Әуезов және Семей



Pdf көрінісі
Дата12.03.2017
өлшемі262,98 Kb.
#8982

Әуезов және Семей 

 

Бір кезде Мұхтар Әуезовтің кітаптарымен кездесуім 



менің ішкі дүниемді жарқыратып жібергені есімнен 

шықпайды... Меніңше, орыс мәдениетінің дамуына өз 

кезінде  Пушкин  қалай  әсер  етсе,  осы  күнгі 

ортазиялық көркем ойдың және біздің барлық көрші 

отырған 

халықтарымыздың 

рухани 

өмірінің 

қалыптасуына Әуезов те сондай әсер етті.  

Шыңғыс Айтматов  

 

Әуезов туралы жазу, қолға қалам алу – қиынның қиыны, тегінде. Неге 



десеңіз,  аты  күллі  әлемге  әйгілі  ұлы  тұлға  жөнінде  татымсыз  сөз  айтып, 

тұщымсыз сөз қозғау қиянат.  

«Әуезов туралы жазбаған адам жоқ. Басқасын былай қойғанда орысша, 

қазақша екі том естелік шықты. Бәрі жазған: жабыла, жамырай жазған. Бірақ 

көбінікі – көбік, саф таза толқын – ой толқыны, сыр толқыны, сезім толқыны 

тумаған, – депті академик, жазушы Зейнолла Қабдолов. – Сондықтан олардан 

Мұхаңның бейнесі көрінбейді, тұлғасы танылмайды; көп сөздің, кейде тіпті 

бос сөздің бетінде авторлардың өз тақиялары ғана қалқып, өз тымақтарының 

төбелері  шошаңдай  береді...  Көпке  дейін  мен  осыған  қынжылып,  жазбай 

келдім».  

Бес жыл шәкірті болған, он жыл бір кафедрада жұмыс жасаған, аға мен 

інідей  сыйласқан  Зекеңнің  тартына,  толғана  тебіренуінде  ұлы  жазушы 

хақында айтар толғамға абай бол деген емеуірін жатқандай.  

Бүгінгі  әңгіме  М.  Әуезовтің  Семейдегі  шығармашылық,  қоғамдық 

қызметі төңірегіне арналмақ. «Әуезов және Семей» – аса үлкен тақырып. Бұл 

арнада  көптеген  зерттеулердің  дүниеге  келгені  оқырман  қауымға  аян.  М. 

Әуезов  өмірі  мен  шығармашылығының  Семей  ке-  зеңіне  арналған 

диссертациялық жұмыс та бар. Айтылмай қалған сөз жоқ сияқты. Мәселе көп 

сөзде емес.  

Ұлы жазушыдан қалған әрбір сөзді, айтылған ойды зерттеу объектісіне 

айналдырып, бұлтартпас деректерге негізделген өмір- баянының әрбір күнін, 

мүмкін  болса  әрбір  сағатын  анықтаса  келер  ұрпақтардың  асыл  қазынасына 

айналары ақиқат. 

Шыр  етіп  дүниеге  келген  күннен  он  бір  жасқа  толғанша  кіндік  қаны 

тамған жері Шыңғыстаудан ұзай қоймаған.  

Оқып,  білім  дариясынан  алғаш  сусындаған  жері  сүйікті  қаласы  – 

Семей.  Әуелде  бес  кластық  қалалық  училищеде,  онан  соң  оқытушылар 

семинариясында оқыған. Сол кездегі құжаттар сақталған, біразы қолымызда. 

Ендеше қандай ұстаздардан тағлым көрді, пайдаланған оқулықтарының тізімі 

анықталған  ба,  әрбір  оқу  орнын  тәмамдағаннан  кейінгі  құжаттары  қайда, 

тағы басқа да сауалдар анықтай түсуді тілейді, біз үшін аса құнды деректер 

екендігі даусыз.  



1917  жылы  классикалық  дүние  «Еңлік  –  Кебектің»  Шыңғыстың 

қойнауында,  дала  сахнасында  қаршадай  Мұхтардың  режиссурасы-  мен 

қойылуы  қазақ  драматургиясының  тарихындағы  айшықты  мезет  еді. 

