Хетт және хуpрит әдебиеттері. Б.з.д. II мыңж. ежелгі Таяу Шығыс тарихы Кіші Азияны мекендеген екі халық – хеттердің және б.з.д. III мыңж. екінші жартысынан бастап Солтүстік Месопотамия мен Солтүстік Сирияның тұрғындарының негізгі бөлігін құрған, б.з.д. XYIII ғ. қуатты Хетт мемлекетіне біріккен хурриттердің бәсекелестігімен анықталады. Б.з.д. XYII ғ. хеттердің оңтүстікке, Сирияға жылжуы олардың хурриттермен қақтығысуына және хуррит мәдениетінің хеттіктерге әсер етуіне әкеліп соқты.
Мұндай әсер Кіші Азияның оңтүстік аймақтарындағы халықтардың тарих сахнасында рөлі арта түскен б.з.д. ХІY-ХІІІ ғ. Жаңа патшалық дәуірінде анық білінеді. Бұл аймақтарда хеттердің астанасы Хаттусасқа өз әсерін тигізген монументтік көркем өнер қалыптаса бастайды. Осындай көлемді ескерткіштердің бірі - Язылыкай сәулет өнері галереясы. Язылыкай ғибадатханасы Жаңа патшалық кезіндегі хетт патшалары хурриттік шығу тегі бар өз әулеттерінің діни жоралғыларын орындау үшін қолданды.
Хетт патшалығының астанасы Хаттусас (қазіргі Богазкей Анкарадан 100 км жерде) мұрағатынан аккадтық I Саргон патшаны еске түсіретін ежелгі хуррит мәтіндерінің көшірмелері табылған. Богазкей мұрағатында нағыз хурриттік шығармалар да жеткілікті. Жаңа хетт кезеңінде хуррит әдеби дәстүрінің мәні жөнінде Хаттусастағы әдеби және ән қызметі ғибадатхана орталығының біріне қызмет көрсететін тұлғалардың 208-ге жететін жалпы санынан 10-ы хуррит тілінде ән салатын әншілер (рапсодтар), 33-і «ағашқа жазатын жазғыштар», ал небәрі 19-ы сына жазу (хеттік) мәтін жазғыштары болды.
Мысыр мұрағатында Митанни (хурриттер мемлекетінің аты) патшасының хуррит тілінде жазған көлемді хаты табылды. Бірақ Митанни территориясы, Месопотамия мен Сирия облыстарында табылған хаттардың да, басқа хурриттік құжаттардың да айтарлықтай әдеби мәні болмады. Сондықтан Ежелгі Шығыстың ұлы әдебиеттерінің бірі саналатын хуррит әдебиетін зерттеудің негізгі көзі Богазкей мұрағаты болып табылады. Алайда хурриттік шығармалардың көшірмелері немесе хетт тіліндегі нұсқалары өзінің қысқалығымен ерекшеленеді. Мысалы, «Тау әкесі - қасиетті Кесси» туралы хурриттік поэма 14 сына жазу кестесінен тұрса, хеттік нұсқасы небәрі бірнеше ондаған қатардан тұрып, поэма мазмұны құрғақ баяндалған.
Орта хеттік (б.з.д. XY ғ. б.з. дейін) кезеңнен бастап хетт тіліне хурриттік шығармалары көптеп аударылған. Онда ұқсас сюжеттер толып жатыр, мысалы, аспанда Құдайдың төрт ұрпағының ауысуы жөніндегі аңыздық поэма грек Теогониясындағы құдайлардың төрт ұрпағының ауысуы туралы сюжетіне ұқсас. Әлемнің жаратылуы туралы хурриттік поэма вавилон поэмасының прототипіне сәйкес келеді де, екі алғашқы ұрпақтың басты құдайларының хурриттік және хеттік есімдері аккадтықтарға, ал соңында шумерлікке сайып кетеді. Хуррит поэмасында алғашқы құдай өз жауынан құтылу үшін Төменгі әлемге қашқан Алалу (шумерше Энлиль) болса, дәл осылай грек аңызында да алғашқы басты Төменгі әлемнің құдайы Мұхит болған. Екінші ұрпақты басты хуррит құдайының есімі Ану (шумерше Ан-аспан) да екінші ұрпақты грек құдайының Уран (аспан) есімінің бастапқы мәніне ұқсас.
Ал төртінші ұрпақтағы хурриттік бас құдай саналған Тешуб (Найзағай құдайы) өзінің атқаратын қызметі жағынан гректік Зевске ұқсас. Тешубтың Улликумми атты құбыжықпен шайқасуы Тифон туралы гректік аңызымен сәйкес келеді.
Хетт тілінен аударылған хурриттік эпикалық шығармалардың ежелгісі ретінде садақпен атудан жеңіске жеткен хуррит батыры Гурпаранцаху туралы повесін жатқызуға болады.
Сонымен хуррит әдебиеті хеттік әдебиетті алдыңғы ежелгі шығыс мәдениетінің қалыптасуы кезеңдермен байланыстырған көпір іспеттес.