Атқа міну мәдениеті
Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің "мұрагерлері" екені белгілі.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.
Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.
Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.
Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.
Достарыңызбен бөлісу: |