фразеологизм дегеніміз - құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын тұрақты сөз тіркесі. Мұнда тіркес құраушы сөздер өздерінің бастапқы тура мағыналарынан мүлдем немесе жарым-жартылай айырылып, өзара жымдаса келіп, бір ғана фразеологиялық жалпы мағынаға ие болады. Бұл мағынаға ауыспалылық пен бейнелілік тән. Қазақ тілі қазынасындағы тұрақты сөз тіркестерінің релеванттық қасиетін айқындау, қазақ фразеологизмдерін іштей саралап бөлу, сондай-ақ фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, фразеологизмнің құрам сипаты және компоненттердің байланысу түрлері, фразеологизмдердің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдердің сөзден және мақал-мәтелдерден айырмашылығы мен оларға ұқсас тұстары, фразеологизмдердің грамматикалық сипаты, бірнеше фразеологизмдердің жасалуына арқау болатын ұйтқы сөздер, фразеологиялық калька сияқты фразеологияның көкейтесті мәселелерін қазақ тіл білімінің күн тәртібіне қойып, қазақ фразеологиясының бағыт-бағдарын саралаған, осы саланың дербес пәнге айналуының негізін қалаған ғалым академик І. Кеңесбаев болды. Оның ХХ ғасырдың 40-жылдары жарық көрген «Қазақ тілінің тиянақты сөз таптары» (Докторлық диссертация, Алматы, 1944), «Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары туралы» (Халық мұғалімі. 1946), «К вопросу об экспрессивно - стилистических функциях фразеологизмов» (Тезисы докладов конференции «Развитие стилистических систем литературных языков народов СССР». Ашхабад, 1966) сияқты еңбектерінен кейін-ақ, қазақ фразеологиясын зерттеу айрықша қолға алынды. А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздықова тәрізді қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері қазақ фразеологиясының дербес пән болып қалыптасу, даму жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге ат салысты.
Фразеологизмдерді топтау мәселесі І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Ә.Т.Қайдаров, Р.Жайсақовалар қазақ фразеологизмдерінің құрамдық сипатын ашып, семантикалық-тақырыптық аясын белгілеп, топтастыру принциптерін айқындады. Р.Сыздықова Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазақ фразеологизмдерінің поэтикалық тілдегі жұмсалу өрісін зерделеп, авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің жасалу механизмін көрсетті. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев еңбектерінде қазақ фразеологиясының теориялық мәселелері жинақтала сөз болды. Р.Сәрсенбаев зерттеулерінде фразеологизмдердің мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен ара-қатысы айқындалды.
Бүгінгі қазақ фразеологиясында зерттеудің үш түрлі бағыты орын алып отырғаны байқалады. Біріншісі - қазақ фразеологизмдерін таза тілдік тұрғыдан бір тіл аясында зерттеу. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе фразеологизмдерді лексикографиялық өңдеуден өткізудегі І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (Алматы, 1977), Ә.Қайдаровтың «Мың әсерлі де бейнелі орамдар» (Астана, 2003) сияқты еңбектерін, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін, т.б. архитектоникасын талдап ашып берудегі С.Сәтенованың «Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» (Алматы, 1997) атты зерттеуін, фразеологизмдердің варианттарын көрсету, синонимдік қатарын анықтаудағы Г.Смағұлованың «Фразеологизмдердің варианттылығы» (Алматы, 1996), «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» (Алматы, 1998) тәрізді еңбектерін атап айтуға болады. Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді»(Алматы, 1994), Н.Уәлиевтің «Фразеология және тілдік норма» (Алматы, 1998) сияқты еңбектерде көптеген фразеологизмдер этимологиялық тұрғыдан талданып, олардың құрамындағы мағынасы күнгірттенген, тіптен мүлдем белгісізденіп кеткен сөздердің мән-мағынасы ашылды. Қазақ фразеологизмдері фразеологиялық бірлікті жасауға ұйтқы болатын сөздер негізінде соматикалық фразеологизмдер, фитофразеологизмдер, сан-мөлшер фразеологизмдері, зоофразеологизмдер, антропонимдік фразеологизмдер деп семантикалық-мағыналық топтарға, тақырыптарға топтастырып арнайы қарастырылуда.
Қазақ фразеологиясындағы үстем болып отырған екінші бағыт -қазақ тілінің фразеологиялық бірліктерін орыс, ағылшын, неміс сияқты болмыс бітімі, құрылымы бөтен тілдердің фразеологизмдерімен салғастыра зерттеу ісі. М.Х.Абилғалиева, М.А.Сыздықова, М.А.Жақсыбаева, М.Р.Есімжанова т.б. зерттеулерінде тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді айқындау, интернационалдық фразеологиялық қорды анықтау, салғастырылушы тілдер фразеологиясындағы ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерді саралау және ұқсастықты тудырушы факторларды айқындау мәселелері көрініс тапты. Салғастырмалы-типологиялық бағыттағы зерттеулермен өзектес түсіп жататын қазақ фразеологиясындағы салыстырмалы бағыт, яғни қазақ тілін өзбек, татар, башқұрт, қырғыз т.б. жақын туыстық қатыстағы, сондай-ақ монғол, жапон, тұнғыс-маньчжур сияқты алтайлық төркіндестіктегі тілдермен салыстыра зерттеу енді қолға алына бастады. Бұл орайда Г.Сағидолданың қазақ және монғол фразеологизмдерін тіларалық деңгейде салыстырған «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны» (Алматы, 2003) атты еңбегін түркі-монғол салыстырмалы фразеологиясын қалыптастырудағы алғашқы бастама ретінде атап айтуға болады.