Академик Р. Нұрғали, профессор Т. Жұртбай еңбектерінде «Еңлік  – Кебек» 

пьесасының  шежіресі  ақтарылғанымен,  әлі  де  анықтап,  тәптіштей  түсетін 

жерлері баршылық.  

Семей  семинариясының  студенті  М.  Әуезовтің  алғашқы  пуб- 

лицистикалық шығармалары да оттылығымен, ойлылығымен дараланды.  

1916-1917  жылдары  Ташкент  қаласында  шығып  тұрған  «Алаш» 

газетінде  жарияланған  оймақтай  ғана  «Қазақтың  өзгеше  мінездері»  (Ж. 

Аймауытовпен бірігіп жазған) мақаласына көз салыңызшы!  

Ешқандай  бүгежексіз  мәселені  тура  қояды.  Бірінші  сөйлемді  оқиық: 

«Газет  жүзінде  қазақтың  әр  түрлі  кемшіліктері  түртіліп,  жазылып  жатыр. 

Мысалы:  ұйымсыздық,  күндестік,  парақорлық,  партия,  әділетсіз  билік, 

әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ бұлар 

әр  міннің  бұтақтары...  Қазақтағы  неше  түрлі  болып  тұрған  ауыр  халдердің 

түпкі, негізгі тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім қолға алып

мәтбуғат жүзінде қозғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың 

есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бастап отырмыз».  

Тырнақалдының өзінде қазақ  жұртын  алға  бастырмай  етектен  тартқан 

кесір мінездерді қапысыз айғақтап, жұрт алдына тартады. Көңіл таразысынан 

екшеп өткізген келелі ойлары ой көзімен үңілген жанға алтын қазына іспетті.  

1997 жылдан баспа көріп келе жатқан М. Әуезовтің елу томдық толық 

шығармалар жинағының бірінші томының бірінші мақаласы. Қымбат дүние! 

Семейде  жазылған.  Семей  өңірінің  тарихы  мен  мінез-әрекетіне  арналған. 

Соның өзінде кемшілік кездеседі. Танылмаған әріп, оқылмаған сөз, жойылып 

кеткен  сөйлем.  Елу  томдықтың  қазір  қолымызға  тигені  жиырма  сегізі  ғана! 

Енді  көптомдықтың  қайта  басылуына  біраз  уақыт  керек.  Танылмады, 

оқылмады,  жойылдыға  сілтеп  отыра  беру  жараспас.  М.  Әуезов  қаламынан 

шыққан әр әріпті қасиеттей алсақ, ұрпаққа ұнасымды мінез.  

Семей қаласында М. Әуезов «Сарыарқа», «Қазақ тілі» (бүгінде «Семей 

таңы»)  газеттерінде  көптеген  мақалаларын  жариялайды,  сондай-ақ  «Абай», 

«Таң»  журналдарын  шығару  ісіне  тікелей  араласады.  Бұл  басылымдардың 

көпшілігі  жыртылып,  тозып  жоғалуға  айналып  барады.  Солардан  айрылып 

қалмай  тұрғанда  жинап,  салыстырып  зерттесе  баға  жетпес  еңбек  болар  еді. 

Көрсетілген  газет-журналдарда  шыққан  дүниелер  алдыға  қойған  мақсаты, 

жанрлық  сипаты,  мәтіндік  табиғаты  тұрғысынан  ғылыми  ізденістер  үшін 

сирек кездесетін олжа.  

Семейдегі  оқытушылық  қызметі,  қоғамдық-ұйымдастырушылық, 

мәдени-көпшілік шаралардың басы-қасында болуы да нақтырақ іздене түсуді 

тілейді.  

Арнайы  монографиялар,  зерттеулер,  түрлі  сипаттағы  мақалалар, 

естеліктер құнттап қараған адамға жемісін береді.  

Бүгін  арамызда  жоқ,  ұзақ  жылдар  «Семей  таңында»  істеген  Кәйкен 

Шамкиннің «Ертіс топырағындағы кездесулер» естелігіне көңіл бөлейік.  


«Абай» романын жазуға дайындалып, материал жинап жүрген Мұхтар 

1935 жылдың жазғытұрымында жаңағы бөлмеде (Абай атындағы облыстық 



драма  театрында  –  А.Е.),  тобықтының  бір  топ  қарттарымен  кездесті. 

