Фольклор м.Әуезов – фольклортанушы


Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклортануы



бет39/76
Дата11.01.2023
өлшемі214,39 Kb.
#61005
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   76
Байланысты:
фк1

48. Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклортануы
Кеңес дәуіріндегі Қазақстанда фольклор үлгілерін жинау, зерттеу мәселесі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кең жолға қойылып, қоғамдық маңызы бар іске айналды. Партия мен үкіметтің бастауымен бұл жағдай қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің гүлденуіне әкеледі деп есептелді.
Қазақстан фольклортанушылары 1920 жылдарда халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап бастырады. Сөйтіп, бұл шаралар қоғамдық маңызы бар істің біріне айналады. Сондықтан да фольклорды жинау мәселелері сол кездің ғылыми съездерінің күн тәртібіне еніп, баспасөз бетінде ол жайлы пікір алысу басталған. 1920 жылдардан бастап фольклорды жинау ісі біршама реттеле бастады. Жинаудың қажеттігі жайында «Еңбекші қазақ», т.б. газеттерде мақалалар жарияланып, бұл шаруаны әжептеуір жандандырды. Мәселен, С.Мұқановтың «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» мақаласында ауыз әдебиетінің әрі бай, әрі әдемі екені; оны халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын жақсы білетін жыршыақындар шығаратыны; көрнекті өкілдері ретінде Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Ақан, Ыбырай тәрізді ақын, әнші, жыршылар есімдері аталған. Сондай-ақ олардың шығармаларын жинауға, жарыққа шығаруға шақырған.
Сонымен қатар А.Сегізбаев «Халық ауыз әдебиеті» мақаласында Б.Кенжебаев «Абай өлеңдерінің 1923 жылғы басылуы туралы» еңбегінде де фольклорлық шығармалардың негізі иесі халық екенін айта отырып, оларды жинауға шақырады.
Ғалым М.Әуезовтің «Халық әдебиеті туралы» мақаласында ел арасында фольклор үлгілері ұмытылып, жоғалмас үшін тез жинау мен жариялау қажеттілігі; ескілікті өлеңжырларды жастардың білмейтіні; фольклордың кәрі құлақты ескі кісілердің ғана жадында қалғанына көңіл бөлгізуі; оны әдебиетті білетін көзі ашық зиялылардың жинауы керектігі; жинағанда, ақындардың өлеңдері, өмірі, қай уақытта болғандығына т.б. қатысты мағлұматтарды да бірге беру шарты т.с.с жөнінде көкейкесті мәселелер көтерілген. ХХ ғасырдың Қазан төңкерісінен кейінгі бірінші жартысындағы Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ баспасөз беттерінде фольклорды жинау, жариялау, зерттеу мәселесіне келетін болсақ: бірінде кеңестік қоғамда фольклорлық мұраны пайдалану жөніндегі ой-пікірлердің үстем болғаны жария етілсе,екіншісінде, белгілі ғалымдар:
В.В.Радлов, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллиндердің т.с.с. ел арасынан жинаған фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқалары басылады. Ал, үшіншілерінде, баспа беттерінде қазақ фольклорын қалай тездетіп жинау қажеттігі жұмыстарының мәселелері көтерілді. Төртіншісінде, газетжурнал беттерінде жиналған фольклорлық мұраларды сараптау, зерттеу жұмыстары сөз болады. Бесіншісінде, баспасөз жүзінде фольклорды әрі жариялау мәселесі көтерілсе , әрі жарияланған фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқаларына қатысты сын пікірлер де беріліп тұрды.
Ауыз әдебиетінің мұрасын жинау мәселесі баспасөз жүзінде, әсіресе «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде талай рет көтерілген-ді. Дегенмен жинау жұмысының кең түрдегі бағдарламасы 1920 жылдардың бас кезіндегі Жетісу, Сырдария экспедицияларының істәжірибесінен кейін ғана барып жасалған. Мұндай бағдарлама жасауда Ә.Диваев елеулі еңбек етті. Ол экспедицияға қатысушы адамдарға арнайы нұсқау беріп, қазақтың фольклорлық шығармаларының Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі барлық жанрларын жинау жөнінде басшылық жасаған. Сондықтан да жинаушылар қазақтың халық поэзиясының ұсақ жанрларына дейін хатқа түсіріп отырған.
ХХ ғасырдың 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі газет- журнал беттеріндегі фольклортану мәселесіне келсек, оның басылым көрген фольклорлық үлгілерді хабардар етумен; халықтық мұраларды жинаушылар төңірегінде ақпараттар таратумен; фольклорлық, этнографиялық т.б. үлгілерді жинау қажеттігі мәселесі көтерілуімен көзге түсті. Бұл кезең ғылыми ізденістердің неғұрлым қарқынды жүргізілгендігімен де белгілі. Сонымен қатар 1920-шы мен 1930 жылдар аралығы– бір жағынан, Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорды жинаушылық жариялаушылық және зерттеушілік дәстүрдін әрі қарай дамуымен қатар, ішінара сапалық өзгерістерге де ұшырауы, екінші жағынан, заман, кезең өзгерісіне қарай Кеңестік идеологияның жаңа бағыттары дүниеге келе бастауы т.б. – бәрі сол кездегі Кеңестік қазақ фольклортану ғылымының даму өрісін негіздеді.
Көптеген мұражай құжаттары мен басылым беттерінен Кеңес үкіметі тұсында фольклортанушы ғалымдардың жаңа тарихи жағдайда фольклордың жекелеген жанрларын сараптауы өскені байқалады. Сол кездегі ізденушілік жұмыстардың көбі жаңа қоғамдық қатынастармен халық арасындағы жаңадан орныға бастаған салт-сана, дәстүр т.б. негізінде іске асырыла бастады. Осындай алмағайып уақыттағы фольклортанушылық жұмыстардың өзіндік ерекшелігі- бұл іске тек таңдаулы мамандар емес, сонымен қатар маман емес зиялылар, студенттер т.б. еңбек ұжымдарының жаппай тартыла бастағаны дер едік.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында фольклор мәтіндерін
жинау, көбінесе екі бағытта жүргізілді: бірі- бұл дәстүрлі фольклорды жинаумен қатар, Кеңес үкіметі саясатына сай делінген, «нағыз халықтық» делінген үлгілерді жиыстыру, оларды көбейтіп дабыралау болып табылады. Екіншісі- халық арасында, белгілі фольклорды жеткізушілердің жекелеген жанрды орындаудағы шеберлігі мен репертуарына т.б. көңіл бөлу өсті. Бұл тұста фольклорды жинаушылық қызмет жоспарлы түрде жүргізіле бастады және оған өзіндік ғылыми-зерттеушілік міндеттер қойылды. Елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік сипатта болған түбірлі өзгерістер өз кезегінде халықтың салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына т.б. үлкен ықпал жасағаны мәлім. Сол себепті де елде жоспарлы түрде ғылыми ізденістер қолға алынып, олар жергілікті жердегі халықтың өміріне, тарихына, тұрмысына, әдет-ғұрпына, халықтың шығармашылығына т.б. қатысты деректер жинауға деген белсенділікті тудырды.
1920 мен 1950 жылдар арасындағы жиналған фольклор материалдары, көбінесе хрестоматия үлгісінде басылым көріп отырды. Фольклорды жинау жұмыстарының тездетіліп жүріп, қажет делінген түсініктермен таратылуына сол кездегі баспа бетінде жарияланған түрлі мақалалар тізбегінің рөлі ерекше болды.
1930 жылдар – бұл қазақ фольклортану ғылымын дамуындағы ерекше кезең болып табылады. Мұнда көптеген ғылыми ізденістер бастамаларының негізгі қаланды. Фольклорды жинау жұмыстарының дамытылып, сапалы жүргізілуіне жаңа қадам жасалынды. Ғылыми фольклорлық экспедициялардың ұйымдастырылуына мүмкіндік кеңейді т.б. Осының негізінде фольклордың жан-жақты жиналуы, әрі түрлі жанр үлгілері қамтылуы жүзеге асып, қазақ фольклортану ғылымының мұрағаттық қоры жаңа нұсқалармен толықтырылып, байи түсті.
1920 жылдардың алғашқы кездерінде-ақ Қазақ оқу халық комиссариаты, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы сияқты бірнеше мекемелер құрылып, жұмыс істей бастайды. Қазақ халқының мәдениетін, тарихын, этнографиясын зерттеуге және халық ауыз әдебиет үлгілерін жинауға зер салынып, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. 1920 жылғы Сырдария, 1921 жылғы Жетісу экспедицияларына Ә.Диваев, А.В.Затаевичтер қатысады.
1920 жылдардың аяғына таман қазақ совет фольклорының қоры жасалып, Қазақтың ғылыми-зерттеу институтының қарамағына беріледі.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кеңес өкіметі тұсында қазақ фольклорының барлық жанрлары жиналды десек те, біраз халық үлгілері «кеңестік идеология» тарапынан қолдау таппағандықтан, өкінішке орай жиналмай қалды. Бұлар, көбінесе діни, ұлт-азаттық көтеріліс т.с.с. тақырыптары еді. Мәселен, тұрмыс-салт жырлары ішінен ескі діни наным-сенімге байланысты түрлері, яғни бәдік, бақсының сарыны, жарапазан т.с.с. жиналмаса, ал айтыс жанрынан өлі мен тірінің айтысы т.б. тәрізді үлгілері қағаз бетіне түскен жоқ. Ал, тарихи жырлар арасынан ұлт-азаттық көтеріліске байланысты «Кенесары-Наурызбай» сияқты нұсқалар жинаушылар назарынан тыс қалып отырды.
Сөйтіп, Қазан төңкерісінен кейін: фольклор үлгілері көптеп жинала бастады, мектеп, оқу орындары бағдарламаларына т.б. арнайы пән, факультативтік сабақ т.б. ретінде енгізілді. Сондай-ақ фольклор әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде зерттеле бастады. Ғылыми- зерттеу орталығы негізінде түрлі фольклорлық ұйымдар, қоғамдар, экспедициялар т.б. фольклорды жинау жұмыстарына тартылды. Белгілі дәрежеде ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымында фольклордың жиналу, өңделу, жариялану, зерттелу мәселесі баспа бетінде біршама қарастырылды. Сонымен қатар ол кезде фольклордың жеке-жеке жанрларына қарасты монографиялар, оқулықтар, т.б. жарық көрді. Қорыта айтқанда, Кеңес дәуірінде қазақ фольклорының ең көркем жанрлары барынша мол жиналды, зерттелді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет