Ғұн империясының саяси және әлеуметтік тарихы
Негізгі мәдениеті Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Монғолияда қалыптасқан түркі-монғол халықтарының ата-бабалары Б.з.б 2 мыңжылдыққа қарай Алтай таулары Батыс пен Ішкі Монғолияның далалық және орманды далалық аймақтарына дейін жеткен. Ежелгі жыл- намаларда Қытай мемлекетінің шекарасына шабуыл жасап тұ-ратын түркі-монғол тайпалары жөнінде жиі айтылған. Түркі-монғол тайпалары тарихқа мал өсіруші тайпалар бірлестігі ғұн (хунну) атауымен белгілі болды. Ғұндар қазіргі қазақ, монғол, түрік, татар халықтары ата- бабаларын құраған тайпалар. Олар Ішкі Азияда алғашқылардың бірі болып өз мемлекетін құрды. Шын мәнінде, ғұн тарихы бастапқы кезеңде Қазақстан аумағынан тыс жерде өтті. Бірақ Қазақстан жерінің тарихын ғұндардың қатысынсыз қарау мүмкін емес.
Б.з.бІІІ ғасырда ғұн мемлекеті қалыптасқанға дейін-ақ 24 түркі-монғол тайпаларынан тұратын одақ ұзақ уақыт салтанат құрды. Тіпті мұрагерлікпен берілетін жоғары билігі де болған. Б.з.б 209 жылы Ғұн мемлекетінде билеуші өзгерді. Жаңа көсем Мөде тайпалық бірлестіктің билігін өз қолына алды.Ол көсем тағын тартып алып, орталық билікті нығайту үшін реформалар жасады. Мөде билікті күшейтті, шет аймақтарды басқару аппаратын құрды. Әскерді жаңа тұрғыда қайта жасақтады, рубасыларының бостандығын шектеп, ғұндардың орталық мемлекеттік ұйымын құрды. Б.з.б. ІІІ ғасырда Ғұн мемлекеті қоғамда биліктің орталықтандырылуы нәтижесінде қалыптасты. Б.з.б. 203-202 жылдары ғұн жауынгерлері солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы соғыста ерте түрік халықтары динлин және хакастарды бағындырды.
Ғұндар оңтүстік-батыстағы көршілері - юечжилермен де соғысқан. Юечжилер бір орталықты билігі бар, Алтай мен Шығыс Түркістанның иран тілдес көшпелі халқы. Сонымен бірге, осы аумақтағы туыстас тайпаларды ғана емес, үйсін және Тарым өзенінің маңайындағы иран тілдес отырықшы-егінші тайпаларды бағындырды. Ғұндардың 30 жыл бойы жүргізген ауыр соғысы Мөденің ұлы Лаушанның кезінде аяқталды. Б.з.б. 165 жылы ғұндар юечжи тайпаларын біржолата жеңді.
Ғұндар қытайдың Хань әулетінің солтүстік шегарасына бүтіндей иелік етті. Қытай императорларының оларды әскер күшімен тоқтатпақшы болған әрекеттерінен ештеңе шықпады. Қытайлардың көп санды жаяу әскері дала тұрғындарының тез қозғалатын атты әскеріне қарсы соғыса алмады. Ежелгі дәуірде дала көшпелілерінің шабуылына төтеп беру үшін «Ұлы қытай корғаны» салынды. Бұл әскери құрылыс ежелгі қытайдың экономикасын тұралатты, берік қорған бола алмады. Ғұндар және басқа дала тайпалары қорғанды айналып өтіп, солтүстік аймақтарды ойрандады.
Хань мемлекетінің билеушілері батыстағы жерлерді басып алуға ғұндардың бөгет болуы мен келіскілері келмеді. Ғұндарға салық төлеу де ауыртпалық туғызды. Қытайлықтар ғұндарға қарсы көрші тайпалар және мемлекеттермен бірлесіп одақ құра бастады. Бұл әрекет жемісті өтті. Б.з.б. 71 жылы бір мезетте батыстан үйсіндер, шығыстан ухуандар, солтүстіктен динлиндер бір мезетте ғұн жеріне басып кірді. Ғұндардың үштен бір бөлігі қырылды, қалғандары ыдырап, бөлініп кетті.
Ғұндардың сыртқы саясаттағы сәтсіздіктері ішкі талас-тартысты туғызды. Соның салдарынан б.з.б52 жылы ғұндар солтүстік және оңтустік болып екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндар шаньюй Хуханьенің бастауымен император Сюаньдидің қолынан бағыныштылық туралы грамота алып, қытайдың шегара бекіністеріне таяу қоныстанды. Чжичжи шаньюй бастаған солтүстік ғұндар өз орталығын Жоңғария жеріне көшірді.
Ғұн қоғамы мен мемлекетін басқаратын төрт ақсүйек ру бірлестіктің негізін құрады. Шаньюй осы рулардан әйел алуға міндетті еді, олардан мемлекеттік аппараттың басқару билігі түзілді. Олар ең жоғарғы лауазымдар мен қызметтерге тағайындалды, жауапты тапсырмаларды орындады. Мөде өзге рубасылар-ды мемлекет басқарудан шеттетіп, билікке өз отбасы мен төрт атақты рудың мүшелерін қойып отырды.
Шаньюй қызметі ресми түрде сайланбалы болды. Бірақ жоғарғы қызметке үміткер тек билеушінің отбасынан шығуы тиіс еді. Қызметке орналасудың да өзіндік жүйесі құрылды. Шаньюй от басында билік жасына қарай, үлкен ағадан інісіне өтіп отырды. Мемлекеттік билік пен жоғарғы қызметті ұйымдастырудың мұндай жүйесі илестік сатылы жүйе деп аталды.
Шаньюй атқару заң шығару сот билігін өз қолына алды. Бірақ оның билігі шексіз емес еді. Шаньюй қоғамның рухани басшысы бас абыз саналды. Тәңірге табыну мемлекеттік дін еді. Дегенмен ақсүйектер арасында әсіресе оңтүстік ғұндарда кейінгі дәуірде Қытайдың әсерімен конфуцийлік ағымы таралады. Дипломатиялық қатынас хаттарда шаньюй өзін Көктің (тәңірі) улы деп атады. Ал Лаушан шаньюй кезінде бұл лауазым «көк пен жерден туған, ай мен күннің еркімен тағайындалған ғұндардың ұлы шаньюйі» аталды.
Ғұн әскері аумақтық белгі бойынша құрылды. Әр 24 әкімшілік аймақ белгілі бір әскер санын шығарды. Әскер аумақтық белгісі бойынша батыс және шығыс қанаттарға, ал сандық жүйе бойынша ондық, жүздік, мыңдық туменге бөлінді.
Мемлекеттік билік жүйесінде маңызды мәселелер бойынша ұжымдық шешім қабылдайтын ежелгі дәстүр сақталды. Жылына үш рет белгілі бір уақытта ғұндар көк рухы - Тәңірге құрбандық шалып, діни салтанаттар өткізді. Бұл жиын халық жиналысының өміріндегі маңызды мәселелер талқыланып, шешімін тапты.
Қорытындылай келе, ғұндар өздерінің ерекше өркениетін жасай білді және Орталық Азия мен Еуропада ерекше орын алды.