ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Факультеті: Филология
СӨЖ Тақырыбы: Мәтінді тіл мен сөйлеуге қарай анықтау
Орындаған: Есекеш А.
Қазақ филологиясы 201-тобының студенті
Тексерген: Смағұлова Г.
Алматы, 2023 жыл
Сөз – жоғары қабілетті тұлғаның әлеуметтік-лингвистикалық компетенциясы арқылы бір немесе бірнеше сөйлемнің жиынтық операциясынан тұратын ой, пікір ретінде танылатын тілдің динамикалы үдерісінің өндірісі. Адам ойы мен сезімдерінің сыртқа көрініс беруі де сөз арқылы жүзеге асады. Ал сөздің сыртқа көрініс беруі сөйлеу арқылы жүзеге асады. Яғни, сөйлеу – тілдің жемісі. Осы тұста «Сөйлеу мен тілдің байланысы қандай?» деген сауал туады. Бұл сұраққа жауап беруде ғалымдар да бірнеше топқа бөлінеді. Бір тобы екеуін бір нәрсе десе, бір тобы: «сөйлеу – индивидуалды табиғаттың феномені, ал тіл психологиялық құбылыс емес, сондықтан ол әлеуметтік, оны зерттейтін психолингвистика болып табылады» дейді. Тіл білімінде «Тіл және сөйлеу мәселесін» проблемалық деңгейге дейін көтерген ғалым – Ф. де Соссюр. Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ бір-бірінен өзгешеліктері бар, екі бөлек дүние деп тапты. Тіл дегеніміз не? Бұл сұраққа ғалымдардың жауабы өте көп және алуан түрлі болып келеді. Себебі адам баласының сөйлеу тілі өте күрделі құбылыс.
Тіл табиғатын зеттеу тарихында тілге берілген анықтамалар да көп. Өйткені анықтама берушілер тілдің қоғам өмірінде атқаратын қызметін әр түрлі түсінген. Мәселен, тілдің экспрессивтік қызметін бассшылыққа алған адамдар: «Тіл – ойдың дыбыстық көрінісі» (А.Шлейхер), «Тіл – ойдың формасы» (А. Потебня), «Тіл – ой-сананың сыртқы көрінісі» (Гегель) деген пікірлер қалыптасты. Сөйлеу – тілдің өмір сүру формасы, тіл тікелей сөйлеуде қызмет етеді. Сөйлеуден, сөйлеу актісінен және мәтіннен тыс тұрғанда тіл – абстрактілі құбылыс. Сөйтіп, тіл – идеалды, абстрактілі, шартты, статикалық, қоғамдық құбылыс, ал сөйлеу – материалды, нақты, динамикалық, индивидуалдық құбылыс. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін тіл білімінің зерттеу нысаны тілдік жүйе болды. Көрсетілген уақыттан бастап зерттеу бағыты сөйлеу әрекетін зерттеуге ойыса бастады (мәтін, дискурс аясында). Сөйлеу – тек лингвистиканың емес, психология, физиология, логопедия секілді адамтану ғылымдардың ортақ мәселесі. Дауыстамай іштей сөйлеу де сөйлеуге жатады. Бұл туралы Л.С.Выготский: «Внутренняя речь есть все же речь, то есть мысль, связанная со словом» дейді. Тіл – қарым-қатынас жасауды, сөйлесуді қамтамасыз ететін, сонымен қатар адамның ойлауын сөйлеу әрекетінің негізінде жүзеге асыратын басты құрал. Ол сөйлеу арқылы болады және дыбысталады. Тілсіз сөйлеу, сөйлеусіз тіл болмайды.
Қорыта айтқанда, тіл мен сөйлеу бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуінің бірлігі нәтижесінде тілдің екі түрлі табиғаты айқындалады.