Қазақ фразеологиясындағы салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы-типологиялық бағыттағы зерттеулер үшін тереңдеп талдауды қажет ететін мынадай өзекті мәселелерді көрсетуге болады:
1) қазақ фразеологиясын туыс немесе төркіндес тілдер фразеологиясымен салыстыра отырып, олардағы ұқсас фразеологиялық құбылыстарды анықтау;
2) аударма теориясында, шет тілін оқытуда маңызы зор фразеологиялық эквивалентті анықтау мақсатында қазақ фразеологизмдерін туыс емес тілдер фактілерімен салғастыру;
3) әртүрлі тілдердегі сөздік шоғырлардың образдық ауыспалылығындағы ортақ заңдылықтарды, ұқсас фразеологизмдердің пайда болуына негіз болған факторларды айқындауға, әрі жекелеген лексикалық компоненттердің бірнеше тілге ортақ белгілі бір фразеологиялық мағынаны қалыптастырудағы орнын, рөлін анықтауға бағытталған құрылымдық-типологиялық талдаулар жүргізу;
4) географиялық, тілдік (генетикалық немесе біртіндеп қалыптасқан) және тарихи-мәдени ортақтастықтағы бірқатар тілдердің фразеологияларының өзара ықпал-әсерін, туыстас тілдер фразеологиясындағы жақындастықтың себеп-салдарын қарастыратын ареалдық зерттеулерді қолға алу.
Қазақ фразеологиясындағы үшінші бағыт - фразеологиялық бірліктерді когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттың дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным-түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тілі арқылы танып білуде аса маңызды.
Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағытталған үшінші бағыт - XXI ғасыр ғылымының басты парадигмасы - антропоцентризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі.
Фразеологизмдердің бас белгілерін (релеванттық қасиетін) анықтау - қазақ фразеологиясының ғылыми негізін қалаған академик І.Кеңесбаев арнайы тоқталған және фразеологиядағы ең басты мәселе ретінде алға тартқан проблемалардың бірі болды.
І.Кеңесбаев фразеологизмдерді тілдегі басқа да бірліктерден (сөзден, күрделі сөздерден, еркін тіркестен) ажыратып тануда басшылыққа алынатын ең басты ұстаным, ең негізгі критерийлер ретінде мынадай белгілерді атап көрсетеді:
1) мағына түтастығы, яғни фразеологизм құрамындағы сөздер өздерінің бастапқы мағынасынан түгел немесе жартылай айырылып қалып, шоғыр тіркес түрінде біртұтас мағына беруі;
2) тіркес тиянақтылығы, яки фразеологизм құрамындағы сөздердің орын тәртібі нық болып, өзара жымдасқан тіркес қалпын барлық жағдайда сақтауы;
3) қолдану тиянақтылығы, яғни фразеологизмнің әрдайым айна-қатесіз, бұлжымай, даяр қалпында жұмсалуы.
Осы үш белгінің үшеуі де өн бойынан табылған жағдайда ғана лексикалық-грамматикалық тұлға фразеологиялық бірлік деңгейіне көтеріліп, фразеологиялық категорияға айналады, тілдегі өзге де тілдік категориялардан оқшауланып, өзіндік дара бітіммен тіл ішінде өмір сүреді. І.Кеңесбаевтың бұл пікірі қазақ фразеологиясының теориялық мәселелеріне арналған зерттеулерде үнемі басшылыққа алынып келе жатыр.
Фразеологизмдердің мағына тұтастығына байланысты қасиеті оның құрамындағы сыңарлардың жеке-дара тұрып беретін мағыналарынан мүлдем басқаша болып келетін фразеологиялық жиынтық мағынадан айқын байқалады. Мәселен, аузына құм құйылды фразеологизмі «сөзден тосылды, ештеңе дей алмай қалды» дегенді білдіреді. Мұнда ауыз, құм, құйылды сөздері тура мағыналарында емес, тұтасып келіп, бір шоғыр құрап, бейнелі ауыспалы мағынада жұмсалып тұр. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді (тыным таппады), төбе шашы тік тұрды (тіксінді), жаны мұрнының ұшына келді (қорықты), қара сөзді қамшы қылды (тауып сөйлеуді көздеді), нанын тауып жеді (күнін көрді) т.б. фразеологизмдер бүтін бір сөздің орнына жұмсалатын, мағыналық жағынан біртұтас бірліктер. Бұл фразеологизмдер құрамындағы сөздердің орын тәртібін ауыстыруға, немесе қайсыбір сыңарлардың орнына басқа сөздерді қоюға келмейді. Онда мағыналық біртұтастық, тіркестік тиянақтылық, фразеологиялық даяр қалып бұзылады, тіптен тіркес өзінің бейнелілігін жояды, экспрессивтік-эмоциялық күшін жоғалтады, мән-мағынасынан айырылады.