«Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық әлемі және ұлттық тәрбие»
Дүтбаева Камшат Бидахметқызы
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебі»КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ел басына күн туған сын сағатта қолына қару алып, оқ пен оттың арасында «от бүркіп, тас шайнаған», рухты жырлары майдангерлердің қайратын тасытқан жауынгер — жазушы, қазақ әдебиетіндегі сырбаз туындылардың қалам иесі, тың очерктердің авторы, халық жазушысы ұлы тұлға Әзілхан Нұршайықовтың туғанына биыл - 100 жыл. Еліміздің біртуар азаматы, дара тұлға, қоғам қайраткері Әзілхан Нұршайықовтың мерейлі жасын атап өту мемлекеттің, қала берді бәріміздің ақ адал борышымыз деп білемін. Отанына, еліне ерен еңбегін сіңірген Әз-ағаның өмірі мен жүрегін жарып шыққан туындылары тұнып тұрған тәлім-тәрбие десек, астастық болмас... Бұған « Журналистикаға бала күнінен машықтанып, бейімделген зеңбірек командирінің майданда қаламы одан әрі шыңдалып, 100-қазақ атқыштар бригадасында қазақ тілінде шығатын әскери газетте елуден аса патриоттық өлеңдері, біршама мақалалары басылған, сондай-ақ республикалық бірнеше газет, Семей облыстық газеті арқылы республика көлемінен кеңінен танылған еді,- деп жазған ақпарат көздерінің, академик Зейнолла Қабдоловтың «Әзілхан Нұршайықовтың очерктері жалықтырмайды, қызықтырады, жеңіл оқылады. Мұның себебі көп: тек қана шындықты жазады. Шындықты жай жазбайды, ел өміріндегі келелі мәселелермен байланыстыра жазады. Адам мінезімен атастыра суреттейді. Шырайлы тілмен, ширек стилімен жазады. Өмір шындығын, адам мінезін өзінше тың тәсілімен нұсқалы пішінімен жинақтайды», - деп баға берген сөздері дәлел. Жауынгер-жазушының журналистикалық қызметімен таныстыра отыра, мектеп оқушылары « Бұл палата ақпаратты газеттен гөрі ғаламтордан алған тиімді деп есептейді қарарымен дебат өткізді. Дебат аясында жақтаушы топтың спикері «Газет- айна,газет оқыған пайда», «Газеттің сөзі-шындық», «Газеттің сөзі өткір,тілшінің көзі өткір» сынды Әз-ағаның аффоризмдерін ұтымды қолдана білді. Газет редакциясында талмай еңбектенген журналистің осындай қанатты сөздері болашақ жастарын тәрбиелеуге арналды, сөзі ғана емес тұла бойына тұнған қасиеті мен еткен іс-әрекеті арқылы үлгі бола білді де. Елін, жерін, ауылын, жарын сүйді, соған басқаларды үйретті. «Ақ қар, көк мұзда» «су кешкен» жауынгер – жазушының Н.Өнерханұлымен сұқбатында «Патриотизм деген сөздің қазақша мағынасы сүйіспеншілікке саяды. Ата-анаңды, туыстарыңды, ауылдастарыңды қадірлеп, туған ауданыңды, өскен облысыңды, өмір сүріп отырған республикаңды жүрегіңе жақын тартып, аялап, ардақтай білу. Қиын-қыстау кезде соларды сыртқы жаудан жан аямай қорғау, елді, жерді басқыншылардан азат ету үшін қасық қаның қалғанша күресу. Оның үстіне ұлтыңның болашақ анасы-қыздарды аялап, ардақтай білу де, сүйген қызыңа қосылып, отбасын құрып, ұлтыңа ұрпақ әкелу де – патриотизм. Замандар ауысқанмен, патриотизм ешқашан да өзгермейді деп ойлаймын. Ұлттар мен мемлекеттерді жер бетінде дербес қалыпта сақтап келе жатқан ең ұлы күш – патриотизм. Адамзат өмірі үзілмей жалғасуға тиіс болса, сол өмірдің өзегі патриотизм болмақ», -деп түюі жалаң сөз емес, ұлтқа саналы тәрбие берудің айшықты көрінісі деп түсінген жөн.
Айтқанымыздай, Ә.Нұршайықов тәлім-тәрбиелік идеяларға толы шығармалар тудырған қаламгер. Бұл еңбектерін оқырманға сыйлау басында оның журналистік кезеңі тұр. Оған Облыстық газеттің сол кездегі редакторы Сағат Жұмағазиев ара-тұра майданға хат жазып, түрлі тапсырмалар беріп тұрған және ол қиын жағдайға қарамастан мүлтіксіз орындаған екен.
Ә.Нұршайықовтың жазушылық кеңістігіндегі қамтыған тақырыптары адамзат үшін әрқашан өзекті мәселе: достық, махаббат, адамгершілік, тазалық пен адалдық төңірегінде болды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысқан бұрынғы жауынгер, кешегі ардагер, қазіргі «аңыз адам» Отанды сүю, ерлік пен батырлықты үлгі ету мәселесін де басты қағида еткен. Әрі еңбек адамдарының ауыр тірлік жолындағы жан аямас ерлігі мен өзіне қойған қатаң талабын- еңбекқорлығын да өз очерктеріне арқау еткен. Алдыңғы толқын ағалар буынында оның қаламгер ретінде халқына қалдырған көлемді туындыларының бірегейі саналатын еңбектерінің ішінде «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Қаламгер және оның достары», «Халима», «Боздақтар», «Мәңгілік махаббат жырын» оқымағандар аз шығар. Тәлімгер –жазушы шығармашылығына өмірлік тәжірибесін, халқының тәлімі мен мәдениетін арқау етіп, адамзатқа мәңгілік тақырыптарды шығармашылық нысанына айналдырды. Әзіз ағаның мектеп жасынан бастап шығармашылығын дамытуы, ауызша баяндалатын әңгімелерінің шағын әңгімеге одан повеске, романға айналып отыруы («Қызыл көрпе» әңгімесінің Есеновтың тағдырына, кейіннен «махаббат, қызық мол жылдарға» ұласуы) қаламгердің жүйелілік принципіне сүйенгенін аңғартар болса, журналист ретінде халыққа ақпарат жеткізу қызметін лайықты атқаруы оның ақпараттық-инновациялық тұғырда мықтап бекігенін де айқындайды. Сонымен қатар жазушының диалогты шығармалары М.Мәметовамен «Майдан жазбалары - Невель түбінде», С.Мұқановпен «Екі естелік» әңгімелері, М.Ғабдуллинмен «Тоғыз толғау», М.Әуезовпен «Ұмытылмас бейне», Б.Момышұлымен «Ақиқат пен аңыз» сұхбаттары сүйікті оқырмандарын тауып, жүрек түбіне мықтап орнаған шығармалар қатарына жатады. Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та, шығармалардағы басты идеяларға негіз болған құндылықтар: еңбекқорлық, достыққа адалдық, рухани тазалық, ерлік пен батырлық, адамды сүю, салауаттылық, жан тазалығы- пәктік т.б. қасиеттер дараланып сомдалады. Және жазушының талант туралы, шығармашылық пен шеберлікті шыңдау, ой елегі туралы педагогикалық-психологиялық тұжырымды ойлары да «мен мұндалайды». Тұлға ретіндегі өз өмірімен барша жұртқа үлгі танылып, пікірлеріндегі қыз бала тәрбиесіне қойылатын ұлттық талаптарға көңіл аудартып, ақыл-кеңес беруі, ұлттық тағылым, ұлттық педагогика бағытын ұстануы Ә.Нұршайықов бейнесі мен беделін шарықтатып, қадір-қасиетін арттыра түседі. Жазушы адамзатқа тән махаббат пен батырлықты үлгі етіп, отбасыда үйлесімді өмір сүруге отанасы-әйелді құрметтеу, мадақтау, ана бойындағы адалдық пен іңкәрлік, биязылық пен байыптылық қасиеттерін саралап нақты мысалдармен көрсете отырып, келешек ұрпаққа тәлім бердеді.
Атап айтқандай, махаббат тақырыбы қаламгер шығармашылығындағы орны айрықша. Жастық жалын мен пәк сезімге , адалдық пен тазалыққа негізделген «Махаббат, қызық мол жылдар» туындысы шыққан уақытта бірден көпшілік тарапынан аса қызығушылықпен қабылданған. Әдебиеттанушы- педагог Т.Кәкішев «Студенттер қауымына арналған тағы бір кітап дүниеге келді. Студенттер жайлы кітап жиі жазыла бермейді. Ал студент жастарды адалдыққа, достыққа, еңбекшілдікке тәрбиелейтін жақсы кітаптар керек-ақ. Әзілхан Нұршайыықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы, міне, осы мәселеге арналған»- дейді.Профессор Ә.Табылдиевтің «Автордың айтайын деп отырған негізгі идеясы – достық, махаббат, адамгершілік, отаншылдық. Кітаптың өзінің алдына қойған жастарға өнеге көрсету, тәрбие беру жайындағы өз міндетін ойдағыдай орындап шыққан. Мұны мен жай кітап емес, жастардың тәрбиеші кітабы, ақылшы романы деп бағалаймын» деген пікірінен артық сөз жоқ-ау! Әлі күнге дейін қалың оқырманның сүйіп оқитын кітабы кейіпкерлері өмірдің қиын жолдарынан өтіп, күрделі драмалық жайттарды басынан кешкен, солай бола тұра өздерінің гуманистік асыл мұраттарын дақ түсірмей кіршіксіз қардай сақтай білген адал жандар арқылы махаббатқа адал болуға, тұрақтылыққа шақырады, ғибратты өмірге тәрбиелейді. Мектебімізде қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы 11-сынып оқушылары мен қазақ тілді мұғалімдері арасында жаппай оқу ұсынылды. Нәтижесінде оқушылар мен мұғалімдер роман желісі бойынша алған әсері мен пікірлерінен бейнематериал жинақталды. (Танысу үшін – 3-4 бейнематериал).
Абайдың махабат шуағына бөленген сезімін паш еткен жыр жолдарын Нұршайықовтың романына тақырып етуі де «бір төбе дүние». Бұл нағыз махаббат машақатын түсіне білген қаламгердің іс-әркеті. Иә, сүйген жанымен 9 жылдан соң бас қосып, 54 жыл жұп жазбай өмір кешкен бірсүйердің қолынан келетін іс. Сұңғыла сезімнің сұлулығын танып қана қоймай, сезім отына жанған Әзаға өз өмірін шығармасына арқау қылған нағыз шебер, сүбелі туынды жасаушы жазушы. Махаббаттың мәңгілік тақырып екені рас болса, кітап та мәңгілік жасамақ. Онымен бірге Әзағаның ұлы өмірі, мәңгілік ғұмыры да жасай бермек. Бұл бұлжымайтын заңдылық!
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қ. Нұрымова Әзілхан Нұршайықовтың жазушылық шеберлігі/Алыптар тобының асылдары: халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары/ Алматы -2005- 294-297-бет
Ә.Ыдырысов Әзаға: естелік –толғау/ Алматы -2011 – 430-471-бет
Қ.Әбдезұлы Студенттердің ең сүйікті қаламгері/
Т.Кәкішев Қазақ әдебиетінің классигі болатын/ Семей таңы-2011
Достарыңызбен бөлісу: |