Түйін сөздер: өмір шындығы, ұлттық мінез, феномен, мотив, идея, авторлық позиция, психологизм.
Бүгінгі таңда уақыт талабына сай әдеби жанрлар ішіндегі оқылуы жағынан ұтымдысы әңгіме
жанры екені талас тудырмайды. Әлемді жайлаған жаһандану үрдісінің талабы да осыны көздейді.
Яғни бүгінгі оқырман ықшамдылық пен жинақылық, образдылық сипаттарымен ерекшеленетін,
көпсөзділіктен ада әдеби туындылардың жарық көруінен үміт етеді. Бүгінде оқырманның өзі
шығармашылық иелерінен таңдап, талғап алған тақырыптарын қазіргі өркениетті, заманауи
көзқараспен пайымдауын қалайды. Себебі бұл заңдылық көркем шығарманың әрі қарайғы тағдырына
ықпал етіп, оқырманның ықыласына бөленуінің басты кепілі болмақ.
Жалпы қазақ топырағында Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов бастаған
классикалық әдебиет үлгілерінің дәстүрлі жалғасын бүгінгі талап тұрғысынан бағамдап, заманауи
поэтикалық орамдармен ұштастыра, сабақтастыра зерделеген талантты жазушылардың бірі –
Несіпбек Дәутайұлы.
Прозалық туындылардың кіші жанры – әңгіме Несіпбек Дәутайұлы шығармашылығының
темірқазығы тәрізді. Қаламгердің шығармашылық лабораториясында өмір шындығын, заман
тынысын танытатын әңгімелері мол, әрі ол туындылар тақырыптық-идеялық жағынан әр алуан.
Қазақ әдебиеттану ғылымының атасы А.Байтұрсынұлының әдебиеттің эпикалық тегін ұсақ әңгіме,
ұзақ әңгіме (повесть), ұлы әңгіме (роман) деген түрлерге жіктеп, «Ұсақ уақиғаның бірден-ақ ұлы уақиғаға себеп болатын жерлері де бар. Үлкен үйге кішкене кілт жол ашатын сияқты үлкен іске көбіне кіші іс кілт болады. ...Ұсақ уақиғадан ұлы уақиға тууы ықтимал болғандықтан ұсақ істің бәрін ұсақсыну керек емес» [1. 201-б] – дегеніндей, жазушы Н.Дәутайұлының қаламынан көркем
мазмұнды, компоненттік құрылысы келісті әңгімелермен қатар «Құдірет пен қасірет» атты «ұлы
әңгіме» – роман да туған.
«Әңгіме жазуда жеке дауыста ән салуға ұқсас өнер ...әңгіме жанрында да жазушы жетістігі мен кемістігін жасыра алмайды» [2, 229-б] – деген белгілі әдебиет сыншысы С.Әшімбаев
тұжырымы әңгіме жанры табиғатының күрделілігін, қаламгерге едәуір шығармашылық жүк артатын
айғақтайды.
Б.Майлин салған соқпақпен келе жатқан қазақ әңгімелерінің көркем үлгілері туындыгер
Н.Дәутайұлы шығармаларында соны жаңашылдықпен, ұлттық колоритінің басымдығымен ерекше
көркейе түседі.
Иә, қазақ қаламгерлері азаттықтың арқасында әдебиетте де ақиқатты айтуға батыл қадамдар
жасады. Жазушы Н.Дәутайұлы шығармаларында бүгінгі өмірдің күнгейлі, көлеңкелі тұстарын
бүкпесіз ашық көрсете білді. Көрнекті ғалым Ш.Елеукенов: «Азат сана туған әдебиетіміздің еркін 145
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж. тынысты дамуы үшін болып көрмеген мүмкіндік ашып отыр. Тілінен кісен алынған рух бізге бұған дейінгі қараңғыны жарық қылады, білмегенімізді білгізеді, сезбей келгенімізді сездіреді», – [3. 7-б]
деп тәуелсіздіктің бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелеріне қазақ қаламгерлерінің көркемдік шешімі
қаншалықты әсер еткенін бағамдайды.
Ата-бабамыз аңсап жеткен егемендік қазақ әдебиетіне тың серпіліс берді, нәтижесінде кең
тынысты көркем шығармалар дүние жарығын көрді.
Мәселен, Н.Дәутайұлы «Көгілдір көйлекті келіншек», «Бір қияр, екі жұмыртқа, Ботабай», «Шал»
т.б. әңгімелерінде қоғамдағы шегіне жеткен азғындықты бүркемелеусіз, ғаламат шынайылықпен
суреттейді. Жазушының таңдаған тақырыбының өзі еріксіз назар аудартады. «Өнеш, Комбинатор,
алжапқыш», «Айғыркісі», «Лениннің мойнына мінген адам», «Өзеннің арғы жағы, бергі жағы» т.б.
туындыларының тақырыбы оқырман қызығушылығын бірден оятады.
Автордың қазақы мінез, ұлттық нақышпен тамаша өрілген әңгімелерінің ішіндегі шоқтығы биігі –
«Айғыркісі». Әңгімеде қазақ танымында ерекше қастерлі жылқы малына тән тектілік баяндалады.
Дүниенің соңына түскен ашкөз әкенің қылығы жалғыз ұлдың ажалына себеп болады.
« – Бұл жерде мен үшін еш қызық қалмады. Әкем, мені қалаға алдап жіберіп, қаратөбелімді сатқанда, сіз оны тоқтата алмадыңыз. Сіздер біреуді-біреу өлтіріп жатса да, ара-тұрып аман алып қалуға бел шешіп, білек сыбанып кіріспейсіздер. Тек құры сөз. Әрекет жоқ. Өкінішті, көке, өкінішті... Мен кетіп барамын, көке. «Айғыркісімді іздеймін» [4. 356-б.] Шығарма кейіпкері бозбала
Жалғастың ашына айтқан ызалы сөздері тек көкесіне ғана емес, бүкіл қоғамға қарата айтылғандай
әсер қалдырады. Парасатынан пенделігі басым бүгінгі қоғамдағы «балапан басымен» күйкі тірліктің
соңында әлекке түскен адамдардың бетпердесін сыпырады.
Жалпы қазақ үшін төрт түліктің ішінде осалы болмағанымен, жылқы малын ерекше қастерлеген.
Қазақ тұлпар біткен арғымаққа қиянат жасамаған, жануардың киесінен қорыққан. Қазақ әдебиетінде
дала арғымақтарына арналған шығармалар да аз емес. Мәселен, поэзиядағы «Құлагер» мен қазақ
эпостарындағы батырлардың жан серігі болған сәйгүліктерді айтпағанда, Қ.Жұмаділовтің
«Қозыкүреңі», Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Абсент» сынды Н.Дәутайұлының бұл туындысы да
прозадағы тұлпарлар бейнесін сомдаған шоқтықты шығармалар қатарынан орын алады.
Қазақ философиясындағы жылқының ерекше жаратылысын әңгімедегі мына эпизодтан аңғарамыз:
«Кенет кер бие басын кегжең еткізіп, пысқырынды. Ауыл зиратының тұсына келіп қалыпты. Зират арасында жалғыз жылқының сұлбасы анадайдан көрінді. Жақынына құран бағыштап отырған біреу шығар деген. Таяп келгенде байқады, жылқы ер-тұрмансыз. ...Е, құдай мынау... Ия, сол, «Айғыркісі ғой. Осыдан бір жеті бұрын жерленген Бұлдидың боздағының жас қабірінің темір қоршауына тұмсығын тіреп үңіліп тұр... Отағасы дағдарды: Япыр-ай, бұл сонау Таластың қайсыбір түкпіріндегі қырғыз ауылынан қалай келді. Келсін-ақ, қашып, алайда мына жас қабір басында тұрысы... Жылқының... Жылқының да адам секілді аза тұтып... Нендей құдіреті бұл, Жаратқан иенің...» [сонда, 330-б]
Ежелден ер Түріктің ұрпағы қазақ ұғымындағы «жылқы мінезді» деген образды тіркестің мәні де
осында болса керек. Бұл – қазақ халқының тектілігінің бір ұшы жылқымен байланысты екендігінің
көрінісі.
Осы жерде шығарманың фабуласына қысқаша шолу жасасақ, әңгіме ағайындылардың үлкені
Есқұл қарттың атынан баяндалады. Есқұлдың інісі Бұлди нарықтық заманның қыр-сырын әбден
меңгерген, «жұмыртқадан жүн қырыққан» тоғышардың нақ өзі. Зарығып жеткен жалғызы Жалғастың
құлын күнінен баптап, талай мәрте бәйгенің алдын бермеген қазанатын қырғыздарға сатып жібереді.
Қазақтың ұлттық дүниетанымындағы арғымақтың киесін жазушы одан әрі былайша
өрбітеді:«...Келген туыстарына деп арнап сойған қойдың етіне мелдектеп, сорпа-суына жырғап отырған кездерінде Әлдидің соңғы алған келінінің толғағы ұстамасын ба. Ауылға қарай ала жөнелуге машина жоқ, арбаға жер шалғай. ...келін босана алмай ұзақ қиналды. Ышқынған, ыңырсыған даусы сыртқа ап-анық естіле бастады. Со кезде арба үстіне салған шөпті шайнап тұрған қаратөбел оқыс оқыранып, артына қарай қатты-қатты жұлқынып тартынғанда жүгеннің желкелігі бырт үзіліп, басы босап шыққан күйі киіз үйге қарай екпіндеп барып есікті басымен ұрды. Есік ары қарай шалқасынан ашылған үйге жарты денесіне дейін кіріп кеткен айғыр кісінегенінен құлақ тұнып, сонымен бір мезгілде шар еткен бала даусы да шықты. ...Баланың даусы шығысымен жылқы езу тартқан сықылданды... Бұл әңгіме жұрт құлағына жеткенде бір қария: «Құдайдың құдіреті мына айғырың да кісі екен ғой» деп қалмай ма. ...Бізден кетіп қалған кісілік киені құдай сол жануардың деніне салған шығар... 146
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 2(56), 2016 г. Осы оқиғадан кейін қаратөбел – «Айғыркісі» атанып кеткен». [сонда. 340-341-б].
Жазушы ұлттық менталитетті жылқы феномені арқылы асқақтата суреттейді. Бұл ретте автордың
жануарға деген жоғалуға айналған құрметті қайта түлетуге ұмтылған авторлық ұстанымы қылаң
беретінін аңғармау мүмкін емес.
Жазушының адами трагедияны арқау еткен келесі бір туындысы – «Ақкүшік» әңгімесі. Әңгіменің
сарыны отасқандарына біршама жыл болса да ортақ сәбилері болмаған ерлі-зайыпты Қалдыбай мен
Бекзаттың өмірлік қасіреті жайлы баяндалады. Екіге айырылған иелерінің арасында жанкештілікпен
шарқ ұрған хайуанның әрекетін суреттеу арқылы жазушы адами құндылықтар мен қасиеттерді алға
тартады. Иесіне адалдық танытқан Ақкүшік образын суреткер Н.Дәутайұлы өмірдегі сатқындық пен
жан тазалығын, махаббат пен достық сезімдерін контрасты түрде беруде көркемдік құрал ретінде
сәтті пайдаланған.
Әңгімеде баласыздық зары, түс көру сынды фольклоризм элементтері молынан ұшырасады.
«Уақыт өткен сайын, қоғам өзгерген сайын әдебиет фольклорлық сарынды қажет етіп ауыз әдебиеті үлгілерінің көрініс табуын талап етті. Ұлттық таным, ұлттық рух талап еткен фольклорлық сарын қазақ әдебиетіне жаңа леппен, соны сарынмен қайта оралды», [5. 54-б]- деген
филол.ғыл.докторы А.Таңжарықованың пікірінен көркем прозадағы фольклорлық мотивтердің
көрініс табуын заман өзі тудырған құбылыс деп қабылдаймыз. Жалпы фольклорлық шығармаларға тән түс көру мотиві Ә.Кекілбаев, Д.Досжан, А.Алтай т.б.
жазушылар шығармаларының негізі болғанымен, Н.Дәутайұлында бұл мотив тіптен бөлек. Өзге
қаламгерлерде түсті кейіпкерлер көрсе, мұндағы түстің иесі кішкене ғана тіршілік иесі Ақкүшік. «Еркектер есікті іштен іліп алып қорылға басқан кезде, тамаққа тойып, пеш түбінде бойы әбден жылыған Ақкүшік те мызғыған... Ауланың орта шеніндегі екі түп алма ағаштың ақ гүлдерінде есеп жоқ. Ағаштың көлеңкесіне жайылған текеметтің үстінде Қалдыбай мен келіншегі Ақкүшікті орталарына алып, жүнін тарап, көзіне қарай түсіп кеткен кекілін қайшымен қырқып мәре-сәре. Арасында екеуі бір-бірін қытықтап, алысып ойнап кетеді... Қатты жөтелден селк етіп көзін ашып алды. ...Жаңағы көргендерінен айырылып қалған Ақкүшік айналасына алаңдады. Көргені қайда жоқ болып кетті деп аң-таң. Түсі екенін білмейді». [сонда, 25-
б.]
Жазушы шығармада Қалдыбай мен Бекзаттың жан жарасын опейрикалық кеңістік (түс көру)
арқылы бірде Қалдыбайдың, бірде Бекзаттың, енді бірде Ақкүшіктің түсі арқылы терең
психологизммен суреттейді. Автор кейіпкерлер психологиясын бейнелеуде өткенді есіне алу,
елестету сынды құбылыстарды көркемдік тәсіл ретінде қолданады. Әңгімедегі Бекзаттың дирижер
жігітпен арақатынасын жиі есіне алуы, Қалдыбайдың жан дүниесі арпалысқа түскенде өткен өмір
жолын елестете отырып, аласапыран көңіл толқынымен өз жанынан күй шығаруы кейіпкерлердің
ішкі әлеміндегі терең драматизмді көрсетеді. Суреткер бұл шағын психологиялық штрихтар арқылы
Қалдыбай образының «тегін адам» еместігін білдірсе, екінші жағынан шығарманың сентименталды
қуатын арттыра түседі.
Қаламгердің мансап жайлы бүгінгі әлеуметтік өмірді әдеби алаңға шығарған тағы бір әңгімесі –
«Бір қияр, екі жұмыртқа, Ботабай». Қызметте жолы болмаған Ботабай бейнесі арқылы қаламгер
қоғамды жайлаған екіжүзділік, «бармақ басты, көз қысты» жымысқы қылықтарды бейнелейді.
Әңгіменің юмор мен сарказм арқылы өрнектелген тұстары еріксіз езу тартқызады. «Жанын жалғыз өзі жесе бір жөн, қапталдасып келіп қатыны қосылады. Бұған баяғыда-ақ: «Әй, рядовой» деп ат қойып алған. Шыны сол ғой. Ал шындық кімнің аузымен айтылса да дымыңды шығармайды. Мұның жағы қарысқан күннен қатыны өмірі галстук тастамайтын мойнын жайына қалдырып, қақ төбесіне шығып алған. Ботабай ай сайын екі әйелдің алдында қаздиып отырады. Бірі – мекеменің кассирі, бірі – өзінің сары қарыны. Бірінен айлығын алады, біріне оны апарып береді». [сонда, 308-б]. Жазушы өмірдегі
шынайы қарым-қатынасты қарапайым ғана тұрмыстық деталь арқылы қаз-қалпында жеткізеді.
Шығармаға арқау болған тақырып пен идея дәл бүгінгі қоғамдық өмірді суреттеуі негізінде заман
көрінісін, замандас бейнесін ұтқыр кестелейді.
Жазушы «Жалғызілік» әңгімесінде кеңестік өтпелі кезеңнің келбетін сатылап көрсетеді. Автор екі
дәуірдің шындығын параллель суреттеу арқылы уақыт пен кеңістік категориясын ұтымды кіріктіреді.
Бір кездері кеңес үкіметінің сойылын соққан Мәндібайдың күйреген заманмен бірге қаусаған мүшкіл
хәлі әсерлі баяндалады. «Сол дәуренінде «Ақтамның» айналасындағы қай айтыс-тартыста да кімнің де бұдан уәжі, шешендігі өтіп тұрса да, көпе-көрнеу осыған жол беретін, алыса кетсе, 147
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж. қайсысы да, жығып тұрып та, осыған жығыла салатын», [сонда, 365-б.] ˗ деген жолдар сол тұстағы
заман тынысын дәл береді. Оқиғаның шарықтау шегі әңгімедегі кейіпкерлер қақтығысы арқылы
ұлғая түседі.
«Кенет көзі бөктер жақтан қарайғанға түскені. Көзін көлегейлеп ұзақ үңілді. ...Е, Құдай, танитын біреу болғай, шаш ала алатын. «Ақтамға» ертіп барып қырғызып алса бастағы пәлені. Мына, түрін көріп аяр, жағдайын түсінер. Салт атты таяп келді де, атының басын мінер жағына кілт бұрып: – Кімсің, әй? – дегені дауыстап. Мынау... Ия, сол... Оразбек. Құрдас, күйеу. – Кімсіңің не, Мәндібаймын ғой, – деді боздап жібере жаздап. – Мәндібай? Қай Мәндібай? – Бірдеңе ұрып кеткен бе. Кәдімгі Мәндібаймын. – ...Мәндібай болсаң жақсы, ол болмасаң қайтем. – Өзімін, ей. – Онда басың не пәле? – Өсіп кетті ғой, мына шаш. – Неге өсіресің? Заманында қылышыңнан қан сорғалаған қып-қызыл комөнес, ұрып кеткен белсенді едің, енді стеләк болайын дедің бе?» [сонда, 372-373-бб].
Бір кездері айдарынан жел ескен күндерін табалағандай еріксіз есіне салып, сырты юмор,
астарына үңілсең ащы зәр, Оразбек аузымен айтылған осы сөздер арқылы автор кейіпкерлердің алай-
дүлей ішкі жан дүниесін ақтарады. Мұндағы диалог-тартыс кейіпкерлердің мінез-бітімін, образын
аша түсуімен бірге, өмір шындығын көрсетудің тәсілі ретінде көркемдік рөлге ие.
Шығарманың шешімі кезінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған өктем заманында
жасаған әрекеттерінің ұшығына жете алмай жанталаса арпалысқан Мәндібайдың есі ауысуымен
аяқталады.
Әңгіменің түпкі идеясы тағы да перзентсіздік қасіреті. «Жеке игілігінде жер де, мал да, еркіндігі де болыпты. Ал соның барлығы болғанда бақыт та, бақ та неге жоқ?» [сонда, 379-б.]. Автор жеке
адамның қайғысын ұлттық трагедияға ұластырып отыр. Ұрпағымен ғана мың жасайтын адамзаттың
өмірдегі ең үлкен құндылығы перзенті екенін, перзентсіз дүниенің жалғандығын әдеби-
философиялық толғаммен жеткізеді.
Несіпбек Дәутайұлы шығармаларындағы ұлттық мінез кейіпкерлер харизмасы арқылы
бейнеленеді. Қай кейіпкерін алсақ та, сөзінен, іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан өзге ұлт емес, тек
ҚАЗАҚтың рухы аңқиды. Суреткер шығармашылық зертханасында қазақы болмысты кейіпкерлердің
толық галереясын жасайды. Бұл, әлбетте, авторлық позицияның ұшқыны, әрі қаламгер
шығармашылығының көркемдік-идеялық жетістігі десек қателеспейміз.
Заңғар жазушысы, ғұлама ғалым М.Әуезовтің: «…жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек», -
деген пікірін ескерсек, [6. 234-б] бұл жазушы Н.Дәутайұлы әңгімелерінен жоғары сипатта көрінеді.
Яғни қаламгер тек қазақ болмысына тән ұлттық мінезді сәтті кескіндей білген. Сонымен қатар
жазушының кез келген әңгімелерінде жаңашыл, заманауи суреттеулермен қоса, танымдық, тәрбиелік
жағынан маңызды идеялар ұтымды бедерленеді.
«Н.Дәутаевтің әңгімелері өзінің өміршеңдік өрісімен, бітімі бөлек жаратылысы, таза көркемдік қуатымен ерекшеленеді. ...Жазушының әдебиет айдынына желкенін еркін жайған батыл ізденістері, ұлттық бояуы қанық баяндау үлгісі, өзге де даралық сипаттары соның дәлелі. Жазушы шығармаларында бүгінгі қоғамның адам мінезі мен тәрбиесіне қаншалықты әсер етіп жатқандығы шынайы суреттелген. Сол арқылы автор адам жан дүниесін кесір-кесепаттан, азып-тозудан, бейғам-бейдауалықтан арашалауды мақсат еткенін көре аламыз». [7. 461-б]. Бұлжазушы
шығармашылығының эстетикалық әсерін, көркемдік құнын дәл бағамдаған ойлы пікір.
Қорыта айтқанда, жазушы Несіпбек Дәутайұлы шығармаларында қазіргі қазақ әдебиетіндегі
жалпыадамдық құндылықтар, ұлттық болмыс пен мінез категориясы әр түрлі кейіпкерлердің ой-
сезімдері мен толғаныстары, авторлық көзқарас тұрғысынан терең танылады.
1 Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2012. 9-том. – 368 б. 2 Әшімбаев С. Парасатқа құштарлық. – Алматы: «Жазушы», 1985. – 232 б. 3 Елеукенов Ш. Тәуелсіздік биігінен. – Алматы: «Арда», 2007. – 400 б. 148
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 2(56), 2016 г. 4 Дәутайұлы Н. Аты жоқ әңгіме. – Алматы: «Мерекенің баспалар үйі», 2012. – 640 б. 5. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, №3 (45), 2013 ж 6 Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б. 7 Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар. Ұжымдық монография. Алматы: «Evo press», 2014 – 708 б. Резюме Жуматаева А. – магистрантка 1 курса по специальности «6М021400 – Литературоведение»
образовательной программы Института литературы и искусства им. М.О.Ауэзова совместно с КазНУ
им аль Фараби.
aidanaz@mail.ru
Научный руководитель: Калижанов У.К. – директор Института литературы и искусства имени
М.О.Ауэзова, доктор филол.наук, член-корр. НАН РК Национальный характер в рассказах Несипбека Даутая Статье посвящена творчеству известного казахского писателя Несипбека Даутая. Определяя
литературные жанры его произведений, автор останавливается на рассказах.
В статье рассматриваются жизненная правда и проявление национальной идентичности в
рассказах, композиционная структура произведений, проанализированы характерные особенности
персонажей рассказов. Также всесторонне рассмотрены судьба нации, эпоха и образ современника.
Представлены взгляды, мнения казахских ученых о творчестве Н. Даутая.
Рассмотрен художественно-поэтический мир писателя, тематика произведений, мастерство
создания образов. Автор обратила внимание на отражение в творчестве Н. Даутая важности роли
семейных и общечеловеческих ценностей в современном обществе, показанных в контрасте. Также в
статье всесторонне анализируются индивидуальный стиль и такие творческие особенности писателя,
как культ лошади в аспекте социальной детали национального менталитета. Речь идет о
художественном мире мифологических элементов и их свойств в творчестве Несибека Даутая.
Ключевые слова: жизненная правда, национальный характер, феномен, мотив, идея, авторская
позиция, психологизм.
Summary Zhumatayeva A. – 1 course Magister in the specialty «6M021400 – Literary» Education Program of the
Institute of Literature and Art. M.O.Auezov together with Al Farabi Kazakh National University
aidanaz@mail.ru
Scientific supervisor: Kalizhanov Y.K. – Director of the Institute of Literature and Art named after
Auezov, doctor of philology, Corresponding member of the National Academy of Sciences of Kazakhstan
National сharacter in the stories Nesipbek Dautay The article is devoted to works of well-known Kazakh writer Nesipbek Dautay. Defining the literary
genres of his works, the author focuses on the stories.
The article deals with the truth and the life manifestation of national identity in the stories, the
compositional structure of the work analyzed the characteristics of characters stories. It is also fully
considered the fate of the nation, and the image of the contemporary era. There are presented views and
opinions of Kazakh scientists about N.Dautay’s work.
Considered artistic and poetic world of the writer, the subject of the works, skills to create images. The
author drew attention to the reflection in the works of N. Dautay importance of the role of family and human
values in today's society, as shown in the contrast. The article comprehensively analyzes the individual style
and features such creative writer, as the cult of the horse in the social aspect of the details of the national
mentality. It is about the art world of the mythological elements and their properties in the works Nesibek
Dautay.
Key words: life truth, national character, phenomenon, motive, idea, author's position, psychologism.
149
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 2 (56), 2016 ж. ӘОЖ 378.016:821.512.122. С. АСЫЛБЕКҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ Ибраева А.Д. –филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Мақалада қаламгердің шығармашылық әлеміне қатысты мәселелер сөз етіледі. Тақырыптан бастап,
материал жинау, оны өңдеу, көркем шындықпен өмір шындығының арақатынасы қарастырылған. Протип пен
көркем бейне, қолжазба және шығарманың түрлі нұсқаларының арасындағы ерекшеліктердің барлығы
қаламгердің әдеби шығармашылық әлеміне әкелетіні қарастырылған. Мұндағы оқиғалар желісі мен
кейіпкерлері жазушының өз өмірінде орын алған жағдайларымен, басынан өткерген оқиғалармен, көрген-білген
адамдарымен салыстырыла отырып қаламгердің жазушылық шеберлігі, ондағы кейіпкерлердің өмірдегі
прототиптері, кейіпкерлер өмір сүрген заманның шындығы, романның жазылу тарихына арқау болған
мәселелер қарастырылады. Осы мәселелерді талдай келе, романға тақырып болған оқиғаның өзегі, негізі қайдан
бастау алғанына көз жеткіземіз.