Олардың  Абай  туралы  естеліктерін  тыңдады...  Сонан  бері  Мұхаң  Семейге, 

өзінің  туған  ауылы  «Шыңғысқа  бес  рет  келіп  кетті»,  –  деп  жазады  К. 

Шәмкин.  

Қай кездері келген, қандай мақсатпен келген, қай жерлерде болған, не 

жазған, не сөйлеген? Міне, зерттелетін дүниелер.  

1943  жылы  «Абай»  романының  екінші  томын  жазуға  деректер  жинау 

мақсатында  елге  келгендегі  жолжазбасы  да  (Абай  аудандық  «Социалистік 

мал шарушылығы» газетіне жарияланған) елерлік.  

«Мен  осы  өлкенің  өзінде  туып  өссем  де,  Шыңғыс  тауының  атырабын 

дәл  осы  жолғыдай  армансыз  аралаған  емеспін.  Аудан  басшыларының 

көрнекті көмегімен біз көлденең созылған Шыңғыс тауының бауыр, сыртын 

–  Аягөзден  Саржалға  дейін,  Бақанас,  Машаннан  Семейге  дейін  жол  жүріп, 

көп жерді көріп өттік», – деп тармақтай таратады М. Әуезов. 

Кіндік қаны тамып, төсінде асыр салып ойнақтаған туған жерге жылдар 

өткен  сайын  көзқарасы  өзгеріп,  сапар  сайын  әр  қырынан  танып  мейірлене 

шаттанған суреткер пайымы да ізерлей түсуді қажет етеді.  

Туған  жеріне  ең  соңғы  келуі  1957  жылдың  қыркүйегі.  Алпыстың 

асқарына  көтерілген,  даңқы  жер  жарған,  Әуезовтің  құрбы-  құрдастарымен 

шүйіркелесе  әңгіме-дүкен  құрып,  көңіл  күйінің  айрықша  көтеріңкі 

болғандығы естеліктерде тиянақты жазылған.  

«Сіздердің  орталарыңа  келген  мені  алпыс  жасым  келгенде  қайта 

тудырған  да,  қайта  жасартқан  да,  сіздерсіздер...  Сіз  бен  біз  бір  жанбыз,  бір 

тәнбіз» – деген тебіренісі еліне арналаған риясыз көңілінің шынайы көрінісі. 

«Тірі  болсақ  талай  әлі  де  оралып  келерміз»  деп  ағынан  жарылған  ұлы 

жазушы арманының орындалмай қалуы орны толмас өкініш.  

М.  Әуезовтің  асыл  мұрасын  тану  –  қазақ  өркениетін  зерттеудегі  аса 

маңызды  құндылықтарымыз  санатында.  Сондықтан  да  мұхтартану  ғылымы 

мерейтойлық  уақытша  шараларды  мойындамайтын,  жүйе-  лі,  салиқалы, 

түбегейлі ізденістерді талап ететін құбылыс.  

Соңғы  жылдары  мемлекет  және  қоғам  қайраткері  Мұхтар  Құл- 

Мұхамедтің  тікелей  мұрындық  болуымен  мәскеулік  жазушы,  философ, 

профессор  Н.А.  Анастасьевтің  «Тамаша  адамдар  өмірі»  (ЖЗЛ)  сериясынан 

«Ауэзов»  кітабының  және  «Атамұра»  баспасынан  «Трагедия  триумфатора» 

туындысының жарық көруі елеулі оқиға болды.  

Оқырман, сондай-ақ белгілі қаламгер Анатолий Кимнің ауда- руындағы 

«Абай жолы» эпопеясымен кездесуді тағатсыз күтуде.  

М.  Әуезов  мұрасы  күллі  әлемдік  қазынамызға  қосылғалы  қашан?! 

Қазақтың Әуезові әлемнің Әуезовіне айналды.  

Бүгінгі көзі тірі классигіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Мен өзімді әдеби 

қазақ  тілін  Мұхтар  Омарханұлынан  үйрендім  деп  есептеймін.  Біз  оған 

өткенімізбен  де,  бүгін  және  болашағымызбен  де  қарыздармыз»,  –  деп 

тегіннен тегін айтты дейсіз бе?! Онымен де шектелмей: «Мен өзімді бастан-


аяқ  «Әуезовтің  өнімімін»  деп  есептеймін»,  –  деп  ақтарылды  ғой.  Қандай 

жарасымды!  М.  Әуезов  әлі  жан-жақты  зерттелуі  керек.  З.  Ахметов,  З. 

Қабдолов,  С.  Қирабаев,  Л.М.  Әуезова,  А.  Нұрқатов,  М.  Мырзахметов,  Р. 

Нұрғали, Т. Жұртбай, Б. Майтанов, Ж. Дәдебаев еңбектері бар.  

«Абай жолы» эпопеясы, «Қорғансыздың күні», «Көксерек» тағы басқа 

әңгімелері, «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі, «Қилы заман» романы, «Еңлік – 

Кебек», «Түнгі сарын» пьесалары сөз болады көбінше. Басқа шығармаларын 

қашан  талдаймыз,  көркемдік  сипатын  қашан  жарқыратып  көрсетеміз?  М. 

Әуезов Абай өмірбаянының төрт нұсқасын жазды. М. Әуезов өмірбаянының 

да аша түсетін жақтары баршылық. Қолда құжат бар. Бірақ ғылыми өмірбаян 

жазылып болды деп кім айта алады?!  

Жазушы  кітапханасы  –  шалқар  айдын.  М.  Әуезов  шын,  толық 

мағынадағы университет, аспирантура тәмамдаған тұңғыш қазақ ғалымдары 

санатында.  

Ленинград  университетінде  академиктер  Бартольд,  Самойловичтен 

дәріс  алған,  профессор  Сиповскийдің  лекциясын  тыңдаған,  атақты 

пушкинист Н. Оксманның семинарына қатынасқан.  

Жеке  кітапханасы  аса  бай  болған.  Кітап  шетіне  түрлі  белгілер  салып, 

пікірін  білдірген.  Жазушы  кітапханасы  қаламгердің  көркемдік  әлемі  мен 

эстетикалық талғамын белгілейді. Сол зерттелмей тұр ғой.  

Көп  оқып,  талмай  ізденген  Әуезовтің  оқымаған  дүниесі  аз.  Лидия 

Либединская естелігіне көңіл бөлейікші:  

«Александр  Фадеев  орыс  поэзиясын  өте  жақсы  білетін  еді  және 

өлеңдерді  дауыстап  оқуды  өте  ұнататын.  Ешбір  дастархан  оның  Пушкин, 

Лермонтов,  Блок  және,  әрине,  қазіргі  ақындардың  өлеңдерін  оқымайынша 

өтпейтін.  Фадеевтің  өлеңдерді  жатқа  білетіндігі  сонша,  тіпті,  ақындардың 

онымен «бәсекеге» түсуге жарауы сирек болатын.  

Бұл  жолы  да,  туа  қалған  бір  тыныштық  сәтте,  өзінен-өзі  туған  бір 

әңгіме  үстінде,  Фадеев  өзінің  аса  бір  үйлесімді  майда  һәм  ашық  қоңыр 

дауысымен тақпақтай жөнелді:  



Қылқаламымен бір бетсіз  

Қаралап дана мұрасын  

Шимайын салар ретсіз  

Арқалап арсыз күнәсін...  

Бірақ сол бөгде бояулар  

Жылдармен бірге жоғалып,  

Жарқырар қайта, ой, алла-ай,  

Баяғы көрік, со қалып ...  

Ал,  Пушкиннің  соңғы  шумағын  Мұхтар  іліп  әкетті  де,  екеуі  қосылып 

айтты:  

Жабырқау тартқан жадымнан  

Адасқақ ойлар арылып,  

Осылай менің алдымнан  

Жаңғырар қайта бар үміт.  


–  Жігіт!  –  деді  дауыстап  Фадеев  және  байқаусыз  ғана  маған  көзін 

қысып: – Ал кеттік тағы да.  



Әзілге сайып әуелі,  

Түсініп, сонсоң түңілтпек...  

Тағы да жаңағы жағдай қайталанды. Фадеев нені айта бастаса Мұхтар 

Әуезов  жалғастырып  алып  кетеді.  Ол  жайбарақат  қана  айтады,  бірақ  бұл 

сырттай  ғана  жайбарақаттық  еді.  Әдетте,  сәл  бейқамдау,  бүлк  етпейтіндей 

көрінетін  бет  әлпеті  бейнебір  ішкі  жалынның  жарық  шұғыласына 

бөленгендей өзгеріп сала берді, қара көздері бұрынғысынан да жайнай түсті».  

Ерлі-зайыпты  қаламгерлер  Либединскийлердің  отбасында  А.  Фадеев, 

М.  Әуезовтер  қонақ  болған  қимас  сәттер  осындай.  Жатқа  білетін  дүниелер 

соншама мол, көп оқығандықтың (начитанность) нәтижесі анық көрінеді.  

Көп білетін, ізденіп жүріп оқитын адамның сөздік қоры да мол болады. 

Бұл  арада  мәселе  М.  Әуезов  тілінің  сөздігіне  қатысты.  Герольд  Бельгер 

қызық деректер келтіреді: М. Әуезов «Абай жолы» тетра- логиясында 16983 

сөз  қолданған,  Шекспир,  Байрон  қолданған  сөз  15000,  Пушкин  сөздігінде 

21197 сөз бар. Міне, зерттеу объектісі.  

Әуезов  хаттары  –  тарихи,  танымдық  мәнді  дүниелер.  2000  жылы 

жазушының  ұлы  Мұрат  Әуезов  әулеттің  жастарын  Абай,  Мұхтар  еліне 

бастап  апарып  көрсетіп  қайтты.  Сапар  қорытындысы  Абай  мұражайында 

түйінделді.  Кешке  қатынасқан  тірі  классигіміз  Ә.  Нұрпейісов  екі  мәселеге 

айрықша көңіл бөлді:  

1)  20  жылы  М.  Әуезов  шығарған  «Шолпан»,  «Таң»  журнал-  дарының 

негізінде «Таң-Шолпан» журналының шығып жатқаны;  

2)  Ташкенттен  М.  Әуезов  қолымен  жазылған  300-ден  астам  хат 

табылғаны.  Жеті  жылдан  асты  –  хаттар  ғылыми  айналымға  толық  түспей 

жатыр.  


«1924  жылы  қыс  елде  тұрып  бір  роман  жазып  едім,  баспаға  шыққан 

жоқ. Ташкентте тұрғанда бір пьеса жаздым, ол да әлі шыққан жоқ. 126  

1926-1927  жылы  «Сұғанақ  сұр»  деген  повесть  жазып  едім,  баспаға 

шықпады»,  –  деп  жазады  «Өз  жайымнан  мағлұмат»  қолжазбасында.  М. 

Әуезовтің жоғалған шығармаларын іздестіруден жалықпауымыз керек.  

«Мұхтар Әуезов Семей губерниялық атқару комитетінің пред- седателі 

болып  та  қызмет  атқарған.  1924  жылы  Семейдегі  Жағрафия  қоғамының 

толық  мүшесі  және  сол  қоғамның  председателінің  орынбасары  болды. 

Абайдың  қайтыс  болуының  20  жыл  толуына  байланысты  Семейде  әдебиет 

кеші  өткізіліп  «Абайдың  қазақ  әдебиетіндегі  орны»  жайында  баяндама 

жасайды», – депті Қ. Мұхамедханов естелігінде.  

Осында  анықтайтын  жайлар  бар:  губерниялық  атқару  комитеті  мен 

географиялық  қоғамда  қандай  істерді  тиянақтаған,  М.  Әуезовтен  басқа  кім 

баяндама  жасаған,  баяндама  мәтіні  баспасөзде  жарияланған  ба,  кімдер 

қатынасқан, сөйлеген, тағысын тағылар.  

Кейінгі  ұрпақ  үшін  М.  Әуезов  өмірінің  әр  минуты,  әр  сағаты  қымбат 

екенін  әуелі  өзіміз  ұғынып,  соңынан  келер  буынның  бойына  дарытуымыз 

шарт.  


Мұхтар шыңы әлемдік руханият аясында асқақтап тұр. Оған тамсанып 

қарай  берумен  шектелмей,  тиянақты  зерттей  түсу  –  зиялы  ұрпақтың 



мәртебелі міндеті. 

Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет