Геополитика – империалистік буржуазияның отарлық езгі мен экономикалық экспансияны, агрессияшыл соғыстарды жақтайтын саяси доктринасы. Геополитиканың теориялық негізі буржуазиялық социология мен географиялық бағыттың әлеуметтік дарвинизмі мен мальтусшілдік ілімі. Геополитиканың негізгі мақсаты – географиялық ортаны құдіретке балау, империалистік мемлекеттер саясатының түпкі мәнін гоеграфиялық факторлар негізінде анықтау. Геополитика идеялары тұңғыш рет 1-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңында шыққан неміс географы Ф.Ратцельдің еңбектерінде кездеседі. Ол мемлекетті «өмірлік кеңістік» үшін күрес жүргізетін әлеуметтік организм деп түсіндірді, ал «Геополитика» деген терминді швед мемлекеттік мәселелерін зерттеуші Р.Челлен енгізген. «Геополитика» журналының төңірегіне топталған неміс социологтары мен экономистері және географтары бұл доктринаны саналы түрде герман фашизміне бағынышты етті. Герман империалистері агрессиялық саясатында геополитиканы неміс халқының «өмірлік кеңістікті» иемдену жолындағы «заңды күресі» деп қабылдады. Геополитика идеялары фашизмнің ұлттық-шовинистік және нәсішілдік теориясымен ұштасып жатады. АҚШ пен басқа елдердің империалистік топтары 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Геополитиканы қайтадан жандарды. Қазір Геополитика жоғары дамыған империалистік мемлекеттердің экономикалық және саяси-соғыстық экспансиясына идеологиялық негіз ретінде қызмет етіп отыр. Геополитиктер географиялық факторлардың ұқсас болуы салдарынан цивилизация типтерінің бірлігіне сүйене отырып, мемлекет аралық экономикалық бірлестіктердің қажеттігін дәлелдеуге, сондай-ақ дүниежүзілік социалистік жүйе мен жаңадан дамығын елдерді капиталистік елдерге қарсы қоюға тырысады. өздерінің экономикасы мен әскери күшіне сүйенген американ геополитиктері қазіргі кезде империалистердің агрессияшыл соғыстар жүргізіп, өзге халықтардың өміріне қол сұғуын арашалап қолдайтын «саяси географиядағы геобальдық тәсіл» деген принципті ұсынады.