Key words: creativity, creative fracture, children of preschool age, the system of creative education
Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда оқыту мен тәрбиелеудің әр түрлі әдіс-тәсілдерін (бумеранг, ынталандыру, әсерлендіру, оқытудағы белсенділік, ең бастысы ертегі терапиясын) қолдануды ұсынамын. Нақты мектепке дейінгі жастағы балаларды ойын арқылы үйретуге болады деп есептеймін.
Білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Бүгінгі күн талабы жалпы білім беру жүйесіне, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың білім мазмұны мен тәрбиелеу әдістеріне үлкен міндеттер жүктеуде. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында толыққанды мектепке дейінгі білім беруді қалыптастыруға кірісу қажеттігі нақты көрсетілген. Осыған сәйкес мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің басты мақсаты – баланың өз тұлғалық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін барлық жағдайды тудыру, баланың даралығын ашу, оның айқындалуына, дамуына, тұрақтануына көмек беру.
Әрбір бала қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайтын даралық ретінде қалыптасуы тиіс.Мектеп жасына дейінгі әрбір баланың даралығын ашу үшін ертегі терапиясын қолдана отырып, оның креативті ойлауын дамытудың маңызы зор.Ертегі – баланы тәрбиелеуге арналса, ертегі терапиясы сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, оның көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу тәсілдері болып табылады.Ертегі терапиясын қолдану арқылы баланың креативті ойлауын дамытудың маңызы зор. Креативтік ойлау балалардың ертегідегі проблемаларды шешу дағдыларына ықпал ете отырып, нұсқаларды зерделеп, ертегі мазмұнын сындарлы, әрі креативті етіп құрастыруына мүмкіндік береді. Креативтілік ағылшынның «Creativity» сөзінен аударғанда шығармашылық деген мағынаны береді. Креативтілік – жаңаны құрумен байланысты әрекет нәтижесі, шығармашылық өнім.Бүгінгі таңда тұлғаның креативтілігі- бұл өте маңызды және сапалы қасиет. Тұлғаның креативтілігі кез келген деңгейде, кез келген сатыда өріс алып келеді. Егер адам басқа адамдардан ерекше болып көрініп, жаңа түсініктермен ойлауға тырысқысы келсе, онда ол адамға креативтілігін дамыту қажет. Бірақ бұл жағдайға қол жеткізу күрделі үрдіс және оған адамның қалауы мен ниеті болуы маңызды.Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде 3 жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қасиетті нәрсенің бәрінде ертегіден алады»- деген [1,29б.].
Қазақстан Республикасында қазіргі мектепке дейінгі мекемеде жаңа өзгерістер мен әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, баланың жеке дара күшінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа бағыттағы жобаны іздестіру және қолдануға арналған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты мәселелер мемлекеттің білім саясатының басты ұстанымында атап көрсетілген. Әр елдің болашағы сол халықтың білім, ғылым деңгейімен анықталатындықтан, оқу жүйесін неғұрлым тиімді құра білу қажеттілігі қай кезде де өзекті мәселе болмақ [2,15 бап]. Танымдық қызығушылық оқу-тәрбие үрдісінің барлық саласында көрініс табады. Қазіргі тәрбиелеп оқытудың ең көкейкесті проблемалары танымдық қызығушылық мәселелерін қарастырады. Бала өмірінде қызығушылықтың әр түрі (эстетикалық, көркемдік, музыкалық, т.б.) көрініс табады. Өскелең ұрпақ үшін танымдық қызығушылықтың маңызы өте жоғары. Сондай-ақ дамыта оқытудың әдістемесіндегі ең басты нәрсе мектепке дейінгі балалардың танымдық қызығушылық әрекетін арттыру. Мұның өзі эвристикалық және зерттеу әдістеріне ерекше мән берілетінің көрсетеді.
Бастапқы кезеңдерде креативтілікті тек қана дарынды балаларда ғана дамытуға болады деген пікірлер қалыптасып, кейін шығармашылық ойлауды кез-келген балада дамытуға болатыны дәлелденген. Бұл баланың креативті ойлауын дамытуға байланысты тапсырмалар мен жаттығулардың жауаптарында қате жауаптың болмауымен түсіндіріледі. Баланың жеке тәжірибесі және оның негізгі әрекет ету формалары дамытудың негізгі факторы болып табылады. Креативтілікті дамытуға қолайлы, яғни сенситивті кезең 3-5 жас болып келеді. Бұл жас ерекшелікте жалпы шығармашылық қабілет ретінде креативтіліктің алғашқы көріністері қалыптаса бастайды.Мектеп жасына дейінгі балалардың креативтік ойлауын дамыту үшін «Коммуникация» білім беру саласындағы «Көркем әдебиет», «Сөйлеуді дамыту» оқу қызметтері негізінде, күннің екінші жартысында т.б. жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Ертегі терапиясы барысында балалар достықтың үлкен үлгісін көріп, оған көмек қолын созуға ұмтылады, достықты насихаттайды [3,102б.].
Ертегі терапиясының бір ұтымдылығы – бала тілімен жеткізілуінде, баланың ой ауқымына тән оқиғалар дәрежесінде ситуация құруында. Бала ертегі тыңдау арқылы өзін-өзі емдеп, түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Барлық ертегілерде басты кейіпкердің еркін өмірге қол жеткізуі, Отанының тәуелсіз дамуы басты мұрат ретінде бағаланса, ертегі арқылы балақайлар өздік кеңістік пен еркіндік ұғымын түйсінеді.Театр әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайды. Балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамытады. Қазақ халқының өнер жұлдыздарының бірі Ш. Айманов «Театр-адамдарды туыс қылатын шығармашылық отбасы, сахна өнері-тіл жетпес құдыретті өмір шындығын білу, яғни адамның сахнаны сүймеуі мүмкін емес»-деген болатын.Мектеп жасына дейінгі баланы оқыту оларды бастапқы қарапайым біліммен қаруландыру, ұнамды әдет – дағдылардың алғашқы нышандарына баулу, ақыл – ой қабілетін, білуге деген құштарлығын дамыту. Балалардың зейін, ес, қиялдау, ойлау, сөйлеу сияқты дүние – танымдық қабілеттерін, мақсаттылық, белсенділік, қиыншылықты жеңе білу сияқты қасиеттерін тәрбиелейді. Жас ұрпаққа жүйелі білім негіздерін, табиғат пен қоғамның даму заңдылықтарын игерту, икемділігін, әдет – дағдыларын қалыптастыру. Мектепке дейінгі педагогикада білім беру деген түсінік қолданылмайды (үйрету ұғымы пайдаланылады), өйткені балабақшада балалар толық білім алмайды [4,45б.].
Балабақшада көбінесе сабақтар ойын түрінде өтеді. Жалпы ойыннан педагогикалық ойынның басты белгісі – оқытудың нақты мақсаты және оған сәйкес педагогикалық нәтижелері айқын түрде көрінеді, негізделеді және оқу-танымдық бағытта сипатталады. Сабақтардың ойын нысаны балаларды оқу іс-әрекетіне құлшындыру, ынталандыру құралы ретінде ойын мотивациясымен құрылады. Сабақтардың ойын тәсілдері мен жағдайын іске асыру келесідей негізгі бағыттар бойынша болады:
• балалардың алдына қойылатын дидактикалық мақсат ойын тапсырмасы нысанында қойылады;
• оқу іс-әрекеті ойын ережелеріне бағынады;
• оқу материалы оның құралы ретінде қолданылады;
• оқу іс-әрекетіне дидактикалық тапсырманы ойын тапсырмасына ауыстыратын жарыстың элементі енгізіледі;
• дидактикалық тапсырманы табысты орындау ойын нәтижесімен байланыстырылады;
• оқу үдерісіндегі ойын технологиясының орны мен рөлі, ойын мен оқу элементтерінің үйлесуі педагогтың педагогикалық ойындарының біліктілігі мен функциясын қалай ұғынуына байланысты. Ойын ортасы ойындар технологиясының ерекшелігін анықтайды: затпен және затсыз ойындар, үстел үстінде, көшеде, бөлмеде, компьютерде, оқу техникалық құралдармен және түрлі жүру техникасымен ойындар. Ойын технологиялары мектепке дейінгі жаста кеңінен қолданылады, себебі ойын осы кезеңде жетекші іс-әрекет болып табылады. Бала рөлдік ойынды үш жасына қарай игереді, адами қарым-қатынастармен танысады, құбылыстардың ішкі және сыртқы жақтарын айыра бастайды, өзінде уайымдау сезімі бар екендігін ашады және оларға бағдарлана бастайды.
Балада бір заттың қасиетін басқа затқа ауыстыруға мүмкіндік беретін көз алдына елестету және танымның саналы іс-әрекеті қалыптасады, өз сезімдерінде бағдар туындайды және олардың мәдени көрсету дағдылары қалыптасады, бұл балаға ұжымдық іс-әрекетке және қарым-қатынасқа қосылады. Мектепке дейінгі кезеңде ойын іс-әрекетін меңгеру нәтижесінде оқытудың қоғамдық маңызды және қоғамдық бағалау іс-әрекетіне дайындығы қалыптасады. Қорыта келе, жоғарыда атап өткен технологиялар арқылы баланың креативті ойлауын дамыту жұмыстары жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуын қарастырып, адамгершілік құндылықтарын жетілдіруге бағытталады деп тұжырымдауға болады.Мектепке дейінгі мекемелерде ақпараттық қатынастық технология құралдарын қолданудағы мақсат- баланың танымдық қызығушылығын қалыптастыру.Балада танымдық қызығушылықтың болуы олардың оқу іс-әрекеттерге белсенді, білімінің сапалы болуына, жағымды мінез құлықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.Мектепке дейінгі педагогика тәрбие туралы ғылым болғандықтан, қоғамдық өмірдің тәрбиеге байланысты сан түрлі жақтарын, әлеуметтік қатынастарды зерттейтін әлеуметтік ғылымдар тобымен де, философиямен де, оның саласы этика, эстетикамен, этнопедагогикамен, этнопсихологиямен де байланысты. Сол себепті кішкентай кезінен ақ балаларға ең бастысы дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар беру керек. Жалпы ғалымдардың айтуы бойынша, адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Талпынсаң, ой еңбегімен жиі шұғылдансаң данышпандылық та пайда болуы әбден мүмкін.
Әдебиеттер:
1. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Балбөбек» бағдарламасы, Астана,2007
2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана. 2007ж.
3. Ерте жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Алғашқы қадам» бағдарламасы. Астана, 2010ж.
4. Мектепке дейінгі кіші жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы. Астана, 2010ж.
5. Мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» бағдарламасы. Астана.2010
Достарыңызбен бөлісу: |