Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет16/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   23
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

XV тарау
ГУДТЫҢ ДЕРТІ
Жекпе-жек аяқталған соң сэр Генри мен Гуд Тваланың лашығына
енгізілді. Олардың соңын ала мен де кірдім.
Екеуі де көп қаннан айрылып, əлсіреген, ұрыс-соғыстан қажыған
мүшкіл хəлде. Менің жағдайымның да олардан артықшылығы
шамалы-тын. Мен сіңірдей берік, өте төзімді, көпті көрген, жақсы
шыныққан адаммын, осының нəтижесінде көп жұрт шыдай алмайтын
қиындықты көтере берер едім. Бірақ дəл осы кеште мен аяғымды əрең
басып тұрдым. Қатты шаршаған кезімде арыстанмен айқастан қалған
ескі жарақат мүлде қозып кететін. Оның үстіне таңертең ауыр соққы
əсерінен есімнен танып қалғаннан бері басым да тұп-тура шытынап,
жарылып бара жатқандай болған да жүрген.


Бір сөзбен айтқанда, дəл осы кеште үшеуміздің де сиқымыз адам
көргісіз еді. Бірақ тағдырға ризамыз. Жолымыз болғаны анық. Дəл
қазір хəліміз онша болмағанмен, біз үшеуміз де тірі отырмыз. Ал
таңертең ғана бойларына күші сыймай тұрған мың сан ержүрек
жауынгер ұрыс даласында жер құшып қала берді емес пе.
Біз ажалдан құтқарғаннан бері қасымыздан қалмайтын, ерікті
қызметшіміз боп, үнемі қыбымызды бағып отыратын, əсіресе Гудты
айрықша қамқорлыққа алған Фулатаның көмегімен, үйтіп-бүйтіп,
кешеден бері, үстімізден түспеген, кем дегенде екеуміздің өмірімізді
сақтап қалған сауыттарымызды шештік. Өне бойымыз көк ала қойдай
екен.
Көбенің болат шығыршықтары ешбір найза, ешбір селебені
өткізбегенімен, сөз жоқ, соққыға қарсы пана бола алмайтын. Сэр Генри
мен Гудтың денесі қанталаған, көгерген, қызарған таңбалардан
көрінбейді. Мұндай таңбалар менде де баршылық боп шықты.
Фулата үгітілген жапырақтардан жасалған əлдебір хош иісті дəрі
əкелді. Ауырған жерлерге балауыз сияқты жабыстырып қойды.
Əжептəуір жеңілейіп қалдық. Көгерген, қанталаған таңбалар
жанымызға батқанымен, қауіпсіз. Біздің мазамызды кетірген – сэр
Генри мен Гудтың денесіндегі жарақат еді. Капитанның “сүйріктей
сұлу, аппақ аяғының” балтыр етін селебе тесіп өткен; аумақты жара,
оның үстіне қан көп кеткен. Ал сэр Генриге келсек, басқа анау-
мынауды былай қойғанда, оның бетіндегі, Тваланың балтасынан
қалған жарақаттың өзі үлкен еді.


Бақытымызға қарай, капитан – тəп-тəуір хирург. Дəрі-дəрмек, сайман
салған кішкене жəшігін алғызып, Гуд
екі жарақатты да жақсылап жуды. Содан соң кукуан шырағданының
жарығы күңгірт екеніне қарамастан, жаралардың аузын кəдімгідей
тігіп тастады. Дəрі-дəрмек салынған қобдишаның ішіндегі кішкентай
құтыдан əлдебір антисептикалық май алып, жара аузына қалың етіп
жақты. Сыртынан қол орамалдарымыздың жыртығымен таңдық.
Бұл екі ортада Фулата бізге арнап сорпа қайнатып қойған еді, өйткені
əлсіздіктен шайнама жеуге шамамыз келмейтін. Сораптап, үйтіп-
бүйтіп ішіп алған соң біз өлген король үйінің еденіне қалың етіп
төселген тамаша каросс, яғни аң терісінен жасалған жұмсақ кілем
үстіне құлай-құлай кеттік. Тағдырдың мазағын қойсаңызшы: сол түні
Тваланың төсегінде Тваланың жарғағын жамылып, оны өлтірген адам
– сэр Генридің өзі ұйықтады.
