Филология ғылымдарының докторы,профессор Д. А.Әлкебаева., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



бет8/68
Дата24.03.2023
өлшемі0,64 Mb.
#75933
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   68
Байланысты:
ККТП стилистикасы

Сабақ жоспары:
1. Қазақ тілі лексикасы туралы жалпы түсінік
2. Бейтарап (стильаралық лексика)
3. Сөйлеу тілінің лексикасы


Бақылау сұрақтары:
1. Лексика дегеніміз не?
2. Лексикология дегеніміз не?
3. Қазақ тілінің сөздік қоры лексикология тұрғысынан қалай сараланады?
Глоссарий
Лексика – белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығы, оның сөздік қоры.
Лексикология – сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолдану қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипатын тексеретін тіл білімінің саласы.
Бейтарап немесе стильаралық лексика – тілдердің барлық функциональдық стильдерінде қолданыла беретін, экспрессиялық реңкі жоқ лексика.
Сөйлеу тілі лексикасы – адамдардың күнделікті қарым-қатынастағы үйреншікті жағдайда қолданатын, сөйлеу тіліне, яғни әдеби тілдің ауызша түріне тән сөздердің жиынтығы.
Кітаби лексика – ойды дәл, анық беру үшін жазба әдебиетте қалыптасқан тұрақты сөз оралымдары мен қалыпты грамматикалық тұлғалар.

1. Лексика, лексикология және стилистика бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Лексика деп – әдетте тілдегі барлық сөз қорын айтады. Лексикология сол сөздік құрамды тексеретін ғылым; яғни тіл білімінің сөз мағынасын, оның шығу тегін зерттейтін саласы. Ал стилистика әр түрлі стильдерді, мысалы, әдеби тілдің стильдерін, сөйлеу және көркем әдебиет стильдерін зерттейді, әр алуан тілдік құралдардың экспрессивтік-эмоциональдық қасиеттерін талдайды. Қазақ тілінің сөздік қоры лексикология тұрғысынан мынадай бірнеше негізгі салаға бөлінеді: байырғы сөздер, араб, парсы тілдерінен ауысқан, монғол тілінен, туыстас кейбір түркі тілдерінен келген, орыс тілінен және сол арқылы шетелдер тілінен енген терминдер мен түрлі жаңа сөздер. Ал лексиканы тілдегі жалпы стильдер тұрғысынан жіктейтін болсақ, әлгі санап өткен салаларды енді мүлдем басқаша топтауға тура келеді. Өйткені осы аталған әр алуан тіл қабаттарының қай-қайсысы да стилистикамен тығыз байланысты. Бірде-бірі одан сырт емес. Рас, сала-сала бұл сөздердің әдеби тіл, сөйлеу, көркем әдебиет стильдеріндегі қолданылу дәрежесі біркелкі емес, түрлі-түрлі болып келеді. Олардың белгілі бір қолданылу аясы, өзді-өзіне лайық стильдік қызметі бар. Өйткені жеке сөздің стиль түрлерінің кез келгеніне жарасып, қонымдылық табуы мүмкін емес. Дегенмен қай тілде де қандай бір сөз болмасын, ол өзінің табиғаты, жалпы қолданылу ерекшелігі жөнінен көбінесе белгілі бір ғана стильге бейімірек тұрады. Лексиканың стильдік сипаты әдетте тіліміздегі әр сала сөздердің белгілі бір стиль түріне бейімділігіне не онда сирек қолданылатындығына қарай анықталады. Көркем шығарма тілінің дені қазақ тілінің байырғы сөздері болып келеді. Онда әдетте тілде бар сөздің қолданылмайтыны аз байқалады. Стильдік мақсатта керегіне қарай, мұнда термин де, көне сөздер де, диалектизм де кездесіп отырады.


2. Тілдегі сөздердің көпшілігінен белгілі бір стильдік бояу аңғарылады. Соған байланысты өздерінің қолданылу аясына, ерекшелігіне қарай бірнеше лексикалық топқа бөлінеді. Лингвистикалық әдебиеттерде лексикалық топтар саны әр түрлі қаралып жүр. Мысалы, жалпы қолды тұрмыстық лексика, сөйлеу тілі, әскери, кітаби, поэтикалық, диалектілік, ресми-іс қағаздар лексикасы т.б. Сондай-ақ бұдан өзгерек, яғни әлгі аталған салаларды топтап, жинақтап беру әдісі де бар. Бұл әдіс бойынша лексика үш салаға бөлінеді: сөйлеу тілі, бейтарап және кітаби лексика. Тілде стиль түрлерінің екеуінде не үшеуінде бірдей қолданылатын сөздер де, немесе барлығында кездесетіндері де бар. Стиль түрлерінің қай-қайсысында да қолданылатын тілдік құбылыстарды бейтарап немесе стильаралық лексика деп атайды. Бейтарап лексикаға жататын сөздер қай тілде де сан жағынан біраз бар. Сондай-ақ абстракт мағыналы сөздер де бейтарап лексикаға жатады. Өйткені олар да белгілі бір ғана стильде емес, әр түрлі стильде жұмсалып отырады. Бейтарап лексикаға жататын, яғни стиль түрлерінің жалпы қай-қайсысында да келе беретін мұндай сөздер қазақ тілінде осылар ғана емес. Олар көп және әр тарап болып келеді.
3. Стиль түрлерінің бәрінде емес, кейбірінде ғана қолданылатын сөздер де бар. Мысалы, лексиканың белгілі бір тобы өзінің стильдік бояуына байланысты көбінесе сөйлеу стиліне тән болып келеді де, сонда жиірек қолданылады. Ондай сөздер сөйлеу тілі лексикасы деп аталады. Көбіне-көп сөйлеу стиліне, яғни сөйлеу тілі лексикасына тән ондай сөздерге қарапайым сөздер, табу, эвфемизм, диалектизмдер және кәсіби сөздер жатады. Қарапайым сөздердің эстетикалық, эмоциональдық әсері, бейнелілігі өте-мөте көркем әдебиет стилінде ұтымды келеді. Көбінесе сөйлеу тілі стилінде айтылып, ал әдеби тіл стильдерінде сирек ұшырасатын белгілі бір сөздер бар. Олар тұрпайы мағыналы сөздер. Сөйлеу тілі лексикасына стильдік бояуы жағынан табу сөздер мен эвфемизмдер де жатады. Табу мен эвфемизм негізінен сөйлеу тілі мен көркем әдебиет стиліне тән болып келеді. Сол сияқты диалектизм, кәсіби сөздер де стилистика мәселесімен тығыз байланысты. Бірақ, диалектизм мен кәсіби сөздердің стильге қатысын бірдей деуге болмайды. Өйткені бұлардың өзді-өзіне тән ерекшелігі, бір-бірінен айырымы бар. Кәсіби сөздер, диалектизмге қарағанда, көркем әдебиет пен сөйлеу стилінде көп кездеседі. Белгілі бір көркемдік мақсатпен әдеби шығарма тілінде жұмсалады. Сондай-ақ, публицистикалық стильден де байқалады. Ал диалектизмнің көркем әдебиет стилінде қолданудың белгілі бір шегі бар. Диалектизмнің көркем әдебиет стиліндегі қолданылуы екі түрлі жолмен жүзеге асады: бірі – авторлық ремаркада, екіншісі – диалогта. Авторлық ремаркада, кейіпкер тіліндегімен салыстырғанда, диалектизм аз қолданылады. Ақын, жазушылардың қай-қайсысының да шығармасынан (мүмкін біреуінде аз, екіншісінде одан көбірек болар) диалектілік ерекшелік кездеспей отырмайды. Көркем әдебиет стилінде диалектизм көбінесе диалогта қолданылады. Автор жергілікті жердің тіл ерекшелігін, сөз байлығын аңғартуды көздеп, кейіпкердің қай жақтың адамы екенін байқату үшін әдейі қосады. Ал әдеби тілдегі стильдерде: ғылыми еңбектерде, саяси әдебиеттерде, оқулықтарда, ресми стильде диалектизмдер көркем әдебиет стиліндегідей қолданылмайды. Диалектизмге қарағанда, кәсіби лексиканың қолданылу аясы кеңірек. Лексиканың бұл саласына белгілі бір аймаққа ғана тән кәсіп түрлерімен, мысалы, көмір өнеркәсібімен, мақта өсірумен, балық шаруашылығымен байланысты сөздер, термин ыңғайындағы әр түрлі атаулар жатады. Бұлар стиль түрлерінің жалпы қай-қайсысында да азды-көпті кездесіп отырады. Әсіресе белгілі бір аймақтағы жергілікті халықтың күнделікті ауызекі тілінде және сол облыстың газет тілінде жиі қолданылады. Кәсіби лексика элементі белгілі бір көлемде әдеби шығармалардан да байқалады. Жазушы мақташы не балықшы өмірін суреттеуді мақсат етсе, ол сол шаруашылық саласында бұрын соңды пайда болған термин сөздерді, жаңа атауларды аттап кете алмайды. Автор оларды көркем әдебиет стилінің шарты бойынша ретіне қарай, қажетінше пайдалана білуге тиіс. Өйтпейінше, жазушы өзінің алдына қойған көркемдік мақсатқа толық жете алмас еді. Алайда, кәсіп түріне қатысты арнаулы терминдер мен әр түрлі атаулардың тым жиілігі шығарма тілінің жалпы көркемдігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан, жазушылар әдетте кәсіби сөздерді өздерінің шығармаларында тек орнымен ғана пайдалануға ұмтылады. Кәсіби лексика публицистикалық стильде де, мысалы, түрлі жол жазбада, очеркте т.б. ара-тұра қолданылады. Автор оны мұнда да сол суреттеліп отырған уақиғаны оқушының көз алдына нақтылы түрде, дәл елестету үшін пайдаланады. Қазақ тілінде кәсіби сөздер әр алуан қаулы-қарарда, есеп құжаттарында, анықтама-мәлімет қағаздарында, яғни ресми-кеңсе стилдерінде де кездесіп отырады. Олар сондай-ақ ғылыми стильде де, атап айтқанда, арнаулы зерттеу еңбектердің тілінде де қолданылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   68




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет