Философиясының негізгі ұстамдары[өңдеу



Дата26.03.2023
өлшемі65,89 Kb.
#76271
Байланысты:
Философиясының негізгі ұстамдары


Философиясының негізгі ұстамдары[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Гегельдің ғылыми-шығармашылық қызметі Германиядағы саяси-әлеуметтік тұрмыстың елеулі өзгеріске ұшырап, елдегі ішкі қайшылықтардың күрт шиеленіскен кезеңіне тұстас келді. Сондықтан ол өзіне дейінгі ойшылдардың, әсіресе 17 — 18 ғасырлардағы ағылшын, француз ағартушыларының, дәстүрлі неміс ғылымы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің жетістіктерін мұқият зерттей отырып, дәйекті тарихилық жүйені ұсынды. Ол кез келген философиялық ілім нақты проблемаларды негіздей отырып, тарихи қажеттілікке қарай жүріп келе жатқан тұтас жүйенің даму кезеңінде белгілі рөлге ие болатынын айтты. Гегельдің бұл пікірі философия тарихында үлкен маңыз атқарды. Егер философия үнемі үздіксіз даму үстіндегі тарихи жүйе болса, онда оның аясындағы нақты проблемалар ғылыми дамудың негізгі құрамдас бөліктері саналады.
Тарихи дамудың нәтижесінде проблемалар үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, жаңадан туындап отырады, ескілері заман талабына сай келмей, кейін ығыстырыла береді. Мұның барлығы саяси-қоғамдық өмірмен, жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарының дамуымен, әсіресе, философияның өзіндегі ішкі өзгерістермен тығыз байланыста көрінеді. Ал әр ұрпақ, жаңа буын философияның алдында тұрған соны мәселелерден ғана емес, сондай-ақ, өткен дәуірден ауысқан проблемалардан да өз заманының талабына оңтайлы шешім іздейді. Яғни, Гегельдің пікірінше, философия — өтіп кеткен процесті, тарихты оймен шолу. Әйтсе де, ол тарихқа өткен шақ деп қарамайды, үздіксіз жалғаса беретін процесс ретінде бағалайды.
Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” (1807), “Логика ғылымы” (1812), “Тарих философиясы”, “Құқық философиясы” (1821), т.б. еңбектерінде тарихи даму иедясын тұтастай диалектика теориясына айналдырады. Қоғам өміріне, әсіресе, дін мен саясат мәселелеріне арналған алғашқы философиялық шығармаларының бірі — “Кім абстрактылы ойлайды” атты мақаласында, ал болашақ диалектикалық, зерделілік әдіске негіз қалады.
Таным теориясының келелі мәселелерін көтере отырып, өзіне дейін қалыптасқан “сезімділік, пайым — нақтылықтық бейнесі, ал абстрактылық — ойдың жоғарғы даму үрдісімен тығыз байланысты” деген пікірге қарсы шықты. Абстрактылы ойлау таным процесіндегі сыңаржақтылықтың нышаны екенін, тек сыртқы көрініске, одан соң сезімге ғана елігетінін сынай отырып, абстрактылы ойлаған адам өз ойына мән бермей, қаралып отырған мәселеге терең үңілмей, оның мәнін, тарихын ашып беруге дәрменсіздік танытатынын дәлелдеді. Ал таным процесі нақтылыққа ұмтылуға тиіс.
Нақтылық — көптеген анықтамалардың жиынтығы, көпжақтылықтың бірлігі, яғни, кез келген мәселеге объективті, тарихи, ішкі байланыстарды анықтау арқылы қарауды қажет етеді. Ендеше, таным процесі әуелі абстрактылықтан басталып, нақтылыққа қарай ұласу принципіне бағынады. Таным процесіндегі логика мен диалектикаға ерекше назар аударған алғашқы еңбектерінің бірі — “Рух феноменологиясында” Гегель зерде мен пайымның даму процесін тарихи негізде қарай отырып, көптеген жаңалықтар ашқанымен, негізгі мәселеге — философияға қатысты үлкен қайшылыққа ұрынды. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған анықтамадан бас тартып, философияның мәні даналыққа ұмтылу да, даналық та емес деп, оны ғылым саласына айналдыруды көкседі. Мұның өзі кейінгі кезеңдерде философияға жалпы дүниені, қоғам мен табиғатты, ойлауды зерттейтін ғылым ретінде қарауға, ақырында оны идеологиямен қойыртпақтап, өз мәнінен айыруға жол ашты. Маркстік-лениндік философия дегеннің өзі осы жаңсақ идеяның “жемісі” еді.
Гегельдің ойынша, дүниеде бір күйде қалатын, өзгермейтін ештеңе жоқ. Қоғамның, адамның, танымның, тарихтың дамуы — объективті процесс, ешкім оны тоқтата алмайды. Табиғаттың дамуы адамға келіп тіреліп, адамзат, қоғам тарихына ұласып кетеді. Гегель дамуды сапалы, үдемелі, қайшылықты, төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге, абстрактыдан нақтыға қарай жүріп отыратын процесс деп қарайды. Яғни, даму — бар заттың ескіріп, ескінің жойылып, оның негізінде жаңаның пайда болу процесі. Сондай-ақ, дамудың себебі мен көзі қайшылықта, тұтас нәрсенің екіге — қарама-қарсылықтарға бөлінуінде, қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігінде екендігін дәлелдеді.
Гегельдің жан-жақты негіздеген ұғымдарының бірі — қайшылық ұғымы. Қайшылық — дамудың объективті заңы, дамудың көзі, импульсі. Қайшылықты болдырмау мүмкін емес. Қайшылық әрбір затта пайда болып, дамып, жетіліп, шешіліп отырады. Қайшылық, яғни қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігі арқылы зат өсіп жетіледі, дамиды, бір сатыдан екінші сатыға өрлейді. Дамудың жүзеге асу процесін түсіндіруде Гегель затта болатын үздіксіз процестердің белгілі бір шамаға дейін сандық өзгерістер болып (өсу, жетілу, азаю, көбею, т.б.) заттың болмысына елеулі ықпал етпейтіндігін анықтады. Шамадан асқан соң сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге айналатындығын ашты. Яғни, бұрынғы заттың орнына жаңа зат дүниеге келеді. Даму қалай қарай жүзеге асады деген мәселеде Гегель оның спиралдық бейнесін ұсынды: даму барысында бұрын болған белгілер қайталанып отырады, бірақ жаңа және жоғары деңгейде қайталанады. Сөйтіп, даму процесі терістеу және терістеуді терістеу түрінде жүзеге асады. Гегель дамудың негізін ұғымның, идеяның, рухтың даму процесінен алады.
Гегельдің ілімінше, ұғым, таным, рух — процесс. Олардың даму көзі — олардың өзінде. Даму барысында белгілі бір зат өзінің қарама-қарсылығына айналады. Идея затты, зат өзіне қарама-қарсы форманы туғызады. Біртұтас заттың қарама-қарсы жақтарында бірін-бірі жоққа шығару процесі жүреді. Бірақ олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Екеуінің күресі олардың жойылып, жаңа заттың пайда болуына әкеледі. Гегель түсінігінде материалдық заттардың түп негізі — идея. Гегель идея мен заттың қарым-қатынасында идеяны анықтаушы рөл атқарады деп есептейді. Идеяны зат арқылы түсіндірмек болған материалистік көзқарасты жоққа шығарады. Гегель затты (мыс., қоғамдық құбылыстарды) идеямен өлшеп, идеямен салыстырып отыру керек дейді: зат өзінің идеясына сәйкес келе ме, жоқ па? Адам өзінің адам деген атына лайық па, жоқ па? Әрбір зат идеяның жүзеге асқан түрі болып табылады. Бірақ даму барысында зат идеядан алшақтап, өз-өзіне қайшы келеді. Сондықтан танымның міндеті — жиі-жиі затты, құбылысты идеямен салыстырып отыру. Бірақ идея заттың нақты болмысымен шектеліп қалмауы керек. Затқа даму тенденциясы тұрғысынан қарап, оның қандай болуы керек деген мәселеге назар аударып отыруы тиіс.
Гегель “Рух феноменологиясында” алғаш рет жекелеген индивидтің санасының дамуы адамзат қоғамының тарихи кезеңдерімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Яғни, жеке адамның санасы барлық тарихи кезеңдерде, әр дәуірге тән қайшылықтарды өткізе отырып, қоғамдық сана деңгейіне көтеріледі. Адам санасының қалыптасуы мен даму жолдары адамзаттың тарихымен және оның қоғамдық қарым-қатынастармен тығыз байланысты екенін терең зерттеді.
Гегель ілімінің терең мазмұнды ұғымдарының бірі — рух. Гегель рухты адам өмірінің негізі, субстанциясы деп есептейді. Адам өзін рухта ғана, рух арқылы ғана көрсете алады. Рухы биік адам — өз атына лайық адам. Рухы биік халық — өр, өжет, намысқой халық. “Тарих философиясында” Гегель халық рухы оның тілінен, ділінен, әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, көзқарасынан, басқаларға қарым-қатынасынан көрінеді деп біледі. Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” деген еңбегін, “жаңалықтарға саяхат” деп атады. Ол таным, ақиқат, білімді қайшылықтарға, кедергілерге толы процесс деп білді. Танымның шеті де, шегі де жоқ. Әдетте, таным процесін, ғылым дамуын ол ашқан жаңалықтармен, нәтижелермен өлшеуге тырысады. Құр нәтиже түк те бермейді. Нәтижені (мыс., ақиқатты) оған алып келген жолмен бірге тұтас қарастыру қажет. Яғни, таным процесінің мәні — сыңаржақты, абстракты анықтамалардан нақты жан-жақты, барлық анықтамаларды бойына жия білген қағидаларға қарай өрлеу.
Гегель “Рух феноменологиясы” деген еңбегінің “Әмірші және құл” деген бөлімінде осы екеуінің санасында болатын өзгерістерді түсіндіреді. Құл өз еңбегінің арқасында өседі, жетіледі, сана-сезімі, ар-намысы оянады. Қалыптасқан жағдай оны қанағаттандырмайды. Құл оны өзгертуге тырысады. Әмірші болса, алға басудың орнына кері кетеді. Адамшылығынан айырылып, азып-тоза бастайды. Ақыры әмірші мен құлдың жағдайы (статусы) өзгереді: құл әміршінің әміршісі, әмірші құлдың құлы болады. Бұл процестің негізін Гегель еңбек деп атап көрсетеді. Адамның өсіп-жетілуінде қоршаған ортаның, қоғамдық қатынастардың, мәдениеттің, тәрбиенің ықпалы зор. Осы объективті жағдайды Гегель субстанция деп атайды. “Адам ортаның — жемісі” деген француз материалистерінің қағидасын Гегель сыңаржақты деп қабылдайды. Адамның адам болуы оның өзіне байланысты, өйткені сырттан келген әсерді игеретін — адам. Адам өзін-өзі жасайды. Осы процесті Гегель субстанцияның субъектіге айналу процесі деп атайды. Осыған орай Гегель “Рух феноменологиясында” жеке адамның өсіп-жетілуі ата тектің, қоғамның дамуын қысқарған күйде қайталап отырады деген заңдылықты ашады. Гегельдің негізгі философиялық еңбегі — “Логика ғылымында” жаңа, жанды, мазмұнды әрі өмірмен, тарихпен астасып жатқан логиканың — диалектикалық логиканың негізін қалады. Гегель ілімінше, ойлау категориялары құр атау, схема емес, олардың негізінде нақты өмір, тарих жатыр. Өмірмен бірге ұғымдар да дамып, жетіліп, байи түседі. К. Маркс, Ф. Энгельс, Ленин Гегель диалектикасына ерекше мән беріп зерттеді. Қазақстандық философтар (Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов, Л.Науменко, Ә.Нысанбаев, М.Баканидзе, Қ.Әбішев, Т.Әбжанов, М.Орынбеков, А.Хамидов, М.Сәбитов, Б.Нұржанов, т.б.) Гегельдің “Логика ғылымы” мен Маркстің “Капиталы” ізімен төрт томдық “Диалектикалық логиканы” (1985 — 89) жазып шығарды.

Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 жж.) – алдымен Гейдельберг, содан соң Берлин университетінің профессоры, Германияның ғана емес, Европаның беделді философы, неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі. Гегельдің философиядағы басты үлесі мынада:

1) объективті идеализм теориясы (негізгі ұғымы Абсолютті идея, Әлемдік рух);

2) диалектика – жалпы философиялық әдіс ретінде;

Гегельдің басты философиялық еңбектері: «Рух феноменологиясы», «Логика ғылымы», «құқық философиясы».

Гегель жүйесі 3 бөліктен тұрады:

1) Логика(онтология) әлемді жаратуға дейінгі Құдай болмысы.

2) Натурафилософия - материалдық әлемдегі құдайдың жатсынылуының мазмұны.

3) Рух философиясы - Құдайдың өзінің жаратуынан адамдық рухта өзіне қайта оралуы, өзге болмыстан рухтың қайтып оралуы тек адамда ғана, субъективті рух өзінің танылған санасын, өзінің жеке рухани субстанциясын сәйкес деп танымайды, объективті рух қоғам құрған құқ, мораль, құлықтылық арқылы өзінің құрылуында осындай эволюцияны бастан өткізеді.

Сондықтан объективті рухтың құрылуында абсолютті рухтың үш формасы бар: байыптау, елестету, білім. Тарих еркіндіктің санадағы прогресімен бірге әлемдік рухтың өзін тану процесі.

Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ойтолғамдарын ұсынды. Сондықтан оның даму тұжырымдамасы барынша күрделене түсіп, болмыс пен Бейболмыс, болмыс пен Ештеңе мәселелерін өзінің «Логика ғылымы» деп аталатын еңбегінде еркін қамтыды: «Әзірге Ештеңе бар болса, онда бірдеңе туындауы тиіс. Бастау таза ештеңе, бұл өзінен бірдеңе тууы тиіс ештеңе; болмыс болуға бағытталды және бастаудан орын алады. Бастау демек, оны және өзгені қамтиды, яғни, болмыс пен ештеңені, ол- болмыс пен ештеңенің бірлігі, басқаша айтқанда, ол сол сәтте болмыс болып табылатын бейболмыс және осы уақытта бейболмыс болып табылатын болмыс»

Осы тұста ойшыл Ештеңенің таза өзімен-өзі енжар емес, бірнәрсе тудыруға арналған, тағайындалған Ештеңе екендігін атап өте отырып, болмыс пен Ештеңені теңестіреді. Сондықтан бастау Бейболмыстан туындайтын болмысты қамтитын болса, бұндағы Бастау мен Бейболмыстың орын ауыстыруы моделі бейімделгіш жоба түрінде ұсынылып, ойшылдың диалектикалық көзқарастары бойынша қарастырылатындығы түсінікті. Сондықтан ойшыл болмыс пен Бейболмыстың қарама-қарсылығын және өзіндік тұтастығының белгілі бір парадигмада қайта тоғысатын сәйкестігін атап өтеді, бастау – осы екеуінің тұтастанған бірлігінен тұрады. Бастау ұғымының бастау ретіндегі, процесс түріндегі қасиеті- оның осы тұтастықтан бөлінбейтін бірлігімен анықталады. Себебі, ол- Бейболмыстан болмыстың туындау сәтіндегі негізгі процесті айқындап, оның түсініктемесінің ажырамас қасиетін құрайды. Гегель Бастаудың белгілі бір қатынастарда болмайтындығы мен бар екендігін қарама-қарсылықпен біріккен- болмыс пен Бейболмыс арқылы шешеді. Болмыстың Бейболмысқа қарама-қарсылығы күмәнсіз болса, осы анықталған қарама-қарсылық бастаудың өзіне айналады. Демек, нақтырақ айтқанда, бастау дегеніміз- болмыс пен Бейболмыстың бастапқы қарама-қарсылығы болып шығады. Бірақ бұл қарама-қарсылық таза абсолютті болмайды, бірін-бірі алмастыратын дамудың көзі ретінде пайымдалды.

Бастаудың өзі – болмыс пен Ештеңенің қатынасының жалпы конструкциясы бойынша құрылады, болмыстың қатынасы бұл жерде шартты түрде міндеттеледі. Себебі, нақты ненің басталатындығы анықталуы тиіс болғандықтан кірістірілген. Осы тұста болмыстан басқа басталатын нәрсеге балама жоқ екендігі түсінікті. Осы құрылым арқылы бастау-болмыстың Ештеңе арқылы басталуы екендігі байыпталады. Бұнда тек қана үш маңызды субъект анық: бастау, болмыс, Ештеңе. Сондықтан болмыс пен Бейболмыстың қатынасы - сол бастау концептісінің өзін айғақтауға келіп тіреледі. Бастау Бейболмыспен теңеседі, бірақ әзірге Ештеңе түрінде сақталып, бастаудың таза мәнін ашуға Бейболмыс болмыс арқылы қатынасады.

Сайып келгенде, Гегельдің болмыс пен Бейболмыс хақындағы даму туралы пікірлері мынадай тұжырымдармен айшықталады; Бейболмыс жеке дара оқшау қарастырылуы мүмкін емес; Бейболмыс болмыс және болмыс Бейболмыс арқылы ғана ашылады; Бейболмыс болмыстың әрбір сәті және болмыс Бейболмыстың да әрбір сәті; Болмыстың заңдылықтарының іске асуы Бейболмыссыз орындала алмайды; Бейболмыс шартты атау ретінде ғана «оқшау болып табылады», ал болмыс заңдылықтары шеңберінде ол өзінің болмыстық кейпіне енеді; сайып келгенде, Бейболмыс әлемнің даму, байланыс, қозғалыс, терістеу үдерістері арқылы «көріне алады» және керісінше. Ойшылдың қөзқарастарында болмыс даму арқылы өзгенін емес өзінін болмысын терістейді де, оны Бейболмыска өткізеді және ілгерідегі даму бойынша өзінің Бейболмысына, яғни, әлі олай болмаған болмысына ұмтылады. Демек, терістеу Гегель философиясында өзінің болмысын Бейболмысқа өткізуден құралатын болса, осындай тізбекті терістеу болмыстың өзін үнемі Бейболмысқа айналдырып отырады және керісінше. Ол өзінің философиясын батыс философиясындағы ойлаудың шыңы, монархия мемлекетін соңғы дамыған мемлекет деп түсінген.

Гегельдің онтологиядағы (болмыс туралы ілім) басты идеясы – болмыс пен ойлауды теңестіруі. Теңестіру нәтижесінде Гегель ерекше философиялық ұғым – Абсолютті идеяны негіздеді. Абсолютті идея бұл: тіршілікте бар жалғыз шын реалдылық; қоршаған дүние, оның заттары мен құбылыстарының алғашқы себебі; өзіндік санасы мен жарату қабілеті бар Әлемдік рух.

Гегель онтологиясындағы келесі өзекті ұғым – жаттану. Абсолютті рух өзінен-өзі мына түрлерде жаттанады: қоршаған дүние; табиғат; адам; адам әрекеті мен ойлауы арқылы жаттанған абсолютті рух өзіне-өзі қайтып оралады. Яғни, Абсолютті рухтың айналысы: Әлемдік (Абсолютті) рух→жаттану →қоршаған дүние және адам→адам әрекеті мен ойлауы→рухтың адам әрекеті мен ойлауы арқылы өзін-өзі іске асыруы→Абсолютті рухтың өз-өзіне қайта оралуы.

Абсолютті рух – мәңгі шын ақиқат, рухтың ең жоғарғы көрінісі. Абсолютті рухтың көрініс беретін салалары: өнер, дін, философия.

Өнер – адамның абсолютті идеяны тікелей бейнелеуі. Гегель пікірінше, адамдар арасында абсолютті идеяны көре және бейнелей алу – тек талантты, ұлы адамдардың қолынан келеді және сонысымен олар өнерді жасаушыларға айналады.

Дін – өнердің антитезисі, егер өнер – ұлы адамдар «көре», «бейнелей» алған абсолютті идея болса, дін – Құдайдың адамға ашқан абсолютті идеясы.

Философия – өнер мен діннің синтезі, абсолютті идеяны түсіну мен дамудың жоғарғы сатысы. Философия – Құдай берген және Ұлы адамдар-философтар ұғына алған білім. Философия – барлық ақиқаттың толық ашылуы, Абсолютті рухтың өзін-өзі тануы, абсолютті идеяның басы мен аяғының бірігуі, жоғары білім.

Гегель пікірінше, философ өз пәні ретінде: табиғат философиясын; антропологияны; психологияны; логиканы; мемлекет философиясын; азаматтық қоғам философиясын; құқық философиясын; тарих философиясын; диалектика – ең жалпы заңдар мен қағидалардың ақиқат ретінде қарастыруы тиіс.

Тарих – Абсолютті рухтың жүзеге асу процесі. Абсолюттік рухқа бостандық идеясы енетін болғандықтан, бүкіл тарих, Гегель пікірінше, адамзаттың өз бостандығын ұлғайту процесі. Осыған байланысты Гегель бүкіл адамзат тарихын 3 дәуірге бөледі: шығыс; антикалық-ортағасырлық кезең; германдық.

Шығыс дәуірі (Ежелгі Египет, Қытай, т.б.) – бүкіл қоғамда бір ғана адам бүкіл игілікті, бостандықты пайдаланып, өзін-өзі танитын, қалғандардың бәрі оның құлдары мен қызметшілері болатын тарихи кезең.

Антикалық-ортағасырлық кезең - адамдар тобы (мемлекет басшысы мен оның нөкерлері, әскербасылар, аристократия, феодалдар) өзін-өзі танып, бұқараның көп бөлігі «жоғарыдағыларға» тәуелді болып, қызмет ететін кезең.



Германдық кезең – бәрі өзін-өзі танып, бәрі азаттыққа жеткен Гегельдің өзі өмір сүрген заман.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет