мифология дейміз.
Миф — табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы түрпайы фантастикалық түсініктер. Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әртүрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну іңкәрі — мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.
Әрбір халық өзінің дүниеге келу жолында әртүрлі мифтерді ойлап шығарды. Дүниенің пайда болуы мен тәртібі, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен түрсіздік, адам өмірінің мәні мен құндылығы т.с.с. сұрақтардың жауаптары халықтар аңыздарында әртүрлі дәрежеде берілген. Ол жағалай қоршаған табиғаттың ерекшелігіне және соған сәйкес қалыптасқан халық тіліне байланысты болса керек.
Бірақ тереңірек қарасақ, әртүрлі халықтардың дүниеге қойған сұрақтары, ізденістерінің бір-біріне ұқсас жақтарын да көруге болады. Олар: Дүние қалай пайда болды? Кім адамды тудырды? Адам неге өледі? Адамдардың сөйлейтін тілдері неге әртүрлі? Аспан мен жер неге бір—бірінен бөлінген? т.с.с.
Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол түрпайы болып көрінеді, өйткені мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер — адамзаттың «балалық тарихындағы» туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, сонымен қоғамға дүниеге деген көзқарас, дүние сезімінің жаңа түрі келді. Дін де мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары: мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен «о Дүние» бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние — мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с. Дінде ең құдіретті жасампаз — Құдай — табиғаттан жоғары және бөлек түр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де, адамның жан дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.
Сенім дегеніміз — белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі — ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді.
Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз-өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды.
Діннің негізінде Құдайдың өз еркімен адамдарға пайғамбарлар арқылы берген белгілі бір тұжырымдары жатады. Олар адамдардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, ойлау өрісін анықтайтын абсолютті қағидалар.
Мұндай қағидалардың жиынтығы діни көне құжаттарды құрайды. Оларға Құран, Тәурат, Талмуд, Інжіл т.с.с. киелі кітаптарды жатқызуға болады. Бұл кітаптарда Құдайдың құдіретті күшін көрсететін неше түрлі табиғат заңдылықтарына бағынбайтын, оларды бұза алатын ғажайып оқиғалар жазылған. Солардың ішіндегі ең ғажабы — адамның рухының, жан дүниесінің өлместігі.
Осы тұрғыдан алғанда, «Философия — ақыл-оймен ұстап қалынған тарихи дәуір» деген Гегельдің берген анықтамасында терең сыр жатса керек.
Әрине, дін де философия саяқты шынайы ең биік рухани құндылықтарды, адамның өмір жолының адалдығын уағыздайды, бірақ олардың қайнар көзін «о Дүниеден» табады. Философияны алсақ, сонау Көне Грециядағы алғашқы пайда болған «Милет мектебі» өкілдерінің қойған: «Дүниенің негізінде не жатыр?» -деген сұрағынан бастап, осы күнгі ойшылдардың: «Адамзаттың болашағы бар ма, ия болмаса ол өзін-өзі экологиялық апатқа, дүниежүзілік ядролық соғысқа әкеліп өлтіре ме?» — деген сұрағына дейін, бұлардың бәрі де ақыл-ой таразысына салынып, парасат шеңберінде талданады.
Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы — оның рационалдығында. Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориялық бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжірибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.
Сонымен қатар философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |