Дипломдық жобаның бұл бөлімі ҚР заңдарына сүйеніп жасалған. Нақтылайтын болсақ:
а) ҚР Еңбек кодексі 2007 жыл 15 мамыр №252-IП
ә) Қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың тізбектерін тексеру тәртібін «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» ҚР 2014 жылғы 11 сәуіріндегі заңына сәйкес өнеркәсіптік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мүдделі орталық атқарушы органдарымен бірлесе отырып, олардың құзыреті шегінде авариялардың себептерін тексеруді жүргізеді.
б) Азаматтық қорғау туралы ҚР-ның 2014 жылғы 11 сәуіріндегі №188-V заңы
Мұнай мен газды жинау, дайындау және тасымалдау үшін айырғыштар, резервуарлар, сораптар, мұнай және газ құбырлары қолданылады. Айырғыш жұмыс кезінде келесідей қауіпті сәттер болуы мүмкін:
-сақтандыру клапанының болмауына немесе оның дұрыс реттемеуіне байланысты қысымның шектік мөлшерден асуы және айырғыштың жарылуы;
-айырғыш айналасында жарылғыш ортаның пайда болуы;
-жөндеу, монтаждау жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге арналған құралдар болмаған жағдайда жұмысшылардың биіктен құлау мүмкіндігі;
-айырғыштар аумағының мұнаймен ластануы салдарынан болатын өрт қауіптілігі;
Мұнайды жинау және сақтау үшін болат резервуарлар қолданылады. Мұндағы ең үлкен қауіп-өрт және улану мүмкіндігі. Сонымен бірге апатты жағдайларда мұнай булары мен газдардың жарылысқауіпті және токсикологиялық концентрациясы түзілгенде қауіпті сәттер туады.
Мұнай және газ құбырларына қызмет көрсету кезінде жарылатын қоспалардың пайда болу және мұнай булары мен газдан улану қауіпі болады. Құрамында күкірті бар мұнайларды тасымалдайтын құбырларды тазарту әсіресе қауіпті, себебі тазалау кезінде бөлінетін газдар организмге кері әсерін тигізеді.
Мұнайды дайындау қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіптер негізінен үлкен қысымдармен, температуралармен, электр тоғының үлкен кернеуімен, мұнай өнімдері мен химиялық реагенттердің қасиеттерімен анықталады. Оларға байланысты кәсіпшілікте жарылыс, өрт, электр тоғымен зақымдану,күйіп қалу және улану қауіпі сақталады. Сонымен бірге өндірістік канализация құдықтарынан бөлінетін мұнай буы мен газдар да улануға әкелуі мүмкін. Мұнай қыздыру пештеріне қызмет көрсету кезінде от жалынына, ыстық мұнайға немесе буға күйіп қалу қауіпі бар.
Айтылғандарға сай еңбек етудің қауіпсіз шарттарын қамтамасыз ету мәселелерінің көлемі ұлғаяды. «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері күнделікті жұмыстарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша нормативтік құжаттарды және Қазақстан Республикасының басқа да нормалары мен қағидаларын басшылыққа алады. Жұмысшыларга арнайы киім уақытымен беріледі және объектілер техника қауіпсізді бойынша плакаттармен қамтамасыз етілген.