Дәріс №10. Дәрістің атауы. Ақыл-ойды дамыту халық қамқорлығының бастауы. (1 сағат. 10 апат)
1.Ақыл-ой тәрбиесіне халықтық көзқарас.
2 Балаларды білімге, ой өрісті кеңейту икемділіктері мен дағдыларына таратудың халықтық құралдары.
3 Халықтық білімдер және оны күнделікті өмірде қолдану.
1.Халықтық педагогикада бала дүниетанымын қалыптастыру және оның ақыл-ойын дамытудың бастау көзі ретінде – ең алдымен оның қоғамға, қоршаған дүниеге және мұндағы адамның орнына көзқарастарды тірек еткен дүниетанымы алға шығады. Халық ұрпақты ақыл-ойды өздігінен жетілдіруге үндейтін терең және мазмұнды тұжырымдар ұсынды. Ақылдың адамдағы сезім мен қабылдаудан ойлау мен қиялға дейінгі танымдық процесстер жиынтығы екендігін дұрыс болжайды. Қоғамның материалдық және рухани өміріндегі білімнің саналуын мәнінде «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» - деп арнайы көңіл аудартады.
Халықтық ақыл-ой тәрбиесі жүйесі оның өндірістік қызметімен тығыз астасып жатыр. Өмір тәжірибесі қоршаған болмыстың жаңа факторлары және дамудың жаңа заңдарын ашу, яғни айналаны танып білу қажеттігін алға тартты. Сонымен бір мезгілде әрбір келер ұрпақтың адамзат жинақтаған білімдер мен өндірістік тәжірибені меңгеруіне қамқор болу міндеті тұрды.
Жалпы білімдермен қатар, адамдардың өндірістік қызметінің нақты салаларына, белгілі бір кәсіп түрлеріне, мәселен, жекелей алғанда аңшылық, балық аулау, мал өсіру, егіншілік, бағбаншылық, халықтық дидактика жәрдемімен қамтамасыз етілген.
Ақыл-ой тәрбиесі — балалардың ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық ақыл-ой санасын, дүниеге ғылыми көзқарасын жетілдіру, ой еңбегі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет. Ақыл-ой тәрбиесі жеке тұлғаны қоғамның өркениетті даму бағытына сай жан-жақты тәрбиелеудің құрамды бөліктерінің бірі. Ол білім жүйесін меңгеруге, оқушылардың рухани күшінің дамуына ықпал жасайды. Ақыл-ой тәрбиесінің басты міндеттері: оқушыларды табиғат, қоғам, адам жайындағы ғылым негіздерімен қаруландыру; қоршаған ақиқат дүниеге ғылыми көзқарасын, сенімін қалыптастыру; балалардың ойлау қабілетін (абстрактылы ойлау, ойлау операциялары — талдау, синтездеу, салыстыру, жинақтау, топтау, негізгісін ажырату, жіктеу т.б.), таным іс-әрекетін (іскерлік, дағды, бақылау, жазу т.б.) дамыту. Ол ой еңбегі мәдениетін меңгеруге, интелектуалдық іс-әрекетпен ұзақ шұғылдана білуге, оқушыларды дербес жұмыс істеуге дағдыландырады. Ақыл-ой тәрбиесі шәкірттердің ерекшеліктеріне қарай дидактикалық талаптар (саналылық, белсенділік, өздігінен жұмыс істеуге үйрену, ұғыну т.б.) қояды. Бұл талаптар оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар арқылы іске асады
Ақыл-ой тәрбиесі әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы болып келеді. Білім алуға және ғылымға ұмтылыс халық санасының тереңінен әрдайым орын алды. Халық табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді. Тек ақылды адам ғана терең білімдерді меңгере алатынын түсінді. Білімнің мәнін "Ақылдан қымбат байлық жоқ", "Ақылды сатып ала алмайсың", "Ақыл — тозбас киім, білім — сарқылмас булақ" деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады.
Халық педагогикасында оқыту мен білім берудің принциптері қазіргі ғылыми педагогика тұжырымдарымен ұштасып жатыр. Халық білім мен өмірдің тығыз байланысты болуын талап етті. Халық педагогикасы оқытудың көрнекі болуын ойдан шығарған жоқ. "Көзбен көргеп, құлақпен естіген ақиқат емес тек қана мұқият зерттелген ақиқат".
Халық педагогикасыңда тәрбие, оның бөліктері туралы ұғымдардың анықтамаларының да ғылыми педагогиканың анықтамаларымен сәйкес кенетіндігі байқалады. Халық педагогикасы бойыиша ақыл-ой тәрбиесі деп шәкірттердің ойлау қабілеттерін, сана-сезімін оқу және еңбек процесінде дамытуды айтады. Ғылыми педагогикалық анықтамасы бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп оқушылардың ақыл-ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл-ой еңбек мәдениетін дарытудағы тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекетін түсіндіруді айтамыз.
Бірақ оқушы өмірінің іс-әрекеті тек тәрбиешілердің мақсатты ықпалымен шектелмейді. Оған қосымша оқушыны қоршаған ортаның ықпалдары мен әсерлерін еске алу қажет. Бұл кеңірек, ақыл-ойдың дамуы ұғымымен айқындалады.
Ақыл-ой тәрбиесі тұлғаның жан-жақты дамуының негізі. Ақыл-ой тәрбиесі еңбек өнімділігін арттыруга, еңбектің шығармашылығына зор ықпал жасайды. Ең бастысы, ол ғылым мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуыпың қайнар бұлағы екендігін үнемі есте ұстағанымыз жөн.
Ақыл-ой тәрбиесінсіз дүниеге адамгершілікті көзқарас, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық, еңбек нәтижесі, экономикалық білімдер, дағдылар, тіршілік ету ортасы, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін шешу мүмкін емес.
Қорыта айтқанда, ақыл-ой тәрбиесі — адам зиялылығының негізі. Ақыл-ой тәрбиесіне екі ұғым кіреді: зер салып ойлау және ақыл-ой күштері.
Белгілі психологтар мен педагогтардың еңбектерінде ойлаудың түрлері, олардың мәні, мазмұны жеткілікті зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан біз жеке-жеке ойлаудың түрлеріне тоқталамыз. Бірақ кейбіреулерін кейінірек атап кеткен жөн.
2 Балаларды білімге, ой өрісті кеңейту икемділіктері мен дағдыларына таратудың халықтық құралдары.
Халық педагогикасы білім беру мазмұнын анықтауға негізінен өмірден келді, осыған орай мұнда спекулятивті құрылымға орын жоқ, болуы да мүмкін емес. Өмірден алшақ абстрактілі білімдер практикалық мәнге ие бола алмайды. Сондықтан, мәселе, халық «өмірдің өзі – ұлы ұстаз» екендігін әділ атап көрсетеді. Яғни, білімнің өмірмен байланыстылығы – халықтың аса маңызды дидактикалық талабы.
Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған оқыту процесінде ғана игерілуі мүмкін көлемдірек білімдер де назардан тыс қалмаған: «Әліппенің ар жағы – білім бағы», «Өнер ағып жатқан бұлақ, ғылым жанып тұрған шырақ»».
Ал кітап халық көзқарасында адамның досы, кеңесшісі, білім көзі: «Күш білімде, білім – кітапта».
Халық тәрбиешілері үйрену, оқуды адам бүкіл жаңаны ерекше қабылдағыш балалық шақтан бастаса, мақсатқа лайықты болатындығына, алынған білім өмір бойына игілікті қызмет ететініне тәжірибеде көз жеткізді. Олардың «жаста оқыған оқуың тасқа жазғанмен бірдей» - деп балалар мен жастарды білімдерді игеруге үндеуі, әсіресе, ақылды дәріптеп, оның мүмкіндіктері шектеусіздігін ашып түсіндіруге тырысуы осыдан.
Халықтың педагогикалық тәжірибесі ақыл-ой тәрбиесінің міндеттері мен мазмұнына кең мағына берілгенін көрсетеді.
Адамның ақылы, оның сөйлеуінен көрінеді.
Баланың ақылын тәрбиелеу оның танымдық қабілеттерін жан-жақты дамыту, әртүрлі түсінулердің кеңдігі мен сезімталдығын, байқағыштықты, естің түрлерін жаттықтыруды, ойдың елестетуін ынталандыруды талап етеді. Мәселен, жұмбақтар халық педагогикасында осы талапты жүзеге асырудың аса құнды дидактикалық материалы болып табылады. Олар баланың ақыл ойын дамытуға ықпал жасайды, оларды қоршаған ортаның түрлі салаларынан заттар мен құбылыстарды талдай алуға үйретеді.
Мақалдар мен мәтелдер ақыл парасат көзі, еліктеу үлгісі, сенімді жетекші, өткен ұрпақтың өнегелі мұрасы және бейнелі ойлау мен шешендік сөйлеудің үлгісі ретінде, терең ойларды сақтап, қызмет атқарады.
Үлкендер балаларды табиғат құбылысарын бақылауға, желдің бағыты, қар жамылғысы, өзендердегі судың деңгейі егін дақылдарына ықпал ететінін ұғына алуға үйретті.
Математикалық білімдер ара қашықтықты, астық көлемі мен салмағын өлшеу, үй құрылысы дәне т.б.сол сияқты жағдайларда алынды.
Балаларды өткен тарихпен таныстыру жөніндегі халық қамқорлығы ерекше. Еркіндікке, сүйіспеншілік пен рух өн бойын көктей өтетін қазақ халқының батырлар жырлары мақтауға тұрарлық.
Егер үйретудің кешенді әдістері ақыл-ой тәрбиесінің өмірмен тығыз байланыстылығын қамтамасыз етсе, нақтылық пен айқындылық сол не өзге білім салаларын терең үйреніп білуге ықпал жасады.
Орнымен, жүйелі түрде, уақытында пайдаланылатын халықтық педагогикалық ескерткіштер үлкен білімділік және тәрбиелік тиімділікке ие екендігін қазіргі оқыту тәжірибесі көрсетуде.
3 Халықтық білімдер және оны күнделікті өмірде қолдану.
Халықтық білімдерді оқулықтар мен оқу құралдарына енгізу үшін сұрыптауда олардың:
- тарихи, философиялық, географиялық, биологиялық, математикалық және т.б мазмұны, көркемдік эстетикалық бағалануы;
- халықтың рухани байлығына құрметпен қарауға үйретудің тәрбиелік мәні;
- халықтар арманы, ұмтылысы, тағдырлардың ортақтық халық даналықтарының жалпы адамзаттық сипаты жайлы ойды кеңейтудегі рөлі;
- оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі есепке алынуы керек.
Халықтық білімдердің көпқырлылығы, олардың ақыл-ой тәрбиесі мазмұнындағы орны мәселелерінің тиісті оқу пәндерінде ашып көрсетілуі болашақ мамандар, тәрбиешілермен, ата-аналарды белгілі теориялық және практикалық білімдермен қаруландыруға көмегін тигізері сөзсіз.
Адам табиғатындағы аса бір асқан қасиет – ақылдылық. Оның негізгі тұрағы – қайырымды қоғам болғанда кемеңгерлік іс-әрекеттерін жалпы тәлім етіп көрсетер әділетті орта екені белгілі. Ақыл тек осындай жағдайға өзінің шырқау биігіне шығып, айналасына шапағатын дарытады. Сонда оның жарқырай көрінетін алып тұлғасынан бүкіл ақымақтық атаулы жаны қалмай қорқатын болады.
Шынайы білім ғана өмірдің астыңғы ағындарындағы «тас кесек» тәрізді кедергілерден сақтандыра алады.
Қазақ халқының әдет-ғұрпын да салт-санасынан өрбіген сауық кештеріндеөлең жырмен айтысу, жаңылтпаш, жұмбақ айтысып, өзінің әріптесін озық ақыл-оймен жеңіске жету үлкен шығармашылық табыс болып саналады. Мұндай өнерге жасынан баулу баланы тапқырлыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.
Қазақ халқы өзінің барлық ойын сауығында, ертелі кеш отбасында жұмбақ, ертегі, жаңылтпашсыз өткен күндері болмаған.
Қазақ халқы жұмбақ шешу ойындарын әрбір құбылыстың өзіндік дербес қасиетін дәл келтірумен қатар, екніші бір затқа не құбылысқа ұқсастығын салыстыра отыра, баланың өзін қоршаған табиғат әлеміне: аспан, жер, су, жан-жануарлар, от пен жарық, тұрмысқа қажетті бұйымдар мен жабдықтар, өмірде кездесетін құбылыстар мен заттарға зейін қойып, бақылау, байқау, қабілеттерін ояту мақсатында пайдаланған.
Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан үйрету даналығы өзіне халық шеберлері, білгірлер, ұсталар мен диқандар, суретшілер мен сәулетшілер, малшылардың терең және сан түрлі білімдерін шоғырландыратынын байқатады. Олардың тәжірибесі этнодидактика арқасында ұрпақтан ұрпаққа көбейтіліп, беріліп отырды.
Дидактикалық талдауға алынған фольклор материалдары, мал өсіру, егін егу және өзге де кәсіп түрлерімен байланысты салттар, халықтық астрономиялық және фенологиялық қорытындылаулары бұл міндеттерге:
Балаларда заттар, оқиғалар, қоршаған өмірдегі іс - әрекеттер мен құбылыстар жайлы дұрыс түсінік қалыптастыру.
Олардың сезімталдығы мен дүниені тиімділікпен танып білуі процесін дамыту.
Ақыл – ой қабілеті мен ынталылықты арттыру.
Балаларды интеллектуалдық дағдылар мен икемділіктерге баулу енгенін көрсетеді. Мұның өзі халықтық балаларға өмірге қажет білімдер жиынтығын игертудегі дидактикалық талаптары ғылым педагогикаға жақындығының белгілері.
Достарыңызбен бөлісу: |