Нуржанов Б.Г. Модерн. Постмодерн. Культура. – Алматы, 2012.
Шәлекенов У.Х. Қазақ өркениеті – Алматы; Қазақ университеті, 2009.
Акишев К.А. Искусство и мифология саков. - А., 1984.
Гумилев Л.Н. Ритмы Евразии: Эпоха и цивилизации. - М., 1993.
Дәріс 14. Қазақстанның мәдени саясаты.
Мәдени саясат ұстанымдары: «ҚР Мәдениет туралы заңы».
Қазақстан Халқы Ассамблеясы және оның қазақстандық қоғамның мәдени шығармашылығындағы рөлі.
Қоғамдық сананы жаңғырудың негізгі бағыттары: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің ашықтығы, білімді құрметтеу (культ).
1. Мәдени саясат – қоғамның негізгі құндылықты бағыттары мен тұлғаның жасампаз бастамасын қалыптастыратын әрбір дамыған мемлекеттің басты идеологиялық тұғырнамасы. Мәдени саясатты жаңғыртудың қажеттілігін түсіне отырып, Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған елдің мәдени саясаты дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту» туралы нақты міндет қойды. Бұл міндетті жүзеге асыру – 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнердің даму орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мәдениет – әлемдегі барлық мемлекеттер дамуының маңызды басымдықтарының қатарына кіреді. Ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтау мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтарды құруды, трансляциялау мен қолдануды қамтамасыз ететін мәдени институттар мен механизмдердің тиімді жұмыс жасайтын инфрақұрылымдарының болуы дамыған мемлекеттің өлшемін көрсетеді. Сала дамуының жаңа концептуалды пайымындағы аса қажеттілікті ескере отырып, мәдени саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге елдің жетекші мәдениеттанушылары мен өнертанушылары, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, шығармашылық одақтар, яғни барлық мүдделі және саланың нағыз жанашыр адамдары тартылды. Алдымызға жауапты міндет қойылды – 2050 жылға дейін Қазақстанның мәдени саясат пайымын жай ғана ұсыну емес, сондай-ақ, оның дамуына жаңа импульстер, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру механизмдерін көрсету қажеттілігі туды. Сондықтан, әрбір тұлғаның пікірі маңызды болды. Біз әлемдік үздік тәжірибені зерттедік, халықтың проблемалары мен қажеттіліктеріне кешенді-әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Әзірлеудің әрбір сатысында Тұжырымдама жобасы ауқымды талқылаудан өтті. Бұл нағыз шығармашылық ізденіс болды. Барлығы үлкен қайтарыммен және ықыласпен жұмыс жасады.
Елбасы 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында көпұлтты мемлекетімізді нығайтудың «Мәңгілік Ел» берік идеясын ұсынды және ол мәдени саясат тұжырымдамасы жобасының негізгі құрамдасы болды. Жалпы, құжат – жаһандық әлемде отандық мәдениеттің өзіндік болмысын және ұлттық сәйкестігін айқындайтын ұлттық мәдени мұраның басымдығы, мәдениетті өсу факторы және әлеуметтік дамудың қуатты ресурсы ретінде тану, елдің мәдени сан алуандығын құрметтеу, полиэтностық Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін қолдау және дамыту, шығармашыл тұлға мен мәдени өзін өзі көрсету нысандарының еркіндігі, жаңа институттық бірлестіктер, қазіргі заманғы мәдени кластерлер мен озық технологиялар базасында мәдени орта бірлігі қағидаттарымен негізделген. Бұл қағидалар қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті жаңа мәдени ментальдігін қалыптастырудың өзегі болатын құндылықтар жүйесін құруға мүмкіндік береді. Мәдениет өз алдына күрделі сала, себебі, мұнда қандай да бір есеп жасау, дамудың нақты болжамын анықтау немесе белгілі бір формуланы жасау мүмкін емес. Әлемнің қай мемлекетінде болсын, мәдениеттің нақты стандарттары мен нормативтері жоқ деп сенімді түрде айта аламыз. Қазіргі таңда мәдениетті адамды оқитын кітабы, көретін фильмдері, тыңдайтын әндері, өмір сүріп жатқан айналасы тәрбиелеуде. Сондықтан, мәдениеттің сапалы өнімін әзірлеу, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру өте маңызды.
«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет. Біз ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді әр алуандығын және айбындылығын сақтай отырып, оны қорғауымыз, мұрамызды түйірлеп жинастыруымыз керек», деп айтқан Мемлекет басшысының керемет сөзі бар. Ол қазақстандық мәдениет – елдің барлық азаматтары үшін патриоттық өзегі болуы тиіс екенін әлденеше рет атап өткен болатын. Қазақтарда әрқашан да жеті ұлы рухани құндылығы, яғни «Жеті қазынасы» болды. Сондай-ақ, тұжырымдама жобасында ұлттың мәдени кодының жеті бөлігі: мұра, дәстүр, салт, тіл, отбасы, шаруашылық жүйелер, мерекелер анықталған. Бұл туылғаннан қалыптасатын, өмір бойы адамды сүйемелдейтін және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құндылықтар. Өзінің қалыптасуының бастауын білетін, тарихи түп тамырын құрметтейтін және дәстүрін сақтайтын халық – бұл қуатты және табысты мемлекеттің негізі. Қазіргі жағдайлар әрбір адамға қолжетімді және түсінікті басты бағыттарды қалыптастыратын, сондай-ақ, тарата алатын мәдениеттің сапалы жаңа өнімдерін әзірлеуді талап етеді. Ең алдымен, бұл жалпыадамдық, яғни отбасы, адамгершілік, ізгілік, жасампаздық құндылықтары. Нормалардың нақты иерархиясын беретін, қарапайым және талассыз ақиқаттардың жетекшісі болатын жаңа жарқын көркемдік образдар әзірлеу қажет. Шартты түрде айтқанда, біздің кейіпкерлеріміз, өзінің қызметіне берілген дәрігерден бастап, тарихта аты қалған ұлы тұлғаларға дейін қалыптасуы тиіс. Отандық кино, әдебиет, сурет өнері қорларында елдің тарихи оқиғалары мен мәдени мұралары үшін маңызды жобалар орын алуы керек. Өзінің толыққанды дамуын отандық анимация алуы тиіс. Бұл қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастырудың ең әсерлі және қолжетімді құралы, олар үшін біздің ұлттық өмір салтымыз, дәстүрлеріміз бен кейіпкерлеріміз құндылықты бағытқа айналуы керек. Қазақ батырлары, сұлтандары, ұлттық кейіпкерлері өзінің көркемдік орындалуын анимация мен кинематография арқылы алып, өнеге ретінде бұқаралық үлгі болады. The World Disney Company тәжірибесін мысалға алсақ, ол балаларға арналған заманауи кейіпкерлерді қалыптастыра отырып, оларды көлемді тираждау мен ықпалдастыру құралын жасады. Бұл, әрине, үлкен бизнес және ауқымды индустрия.
Сондықтан, тұжырымдамада заманауи мәдени кластерлерді құруға немесе шығармашылық білім мен ғылым, экономика, бизнес пен инновация байланысын қамтамасыз ететін экономиканың шығармашылық секторына маңызды рөл беріледі. Бүгін бұл – саланың бәсекелі басымдықтары мен оның креативті индустрия дамуының оңтайлы түрі. Институттық қайта құруға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес және Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы салалар жөніндегі көркемдік кеңес құру көзделуде. Бұл – шығармашылық, мемлекет пен бизнес үшін мұндай диалог алаңын құру қажеттілігін атап өткен саланың сарапшылары мен өкілдері қолдаған шығармашылық одақтардың бастамасы. Мұнда репертуарлық және гастрольдік саясатты қалыптастыру, саланы кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер шешілетін болады. Сондай-ақ, келешекте бірқатар шығармашылық жоғары оқу орындарды, колледждер мен мектептерді Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына беру жоспарлануда. Бұл шара шығармашылық кадрларды даярлаумен қатар, олардың әрі қарай дамуы, кәсіби бағыттылығы мен білім алуының дуалды қағидасын іске асыру саласындағы көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бәріміз білетіндей, тұлғаның қалыптасуы балалық шақтан басталатын және қалған өмірінде дерлік жалғасатын үздіксіз процесс. Бұл орайда министрліктің міндеті дарынды тұлғаларды жүйелі қолдауды қамтамасыз ету, шығармашылық даму үшін бастапқы жағдайлар жасау, мәдениеттегі өзіміздің бірегей білім беру моделін қалыптастыру болып табылады.
Мәдени өнім әр азамат өзінің елін мақтан тұтатындай тәрбиелеуі қажет. Біз тарихи-мәдени мұраға бай елде тұрамыз, бізде бірегей мәдени және табиғи объектілер, тарихи ескерткіштер, мінәжат орындары жеткілікті. Алайда, бәрі бола тұра, өзінің лайықты дамуына жете алмауда. Осыған орай, барлық ресурстарды біріктіру, бар құралдарды қолдану және бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қарқынды дамыту үшін жағдайлар жасау қажет. Сондай-ақ, мәдени саясаттың тұжырымдамасы отандық мұражайлар мен қорық-мұражайлардың функцияларын айтарлықтай кеңейтуді көздейді. Олардың жұмысының форматы тарихи ғылыммен, археологиямен, қайта жаңғыртумен, өнертанумен, этнографиямен тығыз байланыстыруға бағыттауды көздейді. Қазақстан мұражайлары зерттеу қызметі, ғылым, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновацияның тірек орталықтарына айналуы тиіс. Сонымен қатар, отандық кітапханалардың қызметі жаңа форматта жұмыс жасайтын болады. Бүгін ол – барынша пайдаланылатын және заманауи, сондай-ақ, ыңғайлы форматта баршаға қолжетімді болатын елдің ауқымды ақпараттық ресурсы. Жалпы айтқанда, елдің кітапханалары азаматтарымыздың мәдени демалысының көпфункциялы, білім беретін және ақпараттық орнына айналуы қажет. Жаңа мәдени саясаттың басымдылықтарының бірі – әлемдегі қазақстандық мәдениеттің мәртебесін нығайту. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда отандық мәдениет пен өнерді әлемнің мәдениет процесінде біріктіру әлеуеті жеткілікті іске асырылмауда. Халықаралық байланыстарды ұлғайтудың қажеттілігі туып отыр, оның ішінде ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИКОМОС және тағы да басқа беделді ұйымдармен ынтымақтастықты арттыру қажет. Келешекте елімізде гуманитарлық-ынтымақтастық саласында өңірлік зерттеу және ғылыми-білім беру орталығы – ЮНЕСКО халықаралық институтын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, Астанада мәдениет саласындағы жаңа халықаралық ұйым – «Silk Road» мәдени даму жөніндегі Еуразиялық кеңесінің штаб-пәтерін ашу жөнінде ұсыныс бар. Әрине, саланың алдында жауапты міндеттер тұр. Жаңа мәдени саясаттың әрбір белгіленген бағыты бірқатар жұмыстарды атқаруды талап етеді, ал олардың сәтті іске асырылуы дамудың жоғары мәдени деңгейі бар дамыған мемлекетті қалыптастыруға тағы да бір қадам деуге болады.