Г.Р.Байзақова
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясының
колледжі оқытушысы,
Алматы қ., Қазақстан
Актерлік шеберлік
Өмірде адамдар көптеген рөлдерді тек сахнада ғана ойнап қоймайды,
Шекспир айтқандай, өмірдің өзі сахна, ондағы барлық адамдар актерлер.
Актерлік шеберлік адамға тек театр сахнасында немесе кинематографияда
ғана емес, өмірдің кез-келген жағдайында, мысалы, көпшілік алдына шығып
сөйлеуде болсын не болмаса бизнес тренингтерде және өзге де басқа
жағдайларда өте қажет.
Жалпы, актерлік шеберлік дегеніміздің өзі орындаушылық өнері
саласындағы кәсіби шығармашылық іс-әрекет. Театр сахнасында қандай да
бір рөлді ойнау барысында актер өзі сомдаған кейіпкеріне өзінің табиғатын
ұқсастыра отырып, сахна мен көрермен арасында байланыс орната білуі тиіс.
Техниканың қарыштап дамыған заманында көптеген адамдар күн ұзақ
компьютердің, көптеген мобильдік құрылғылар алдында өткізеді. Мұндай
өмір салтын ұстанушылар уақыт өте келе өзін белгілі бір нәрсеге басыбайлы
сезініп, өз көңіл-күйін басқара алмайтын, сонымен қатар адамдармен еркін
араласа алмайтын жағдайға жетеді, өз-өзіне сенімсіздік пайда болады.
Осының әсерінен, адам іштей апатияға ұшырауы мүмкін, өзінің ішкі сезімі,
көңіл-күйін, ойын сыртқа шығара алмайды және дұрыс жеткізе алмайды.
Адам көңіл-күйінің жабырқаушылығы оның тек сыртқы мимикалық
қозғалыстарына, сөзіне ғана емес, адамның ішкі жан-дүниесіне да кері әсерін
тигізеді. Мұның арты адамның көптеген ауруларға шалдығуына алып келуі
мүмкін. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адам бойындағы аурулардың
80-90% психо-соматикалық болып келеді екен. Сондықтан да, адам өзінің
көңіл-күйін үнемі басқара алу үшін актерлік шеберліктің тек актерға ғана
емес, жер бетіндегі кез-келген адамның қоршаған ортамен қарым-қатынас
орнатуда, түрлі келіссөздерде, қызмет барысында пайдасы зор болмақ.
Актерлік шеберліктің негізі – екінші бір түрге ену болып табылады.
Бұлайша қайта түрлену екі түрлі болады: сыртқы және ішкі. Өзіне бөлінген
рөлге дайындалу барысында актер белгілі бір мимика, жест, дауыс ырғағы,
жүріп-тұру тәртібін үйренеді, грим, маска, костюмдер көмегіне жүгінеді.
Қайта түрленудің сыртқы, ішкі болып бөлінуі шартты түрде болуы мүмкін.
Бұлар бір-бірімен өте тығыз байланыста болатын шығармашылық
процесстер, рөлді сомдау барысындағы әрекет, ой, сезім үнемі бірлікте
болып, кейіпкер образын ашуда басты роль атқармақ.
Актерге шын кейіпкер образын шын мәнінде ашу үшін актердің басқа
түрге енудің көптеген тәсілдерін меңгеруі тиіс. Константин Станиславский
актерлік шеберліктің негізгі элементінің екі тобын көрсетеді:
Бірінші топ – актердің өз-өзімен жұмыс жасауы. Бұл топтың
элементтеріне психофизиологиялық процесстер кіреді, яғни ерік, ақыл, сезім,
актердің ішкі және сыртқы актерлік мүмкіндіктері, назар салу, есте сақтау,
елестету, шындықты сезіне білуі, адамдармен қарым-қатынас қабілеті,
эмоционалды ес, ырғақты сезіне білуі, сөйлеу техникасы, пластика. Мұның
барлығын К.Станиславский актер шығармашылығының элементтері деп
атаған.
Екінші топ – актердің өзіне бөлінген рөлмен жұмыс жасауы. Актерлік
шеберліктің екінші тобының элементтері, актердің өз персонажының
образын аша білуімен байланысты. Станиславскийдің айтуынша, бұл топқа
шеберліктің екі түрі қатысты: ойнау шеберлігі және әсерлену шеберлігі [1].
Актер тек өз персонажын ойнап шыға салмайды, ол өз онымен бірге
ойланады, елестеді, яғни шығармашылық процесске толықтай енеді.
Актердің шынайы келбеті төмендегідей төрт негізгі элементтен тұрады:
1. Сахнаға назар аудару (белсенді түрдегі зейін қоюшылық).
2. Сахнадағы еркіндік (өзін-өзі еркін сезіне білу).
3. Сахналық сенім (алдағы жағдайды дұрыс бағалай білу).
4. Сахналық әрекет (әрекет етуге деген ұмтылыс).
Әрине, актерге сахналық өнердің барлық қағидаларын бірден меңгеру
мүмкін емес, ол үшін адам үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Болашақта
актер болғысы келетін жастың бойында аз да болса өнерге деген құштарлық
болуы тиіс. Фаина Раневская бірде былай деген екен:
«Маған бір күні хат келді, онда былай жазылған «Маған актер болуды
үйретіңізші...». Былай деп жауап бердім: «Алла көмектеседі».
Қай актер болмасын, оның алғашқы рөлі ерекше болады, осы арқылы
актер болашаққа үлкен қадам жасайды. Одан кейінгі сахна өнеріндегі
актердің үлкен сұранысқа ие болуы өзіне байланысты.
Белгілі театртанушы Ә.Сығай актерлік өнердің қазақ халқында сонау
ерте кезден-ақ салт-дәстүр рәсімдерінен бастау алғанын айтады. Оның
айтуынша, актер мен образ бірігіп кеткендей әсер қалдырса, онда кейіпкерді
сомдау шынайы болмақ. «Қоңқайды Серке Қожамқұлов ойнайтынын
жұрттың бәрі біледі. Бірақ, Қоңқай – Серке сахнаға шыға келгенде көрермен
өткен ғасырда өмір сүрген түйсіксіз надан Қоңқайға деген ызасы мен
мүсіркеуін жасыра алмайды, өйткені сахнада Қожамқұлов емес, Қоңқай
тұрады» [2, 36]. Актерлік өнердің тағы бір тамаша үлгісі «Қыз Жібек»
фильмі. Ондағы Бекежан – Асанәлі Әшімовтің образды шынайы сомдауы
мынадан көрінеді, фильм көрермендерге жол тартқаннан кейін, А.Әшімов бір
ауылға барған көрінеді. Сол ауылдың үлкен әжелері «Әй, мынау әлгі
Төлегенді өлтірген Бекежан емес пе...?» деп бетіне түкіріп жіберген көрінеді.
Міне, шарықтау шыңына жеткен актерлік шеберліктің нағыз үлгісі!
Актерлік өнердің келесі бір негізгі түрі – тапқырлық. Адам санасының
құпиясы көп, көңіл-күйі құбылмалы болып келеді. Актер жаттаған сөзін дәл
көрермен лық толған залда ойнау үстінде ұмытып қалуы мүмкін. Осындай
жағдайда, актердің тапқырлық шеберлігінің көмегі зор болмақ. Бұған мысал
ретінде, тағы да А.Әшімовті алсақ, Бекежан рөлін ойнап жүрген актер кезекті
бір көріністе даусының жетпей қалатынын байқап, әнді шырқай кетудің
орнына қарқылдап күліп жібереді де, әрі қарай нотадан шықпай әнін
жалғастыра береді.
Қазақ сахнасында шынайы актерлік шеберлікті өмірдің өзі үйреткен
актерлер аз емес. Бір спектакльде жас адам бен қарт кісінің рөлін қатар
сомдайтын не болмаса түрлі жан-жануарлардың даусын айнытпай келтіретін,
әнді де салатын, биді де билейтін қазақ сахнасының жауһарлары
Қ.Қуанышбаев, И.Байзақов, Е.Өмірзақов т.б актерлік шеберліктің жарқын
көрінісі болып қалмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Станиславский Константин Сергеевич. «Мир Шекспира» электрондық
энциклопедиясы.
2. Қазақстан энциклопедиясы. Алматы, 2005.