Малшаруашылығымен шұғылданған қазақ елінің XIX ғасырдын бірінші жартысындағы дамуында 1822 жылы қабылданған Сібір қазақтарының Жарғысы елеулі рөл атқарды.
Қазақтардың 1773-1775 жылдары Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билеу жүйесінін әлсірей бастағанын көрсетті.
Сібір генерал-губернаторы М.М. Сперанскийдің басшылығымен жасалған «Жарғының» басты мақсаты – Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіпті әлсірету еді.
Орта жүз әкімшілік жағынан ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Ауыл 50-70 шаңырақтан, болыс 10-12 ауылдан, округ 15-20 болыстан құралды.
Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Тобыл, Том және Омбы облыстарымен бірге Сібір қазақтарының облысы да кірді. Орталығы Тобыл, кейін 1839 жылы Омбы болды.
Жарғы бойынша батыс шегарасы Орынбор даласына, оңтүстігі Шу өзеніне дейін созылған Сібір қазақтарының округі сыртқы және ішкі округтерге жіктелді.
Бұлар – Қарқаралы, Көкшетау (1824 ж.), Баянауыл (1826 ж.), Аякөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Үшбұлақ (1833 ж.), Аманқарағай (1834 ж.), кейінгі 40 пен 50 жылдарда құрылған Көкпекті, Құсмұрын, Алатау округтері еді.
Округтер Омбы облыстық басқармасына бағынды, оларды басқару округтік приказдарға жүктелді.
Патша үкіметі хан тұқымынан шыққан сұлтандардан және халық арасында ықпалды билерден қолдау табу үшін сұлтандардың әкімшілік қызметке сайлануын қолдап отырды.
Бірақ мұндайда сұлтанның хан тұқымынан шығуы міндетті болған жоқ, ең бастысы патша үкіметіне адал қызмет ету болды. Осылайша қазақтың хан тұқымынан шыққан сұлтандары енді патша үкіметінің шенеуніктеріне айналды.
Аға сұлтанды тек сұлтандар ғана сайлады, оларға ресейлік майор әскери шені, ал он жылдан кейін дворяндық атақ берілді
Аға сұлтандар үш жылға сайланды. Болыс болу мерзімі өмірлік болды. Болыстық билік мұрагерлікпен берілді. Егер болыс сұлтанның мұрагері болмаса, оның орнын інісі немесе облыстық басқарма бекіткен туысы басатын.
Болыстық сұлтандар Ресейдің әкімшілік сатысы бойынша 12-класқа жататын шенеуніктерге тең болды.
Ауыл старшындары да аға сұлтан секілді үш жыл сайын сайланып отырды. Болыстық сұлтандарға бағындырылған болыстық старшындар құқықтары жөнінен Ресейдегі селолық старосталарға тең болды.
«Жарғы» бойынша сот істері үшке бөлінді: қылмыстық істер, талап ету, болыстық басқармаға шағым айту.
Қылмыстық істер империя заңдары негізінде округтік приказда каралды.
Кейін Сібір қазақтарын билеу Шегаралық басқармаға жүктелді. Оның төрағасын тағайындау үшін арнайы жарлық шығарылып отырды. Шегаралық басқарма Батыс Сібір губернаторына бағынды, оның төрағасы шетелдермен келіссөз жүргізу құқығына ие болды.
Жалпы алғанда 1822 жылғы «Жарғы» патша үкіметі үшін Қазақстанның бай өлкесін шаруашылық жағынан игеруге қолайлы алғышарт жасады; екіншіден, патшалы Ресейдің отаршыл саясатын кеңейте түсуге жол ашты.
Енді қазақ даласындағы хандық басқару жүйесі біржолата күйреп, оның орнына Ресейдің отаршылдық үкімет органдары берік орнықты.