Бұл тақырыптың оқу материалын біртіндеп оқыту оның түсініктерінің логикасы мен оқыту психологиясымен анықталады.
Заттар туралы алғашқы химиялық түсініктер, олардың молекулалық және беймолекулалық құрылымы, таза заттар мен қоспалар, химиялық реакциялар мен олардың белгілері жайлы ұғымдар химияны экспериментальды оқыту мен пән аралық байланысқа сүйене отырып өтіледі.
Заттың құрамын оқыту элемент туралы түсінікті енгізуді, оның сипаттамасы салыстырмалы атомдық масса мен валенттілік түсініктерін қарастыруды талап етеді. Зат құрамын және химиялық реакцияны қысқаша белгілеу үшін химиялық символика енгізілген. Олар химиялық элементтер таңбалары, химиялық формулалар, химиялық реакция теңдеулері. Химиялық формулалар мен теңдеулер белгілі химиялық заңдылықтарды білдіретіндіктен оларды құру құрам тұрақтылық және зат масасасының сақталу заңдарына сүйеніледі. Алғашқы химиялық ұғымдарды, заңдарды түсіндіру атом молекулалық ілім негізінде жүзеге асырылады.
Әсіресес химиядан алғашқы сабақты жүргізу өте үлкен жауапкершілікті тілейді. Оның міндеті оқушылардың өмірлік тәжрибесіне сүйене отырып, олардың әр түрлі ақпарат көздерінен алынған химия туралы мардымсыз мәліметтерін жалпылап, оқушылар алдында химияның танымдық және сарамандық перспективасын ашу керек. Ең бастысы оқушылар бойында пәнге деген қызығушылық тудыру. Химия заттар жіне олардағы өзгерістерді оқытатын ғылым болғандықтан, ең алдымен заттар туралы қарастыру тиімді болады. Затт жайлы қарастыру бұл химия пәнәндегі алғашқы нысан болып табылады.
Заттар жайлы түсінік бұл жалпы ғылыми түсінік болып отырғаны белгілі. Оны қалыптастыру барлық жаратылыстану пәндерінде өзінің үлесін тапқан. Заттар жайлы алғашқы түсінікті оқушылар дүниетану пәнінде алған. Онда нақты газ тәрізді заттармен, табиғи қосылыстармен олардың қасиеттерімен танысу барысында, ал физика курсында кейбір заттардың құрылымы мен құрылысы, қасиеті жайлы молекула-кинетикалық тұрғыдан қарастыру негізінде зат құрылымының өзгеруін физикалық құбылыс негізінде қарастырады.
Химия пәніндегі таным деңгейінің қалыптасуы зат құрылымы мен құрылысының заттардағы айналуларға байланысты өзгеруіне негізделеді.
8сыныпта зат туралы ұғым қалыптастырғанда алдымен оқушыларды негізгі химиялық білімді қалыптастыруға қажетті сарамандық және әдістемелік тұрғыдан маңызды заттармен таныстырған орынды болып табылады. Алғашқы сабақтарда заттарды оқыту оқушылар бойындағы индуктивті жолмен қалыптасқан, зат туралы, оның қасиеттері жайлы эмпирикалық мағлұматтарды жалпылап, тұжырымдаудан басталады. Заттарды, таратпа материалдарды демонстрациялау арқылы заттың сыртқы белгілері жайлы білімді, сол сияқты осы заттар құрамында кездесетін тау жыныстары мен минералдарды қолданып тікелей қабылдауды жүзеге асыру қажет.
