Әріп Тәңірбергеновтың шығармашылық мұрасы.
Әріп Тәңірбергенов ақындығы, ғұламалығы жөнінде кенжелеп
алсақ та, қазір ол туралы айтылып та, жазылып та жүр, бұл жағынан
жұртшылыққа біршама танымал деп айтуымызға әбден болады.
Жан-жақты білімді, көп оқыған кемел ақын Әріп Тәңірбергенов
артына мол мұра қалдырды. Өкінішке орай, олар Қасым ақын
айтқандай, «арбасқан алақұйын заманалардың» салдарынан бізге
толық жетіп отырған жоқ. Мұны зерттеуші Қ. Мұхамедханұлы да
қадап айтады. Оқырман қауым Әріп өлеңдерімен алғаш рет 1969
жылы «Жазушы» баспасынан «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен
шыққан шағын жинағы арқылы хабардар болса, екінші рет 1995
жылы Қайымның «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу еңбегі
жарық көргеннен кейін ғана кеңірек танысуға толық мүмкіндік алды.
Өйткені ол ақ патша өкімдерінің әңгір таяғымен азап шеккен
қазақ ауылының тіршілік-тынысы ғана емес, оның экономикалық,
саяси-әлеуметтік
проблемаларын да жақсы білді. Халықтың зорлық-
зомбылықтан, озбырлық-заңсыздықтан күйзелген шаруашылығын,
титықтаған тұрмысын, аянышты ахуалын да көрді, оның неліктен
бұлай болып отырғанын әшкерелеп, оны жөндеу жөнінде өз ой-
пікірлерін, өз байлауын ортаға салды. Сондықтан да оқырман қауым
оның үніне үнемі құлақ түріп отырды.
Әріп ақын қазақ елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз
«бұратана» ел атануына намыстана қарады. Әсіресе, қазан төңкерісі
алдындағы «қазақ халқын тарихқа кірмейтін жабайы халық» деп
есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер де намысына тиді. Ол
оның халқымыз, ел-жер тарихын білмегендіктен екенін аңғарды. Ұлы
ұстазы Абайдың дүниетанымы мен көмегі оған халқымыздың тарихы
мен мәдениетін зерделеп оқуға жөн сілтеді. Әріп өзге халықтардың
ғылым, біліміне кітап арқылы саяхат жасап білім іздейді. Ол арабша,
парсыша, орысша, қытайша, түркі халықтарының тілінде жазылған
трактаттарды, діни кітаптарды оқи білді. Өткен тарихымызға деген
қызығушылық, орыстың ғылыми еңбектері ғана емес, әлем әдебиеті
мен ғылымына жетеледі. Халық ауыз әдебиетінің қайнарынан мол
сусындап, батыс-шығыс елдерінің әдебиеті мен мәдениеті мен
мұндалап тартты. Елінің тарихы және мәдени мұраларына деген
сүйіспеншілігі өмірінің соңғы сағатына дейін сақталды