Эссе
Тақырыбы:ХХ-ХХІ ғасырдың басындағы жаңа қазақ элитасы өкілдерінің көркемдік және ғылыми мұрасы.
Орындаған: Ист - 41 топ студенті
Узбекова М.Н
Орал-2023
1905-1907 жылдардағы орыс революциясының дабылы шалғайдағы қазақ даласын да жаңғырықтырды.
Революцияның игі әсері қазақ зиялыларының теңсіздікті жете түсінуінен, прогресшіл бағыттағы қайраткерлердің өз халқының көкейкесті ойларының жаршысы болуға ұмтылғандығынан, сана-сезімнің артқандығынан ғана емес, қалың бұқараның өз басындағы жағдайға, ел билеуші ұлық, әкімдерге бұрынғыдан басқаша қарай бастағандығынан да аңғарылатын. Бұл ретте халықты ауыр халге төзбеуге, оянуға күреске шақырған жырлар шығарушы алдыңғы қатарлы қазақ ақындарының қызметі айрықша болды.
XX ғасырдың басындағы қазақ поэзиясына тән бір ерекшелік, бұл кезде қазақ ақындары тыңдаушыға арналып, ауызша тараған жырлардан тасқа басылып, қағаз бетіне түскен сөздің артықшылығын әбден түсінген еді. Петербург, Орынбор, Қазан, Уфа, Ташкент сияқты қалалардан әртүрлі мазмұндағы қазақ кітаптары көптеп шығып жатты. Алғашқы қазақ романдары жарық көрді. Қазақша газет-журналдар шыға бастады. Газет беттерінде ақын, жазушылардың жаңа шығармаларымен қатар, әлеуметтік теңсіздік туралы, қазақ халқының бүгінгісі мен болашағы туралы мақалалар жарияланып тұрды. Фольклор үлгілері жинастырылып, жарияланумен қатар, кейбірі көне қолжазбалар арқылы, көпшілігі ел аузында сақталған ескі жырау, ақындар мұрасы іздестіріліп, баспа бетіне шығарыла бастады.
Өнернамасы негізінен XX ғасырдың бас кезіне келетін Ғұмар Нарманбет, Мәшһүр-Жүсіп шығармалары осы ағартушылық идеялар төңірегінен табылды.
Қазақ поэзиясын, әсіресе көне жыраулар мұрасын жақсы білген, сонымен қатар орыс және батыс европа классикалық поэзиясынан нәр алған Шәңгерей Бөкеев мұрасы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде ерекшеліктерімен көзге түседі. Ұлттық бояуымен, күрделі образдарымен ерекшеленетін, сыршыл-философиялық өлеңдер де Шәңгерей өнернамасынан ерекше орын алады. Бұл шығармалар бүкіл қазақ әдебиетіндегі жетекші тақырыптардың бірі болған қоғамдық, ұлттық мүддеден гөрі адамның жеке басының зары басым жатады. Алайда Шәңгерей шығармаларының қазақ лирикасының даму жолында өзіндік орны бар.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің тақырып ауқымының кеңейіп, идеялық тұрғысының биіктеп, көркемдік қасиетінің жоғарылауы, бір сөзбен айтқанда, жаңа сипат, жаңа сапаға ие болуы - қазақ халқының көгінде жұлдызша ағып өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров есімімен байланысты. Өнердегі жолын ағартушылық идеялар ауқымында бастаған Сұлтанмахмұт өзіне дейінгі және өзі тұстас көптеген ақындар сияқты, туған халқын оқуға, білімге үндейді. Сұлтанмахмұттың бұл реттегі жырларының бір ерекшелігі - ақын оқуды адамның жеке басының бақытқа жетуі жолындағы құрал деп қана қарамайды, бүкіл елдің болашағы үшін мәні бар іс, оның көзін ашар, оны құлдықтан құтқарар, басқа жұрттармен терезесін теңестірер қуатты күш деп санайды. Оқудағы мақсат - қалың бұқараны жарыққа бастап, халыққа адал қызмет ету деп білген және ақын түсінігіндегі оқу - мұсылманшылық шарттарына жетіліп, молда, қари болу емес, сол заманда орыс және басқа алдыңғы қатарлы халықтар жетіп отырған ғылым мен білімді толық меңгеру.
Сұлтанмахмұт ағартушылық-гуманистік идеялармен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол адамдық жағынан алғанда - күрескер, дүниеге көзқарасы тұрғысынан алғанда - демократ, әдеби ісі тұрғысынан алғанда сыншыл реалист болған деседі. Ақын қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды ашып көрсетеді. Сонымен қатар ақын әйел теңдігі мәселесін де айрықша көтереді. Әйел азат болмай, халықтың азат болуы мүмкін емес деп есептейді. Ақын қазақ ауылындағы таптық теңсіздікті де көре білді. Өзінің көптеген өлеңдерінде, “Кедей” поэмасында аты айтып тұрғандай жарлылардың ауыр тұрмысын, аянышты халін шынайы бейнелейді.
Өлеңмен жазылған “Кім жазықты”, қазақтың көне эпикалық жырларының үлгісімен өлең, қарасөз араласа келетін және де одан бөлек “Қамар сұлу” романдарында Сұлтанмахмұт өз заманындағы қазақ қауымын тұралатып отырған руаралық тартыс, таптық езгі, әйел теңсіздігі сияқты мәнді әлеуметтік мәселелерді көтереді. Байлығының арқасында ғана игі жақсы атанып, ел еңсесін басып отырған надан байлар, олардың жемі болған шаруалар, сүйгеніне қосыла алмаған сұлу қыз, қолы қысқа ер-азаматтармен қатар, Сұлтанмахмұт жаңа заман адамы - ескілікке қарсы күресуші көзі ашық жастардың бейнесін жасайды. Әзірге жеңіліске ұшырап жатқанымен, ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімі мол болды.
Сұлтанмахмұт қазақ поэзиясындағы дәстүрлі философиялық бағытты одан әрі дамытты. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері, әсіресе, “Адасқан өмір” поэмасы қазақ сөз зергерлерінің ғасырдан ғасырға ұштасып келе жатқан, адам және оның табиғаты, өмір мәні толғауларының бір арнаға келіп тоғысқан құймасы, шырқау шыңы тәріздес. “Адасқан өмір” - көшпенді қазақтардың өмірі туралы, адамзат тағдыры туралы бар түйгенін бойына жинақтаған, жаңа заманға сай жаңаша өріс тапқан, таза ұлттық сипаттағы туынды.
Сұлтанмахмұт аз өмір сүрсе де, артына қазақ сөз өнерін жаңа белеске көтерген, қоғами мәнді, әдеби кемел туындылар қалдырды. Ол қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализм дәстүрін одан әрі дамытты, қазақ поэзиясындағы әлеуметтік, ойшылдық сарынды тереңдете түсті, қазақ романының, қазақ әдеби сынының негізін салушылардың бірі болды. Сұлтанмахмұт өнернамасы қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтті, онвң жақын келешекте барлық жанрда бірдей қаулап өсуіне алғышарттар жасады. Озат идеясына орай, озық сапалы, кемел шығармалар туғызған Сұлтанмахмұт мұрасы жаңа дәуірге дейінгі қазақ әдебиетінің ұзақ жолын лайықты қорытындылайды.
Қорытындылай келе айтар ойым, қай халықтың болмасын әдебиетінің тууы және өсіп - өркендеуі аса күрделі құбылыс. Қазақ әдебиеті де өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өресіне бірер күнде жете қойған жоқ. Талай асуларды бағындырып, бел- белестерден өтті. Қашанда ел өміріндегі күрделі тарихи оқиғаларға үн қосып, өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырды, өткен күн, көне тіршілік шежіресі болды. Сол замандағы өзге де ақын-жазушылар үнемі халық жағынан табылып, елдің бүгінгі ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идеялардың ұраншысы қызметін атқарды. Қазақ әдебиетінің ең басты тағылымы осында деп білемін
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
Тарих, экономика және құқық факультеті
Қазақстан тарихы республикасы кафедрасы
Эссе
Тақырыбы:ХХ-ХХІ ғасырдың басындағы жаңа қазақ элитасы өкілдерінің көркемдік және ғылыми мұрасы.
Орындаған: Ист - 41 топ студенті
Ақболатқызы.Ә
Орал-2023
Достарыңызбен бөлісу: |