«Зат» туралы алғашқы анықтаманы оқушылар 6 сыныпта физика курсында «дене» түсінігін оқығанда кездестірген. 8 сыныпта нақты заттар мен денелерді көрнекі түрде салыстыру арқылы осы екі түсінікті салыстыра отырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсету керек. Ол үшін оқушыларға таратпа материалдар біркелкі формадағы бірдей және әр түрлі заттардан тұратын денелердің жиынын таратып береді. Сармандық әрекет негізінде оқушылар олардың формасы мен мөлшері бірдей болғанымен әр түрлі заттардан құралғанын, немесе формасы мен мөлшері әр түрлі болғанымен бірдей заттардан құралғанын айырып, анықтаулары қажет. Оқушыларға зат дегеніміз не және оның денемен қандай байланысы бар екендігін еске түсіру тапсырылады. Осыдан келесідей тұжырым жасалады: физикалық денелер заттардан тұрады. Және оқушыларға күнделікті тұрмыста белгілі заттарды атап көрсету керек. Олар: темір, мыс, алюминий, күкірт және т.б. Келесідей су затқа жата ма деген сұрақты ұсынуға болады. Оқушылар физика курсынан судың үш күйде кезедесетінін біледі. Мұз кесегі қатты зат. Су қатқан кезде оны түзеді. Су дегеніміз бұл зат. Осыдан олар заттар үш күйде сұйық, газ, қатты күйде бола алады деген тұжырым жасайды. Заттар жайлы түсінікті бекіту үшін әр түрлі типтегі тапсырмаларды ұсынамыз. Мысалы тізімде берілген денелердің атауын бір сызықпен, заттарды екі сызықпен сызыңдар: сым, мыс, су, қант, сызғыш, парта, стақан, кесе, шеге, тұз, оттек, мырыш, орындық, азот, ауа, сүт, ағаш, қағаз, қасық, алюминий, көмір қышқыл газы, жәшік.
Оқушыларды заттардың көп түрлілігімен таныстыру да маңызды болмақ.
Химиктер көптеген жаңа заттарды синтездеуде екендігімен таныстырған жөн. Жаңа заттардың әр түрлі пластмасса, синтетикалық талшықтар, дәрілік заттар, каучуктер т.б. Жердің қазба байлықтары, топырақ, минералдар, өсімдіктер, жануарлар, адам ағзасы да заттардан тұратындығын айта кеткен дұрыс. Яғни бізді заттар әлемі қоршаған. Олардың көп түрлілігімен танысуда бізге химия көмекке келеді.
Кез келген затпен танысу алдымен оның қасиеттерін сыртына қарап яғни визуальды анықтауды қажет етеді. Қасиеттерін жалпылап, қорытындылау оған анықтама беруге әкеледі. Заттың қасиеттері нәтижесінде заттардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар анықталады. Тек бір ғана қасиеті арқылы заттарды бір-бірінен ажыратуға болмайтындығын, айырмашылықтарды кешенді түрде қолдану керектігін оқушыларға түсіндірген дұрыс. Бұл кезеңде оқушылар тек жай көзбен қарап қана емес заттардың қасиеттерін (балқу, қайнау температурасы, тығыздығы т.б) кейбір аспаптарды қолданып анықтай білуі керек. Ол үшін заттарды демонстрациялап, олармен зертханалық жұмыстар жүргізіп, сипаттайды. Затты сипаттау дегеніміз белгілі жоспармен оның анықталған қасиеттерін түгендеу деген сөз.
Заттардың қасиетін білудің үлкен сарамандық маңызы бар. Оқушыларды заттармен жұмыс істеудің кейбір ережлерімен таныстырған дұрыс: мысалы сынауыққа сұйық және қатты затты қалай алуға болады, ұшқыш заттарды дұрыс иіскеу жолы т.б. Заттардың қасиеті жайлы білім негізінде олардың қолданылуын мұғалім мен оқушылар демонстрациялайды. Зертаханалық және өндірістік аспаптардың жобалануы да заттардың қасиетіне тығыз байланысты. Заттың қасиетінің дұрыс анықталуы аспатардың таза болуына да тікелей байланысты.
Осы айтылған таза заттар мен қоспаларды оқытуға логикалық жолмен өту болып табылады.
Оқушыларды таза заттар мен қоспаларды айыра білуге үйрету эксперименттік жолмен салыстыру барысында өтеді. Мұғалім оқушылардың тұндыру, сүзу, екшеу, суалту арқылы қоспаларды бөлу икемділіктеріне сүйенеді. Оқушылардың ең басты назарын аударатын күкірт пен темірдің қоспасын бөлу жұмысы болады. Оқушылар тәжрибе нәтижесінде қоспадағы заттар өз қасиеттерін сақтайды деген пікірге келіп тоқтайды. Бұл тақырыпты оқытуды «Қоспаларды бөлу» деген зертханалық жұмыс аяқтайды.
