Хvіі ғасырдың соңындағы Еділ мен Жайық өзендерінің айналасындағы шұралы жайылым жерлерінен айрылу қазақтардың наразылығын туғыза бастады. Бұл патшалық Ресейдің қазақтарды отарлауының бір әдісі еді
ХVІІ ғасырдың соңындағы Еділ мен Жайық өзендерінің айналасындағы шұралы жайылым жерлерінен айрылу қазақтардың наразылығын туғыза бастады. Бұл патшалық Ресейдің қазақтарды отарлауының бір әдісі еді. Міне сондай кезде орыстың отарлық саясатына ең алғаш болып қарсы шыққан батыр, би әрі шешен Сырым Датұлы болды. Сырым бастаған көтерілісте 7 мыңға жуық әскер болғандығы айтылады. Осы көтеріліс Сырым Датұлыны басты кейіпкер етіп алған Қажығали Мұханбетқалиұлының "Тар кезең" романында кеңінен баяндалады. Жиырма жылға жуық тақырыпты зерттеген автор 2012 жылы аталған романды кітап етіп шығарады. Қажығали Мұханбетқалиұлының еңбегі зая кетпей 2014 жылы роман Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Романға автор Қ. Мырза Әлидің: “Бұл жерде ел ұрандасқан, айқайласқан, Бұл жерге жау аяғын байқай басқан! Ерліктің етегінен ұстап тұрып, Еркіндік сонда алғаш тәй-тәй басқан” деген өлең жолдарын эпиграф ретінде алуы тарихи романның елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан өткен тарихқа жаңаша көзқарас, пайым парасат тұрғысынан келген елдік, патриоттық бағыт-бағадарын бірден аңғартады. Эпиграф оқырманға романдағы кешегі өткен тар кезең, алмағайып замандағы елім деп еміренген ерлердің рухынан хабар бергендей әсер қалдырады. Сырым батыр жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал-губернаторы Игельстромға жазған бір хатында былай деп жазады: “Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі”. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Сырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. міне, тарихи дерек бойынша алғашқы көтеріліс осылай басталады. Қазақты орыс әкімшілігінің заңына бағындыруға, елдің тұрмысын бұрынғы шариғат емес, дәстүрлі қазақтың дала заңымен емес, ата жолымен емес, орыстың заңымен реттеу үшін келген адам ғой. Қазақты орыс билігіне түгел аударамын деп келген Игельстромның сол саясатын жүзеге асыруға қарсы адам – Сырым. Сырымның батырлығынан гөрі саясаткерлігі басымдау. Сырымның ұлылығы да, қазақ үшін істеген ісі де осы жерде көрінеді. Бұларды автор шебер жеткізеді. Тарихи дерек бойынша Уфа және Симбирск аймағының жаңадан тағайындалған наместнигі – генерал-поручик барон Игельстром мен Сырым арасындағы саяси қарым-қатынастар жасауда Сырымның тапқырлығы, батырлық тұлғасы, ұлттық қаһармандық бейнесі тарихи деректер негізінде көркем суреттеліп, елдің ішкі ынтымағы мен сыртқы саяси тәуелділіктің болашағын болжай алуын автор нанымды тұрғыдан суреттейді. Бұл жерде автор тарихи деректер мен қоса, шешендік сөздермен, тарихи жырларды интерпретациялау арқылы романның көркемдік құндылығын арттыра түскен. Сөз жоқ Қажығали Мұханбетқалиұлының “Тар кезең” романы ХХІ ғасырда қазақ әдебиеті қазынасына қосылған құнды шығарма. ХХ ғасырда жазылған Шерхан Мұртазаның “Қызыл жебесі”, Мұхтар Мағауиннің “Аласапыраны”, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогоиясының үшінші кітабы “Қаһары” тарихи-әлеуметтік, ұлт-азаттық көтеріліс және халықтың тұрмысы жағына біз сөз етіп отырған “Тар кезең” романдарымен үндес келеді. “Тар кезең” романы мен әлем әдебиетіндегі үндес шығармалар Ұлт-азаттық көтеріліс, патшаның озбыр саясатына қарсы шығу тақырыбы әлем әдебиетінде де көп жазылған. Мысалы, ХІІІ ғасырда халқын Англия патшасының озбыр саясатына қарсы көтеріліске шақырған Уильям Уоллес. Уоллес пен Сырым батыр тарихи оқиға әлеуметтік жағынан да тіпті қаза болуы жағынан да өте ұқсас келеді. Салыстырайық: • Уильям Уоллес ауқатты дворяндар әулетінен, Сырым Датұлы да би болған дәулетті ұрпақтан. • Уильям Уоллес рыцарь болған, қолына қару алып халықты майданға бастаған. Сырым Датұлы да шешендігінен бөлек батыр болған. • Уильям Уоллес батырлығымен қоса асқан шешен болған. Ақын Соқыр Гарри өзінің поэмасында оны халықты майданға бастап апарар кезде асқан шешен етіп суреттейді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Сырым Датұлы да қызыл тілге дес бермеген шешен әрі көсем болған. • Уильям Уоллес патшаға қарсы шыққаны үшін сатқындардың кесірінен ұсталып өлтірілген. Ал Сырым Датұлы Хиуа ханының орыс патшалығына сатылуының кесірінен у беріп өлтірілген. Уильям Уоллестің ерлігі жайлы ХV ғасырда ақын Соқыр Гарри көлемді поэма жазған. Бұдан бөлек француздарды “100 жылдық соғыс” кезінде көтеріліске бастаған батыр қыз Жанна д’Арк те Сырым Датұлымен тағдыры ұқсас келеді. Жанна д’Арк туралы шығармалар әлем әдебиетінде көптеп кездеседі. ХV ғасырда француздың ақыны Кристина Пизанская “Жанна д’Арк туралы сөз” поэмасын жазса, одан кейін Мартена Лефран, Симфорьен Шампье, Ален Бушар және тағы басқа ақын-жазушылар батыр қыздың ерлігіне арнап шығармалар жазды. Біз жоғарыда айтып кеткен шығармалардағы кейіпкерлерден бөлек Робин Гудты айта аламыз. Робин Гуд – ағылшын халқының орта ғасыр балладаларының кейіпкері, орман қарақшыларының жетекшісі. Аңыз бойынша ол өз қарақшыларымен бірге Ноттингемнің жанындағы Шервуд орманында байларды тонап, олжаны кедейлерге үлестірумен айналысқан. Робин Гудтан бөлек, бірнеше кейіпкерлер де бар. Мысалы: Хуан Чао — қытай халқының ұлы, кезінде тұз сатумен айналысқан, IX ғасырда Тан династиясына қарсы көтеріліс ашқан. Аз уақыт император болған, артынан бұрынғы императордан жеңіліс тапқаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсаған. • Дардо Бартоли — Герман императорының ізбасары Фридрих Барбароссаға қарсы күрескен атақты ломбардия көтерілісшісі. • Михаэль Кольхаас (Михель Кольхаузе) — неміс бюргері (ат сатушы саудагер), XVI ғасырдың ортасында Дрезден аймағында рыцарьлардың зорлық-зомбылығына, алым-салығына қарсы көтерілісші. • Хон Гильдон — корей янбанының некесіз ұлы, XVI-XVII ғасырлардың соңындa қашқындар тобымен орманға қашып, кедейлердің құқығы үшін күресуші. Хо Гюннің “Хон Гильдон туралы айту” атты корей классикалық орта ғасыр повестерінің кейіпкері атанды. • Устим Кармелюк — Подольедегі 1813-1835 жылдар аралығындағы, украинада феодалдарға қарсы ұлт азаттық қозғалысының жетекшісі. • Василий Фёдоров немесе Манчаары (06.1805—8.11.1870) — якут ұлтының батыры, жергілікті феодалдардың қанауына қарсы күресуші. Бәріне танымал жыршы және жыр бастаушы, әрі импровизацияның шебері. Манчаардың бейнесі орыс, якут және совет әдебиетінде талай рет сомдалған. • Котовский Григорий Иванович — Ресейдегі Азамат соғысының батыры, Бессарабияда XX ғасырдың басында помещиктердің жерлерін өртеп танымал болған, оны шаруалар қолдап, жандармдардан құтқарып отырған. Қорыта айтқанда, Қажығали Мұханбетқалиұлының “Тар кезең” романы ХVІІІ-XIX ғасырлардағы қазақ халқының отаршыл саясатқа қарсы қалай көтеріліске шыққанын баяндайтын, қазақ халқының батыры Сырым Датұлының өмірінен сыр шертер құнды шығарма.