Авестаның басқа да кітаптары. «Авеста» сөзінің мағынасының бүгінгі күнге дейін ортақ түсінігі жоқ, алайда ол «Негізгі мәтін» ретінде аударылып, қолданылып келеді. Бұл ежелгі ирандықтардың зороастризм дінін ұстанушылардың қасиетті мәтіні болып табылады.
Авеста Заратуштра өсиеттерінің айналысында ұзақ ғасырлар бойы қалыптасып (б.з.д. шамамен IХ-YI ғ.), соның нәтижесінде оның мәтіні де даму үстінде болды. Авестаның бізге жеткен ең ескі қолжазбасы 1278 жылға сәйкес келеді. Ескерткіш зороастра дәстүріне сәйкес Заратуштраға Жарық пен Мейірімділік құдайы Ахура Мазданың жіберген шындығы болып табылғанымен, ол ежелгі мифологиялық көріністерді, эпикалық фрагменттерді сипаттайды.
Авеста - нақты әрі тура ықшамдылыққа бағынбайтын, ежелгі иран тілдерінің бірінде жазылған. Шартты түрде иран тілдерінің «Солтүстік тобына» жатқызылып, «авестийлік» ескерткіші ретінде біздің заманымызға дейін жетті. Бұл ескерткіш бізге екі негізгі басылым түрінде жетті. Олардың біреуі авестий әліпбиімен жазылған дұғалар жинағы болып табылады.
Екінші басылымдағы жинақтардың мақсаты бірінші жинақтағы секілді құдайға құлшылық ету кезіндегі дұға оқу емес, керісінше жүйелік үйрену болып табылады. Бұл басылымдағы авесталық мәтін кітаптар мен параграфтарға бөлінген пехлеви алфавитімен жазылған ортапарсы тіліндегі аудармамен қамтылған. Авестаның екінші басылымы біріншісімен салыстырғанда «Зенд - Авеста» аталады, оның мазмұндық құрамы мынадай:
1. «Вендидад» - заңдар мен жазбалар тізімі, бұл әзәзілдерді қуып, жою үшін арналған. Мұнда Заратуштра мен Ахура Мазда арасындағы күнәлардан арылу, таза жолға түсу секілді мәселелер айтылатын әңгіме баяндалады, сонымен қатар мифологиялық элементтер де кездеседі және 22 тараудан тұрады.
2. «Висперед» (Виспред) - 24 тараудан құралған салттық мазмұндағы сыйынулар қамтылған.
3. «Ясна» - құрбандық шалу, мадақтау, құдайдан бір нәрсе сұрау кезінде оқылатын дұғалар, 72 тараудан құралған, оның ішінде 17 тарауы «Гаталардан» тұрады.
4. «Яшта» - түрлі зороастралық құдайларды мадақтаудан тұратын 22 шумақтардан құралған мадақ әнұрандар, мұнда мифологиялық элементтер көп кездеседі.
5. «Кіші Авеста» - қысқа дұғалық мәтіндердің жинағы.
Авестаны алғаш кодтау процесі аршакидтер тұсында жүргізіледі. Екінші ретте Авестаны үдерісі алғашқы аудармасымен ІІІ-YІІ ғ. Сасан әулеті тұсында жүзеге асырылады.
Жалпы, Авестаны архаикалық діни шығарма түрінде қарастыруға болады. Оған шексіз қайталанатын дұғалар мен ұлы құдайлардың ұзын тізімдері, арғы аталардың рухтары мен ертедегі әміршілер туралы әңгімелер жатады. Сол секілді заңдастырудың түрлі догматикалық салттары мен қарақшыларды жазалаудың түрлері баяндалады. Бұл шығарма арқылы ақыреттік өмір туралы кең діни уағыздарды, ақырзаман туралы, өлгендердің тірілуі т.б. құнды мағлұматтар ала аламыз.
Авестада архаикалық қабаттағы ескерткіштерден басқа иран тайпаларының толыққанды поэтикалық шығармаларын да кездестіруге болады. Егер архаикалық поэтикалық шығармаларда адам жануарлар патшалығы мен табиғат құбылыстарына бейімделуге тырысса, кейінгі поэзияда титан-адамның, батырдың, алып күшке ие тұлға ретінде суреттелеуі кең орын алған. Жарық пен қараңғылық патшалығында зұлым күштерге қарсы тоқтаусыз соғыстарға қатысқан батырлардың бейнелері айқын көріне бастады.
Ежелгі ирандық мифтік және батырлық жырларында таптық қатынастар мен абыздар ықпалына байланысты туындаған элементтер кездеседі. Авеста поэтикасының сипаты оны бір жағынан ведалық поэзияға, ал екінші жағынан ирандық фольклорға жақын.
Ведалық, тіпті оған дейінгі кезеңге барып тірелетін үнді-иран байланыстары сол уақыттан-ақ ежелгі Иран әдебиетінде көрініс табады. Олар үнді-ирандық космогониялық және мифтік, ежелгі поэтикалық жүйенің ортақ элементтерінен көрінеді. Бірақ қайырымдылық пен зұлымдылық туралы түсінік екі мәдениетті уақыт бір-бірінен алыстатады. Үнділер қайырымдылықты жоғарғы құдайлар - дэвтер арқылы деп түсінсе, зұлымдықты төменгі - асурлар деп санаған. Ирандықтар, керісінше, Ахура - қайырымдылық, ал зұлымдылықты дэвтер ісі санаған.
Ахемени дәуірінде Иран мәдениеті өзінің бойына ассириялық және вавилондық мұралардан нәр алып, сусындайды. Ежелгі Иран мәдениеті ежелгі иудей мәдениетімен де өте тығыз байланыста болып, одан әрі дами түседі.