1
Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және саясаттану
факультетінің аға оқытушысы
www.enu.kz
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ – ҰЛТТЫҚ РУХ ЖАРШЫСЫ
Биыл өткен ғасырдың басында қазақ даласына тарап, әрбір қазақтың
бойына ұлттық рух қалыптастыруға атсалысып, елдік мәселелерді көтеруде
табандылық танытып, нағыз халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген «Қазақ»
газетінің шыққанына ғасыр толмақ.
Қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым - Қазақ газеті - 1913-1918
жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрды. №1 номері 1913 жылы 2
ақпанда шыққан.
1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шығып отырған бұл
басылымның бастырушысы - «Азамат» серіктігі болды. Жалпы 265 нөмірі жарық
көрген «Қазақ» газетіне қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа
Оразайұлы бар еді. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл - қазақ
ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп
жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері
таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан
күзетшісі болсын» деп жазды.
«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы - А.Байтұрсынұлы,
оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы
басқарды. Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай,
Мұхаметжан Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Мұсағалиев, Ғ.Қараш,
Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев,
Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы т.б.
авторлардың мақалалары жарияланып тұрды.
Ұлт тұтастығын басты орынға қойған «Қазақ» өзінің шығу тарихында қилы-
қилы кезеңдерді бастан кешіре отырып, халықтың асыл арманын, көкейіндегі
ойын терең ұғына білді, ақиқат пен әділдіктің төрешісі, ұлттық рух жаршысы
болды. Басылым ұлт мүддесі жолында қоғамдық сананы қалыптастыру мен
дамыту жолын, ұлттық мәдениет ағартушылықтың жүгін өрге сүйреу мақсатын
ұстанды. Ұлт тарихымен бірге жасасып, саяси-әлеуметтік өмірдің қайнаған
ортасынан табыла білді. Газеттің арқасында ел тағдырына байланысты қыруар
мәселелер шешімін тапқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ұлт мүддесін
асқақтата көтеріп, ақ-адал сөйлеуді ең қасиетті борыш санаған аталмыш басылым
алғаш жарық көрген күнiнен бастап қазақ даласының қоғамдық-саяси және
мәдени өмiрiне бес жылдан аса қызмет еттi. Және өзiнен бұрынғы
басылымдардың бiрi де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының
2
сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бiрiншi жылы 3 мың
таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университетi
зерттеушiлерiнiң мәлiметiне қарағанда, көп кешiкпей 8 мыңнан асып жығылды.
Бұл өзiнен бұрынғы басылымдардың бәрiн қосқанда да көп болады. Егер «Серке»
мен «Қазақ газетi» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың
арасынан шыққан бiр азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ
және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газетi тиянақты мақсат-мүдденi
көздеп, тұрақты қаржыландыру көзiне сүйенген ұжым едi.
Басылым ұжымы дерлік өздерін нағыз ұлт азаматы екендіктерін танытқан
қайраткерлер болды. Ұлт басылымында әр кезеңде жалынды публицистердің
үлкен шоғыры тәрбиеленіп, туған халқының жарқын болашағы, ұлттың асыл
мұраттары жолында семсер сөздің құдіретін паш ете білді. «Қазақ» газетінің
шығуы халқымыздың мәдени-ағартушылық өміріндегі аса елеулі, ғажап құбылыс
болды. Ол алғашқы санынан бастап-ақ өзінің бастағы діттеген бағыты – ұлттық
мәдениетті көтеру мәселесін қайта темірқазық етіп алғанын байқатты.
Газеттің үлкен рухани серпіліске түскен жылы он алтыншы жылдар болды.
Сол жылдарда басылым бетінде қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, ұлт мектептерінің
аянышты халі жөнінде аса маңызды мақалалар басылып, жұртшылық пікірі кең
көлемде көрініс тапқан еді. Өзекті ұлттық мәселелер газет бетінде дамылсыз
көтеріліп жатты.
«Қазаққа» дейін елімізде бірнеше басылымдар шықса, олардың нақты
тұрақты қызметкерлері, редакциясы болмаған, ал аталған газеттің әр аймақтарда
тұрақты тілшілері жұмыс істеген, солар ел-елден, жер-жерден хабарлар беріп,
ұлттық мәселелерді көтеруге атсалысқан. Сонымен бірге, ол «Қазақтың» «Айқап»
сияқты басқа басылымдармен кейбір мәселелер бойынша пікір таластырып
халқымыздың көзін ашып, саяси көзқарасын қалыптастыруға қызмет еткен.
Сол кезде «Сарыарқа», «Ұран», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Балапан»,
«Абай», «Айқап» сияқты басқа да басылымдар шыққанымен, солардың арасында
«Қазақ» газетінің ұстанған бағытының ерекше болған, ол Алаштың үнін
бағамдайтын басылымы, үнжариясы, мемлекетшіл газеті ретінде халыққа қызмет
еткен, егер «Айқапты» татар зиялылары қаржыландырса, «Қазақ» Алаш
зиялыларының көмегімен шыққанын айтты. Сондай-ақ, «Қазақ» ұлт мүддесін
қорғай жүріп ешбір халықты шет қақпай, Петербургтегі орыс зиялыларына да
орын беріп, көңіл айтуларды жариялап тұрған. «Қазақ» газеті ұлттық бағытты
ұстанса да ешуақытта ұлттық шектеушілікке бармаған. Мұның да мағынасын
түсіне білуіміз керек.