Заттар мен олардың қасиетін білу оқушылардың оларда болатын өзгерістің ерекше түрі химиялық өзгерістер туралы түсінікті меңгеруге әкеледі. Мұндағы мұғалімнің негізгі әрекеті бөгде құбылыстарсыз негізгі рекция белгілері анық байқалатын рекцияларды таңдау болып табылады. Химиялық құбылыстарды эксперимент жүзінде бақылау физикалық құбылыстарды бақылаумен қатар өтеді. Тым көп химиялық реакцияларды көрсетудің қажеті шамалы. Тек оқушыларды белгілі нәрселерді дұрыс ой елегінен өткізе білуге бағыттау керек. Әдістемелік тұрғыдан алдымен аса айқын емес (мыс тақташаны қыздыру, қантты айыру) сияқты құбылыстарды, соңынан көбірек эффектілі құбылыстарды (магний таспасының жануы т.б) көрсеткен дұрыс. Мұғалімнің алдындағы басты мақсат оқушылардың химиялық құбылыстарды бақылауын тиімді ұйымдастырып, байқағандарын эмперикалық жолмен түсіндіруге бағыттау. Нәтижесінде оқушылар келесідей тұжырым шығара білуі керек: барлық заттар өзгеріске түседі, өзгермейтін зат жоқ. Уақытша сипаттағы өзгерістер мен қатар заттың қасиетін мүлдем өзгертетін құбылыстар да болады.
«Химиялық реакция» түсінігімен танысу бір заттардың екінші бір заттарға айналу қабілетін түсіндіруге мүмкіндік береді. Химиялық реакция мәнін түсіндіру оқушыларды зат құрылысының атом мен молекуладан тұратындығына көзін жеткізуге әкеледі.
Атом-молекулалық ілім жайлы алғашқы түсінікті оқушылар 6 сыныпта физика курсында алған болатын. «Зат құрылысы туралы алғашқы түсініктер» тақырыбында молекула, атом, заттың молекулалық құрылысы туралы түсініктер берілген.
Оқушылар атом-молкулалық ілімнің негізін салушылардың бірі М.В.Ломоносов екендігін біледі. Зат құрылысын түсіндіруде мұғалімге қиын тиетін «химиялық элемент» түсінігін қалыптастыру болып табылады. Ол түсінікті қалыптастыру «салыстырмалы атомдық масса» түсінігімен тікелей байланысты. Атом ядросының заряды деген сипаттамамен оқушылар физика курсынан таныс. Оқушыларға атомның нақты массасы және оны қолданудың ыңғайсыздығы туралы түсінік беру де маңызды болып табылады.
Қазіргі кезде 6 сынып физика оқулығында барлық заттар тек молекуладан құрылған деген түсінік берілмейді. Осы мағлұмат алғашқы химиялық түсініктерді қалыптастыруда зат құрылысының әр түрлілігі туралы көзқарасты қалыптастыруда ыңғайлы. Сонымен қатар 6 сынып физикасында мұз, ас тұзы, иод кристалдарының суреті берілген. Біз одан олардың құрылысындағы айырмашылықты көреміз.Зат құрылысы жайлы теорияны түсіндіре келіп оқытушы химиялық құбылыстар тек молекулалық теориямен түсіндірілмейтініне тоқталады. Ол атомдық теорияның маңызына да көңіл аудартады. Молекулалық және атомдық теориялар атом-молекулалық теорияға бірігіп зат құрылысы мен химиялық реакцияларды түсіндіреді. Осы кезеңде атом-молекулалық теорияның негізгі қағидаларын қалыптастыру маңызды орын алады:
Заттың химиялық бөлінбейтін кіші бөлшегі атом деп аталады.
Заттардың көп түрлілігі атомдардың әр түрлі қиылысуынан түзіледі.
Атомдар бірігіп молекула түзеді.
Атомдар атомдар мен иондардан тұратын молекулалы емес құрылымды заттар да түзуі мүмкін.
Молекулалар мен атомдар үнемі қозғалыста болады.
Атомдар бір бірінен массасы, мөлшері, химиялық қасиеті жағынан айырылады.