Мен ұйықтады деп отырмын, шындығында, күндізгі қасап қырғыннан
соң тып-тыныш ұйықтай қалу мүмкін емес-ті. Ең алдымен, бүкіл ауа,
жер-көк соғыста опат тапқандарды жоқтаған қайғылы өлеңге, дауыс
айтқан азалы күйге толы еді. Барлық жақтан бірдей əйелдердің қаза
болған ерлерін, ұлдарын, аға-бауырларын жоқтап күңіренген зары,
өксікке толы жыры естіліп жатты. Азалы жас төгушілердің санында
қисап болмаса керек: осы бір-ақ күнгі қырғын соғыста жиырма мың
жауынгер жер құшыпты, бұл – бүкіл кукуан армиясының үштен бір
бөлігі өлген деген сөз. Мəңгіге сапар шеккен ерлерді жоқтап жылаған
дауыстарды естіп жатқан менің өзімнің көкірегім қарс айрылғандай.
Бір адамның атақ-даңқы, бақ-мансабы жолына шалынған
құрбандықтың бар ауыр салмағын тек осы кезде ғана анық сезінгендей
едім.
Түн ортасына таман үздіксіз жоқтау, тынымсыз жылау азая бастады.
Сəлден соң тыныштық орнады. Тек ара-тұра ғана біздің артымызда
тұрған лашықтан ышқына шыққан ұзақ өксік естіледі: бұл – Тваланың
жансыз мүрдесінің басында ұлып отырған Гагула.
Ақыры ұйқыға кеттім. Бірақ бұл бір тынышсыз ұйқы болды. Қайта-
қайта бастығырылып, қайта-қайта селк етіп ояна бердім. Кейде


трагедияға толы осы соңғы күндер қайтадан басымызға орнаған
тəрізденеді, өзім сол ғаламат хикмет, алапат қырғынның қақ ортасында
жүрем; кейде мана қырқа басында өз қолымнан өлімге аттандырған
жауынгер маған қайта шабуыл жасап жатады, кейде Тваланың қалың
қолына қарсы шайқаста өшпес даңққа бөленген, бірақ өздері харап
болған Сұр сарбаздар полкінің ортасында тұрам; кейде төбесіне
қауырсын қадаған, қанға боялған Тваланың басы дəл аяғымның
астынан домалап бара жатып, маған қарап жалғыз көзінен ызалы от
шаша, тістерін шықырлатады.
Не керек, бұл ауыр түн де өтті-ау ақыры. Таң атқан кезде байқадым,
жолдастарымның да ұйықтаған құрлы берекесі кетіпті. Гуд өне-бойы
күйіп-жанып, сандырақтап жатыр. Оның үстіне менің зəремді
ұшырып, қан құса бастады. Сірə, кукуан жауынгері ауыр найзамен
сауыт сыртынан пəрмендей ұрғылаған кезде ішкі қан тамырларына
зақым келсе керек. Оның есесіне сэр Генридің хəлі көп жақсарыпты.
Көгерген, қанталаған жара əсерінен бүкіл денесі сырқырайтын
көрінеді; аяқ-қолын əрең қозғайды; бетіндегі жарақаттың кесірінен не
жөндеп тамақ іше алмайды, не ыржиып күле алмайды. Əйткенмен
тыңайып, əл жиып қалғаны анық байқалды.
Таңғы сағат сегіз кезінде бізге сəлем беруге Инфадус келді. Түні бойы
ұйықтамаған, тіпті тізе бүгіп отырмаған көрінеді. Өткен күннің ауыр
оқиғалары оған мүлде əсер етпеген сияқты, бұл – көпті көрген,
ұрыстарда шыныққан қолбасы еді. Инфадус сағынып қалған адамдай,
қуана қолымызды алды. Тек Гудтің ауыр хəлін көріп қана
мазасызданған.
Мен қарт жауынгердің сэр Генриге тəңірі тұта, ерекше құрметпен
қарайтынын аңдадым. Кейін білдік, тек Инфадус қана емес, бүкіл
Кукуан Елі осы бір алып денелі ағылшынды жай пенде емес, ерекше
қасиет дарыған ғажайып жан санайды екен. Жауынгерлердің ұрыста
Инкубуге ешкім шақ келмейді дегенін өз құлағыммен естідім. Күн
ұзаққы қантөгіске толы ауыр шайқастан соң сэр Генридің Тваланың
өзімен – жай король ғана емес, бүкіл кукуан еліндегі ең күшті, ең
айбарлы батыр Тваланың өзімен жекпе-жекте көрсеткен қайратына
жəне алып қара дəудің бұқа мойнын бір-ақ салып, қалай қағып
түсіргеніне естері кете таңырқасыпты.


Сэр Генридің бас шапқан жолғы балта сілтесі кукуандар арасында
алып күш, ғажайып ерліктің мысалы ретінде “Инкубудің
соққысындай” деген мəтелге айналды.
Инфадус бізге Тваланың барлық полктерінің Игнозиге қарағанын жəне
Кукуан Елінің түкпір-түкпірінен толып жатқан əскербасылар, көсемдер
келіп, жаңа корольдің дəргейіне бас ұрып жатқанын хабарлады.
Тваланың сэр Генридің қолынан қаза табуы елдің бұдан ары толқуына
тоқтау сапты. Тақтан тайдырылған корольдің Скраггадан басқа ұлы
болмағандықтан, енді Игнозимен таласатын ешбір мұрагер жоқ боп
шыққан.
Мен Инфадусқа Игнози таққа жетер жолда сел дария қан ақты дегенді
айтып едім, қарт жауынгер немқұрайды қалыпта иығын қиқаң еткізді.
– Иə, – деді ол.
– Кукуан халқын тек ауық-ауық аяусыз қан төгу арқылы ғана
тыныштықта ұстау мүмкін. Рас, көп жұрт қырғын тапты, бірақ
өлгендердің орнында əйелдері қалды. Көп ұзамай-ақ жауынгерлердің
жаңа бір ұрпағы өсіп шығып, бүгін соғыста қайтқандардың орнын
толтырады. Енді бірталай уақыт ел іші тыныш болмақ.
Сол күні таңертең, Инфадустан соң, бізге аз уаққа Игнози де келіп
кетті. Басына гауһар көзді отаға тағынған, қасында қаптаған
қошеметші нөкері бар, əміршіге тəн көтеріңкі кеуде, асқақ жүзбен
кердеңдей басып келе жатқан Игнозиге қарап тұрғанда осыдан
бірнеше ай бұрын ғана Дурбанда бізге қызметшілікке сұранған ұзын
бойлы зұлыс есіме түсті. Дүниенің аумалы-төкпелілігі, кейде тағдыр
соқпағының қалт бұрылып, етектегі адамды асқарға бір-ақ
шығаратыны туралы еріксіз ойладым.
– Сəлем саған, о, король! – дедім мен орнымнан тұрып.
– Иə, Макумазан, ақыры король болдым. Жəне осының бəрі
үшеуіңіздің оң қолдарыңыздың қайраты арқасында.
Игнози бізге өзінің ісі түзелгенін, бəрі де ретіне кеп жатқанын айтты.
Екі жетіден соң дүбірлі мереке өткізіп, халқына көрінбек екен.


Мен одан Гагуланы не істейтіні туралы сұрадым.
– Гагула – біздің елдің албастысы, – деді ол. – Мен оны өлтіртем,
онымен қоса дуагер аулаушы изанузилер де тегіс өлтіріледі. Гагула
соншама ұзақ жасаса керек, тіпті жасы үлкен кəрілеріміз алғаш көрген
кезде дəл осындай кемпір екен. Дуагер аулаушы бақсылардың
барлығын арбау өнеріне баулыған сол. Төбеміздегі көк куə, біздің
елімізді осыншама қатыгез кейіпке түсірген – Гагула.
– Əйткенмен ол өте көп біледі, – дедім мен. – Білімді жою оп-оңай. Ал
қайта жиып алу қиын.
– Ол рас, – деді Игнози ойға батқан қалыпта. – Сүлейменнің Даңғыл
жолы барып тірелетін, біздің корольдеріміз жерленетін жəне
Тұнжырлар отырған Үш Сиқыршы тауының құпиясын тек Гагула ғана
біледі.
– Асыл тастар да сол тауда емес пе? Өзіңнің уəдеңді ұмытпа, Игнози!
Сен бізді кен орнына жеткізуге тиіссің. Бұл үшін, тіпті Гагуланың
қанын қиюға да тура келуі мүмкін, өйткені қазынаға барар жолды
білетін адам сол ғана.
– Мен уəдемді ұмытқам жоқ, Макумазан. Сенің сөздерің туралы
ойланып көрем.
Игнози кеткен соң мен көңілін сұрау үшін Гудқа бардым. Қатты
сандырақтап жатыр екен. Жарақат əсерінен пайда болған безгек мүлде
күшейіп кетіпті.
Уақыт өткен сайын Гудтың жағдайы нашарлай берді. Тіпті төрт-бес
күн бойы мүлде үмітсіз дерлік халде болды. Егер Фулата жан аямай
бағып-қағып, қасында отырмаса, оның өліп кетуі де ықтимал еді деп
ойлаймын. Терісінің түсі қандай екеніне қарамастан, əйелдің аты əйел
ғой.
Мен қара түсті сұлу қыздың безгек буған зағип жанның басында күн-
түн демей отырғанына, бейнебір тəжірибелі мейірбан емші сияқты,
аурудың қыбын тауып, қапысыз күткеніне сүйсіне таңырқадым. Өзі де
əрең қозғалып жүрген сэр Генри екеуміз алғашқы екі түнде ауруды
қоса күтіспек болдық, алайда Фулатаға біздің мұнымыз ұнай қоймады;
қыздың бізге əрең шыдап жүргенін қабағынан аңдадық. Ақыры сіздер


отырғанда Гуд бұрынғыдан əрмен мазасызданады, ауру жалғыз өзімнің
ғана қарауымда болғаны мақұл деп екеумізден де құтылды.
Шынында да, мұнысы дұрыс болды. Күн-түн демей, ұйқы, күлкі
көрмей қапысыз күтті. Гудка бір-ақ түрлі дəрі ішкізген. Ол – қызғалдақ
баданасының шырыны қосылған салқын сүт еді.
Сондағы өзім күн сайын куə болған сурет əлі көз алдымда. Əлсіз шам
жарығы сəулелеген бəлмеде арып-ашыған, жанына жарақат батқан Гуд
көздері атыздай боп, қайдағы жоқты айтып сандырақтап, аласұрып
төсекте жатады; қасында, еденде, лашық қабырғасына арқасын сүйеп,
дене бітімі сымбатты кукуан аруы отырады. Барқыттай майда қара
көзді əсем жүзінен қапа мен аяныш ізі анық байқалады. Бəлки,
аяныштан гөрі күштірек бір сезім шығар, кім білсін.
Екі күн бойы біз Гуд енді қатарға қосылмас деп ойладық. Өзіміздің
крааль ішінде қайғыға бата сенделіп жүрдік те қойдық.
Тек Фулата ғана үмітін үзген жоқ. Өлмейді, өмір сүреді деп талай
айтты.
Тваланың лашығының төңірегі үш жүз ярдтан астам жерге дейін
құлаққа ұрған танадай тыныштыққа бөленді де тұрды. Корольдің
жарлығы бойынша, таяу маңдағы үйлерде тұратын адамдар тегіс
көшірілген. Крааль ішінде тірі адам атаулыдан сэр Генри, Фулата
үшеуміз ғана қалғамыз.
Бірде түн ішінде (бұл – Гуд ауырғаннан бергі бесінші күн еді) ұйқыға
жатар алдында əдетімше сырқаттың хəлін біліп шықпақ болдым.
Аяғымның ұшынан басып ішке кірдім. Еденге қойылған шырағдан
жарығы Гудтың денесін басынан аяғына дейін жарық етіп тұр.
Сандырақтамай, аласұрып тыпыршымай, сұлық жатыр екен.
О, фəни жалған! Жүрегім шаншып қоя берді, кеудемнен өксік пен
күрсініс аралас дыбыс шықты.
– Тсс!.. – деген дауыс естілді сол сəтінде құлағыма. Гудтың бас
жағынан əлдебір көлеңке қараң еткендей көрінді.
Ептеп жақындап келсем, Гуд өлген жоқ, ауыр ұйқыда жатыр. Сидиған
арық, аппақ қолымен Фулатаның сүйріктей саусақтарын қатты қысып
ұстап алған. Қатердің беті ары қарады, енді Гуд өмір сүруте тиіс!


Осы бетінде тура он сегіз сағат ұйықтады. Жəне бізге риясыз берілген
қыз осы он сегіз сағат бойы оның қасында тапжылмай отырды, оянып
кетер деген қауіппен қыбыр еткен жоқ, тіпті Гуд ұстап жатқан қолын
да босатып алмады десем, сенемісіздер?
Қыздың осы бір тəулікке жақын уақыт бойына қаншама азап шеккенін
кім білсін. Бүкіл денесі ұйып, сіресіп қалса керек. Ас-су татпағаны өз
алдына. Ақыры Гуд ауыр ұйқыдан оянған кезде қыз орнынан тұра
алмады, тіпті қозғала алмады. Қызметшілер келіп, көтеріп əкеткен.
Сын кезеңі өткен соң Гуд жедел оңала бастады. Фулатаның неше күн
бойы оны қалай күткенін, ұйықтаған кезінде оятып алам деген
қауіппен он сегіз сағат бойы қимылдаудан қорқып, тапжылмай,
төсектің басында отырғанын сэр Генри сонда ғана айтты. Ақ көңіл
теңізшінің көзіне жас үйірілген. Қалт бұрылып, Фулата бізге түскі ас
дайындап жатқан лашыққа қарай тұра жөнелді (бұл кезде біз өзіміздің
əу бастағы үйімізге оралғамыз).
Мені тілмаш ретінде қасына ертіп барды. Бірақ айта кету керек, шет
тіл атаулыдан бейхабар, туыстас зұлыс тілінің өзін əрең түсінетін
болса да, Фулата əдетте Гудтың айтқан сөзін қалт жібермей,
таңғаларлықтай дұрыс ұғатын.
– Айтыңыз, – деді Гуд, – мен соның арқасында ғана өмірге қайта
оралдым жəне мұны ешқашан ұмытпаймын.
Мен бұл сөздерді аударып бердім. Түсінің қаралығына қарамастан
Фулатаның қып-қызыл боп кеткені анық байқалды.
Фулата əсем қимылмен қалт бұрылды да (қыз қимылын мен үнемі дала
құсының ұшқан кезіндегі қимылына ұқсататынмын), Гудқа өзінің
үлкен, қап-қара көздерімен мөлдірей қарады.
– Мырзам қалай ұмытады: менің өмірімді сақтап қалған оның өзі емес
пе еді, ал мен мырзамның қызметшісі емес пе едім?
Бұл жас леди өзін Тваланың қанды тырнағынан босату ісіне сэр Генри
екеуміздің де қатысқанымызды мүлде жадынан шығарса керек. Не
шара, əйел заты осылай жаратылған! Менің өз əйелім де кезінде дəл
осындай мінез танытқан еді.


Айта кету керек, мен үйге ауыр сезім үстінде қайттым: мисс
Фулатаның тұманданған көзқарасы маған ұнамаған, өйткені теңізші
атаулының махаббатқа тез берілетіні маған ежелден мəлім еді.
Мен бұл фəниде тоқтау салуға ешқандай шара жоқ екі нəрсе барын
аштым: зұлыс төбелеспесе тұра алмайды, теңізші ғашық болмаса тұра
алмайды.
Гуд пен Фулатаның арасындағы əңгімеден соң бірнеше күн өткенде
Игнози ұлы кеңес шақырды. Кукуан елінде “индаба” деп аталатын бұл
кеңесте “индундар”, яғни ақсақалдар оны король деп ресми түрде
таныды.
Кеңес салтанаты жəне одан соң өткізілген əскер сыны бізге қатты əсер
етті.
Əскер сыны кезінде өткізілген үлкен парадқа Сұр сарбаздардан тірі
қалған тоқсан бес те қатысты. Твалаға қарсы алапат шайқас кезінде
көрсеткен асқан ерлігі үшін оларға бүкіл кукуан армиясының алдында
алғыс жарияланды. Король əрбір жауынгердің алдына қаншама мал
салды. Өздерін тегіс жаңадан қайта құрылып жатқан Сұр сарбаздар
полкінің үлкенді-кішілі əскербасылары етіп сайлады.
Ал Кукуанстанда жүрген шағымызда біз үшеумізге корольге лайық
құрметтің барлығы да көрсетілуі қажет екендігі туралы бүкіл елге жар
айтылды. Сонымен қатар біздің кімді болмасын өлтіруге, я кешіруге
хүкіміміз жүретіні туралы мəлімденді.
Ел-жұрт алдында Игнози бұдан былай тергеу-тексерусіз нақақ қан
төгілмейтіні, дуагер аулау салты тоқтатылатыны туралы бұдан бұрын
айтқан сөзін тағы да растады.
Мереке аяқталған соң біз король лашығына келіп, Игнозимен оңаша
сөйлестік. Даңғыл Жолдың ұшығындағы Сүлеймен кенішінің
құпиясын білгіміз келетінін айттық, бұл турасында оның өзінің не
естіп білгенін сұрадық.
– Достарым, – деді ол. – Менің бар білгенім мынау болды. Бізде
Тұнжырлар деп аталатын, Твала анада Фулатаны құрбанға шалғысы
келген үш алып тас мүсін сол арада тұр. Сол таудағы үлкен үңгірге
біздің корольдеріміз жерленеді. Сол жерден өзінен бұрын дүниеден


көшкен корольдермен бірге отырған Тваланың да өлі денесін көруге
болады. Бағзы замандарда жасаған адамдар сендер айтқан асыл
тастарды іздеп қазған терең құдық та сол арада, Натальда тұрған
кезімде естіп ем, дəл осындай құдықтар Кимберлиде бар көрінеді. Сол
арадағы Ажал Сарайында құпия қойма бар. Оның жайын тек Твала
мен Гагула ғана біледі екен. Бірақ Твала өліп қалды, ал мен қойманың
қайда екенін де, не барын да білмеймін. Халық арасында мынадай бір
аңыз бар. Баяғыда, осыдан əлденеше ұрпақ бұрын бір адам таудан
асып, біздің елге келіпті. Əлдебір əйел оны қоймаға бастап апарып,
ондағы жасырын қазынаны көрсетсе керек. Алайда ақ адамның
қазынаны иеленуіне əлгі əйелдің опасыздығы бөгет бопты. Сол күні
король оның өзін де ел ішінен аластапты, тауға қуып тастапты. Содан
бері тірі жан қоймаға аяқ баспаған.
– Бұл шынында да солай болса керек, Игнози. Біз таудан қатып қалған
ақ адамды көрдік қой, – дедім мен.
– Иə, көрдік. Енді былай. Мен уəде бердім ғой, егер құпия қойма
табылса жəне ол қоймада шынында да асыл тастар бар боп шықса...
Мен Игнозидің сөзін бөлдім.
– Асыл тастар бар. Сенің маңдайыңдағы алмас отаға бұған айқын
дəлел, – дедім анада өзім Тваланың маңдайынан жұлып алған үлкен
гауһарды көрсетіп.
– Ықтимал, – деді ол. – Егер қоймада асыл тастар бар болса,
көтергендеріңше алып кетесіңдер, бауырларым. Əрине, егер
шынымен-ақ мені тастап кетуге бекінсеңдер.
– Алдымен құпия қойманың өзін іздеп табу қажет, – дедім мен.
– Қойманы сендерге бір-ақ адам көрсете алады – Гагула, – деді Игнози.
– Көрсеткісі келмесе ше?
– Онда өлімге кесіледі, – деді Игнози сұрланып. – Мен оның өмірін тек
осы үшін ғана сақтап қалдым. Асықпаңдар. Өмір сүру ме, əлде өлу ме
– өзі таңдасын.
Игнози қызметшілерінің бірін шақырып алды да, Гагуланы əкелуге
бұйырды.
Бірнеше минуттан соң, үйге өзін қолтықтай сүйрелеген екі жасауылды
түгін қоймай қарғап-сілеп кəрі мыстан да келді.


– Жүре беріңдер, – деді король жасауылдарға. Жасауылдар шыққан
бетте Гагула жерге құлай кетті.
Жыланның көзіндей ызбарлы, жарқ-жұрқ еткен екі көзі болмаса, адам
емес, шоқпыт шүберектердің үйіндісі тəрізді.
– Маған не істемексің, Игнози? – деді кəрі мыстан шар-шар етіп. –
Қастандық жасаймын деп ойлама! Егер маған тиіспек болсаң, тұрған
орныңда жоқ етем! Қорық менің сиқырымнан!
– Сенің сиқырың Тваланы сақтап қала алмады, кəрі құзғын, енді маған
да ешқандай зиянын тигізе алмайды, – деді Игнози. – Тыңдап ал, маған
керегі мынау: сен жалтыр тастар тығылған құпия қойманы көрсетесің!
– Ха-ха-ха! – кəрі мыстан қарқылдап күлді. – Қойманың қайда екенін
ешкім де білмейді, ал мен саған ештеңе айтпаймын. Мына ақ адамдар
құр қол қайтады.
– Сен маған бəрін де айтасың. Мен саған бəрін де айтқызам!
– Қалай айтқызасың, о, король? Сен ұлысың, сен күштісің, бірақ
айтқысы келмеген сөзді əйелдің аузынан қалай шығармақсың?
– Бұл оңай емес, бірақ мен амалын табам.
– Қалай амалын табасың, о, король?
– Егер құпияны ашпасаң, азап үстінде өлесің.
– Өлемін? Кемпір бір жағы қорқыныш буып, бір жағы ашу қысып,
бақырып жіберді. – Маған тиісуге қалай ғана батылың барады! Əй,
пендем! Сен менің кім екенімді білемісің? Мені неше жаста деп
ойлайсың? Мен сенің əкеңді көрдім, əкеңнің əкесін, оның əкесін, оның
əкелерін көрдім. Елдің жас кезінде мен бар едім, осы арада тұрып, осы
арада өмір сүріп жатқам, енді ел қартайған кезде де бұрынғыша ғұмыр
кеше бермекпін. Мен өлмеймін, мəңгі жасаймын. Мені əлдекімдер
кездейсоқ өлтіріп қалуы мүмкін, бірақ əдейі өлтіруге ешкімнің де
батылы бармақ емес!
– Бəрібір мен сені өлтірем. Тыңда, зұлымдық анасы Гагула! Сенің
қартайғаның соншалық, өмірден де əбден жеріп бітсең керек. Аузыңда
бір тіс жоқ, басыңда бір тал шаш жоқ, тіпті адам бейнесінен айрылған,
бойында тек зұлымдық пен қасастық сезімі ғана қалған сен сияқты
кəрі мыстан өмірден енді не қызық көрмек? Егер сені өлтірсем, ол
саған жасалған үлкен жақсылық болар еді.