1916 жылғы оқиғадан кейін қырғыздар Қытай асып кетеді. Сол уақытта
«Қазақ» газеті қырғыздарды елге алып келіп, қайта қоныстандыруды қолға алды.
Яғни қырғыз халқының тұтастығын ойлаған.
XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың,
шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың
ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл
газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты.
3
Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым жаңа
қазақ тiлiнде шынайы кәсiби газет стилiн қалыптастырды, зор ағартушылық рөл
атқарды.
Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетiн шығаруға
ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы күнi
берiлген. Ал апталық «Қазақ» газетiнiң алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-
сiнде жарық көрдi де, 1915 жылдан аптасына екi рет шығатын болды. Газет
қолдан қолға, ауылдан ауылға өтiп, тозып жетiп жыртылғанша оқылды. Оны сол
заманда Дала және Түркiстан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға
бөлiнген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» газетi, 1913 жыл, № 8) Қазақстанның
түкпiр-түкпiрiндегi жұрт жаздырып алды. «Қазақ» газетiн метрополияның
Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскiге дейiнгi университеттерiнде бiлiм
қуып жүрген қазақ студенттерi жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседi. Аз
уақыт iшiнде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпендi халықтың көпшiлiгi бiлетiн
басылымға айналды.
Оксфорд университетiндегi Орталық Азияны зерттеу қоғамының пiкiрiнше,
«Қазақтың барлық маңдайалды жетекшiлерi оның («Қазақ» газетiнiң)
қызметкерлерiнiң арасында жүрдi, оның iшiнде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы,
Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.Х.Жүндiбайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы
басқалар бар...». «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерiнiң қазақ тарихы, қазақ
фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерiн жариялады. Жалпы «Қазақ»
газетi өте жоғары ғылыми деңгейге жеттi» деп есептейдi Оксфорд
университетiнiң зерттеушiлерi. Әйтсе де «Қазақ» газетiнiң құрылтайшылары
ағартушылықпен қатар, негiзi 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған
саяси мақсаттар мен мүдделердi де, оның iшiнде стратегиялық мақсаттарды
жүзеге асырғысы келдi. Петицияда көрсетiлмеген маңызды мүдденiң бiрi -
газеттiң атауы. Ол туралы «Түрiк баласы» газеттiң екiншi санынан бастап «Қазақ
тарихы» айдарымен жарияланған тiзбектi мақаласында былай деп жазды:
«...Бiздiң қазақ өзiнiң атынан айырылып, қырғыз атанып жүрмекшi емес.
Қияметке шейiн қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ
көзiн ашып, бетiн түзесе, өзiнiң қазақшылығын жоғалтпағандай және өзiмiздiң
шарқ әдетiне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениетi» (Казакская культура) құрып, бiр
жағынан «Қазақ әдебиетi» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын
сақтамақшы» (Түрiк баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газетi, 16 ақпан, 1913 жыл, №
3).
«Қазақ» пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзiмге
жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар:
- Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және
сайлану құқығын қалпына келтiру;
- Келiмсектердi қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және
тәркiленген жерлердi қазақтарға қайтарып алып, меншiктi жерi ретiнде
заңдастыру;
- «Ауыл мектептерiне қазақ әлiппесiн енгiзу, осы мектептерде балаларды
ана тiлiнде оқыту» және «Болыс кеңселерi мен халық соттарында iсқағаздарын
4
қазақ тiлiнде жүргiзу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына
төтеп беру;
- Дала өлкесiне заң жүзiнде земство (жергiлiктi басқару) тетiгiн енгiзу мен
дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетiнiң негiзiн салуды бастау;
- Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы мiндеттеу, сол арқылы
қазақтар үшiн қазiргi заманның әскери iлiмi мен қару-жарағына жол ашу.
Ал «Қазақ» газетi мен оның құрылтайшыларының көздеген түпкiлiктi
мақсаты - қазақтың ұлттық мемлекеттiгiн қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан
өзiнiң «Қазақтар» очеркiнде атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрi
негiзiнде «батыс мәдениетi жүзеге асырылуға тиiс» болатын.
Алдына мiне, осындай мақсат-мүдделердi қойған «Қазақ» газетi мен оның
құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билiк дәуiрiнде қантөгiссiз күрес
жолымен жетуге ұмтылды. Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға
білген «Қазақ» газеті Кеңес өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан
алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылып, көп
ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-
сүргін кезінде атылып кетті.
Осылайша «Қазақ» жабылғанмен, оның басты мақсаты орындалып, ақиқат
пен әділдіктің төрешісі ретінде ұлттық рухтың жаршысы болып ел жадында
мәңгілік жаттала бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |