Садықова А.Е. – пед.ғ.магистрі, Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ бөлім басшысы,
Саметова Ж. – фил.ғ.магистрі, Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ эксперті
Аңдатпа: Мақалада қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы ұлттық болмыс сипаты туралы жазылған.
Көркем әдебиеттегі ұлттық болмыстың бейнелену шеберлігі мен тұлға интеллектісін қалыптастырудағы орны мен
рөлі жайлы жан-жақты ашылған.
Кілт сөз: көркем әдебиет, ұлттық болмыс, тұлға, интеллект, рухани мәдениет
Аннотация: Статья написана об описании национальной натуры в произведениях казахских поэтов и писателей.
Всесторонне раскрыта роль и место национальной натуры в мастерстве описания и в формировании интеллекта
личности в художественной литературе.
Ключевые слова: художественная литература, национальная натура, личность, интеллект, духовная культура.
Abstract:The article is written on the description of the national nature in the works of Kazakh poets and writers. It clears
on the role and place of the national nature of skill descriptions in the formation of intelligence and personality in literature.
Keywords: fiction, a national nature, personality, intelligence, spiritual culture.
Әрбір халықтың ерекшелігі – оның рухани мәдениеттің сапа-дәрежесімен таразыланып, танылады.
Рухани мәдениеттің ең елеулі саласы – әдебиет екені ақиқат. Өйткені, онда халықтың сан ғасырлар бойғы
рухани ұлы мұраттарын мазмұндайтын көркемдік құндылықтар жинақталған. Ол әр дәуірдің сипатына
сай түрленіп, жаңғырып отырады. «Әрбір қаламгер өз дәуірінің үні» десек, талант дәрежесі мен қалам
қарымы арқылы сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланатын қаламгерлер арқылы толысып,
марқаяды. Өйткені, айнала қоршаған ортаны, қоғамдағы сан алуан өзгерістерді, адамның сыртқы
Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №1(47), 2014 г.
144
бейнесін, ішкі әлемін әдебиеттей әрі нақты, әрі терең ашатын өнер дүниесі сирек. Қазақ ұлттық
әдебиеттануының атасы А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты зерттеу еңбегінде өнер түрлерін
саралай келіп: «Бесінші – нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз
өнері болады (қазақша асыл сөз, арабша әдебиет, европаша – литература). Өнердің ең алды – сөз өнері
болып саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар» [1, 165 б.] - деп, әдебиеттің айрықша
мәнін ғылыми саралаған.
Ұлттық болмыс – ұлттық қадір-қасиет. Ол – сатылмайтын байлық. Біз үшін сатылмайтын байлық –
тіліміз, дініміз, ұлтымыз, Отанымыз. Бұл байлықтар біз үшін бәрінен де жоғары.
Ұлттық болмысы, яғни ұлттық рухы жоқ ұлт – ұлт емес. Ұлттық болмысымыз жоғалса, мәдениетіміз,
салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз ұмыт болып, өзге ұлттың жетегінде кетеміз. Қазақ халқының егемендік
алып, тәуелсіз ел болуы бір ай немесе бір жыл емес, сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі. Егер
бойларында ұлтқа деген патриоттық сезім, рух болмаса, тамыры терең тарихымызда бостандық пен
болашақ бақыты жолында қылыш сермескен ата-бабаларымыз жеңіс тұғырынан көрінбес еді. Бір ғана
Желтоқсан оқиғасы тарихымызда белең алуы ұлтымыздың бойында рухтың өшпегендігі емес пе? РУХ –
тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш, биіктетер тұғыр.
М.Әуезов – қазақ халқының ғасырға жуық өмірінің рухани шежіресін жазған, ұлт келбетін бар
шындық айшықтарымен көрсете алған ірі тұлға. Ол XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірін дүниеге
әкелген нағыз кемел шығарманың авторы ғана емес, толғампаз зерттеуші. М.Әуезов арқылы төрткүл
дүние Абайды танып, Абай арқылы Азияның кіндігіндегі көшпенділер елі тарихын зерделеп, дала
пәлсапасына қанығады.
Көркемділік – шеберліктен туады десек, суреткер шеберлігі ең алдымен өмір шындығын жіті көріп,
түсіну, сан-алуан адамдардың мінез-бітімі мен қимыл-әрекеті, психологиялық ерекшеліктерін танып-білу
қабілетінен туады.
Мұхтар Әуезовтің 20-30 жылдарындағы жазылған шығармаларының барлығына дерлік Кеңес
үкіметінің алғашқы дәуіріндегі өмір кезеңі қамтылғанымен, кеңестердің іс-әрекетін көтере дәріптеу,
көзсіз мақтау, мадақтау жоқ. «Үйлену», «Оқыған азамат», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен»
сынды әңгімелерінде жаңа қоғамның жаңалықтары бой көрсеткенімен, бұларда кеңестік дәуірдің зор
жетістіктеріне сүйсіне қарау жоққа тән. Жазушының бұл уақытта жазған шығармалары ішінде
«Жуандық» әңгімесінде ғана Кеңес үкіметіне зор үміт артып, сеніп қарау байқалады. Алайда, шығарма
соңы кеңестерді арқау еткен жатақтың опық жеп, жерінен айырылып, көшіп кетуіне ойысады.
М.Әуезов шығармаларында кеңес үкіметінің жетістігін көзсіз мадақтаған жоқ.
Тәрбиенің түп тамыры, қайнар көзі ұлттық салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрыптарымызда десек,
Ә.Кекілбаевтың ұлттың ұлылығын танытуда қоғамдық қызметімен ғана емес, қалам қуатымен жасаған
қымбат қазынасы қазақ әдебиетіне қосылған қомақты дүние. Өсиет-өнегені ой жүгіртіп, толғанып,
тұщынып барып қабылдаған қаламгер шығармаға қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын дәйекті материал
ретінде алған. «Күй» повесін автор Абыл күйші аруағына ескерткіш дейді. Шығарманың негізгі идеясы –
бейбітшілік пен адамгершілік күресі. Әбіш осы күй өнерінің құдіретін повесінде әдемі бейнелеген. Қазақ
күй арқылы өзінің өткені мен бүгінін таниды. Жаны жұмбақ өнерлі ұлтының қатпар-қалтарысын қапысыз
ұғатын ұлттық рух менталитетінің құпиясын күйінен аңғарамыз. «Күй» повесінің соңында күштіні
жазалау Жөнейттің өзіне сор болып жабысады. Жан дүниесіндегі арпалыс оны күндіз күлкіден, түнде
ұйқыдан айырады. Жер үшін өмір бойы бір-бірімен шайқасып келген түркімен қазақ халқы магиялық
тылсымға сенген. Жаманшылығын сол түстен сезініп, іштей күйзелетін әдет екеуіне де тән.
Б.Нұржекеев «Жайлаудағы жиырма күн» повесінде халықтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі,
психологиясы сақталған ауыл өміріне бойлап барады. Бас кейіпкері журналист Жекей араласқан адамдар,
олардың ата-бабадан мирас боп қалған ежелгі мәдениеті, түр-тұрпаты даланың өзіндей дархан характері,
өмірдің, тұрмыстың бар саласын қамтитын берік дәстүрі, сонда тағдырын байлағандардың өмірлік
философиясы қаз-қалпында алдыңыздан тосап алады. Жекейлер осы уақытқа дейін сол ауылдан кіндігін
үзбей, балаларын да қасиетті туған жердің қадірін білуге баулап жүр. Бұл да – туған жерді туған ата-
аналарымен бірдей көріп, сағынып, табынып тұратын қазақ менталитетінің жасампаз бір көрінісі. Б.
Нұржекеев повесінің тағы бір айтары - ұрпақ тәрбиесі. Еркек ұрпақты тәрбиелесе, әйел ұлтты
тәрбиелейді. Жүрегінен мейірім, көңіліне көктем орнаған асыл жандар – аналар, мінезі инабатты қыз-
келіншектер, ізгі пейілді әйелдер – отбасының күні, киесі. Танымайтын адамдарды табыстырып, қазақтың
шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңітетін, қызы – үйде, қылығы – түзде мәшһүр болатыны да солардың
мінез-пейілінен.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №1(47), 2014 ж.
145
Халық пен қоғам, дәуір мен әдебиет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сол қоғам мен
дәуірдің ақиқатын айқындайтын ірі тұлғалар әдебиет майданында қызмет етеді. Кешегі кеңестік кезеңнің
«ащысын татпаса да», «ақиқаттың ауылын шырқ айналып» іздеумен ғұмыры өткен қас талант –Мұқағали
Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі
тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді. Әкімшілдік-әміршілдік билік
тұсында ғұмыр кешсе де, сәбилік, ата-ана, туған жер тақырыбына бірте-бірте ұлттық рух, ұлттық тарих
пен намыс деңгейіне көтеріліп, «Адамгершілік» атты ұлы сезімге ұласып, атамұра сырларын ұғуға,
«Құйрық – жалы кесілген» тарих қойнауына, сыры беймәлім әрбір таңбаға үңілуден еш жалықпады [3, 5
б].
Тарих тұрлауына айналып бар жатқан ХХ ғасырдың рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір ұлы
есімі тіліміздің ұшына оралған сайын, халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз
махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып жырдың ұлан-ғайыр кеңістігі сана төрінде
жаңғырары даусыз. Өйткені, бұл есім бүгінде жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы
болмысына айналып, халқының өміртану болмысымен біте қайнасып кетті. Қайда барсаңыз да Мұқағали
жырларының алдан шығары хақ... Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, кәріге де,жасқа да
тән дүниелік құбылыстарды, сезім ахуалын, ауаның тап басып,айтуда дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен
ақын кемде-кем...[4, 3 б]
Мәселен, «Бесік басында» өлеңі – жастарға беретін тәлімі мен ғибратқа толы.
Онда:
Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге, - дейді.
Бесік тәрбиесі-бүкіл ұлттық тәрбиенің негізгі арқауы. Халқымыздың атадан әкеге,әкеден балаға мұра
болып келе жатқан қасиетті бұйымдарының бірі – бесік. Бесікті киелі деп есептеген. Оны өзге жанның
ұстамақ түгіл қол тигізуге дәті бармаған. Ұйықтап жатқан ұлының бесігін тербетуге қарсылық білдіріп,
оны қызғыштай қорғауының мәні осында жатыр. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме ғұлама
жазушы Мұхтар Әуезов.
«Күзетші» өлеңінде:
Өмірде әлі қауіп көп қой не түрлі,
Қар қалғымай күзетші боп бекінді.
Сәл ұйықтаса төрт немере төрт жаққа,
Көзден ғайып болатұғын секілді.
Қандай жарасымды айтылған шумақ.. Мұнда қарттар мен әжелердің немереге деген көзқарасы, ұлттық
психологиясы көрінеді. Әрбір отбасындағы ата мен әже тұлғасы – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан
ұлы өнегенің таусылмас қайнар көзі. Халқымыздың мақтанышы болған ұлы перзенттеріміздің
қалыптасуына оларды әлдилеп өсірген әжелердің еңбегі зор. Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі
Зере, Мұхтардың әжесі Дінәсіл өнегесі таусылмас қазына емес пе еді? Қазақ халқының отбасындағы,
әулеттегі тәрбие үрдісінде «Әжелер тәрбиесінің» мәнісі зор болды. Әжелердің үйелмендік тәрбиесі жас
аналар, келіндер, бойжеткен қыздар үшін бала тәрбиесінің академиясы іспетті. Ана-ене салты, келін
салтына сай 6 жасқа дейінгі нәрестелік, балбөбектік кезіндегі ұлдардың тәрбиесіне әжелер мен аналар
тікелей жауап берген. Ат жалын тартып, сүндетке отырғызылғанға дейін кезеңдегі балбөбектік кезіндегі
ұлдардың жүрегіне ана махаббаты мен мейірбандық нұрын берген болса, ендігі жерде балиғаттық,
бозбалалық, жігітшілік салтының қатал қағидаларына тәрбиелеу үшін, жасықтық, жуастық,
жасқаншақтық тәрізді қасиеттерден арылту мақсатында атаның, әкенің, ағаларының қолына беріп, ер
мінезділікке тәрбиелеген. Осы өлеңнің соңғы шумақтарында:
Суыт жүрген кәріден де, жастан да,
- Тыныштық па? – деп сұрайды сасқанда, - деген жолдардан біз нені байқаймыз? Суыт жүрген жүрісті
адамды, әрине, халқымыздың ұғымында жақсылықтың емес, жаманшылықтың белгісі ретінде
қабылдайды.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін таразылай отырып, Қазақстан мемлекетінің ұланғайыр жері тек
найзаның ұшымен ғана емес, ата дәстүрін берік ұстаудың нәтижесінде сақтап қалғандығын түсінуге
болады.
«Отан отбасынан басталады» деген мақалдың өзі де ойымызды дәлелдей түседі. Ауыз әдебиетіміздің
үлгілерінде кездесетін салт дәстүрлер «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Ай мен Таңсықтың туған
жерімен қоштасуы, Қыз Жібектегі Төлегеннің аспандағы қаздармен қоштасып, еліне сәлем айтуы, Ер
Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №1(47), 2014 г.
146
Тарғынның Ақжүністен, Тарлан атымен қоштасуы, еліне деген сүйіспеншілігін, ерекше толғаныспен
білдіруі – «тұрмыс салт жыры – тәрбие көзі» деген ойымызды айғақтай түседі.
Ұшы – қиырсыз жазира дала тұрғындары өздерінің тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай
тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін туғызды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» дейді халық мақалы. Бұл мақалдың өте орынды
айтылғандығына Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты романы оқығанда көзің тағы да жеткендей
болады.
Дүниеге келеген нәресте Бауыржанға атасы Имаштың берген батасы қабыл болып, болашақта әлем
таныған батыр – қолбасшы, жазушы болуына әсер еткен сияқты. Атасы:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным –
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тірегі зор еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын, құлыным, –
Бұл жер батырлар төрі еді-
Сыңары болсын, құлыным –депті [6, 298].
Екі-үш айлық баласын шешесі ағаш отырғызып жүрген, Имаш атасының алдына әкеліп, қолқабыс
беруге келгендігін айтады. Сонда еміреніп қолына немересін алған атасы, оның қолына жас бұтақ
қыстырып:
Құрық деп берсем – құл болма,
Шыбық деп берсем – шіл болма!
Бәрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма, - деген екен [6, 299].
Қазақ баласын кішкентайынан үлкенді сыйлауға үйреткен. Сәби кезінің бір сәтін Бауыржан
Момышұлы үлкендермен амандасуға әкесінің қалай үйреткенін есіне алады:
«Киіз үйдің төрінде ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем
дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа
сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім.
Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып «Ассялам алейкум,
аталар» деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау
үшін бәрі де бір ауыздан « әлейкум салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды.
Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың,
балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді» - дейтін» [6.309].
Әдебиет – адам психологиясына әсер ететін дүние. Жақсы жазылған көркем дүние адамды өзіне
баурап, дуалап алғандай болады. Ол сөзбен салынған сурет іспетті. Ол тілмен бірге дамиды, тілден
әдебиетті бөліп-жара алмайсың. Әдебиетке жақын адамның жаны, рухани жақтан бай болады. Әдебиет
арқылы бізді әлем таниды. Әрине ол тілі мықты орныққан, дамыған ел болса. Жазушы Мұхтар Әуезов
«Абай жолы» эпопеясында халқымыздың отбасы тәрбиесіндегі әке мен ананың ролін ұғындыратын
төмендегідей тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн
кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді.
Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді.
Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі
Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Мұны халықтың жүрекке жылы
осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағау
деп ұғынғанымыз абзал. Интеллектуалды тұлға қалыптастыруда осындай тағылымды жайттарды мәніне
жете түсіндіріп отыру өмірге дайындаудың психологиялық қыры деуге де болады.
1
Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш // Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш,
2003. – 1 т. – 188-226 бб.
2
Этнопедагогика журналы. 2005. - № 5.
3
Егеменді Қазақстан. 2001. - 9 ақпан,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №1(47), 2014 ж.
147
4
Жамбыл-Тараз. 2001. - 9 ақпан.
5
Момышұлы Б. Ұшқан ұя. – Алматы: Жазушы, 2004.
ӘОЖ-821.222.1-3
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ПАРСЫ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ДАМУЫ
Қ.Төлеева -
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың II курс магистранты
Аңдатпа: Иран мен Қазақстанның арасындағы әдеби және мәдени байланыстар ертеректен басталады. Бұл
мақалада Авеста және Шаһнама кітаптарында елді байланыстыратын дәлелдердің берілгені және соңғы жылдары екі
мемлекеттің мәдени байланыстарын күшейту мақсатында бірнеше маңызды жұмыстардың атқарылғаны жайында
баяндалады. Сондай-ақ, Иран мен Қазақстанның әдебиет саласында істелген жұмыстары – екі елдің әдеби-мәдени
қатынастарын одан әрі қарай дамытатыны туралы да айтылады.
Тірек сөздер: Мәдени және әдеби байланыс, әлемдік әдебиет, ерекшеліктер, қарым-қатынас, кездесулер, жазба
деректер.
Аннотация: В данной статье повествуется о ранней литературной и культурной связи между Ираном и
Казахстаном, о доказательствах в Авесте и Шаһнаме, которые показывают связь между двумя странами, о том, что за
последние годы были осуществлены много работ с целью укрепления культурных связей между двумя
государствами.Также,рассказывается о проделанной работе двух стран в области литературы,а также литературно-
культурных отношениях Ирана и Казахстана и их дальнейшие развития.
Ключевое слова: Культурная и литературная связь, мировая литература, особенности, отношения, встечи,
письменные данные.
Abstract:This article discusses about literary and culture relations between Iran and Kazakhstan, the facts which
connected the relationship between two nations in the novels “Avesta” and “Shakhnama”, some works which were done for
developing further culture relations. Also is told about made-work of two countries in the sphere of literature,literary-cultural
relationship and further development
Key words:Culture and literature relations, world literature, peculiarities, relationships, meetings, written materials.
Қазақ және парсы әдебиетінің көп ғасырлар бойы үздіксіз байланыстары – ұлттық және әлемдік әдеби
дамудың жолдарын одан әрі қарай байланыстыра түседі. Әдеби байланыстар жүйесіндегі көркем аударма,
нәзира, поэтикалық үндестік мәселелері аудармашы қаламгерлердің де, зерттеуші ғалымдардың да
шығармашылық еңбек жолындағы игі ізденістері арқылы жүзеге асып келеді. Парсы классикалық
поэзиясындағы Рудакидің, Омар Хаямның, Руми, Хафиз, Сағди, Жәми туындыларын қазақ тіліне
аударған Қ.Бекхожиннің, Ғ.Ормановтың, М.Әлімбаевтің, С.Оспанның нұсқалары әдеби байланыстардың
дамуына қосқан баға жетпес үлес болып табылады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап,
Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының әдеби-мәдени байланыстар аясы кеңейіп, жаңа қарқын ала
бастады. Қазақ әдебиетінің үздік шығармалары әлем халықтарының тілдеріне аударыла бастады. Соның
ішінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ әдебиетінің классигі – Абай Құнанбаевтің қара сөздерін С.
Абдулла, өлеңдерін Ф.Ходжанди парсы тіліне аударып, осы саладағы игі бастамаларға жол ашты. Ұлы
ақынның өмірі мен шығармашылығын кең қамтыған М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын Н.
Асғар Заде 1997 ж. парсы тіліне аударды [1], 2000 жылы ирантанушы ғалым Ислам Жеменей «Хафиз
және қазақ әдебиеті» деп аталатын оқу құралын жариялап, онда қазақ және парсы әдеби байланыстары,
сондай-ақ иран-қазақ мәдени байланыстарындағы аударманың міндеттері туралы сөз етті [2]. Осы
тұрғыдан алғанда, ұлы жазушы М. Әуезовтің қазақ өмірінің тұтас бір дәуірін ұлттық нақыш-бояуымен
суреттеген көркем туындысының парсы тіліндегі аудармасының сапасын қарастырған Д. Дүйсебаевтың
ғылыми еңбегі аса маңызды [3]. Бұл зерттеуде қазақ тіл білімінің аударматану саласы үшін ғана емес,
сонымен бірге этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының да теориясы мен практикасы үшін
құнды мәліметтер орын алған. Сондай-ақ, Р.К. Садықованың М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-
эпопеясының парсы тіліндегі тәржіма нұсқасындағы түс атауларының берілуіне талдау жасалынды,
эпопеядағы түс атауларының ақиқат дүниені концептілік тұрғыдан танып-білудің негізгі екендігі және
«Абай жолы» эпопеясының парсыша аударма нұсқасындағы трансформацияның болу себептері
анықталды[4]. Абай дүниесін исламдық Шығыс руханиятынан мүлдем бөліп қарай алмайтынымызды
Ә.Қоңыратбаев «Фараби және Абай» атты мақаласында атап көрсеткен. Өз тұсындағы саяси қысаң
заманның қиындықтарына төтеп беріп, жол тапқан А.Машанов Әл-Фараби мен Абай арасындағы ой
үндестігін табуға талпынып, осы тақырыпты көптеген жылдар бойы зерттеді[5]. Соның нәтижесінде «Әл-
Фараби және Абай» атты ғылыми еңбек дүниеге келді. Сондай-ақ М.Мырзахметұлы ұзақ жылдар бойы
Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №1(47), 2014 г.
148
түрлі кедергілерге бой алдырмастан, «Абай және Шығыс»[6] еңбегін жазып шықты. Ө.Күмісбаевтың
«Абай және Шығыс» [7] атты еңбегі де кейінгі зерттеулерге елеулі бағдар болып табылды. Тәжік ғалымы
А.Нуралиевтің «Абай және тәжік әдебиеті» [8] зерттеуі Абай мұрасын түпнұсқа деректерге сүйене
отырып қарастыруда жасалған алғашқы қадам болды. Ал А.Сейітова ғылыми жұмысында Абай мен
парсы классикалық ақындары (Рудаки, Фердоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Деһлеви, Жәми) шығармалары
тақырып үндестіктері, идея, композиция, сюжет, бейнелілік ерекшеліктері тұрғысынан қарастырған, Абай
мен парсы ақындарының лирикалық өлеңдеріндегі философиялық-дидактикалық, адамгершілік-
имандылық, табиғат, ғашықтық тақырыптағы жырларының үндестіктерін, өзгешеліктерін анықтаған.
Абайдың «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары араб-парсы әдебиетіндегі нұсқалармен
мазмұн мен пішін поэтикасы тұрғысынан салыстыра талдаған [5].
Қазақстан мен Иранның арасындағы мәдени байланыстар екі елдің өткенін еске түсіреді. Авеста және
Шаһнама кітаптарында осы екі елді байланыстыратын көптеген дәлелдер берілген [9,75]. Әйгілі Тоң
Алып (Афрасиаб) жайындағы жазба деректер де көп дүниелердің кілтін ашып береді. Иран мен Қазақстан
арасындағы қоян-қолтық араласуы, тілдік және исламдық діни байланыстар екі елдің қарым-
қатынастарының негізін құрайды. Соңғы жылдары екі мемлекет мәдени байланыстарды күшейту
мақсатында бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиеті мен парсы әдебиетінің байланысы күн санап даму үстінде, екі ел
әдебиетінің үндестігі, қазақ және әлем халықтары сөз өнерінің мұралары арасындағы поэтикалық
сабақтастықтың жақындастығын көрсетеді. Исламдық шығыс әдебиетінің қазақ әдебиетімен
байланыстарын түп-нұсқадан зерттеу – Егеменді Қазақстанның ғылыми саладағы жаңа ізденістері деуге
болады. Сондай-ақ, ғасырлар бойы сабақтасқан дәстүрлерінен жаңаша зерделеумен кең көлемде
қарастыру – қазіргі кезеңнің аса маңызды мәселесі.
1 Ауезов М. Раһ-е Абай /Аударған Н. Асқар Задэ.-Тегеран,1376.–Т.I-II.-790 б.
2 Жеменей И. Хафиз және казақ әдебиеті. – Алматы, 2000. – 121 б.
3 Дүйсебаев Д. «Абай жолы» роман-эпопеясының парсы тіліне аударылуы: филол. ғыл. канд. ...
автореф. – Астана, 2006. – 24 б.
4 Садықова Р.К. Түр мен түс атауларының аудармада берілуі («Абай жолы» роман-эпопеясының
парсы тіліне аудармасы негізінде): филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2010.-144 б.
5 Сейітова А. Абай поэзиясындағы шығыстық сарындар: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы,
2009. – 118 б.
6 Мырзахметұлы М. Абай және Шығыс. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 208 б.
7 Күмісбаев Ө. Абай және Шығыс. – Алматы: ҚазМУ. – 1995. – 344 б.
8 Нуралиев А. Таджикско-казахские культурно-литературные связи XIX-XX в.в. – Душанбе:
Сурушан, 2001. – 264 с.
9 ین ید باع م.ح. یامی س یگ ن هر ف نات س قاز ق. ناره ت: نی ب یل ل م لا ،یده لا 1384. -75-76 ص.
Достарыңызбен бөлісу: |