LIMONIUM ТУЫСЫНЫҢ ДӘРІЛІК ӨСІМДІГІНІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЗЕРТТЕУ Əбілдашева А.
əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
vip.arai.nugman@mail.ru
Биологиялық белсенді заттар көзі ретінде, антимутагенді жəне антиоксидантты белсенділікке
ие дəрілік өсімдіктерді зерттеу соңғы жылдары алға жылжыды. Бұған себеп – биологиялық белсенді
заттардың улылығының төмендігі жəне ұзақ уақыт бойы кері əсерсіз қолдана алу мүмкіндігі.
Дегенмен, зерттеулердің көрсетуі бойынша, дəрілік өсімдіктер мутагенді де, антимутагенді де
қасиетке ие болатынын көрсетті. Дəрілік өсімдіктердің табиғи антимутагендері мен
антиоксиданттары атеросклероз, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, диабет, инсульт, обыр,
ревматоидты артрит секілді кең таралған аурулардың алдын-алуда ерекше маңызды, сонымен қатар,
тірі организмдерге ксенобиотиктердің əсерінен қорғаныш ретінде де жүреді.
Табиғи қосылыстардың антимутагендік əсері олардың антиоксиданттық белсенділігімен
байланысты. Оған қоса, антимутагендер антиметаболиттік қасиет көрсете отырып, белгілі
биохимиялық процесстерді тежей алады.
Кермек туысы – Limonium Mill - Кермек. Гүлдері майда, күлгін, сары түсті болып келеді.
Тостағаншасының түсі əдетте күлтенің түсімен бірдей емес. Тостағаншасы воронка тəріздес, сирек
түтікшелі, жұқа қабықшалы, 5 күлте жапырақшасы бар, түбі жағы шеңберлі, біріккен, гүлдеген
кезінде гүлдері тостағаншадан биік болады, гүлдегеннен кейін ішке қарай бұрылады, аталықтары
күлте жапырақшаларынан аспайды, аталық жіпшелері түбі жағынан кеңейген, кейбіреулері күлте
жапырақшаларының түп жағымен біріккен, аталығы жалаңаш. Аналығы – 5, бос, жалаңаш, аналық
ауызы сызықты, шеңберлі жіптəрізді, жатыны теріс жұмыртқа тəрізді, ұзынша, кейде тіпті сызықты,
жоғарғы жағы кеңдеу, аналық мойнына өтетін нақты шекарасы бар. Жемісі- қабықшалы
(перикарпий), жеміс қорапшасы жақтаулары немесе қақпақшалары арқылы ашылады.. Тамыр маңы
жапырақтары болады. Кейде жартылай бұталы. Гүлдері 1-2 кейде 3-5, масақшалы. Гүлшоғыры -
сирек немесе шоғырлы, жартылай бұралған масақшалы. ТМД елдерінде – 32 түрі, Қазақстанда – 18
түрі таралған.
Сазды жəне тасты тұзды шөлдерде, тақыр жерлерде, тасты даланың сортаң жерлерінде, төбе
аралық алқаптарда, аласа тау етектерінде, құмды төбелердің етегіндегі сор жəне тұзды құмдарда
өседі.
Айылжапырақ кермек – Limonium leptophyllum (Schrenk) - Кермек узколистый.
Айылжапырақ кермек - жартылай бұталы, биіктігі 20-60 см. Жапырағы жіңішке, цилиндр
тəріздес, етжеңді, үстіңгі жағы анық үш қырлы, сағағының негізгі қабыршақты өсінділері
дөңгеленген немесе оның орнында анық көрінбейтін құлақшалары бар. Гүл VIII- X айда гүлдейді, XI-
X айда жеміс береді.
Ғылыми жетекшісі: б.ғ.к., аға оқытушы Ахтаева Н.З.