Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі процесінде гимнастиканы қолдану. Негізгі гимнастиканың маңызы. Жалпы дамытатын жаттығулар. Сапта тұру жаттығулары. Мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбие жұмысында жоғарыда аталған гимнастиканың барлық түрлерінің ішінде мыналар қолданылады: негізгі гимнастика, емдеу (қалыптастыру) гимнастикасы және гимнастиканың негізі түрі ретінде массаж.
Негізгі гимнастиканың маңызы балалардың денесін жан-жақты дамыту, организміндегі функциялық процестерді жақсарту, денсаулығын нығайту үшін оның тиімділігінде болып табылады. Негізгі гимнастикаға кіретін жаттығу тұлғаның дұрыс қалыптасуына, дағдылы қимыл-қозғалысқа, қозғалыстың жалпы үйлесімі мен дене қасиетінің дамуына әсер етеді.
Негізгі қозғалыстар-жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу және тепе- теңдікті сақтауды дамытатын жаттығу жасау. Бұл жаттығуларды алда тұрған міндетке байланысты үлкенді-кішілі дене тәрбиесі құралдарын (дөңгелек, құрсау, секіріп ойнайтын жіп, доп, өрмелейтін мінбелер, лақтыру үшін қажетті нысаналар, секіруге арналған бағаналар, т.б.) пайдалану арқылы жүргізуге болады.
Жалпы денені дамытатын жаттығулар бұлшық еттердің жекелеген топтарын дамыту және нығайту, тұлғаны дұрыс қалыптастыру мақсатында қолданылады. Жаттығу организмге жалпы физиологиялық ықпал жасайды және қозғалыстарды үйлестіруді, кеңістікте бағдарлай білуді жетілдіруге көмектеседі. Ол жаттығулар жалаушалар, таяқшалар, дөңгелек құрсаулар, ленталар, т.б.құралдармен және құралдарсыз да орындалады.
Сапта тұру жаттығулары - сапқа тұрғызу (шеңберде, тізбек-сапта, қатарлы-сапқа т.б.), сапқа қайта тұрғызу (бір тізбекті саптан екі, үш, төрт тізбекті сапқа, қатарлы сапқа және с.с. тұрғызу), жан-жаққа бұрылу (оңға, солға, кері қарай), саптың созылып, сиректеуі және тұтасуы, кеңістіктегі барлық қозғалыс әртүрлі сапқа тұрғызуда және бытыраңқы (сабақтарда, ертеңгілік гимнастикада, көп қозғалысты ойындарда, қол ұстасып әндетіп билейтін ойындарда, мереке салтанатында, қыдыру, экскурсия кезінде) пайдаланылады. Кішкентайлар мен ортаңғы топ балалары кеңістік терминологиясын затқа қарай бағдарлау арқылы қабылдайды: «Tерезеге қарай оңға бұрылыңдар!» Ересектер тобында бағдарлаусыз: «Диагонал бойлап-марш!», «Қарама-қарсы жаққа тізіліңдер!», «Бірінші звено-оңға, екінші-солға марш» және с.с. 5-6 жасар балалардың кеңістік терминологиясын меңгеруінің қолайлылығы және өз бетінше пайдалануын эксперимент арқылы (Э.Я.Степаненкова) анықтаған. Осы жаттығуларды орындау барысында балалардың кеңістікте бағдар ұстауы, ұжымда әрекет ету үйлесімділігі (әртүрлі тапсырмаларды жалпыға ортақ қарқында және өзара байланыста орындау) қалыптасады. Сапта орындалатын жаттығулар балалардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ықпал жасайды. Олар әртүрлі заттармен орындалуы, әнмен, музыкамен, ұрып ойнайтын аспаптармен (даңғыра, барабан) сүйемелденуі мүмкін. Негізгі қозғалыстар, денені жалпы дамытатын және сапта жүріп жасайтын жаттығулар дене шынықтыру және музыка сабақтарында, сондай-ақ ертеңгілік гимнастикада жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасындағы гимнастика жөніндегі барлық материал әрбір жастағы кезеңнің ерекшеліктерін ескере отырып, әр жастағы топтың өз ішіндегі, сондай-ақ олардың арасындағы қиындықты біртіндеп өсіру арқылы орналастырылған. Бұл жаттығулардың бәрі балалардың тұлғасын дұрыс қалыптастыруға, зейінділігін дамытуға, кеңістікте бағдарлай білуге, келісімді әрекет жасауға, тәртіптілікке көмектеседі.
Негізгі қозғалыстардың маңызы. Негізгі қозғалыстар-бұл адам үшін өмірлік қажетті қозғалыстар, адам бұл қозғалыстарды: жүруді, жүгіруді, секіруді, лақтыруды, өрмелеуді өзінің сан алуан қызметінде қолданады, бұл қозғалыстардың тұрақты, қажетті компоненті тепе-теңдік сезімі болып табылады. Негізгі қозғалыстар динамикалық сипатқа ие. Олар бұлшық еттердің көптеген бөлігін әрекет етуге қатыстырады және барлық физиологиялық процестерді жандандыра отырып, бүкіл организмнің тіршілік қызметін арттырады. Сөйтіп негізгі қозғалыстар баланың денесінің дамуына, денсаулығының жақсаруына жағдай жасай отырып, органимге тұтастай әсер етеді. Жүйке жүйесінің реттеуші қызметі негізгі қозғалыстардың жетілдірілуін айқындайды. Сонымен бірге кері тәуелділік жүйке жүйесінің қызметін жаттығудың әсерімен жетілдіру де байқалады. Мақсатты басшылық жасау жағдайында негізгі қозғалыстарды дамыту психикалық процестерді: таным процесін-зейінділікті, қабылдауды, ойша болжауды, көз алдына елестетуді, ойлауды; жігерлілік процесін-назар аударуының жинақтылығын, бала танып білген әрекеттердің мақсаттылығын, өз әрекетін үйлестіре білуін, жалпыға бірдей міндетті бірлесіп орындауын; эмоциялық процесін-жалпы өмірлік көңіл күйді өсіруді, сезімталдыққа, мүдделілікке және өз іс-әрекетіне белгілі бір көзқарасқа баулуды қалыптастырумен байланысты.
Негізгі қимыл-қозғалыстар баланы түрліше бағдарлай білуге тәрбиелеуге: кеңістікте-қозғалыс бағытын, заттың алыстығы мен тұрған орнын, заттардың кеңістіктегі арақатынасын бағдарлай білу, көзбен бақылап білуді дамытуға; уақыт жөнінде-жаттығулардың орындалу ұзақтығын және олардың жеке фазаларының дәйектілігін, қозғалысты белгіленген немесе жеке қарқынмен орындауды бағдарлауға; ұжым арасындағы қозғалыс кезінде бағдарлауға-қайта сапқа тұрғызу және барлық топты сапқа тұрғызу кезінде, балалардың арасында бытырап жүріп келе жатқан кезде өз орнын табуға көмектеседі. Мұның бәрі өзін қоршаған ортаны ескере білуге және соған сәйкес мақсатты түрде әрекет етуге тәрбиелеуге көмектеседі.
Негізгі қимыл-қозғалыстар эстетикалық сезімдерді тәрбиелеуде де маңызды: олар тұлғаның әдемі де дұрыс қалыптасуына, қозғалыстың дәл, әсем әрі үйлесімді болуына, ұжымда әрекет ете білуге және кеңістікті толық пайдалануға көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |