72.Бата сөздер Бата-фольклорды кіші жануарларының бірі.
Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады.
Бата арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлақ үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақта батаны көбінесе келешегі алда жас өспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуалылардың батасын алуды жақсылыққа санап, ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін.
Ендігі бір түрі – қонағасына, сойылған соғым басына, жиналған егінге, күздікке, жауын жаумаса тасаттыққа, түрлі жақсылықтарға арналып жасалған той-томалақтарға, берілетін асқа, садақаға сойылатын малдарға берілетін бата. Мұнда батаны жас өспірімдер, балалардың сұрауы шарт емес, үлкендердің де сұрай беруіне болады.
Қазақта батаның түрі тым көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі – «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды сары түсті шал бол», тағы бірі «бәледен сақта», -дейді.
Бата – негізінде намаздың соңына қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары сол дұғаның үлгісінде айтылатын түрлері. Оның бата берушіге байланысты ұзыны да, қысқасы да болады. Әрине, баталар да әр түрлі болады. Олардың қандай жағдайда қай түрі қолданылатынын аңғара білу керек. Олар – ел тірлігі, ұлттық намыс, азаматтық парыз, елдік тұтастық, берекелі бейбіт өмір, достық пен татулық, ағайынның адал көңіл ынтымағы мен бірлігі, жас отауға жақсылық, жорық-шерулерге аттанар сарбаздар мен сардарларға жеңіс тілеу, алыс жолға ат басын бұрғандарға сәттілік, өмір жолын жаңа бастаған өренге, жаңа туған нәрестеге ұзақ ғұмыр, өнегелі жол тілеу, мұсылмандық мұратына ұю, имандылық, әділеттілік, адалдық, елдік пен ерлік, дастархан берекесі. Ұзақ өмір, зор денсаулық, тыныштық, адамгершілік тағы басқалар жайында баталар түрін кездестіруге болады.
Бата-тілек сөздер қай дәуірде пайда болды дегенді тап басып айта қою оңай емес. Бірақ қалай болғанда да, бата сөздер – адамдар арасындағы ізгілікті қарым-қатынастың ежелден бергі жарқын белгісі ретінде көрініс тауып келе жатыр.
Бата-тілек жайында зерттеу жасаған филолог ғалым Ғалым Доскен фольклорлық бұл жанрға мынадай анықтама берген екен: «Бата сөз қазақ фольклорының дербес шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата сөз – халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктердің айғағы іспетті.» Демек, бата – қазақ фольклорының дербес жанры ретінде қарастырылатын, әрі поэзиялық өлшемдерге ие, мазмұны гуманистік сарындағы сөздер болып есептеледі. Осы тұрғыда бір ескерерлігі: бата-тілек сөздер тек қазақ халқында ғана бар деуге болмайтындығы. Бата-тілектер – әлемдегі бірталай халықтардың фольклорында бар үрдіс. Соның ішінде түркі халықтарында кеңінен тараған дәстүр десе де болады. Осы тұрғыдан алғанда, бата беру – әсіресе, көшпелі халықтардың барылығына дерлік тән десек дұрыс болады. Орта Азияның көшпелі халықтары қазақтар, монғолдар, қырғыздар, ауған даласындағы тайпалар арасында бата беру дәстүрі әлі күнге жойылмай, сақталып келе жатыр.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі фольклорлық туындылардың ғажайып үлгісі бата сөздер кеңес дәуірінде де үздіксіз жинақталып, ғылыми айналымға енгізілумен болғанына осы бағытта жасалған, көзге көрінерліктей еңбектер куә бола алады. Фольклортанушы ғалымдар бата сөздерді жинақтап, оларды жүйелеп, оқырмандарға ұсынып, ғылыми тұжырымдамалар жасады. Бата-тілек сөздер турасында алғаш қарастырған отандық ғалымдарымыздың қатарында алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты ұлт зиялылары тұр. Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында бата-тілектер, жоқтаулар, мақалдар т.б. көптеп жинастырғанын білеміз.Кейіннен бата сөздерді мұрағаттардан іздеп тауып, ел аузынан жинап сұрыптау, топтастыру, кітап етіп бастыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде толымды еңбектер дүниеге келді. Атап айтқанда, әр жылдары белгілі ғалым С.Негимовтің «Ақ бата», М.Исламжанұлының «Баталар», Қ.Ысқақовтың «Ақ бата», Н.Уәлиұлының «Бата-тілектер» жинақтары құрастырылып жарыққа шықты. Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілері толықтырылып жинақталуы нәтижесінде жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдық академиялық басылымға мақал-мәтелдер үлгілері топтастырылғанын білеміз.
Қазақ – қашаннан сөздің қадіріне жеткен, оны тыңдай білген, ұйыған халық. Сондықтан да батаның қазақ өміріндегі алатын орны ерекше. Қазақ халқы батаны жай ғана сөз ретінде емес, оны үлкен ғибрат көзі, рухани азық деп қабылдап, көңілге түйіп, жүрекпен екшей білген. Қазақ халқының сан ғсырлар бойы түзілген бай фольклорында тұнып тұрған байлығы – бабалардан жеткен бата-тілектер – олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгілік, адамгершілік дәстүрінің көрінісі, ғасырлар бойы данышпандық ой елегінен өткен, өмір тәжірибесінің жемісі. Бата-тілектер – қазақ халқының рухани жан дүниесінің паспорты. Жалпы алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінің қай-қайсысы түрін алсақ та, барлығы да халық өмірімен, өзіне тән тұрмыс-тіршілігімен, лайықты салт-санасымен, қалыпастқан әдет-ғұрпымен, тарихы барысында бастан өткерген сан алуан үлкенді-кішілі оқиғалармен тығыз байланыста екендігін байқаймыз.