– Ақымақсың! – деді кемпір тағы да шар-шар етіп. – Қарғыс атқан
ақымақ! Жастардың ғана жаны тəтті деп ойлайсың ба? Онда сен адам
жүрегі туралы ештеңе білмегенің. Жастар кейде өлімнің өзін
қуанышпен қарсы алады, өйткені олардың бойында асау сезім бар.
Олар сүйе алады, азап шеге алады, ғашығынан айрылған сəтте өмірдің
бар қызығы таусылғандай көреді. Ал кəрілердің бойындағы сезім ада
болған, олар сүйе алмайды; олар азапты көрсе – ха! ха! – азапты көрсе
масайрайды, өлімді көрсе қуанады. Ха-ха! Аспан астын жайлаған
зұлымдыққа куə болса, көкірегін шаттық кернейді. Олар ұнататын,
олар сүйетін жалғыз-ақ нəрсе бар, ол – жылы күн, хош иісті ауа, яғни
өмір! Олар суықтан қорқады, түнектен қорқады. Ха-ха-ха! Қарқ-қарқ
күлген кəрі мыстан күлкіге булығып, еденде домалап қалды.
– Тоқтат, ысылдап, шырылдағаныңды! – деді Игнози ызаланып. –
Жауап бер сөзіме! Асыл тастар тығылған жерді көрсетесің бе, жоқ па?
Егер көрсетпесең, өлесің жəне қазір өлесің!
Сөйдеді де, найзасын ала сап, Гагулаға төніп келді.
– Мен сендерге ол жерді көрсетпеймін! Ал мені өлтіруге сенің дəтің
шыдамайды! Батылың бармайды! Мені өлтірген адамды мəңгі бақи
қарғыс атады!
Игнози найзасын жайлап төмен түсірді. Сүңгінің ұшы шоқпыт
үйіндісіне тірелді. Гагула бақыра айқайлап атып тұрды, содан соң
қайтадан құлай кетіп, еденге домалай бастады.
– Көрсетейін ол жерді! Көрсетейін! Тек мені өлтіре көрме! Тек шуаққа
қыздырынып отыруға, бір жапырақ тəтті етті талғажау етуге мүмкіндік
бер, өлмейін, өмір сүрейін. Мен саған бəрін де көрсетем.
– Жақсы. Сенің ақылыңды енгізетін амалды дəл тапқан екем. Ертең
Инфадуспен жəне менің ақ түсті бауырларыммен бірге сол жаққа
аттанасың. Мені алдаймын деп ойлама, онда азап үстінде өлесің.
Айттым бітті.
– Мен алдамаймын, Игнози. Мен əманда өз сөзімде тұрам. Ха! Ха! Ха!
Баяғыда, бағзы заманда бір əйел бұл қойманы əлдебір ақ адамға
көрсеткенінен не шықты дейсің ғой? Ақ адамның соры қайнады. Бұл
сөздерді айтқанда кəрі мыстанның ызбарлы көздері жайнап кетті. –
Сол əйелдің аты да Гагула еді. Бəлки, сол əйел – мен болармын, ə?


– Өтірік айтасың! – дедім мен. – Одан бері он ұрпақтың өмірі өтті.
– Мүмкін, əбден мүмкін. Соншама ұзақ өмір сүрсең, қай уақта не
болғанын өзің де ұмытып қаласың. Бəлки, бұл хикаяны маған анамның
анасы айтып берген шығар, бірақ сол бір əйелдің аты Гагула болғанын
мен анық білем. Ұмытпаңдар! – деді ол бізге қарап.
– Жылтырақ ойыншықтар сақталған жерден ешкі терісінен тігілген,
ішіне асыл тастар толтырылған қап көресіңдер. Бұл қапты сол ақ адам
толтырған, бірақ өзімен бірге əкете алмаған. Соры қайнады дедім ғой,
соры қайнады. Бəлки, бұл туралы маған анамның анасы айтқан
шығар... Біздің сапарымыз көңілді болады: жол бойы соғыста қаза
тапқандардың өлігін көреміз. Олардың көзін қарға шұқып, сүйектерін
ит-құс мүжіп жатыр. Ха! Ха! Ха!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет