§ 33.Қазақ халқының салт-дәстүрі
Алтыбақан ойыны
Әр халықтың өзіне тән ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениеті болады. Қазақ халқының да ертеден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрі және әдет-ғұрыптары бар. Әдет-ғұрыптар шаруашылық, дүниетанымдық, отбасылық, қоғамдық сияқты түрлі тармақтарға бөлінеді. Солардың біразы қазірге дейін сақталған. Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлерінің ішінде қонақжайлылық, ас беру, түрлі той-думандар өткізудің маңызы жоғары болған.
Халық арасында сәбидің жаңа туған кезінен бастап атап өтетін түрлі мерекелер қалыптасқан. Олар: бесік той, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той т.б. Үйлену тойы - ежелден келе жатқан дәстүр. Жалпы қазақ халқында ертеде қыз бен жігітті бала кезінен атастырған. Жігіт жағы қыздың ата-анасына қалыңмал төлейді. Қыздың ауылында «қыз ұзату», ал келін түскен үйде «Беташар», «Жар-жар» сияқты ән-думанмен өрнектелген той өтеді.
Бесікке бөлеу
Сондай-ақ, ежелден келе жатқан наурыз мейрамы. Наурыз - парсы сөзі, қазақша мағынасы «жаңа күн» дегенді білдіреді. Наурыздың 22-сі қазақтар үшін жыл басы - жаңа жыл, күн мен түннің теңелетін уақыты. Сондықтан да Наурыз тойын - Ұлыстың ұлы күні деп атаған. «Ұлыс» деген сөз мемлекет, ел деген мағынаны білдіреді. жер беті бусанып, қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл уақытты «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағы деп текке айтпаған. Мал төлдеп, қыстан қиналып шыққан халықтың аузы аққа тиіп, бір жасап қалады.
Наурыз күнін жұрт бар жақсыларын киіп, үлкен қуанышпен қарсы алған. Бір-біріне өкпелі адамдар барлық реніштерін ұмытып, құшақтасып, төсқағысып, көрісетін болған. Бір-біріне жақсы, игі тілектер айтып, ақ ниетпен бата беріскен. Тіпті, осы наурыз күні Орта Азия билеушілері зындандағы тұтқындарына да бостандық берген деседі. «Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөз содан қалса керек.
Наурыз күні жеті түрлі тағам қосылған наурыз көже дайындалады. Әр үйдің дастарқаны бұл күні наурыз көжемен бірге ұлттық тағамдарға толады. Ойын-сауық ұйымдастырылып, түрлі мерекелік шаралар өткізіледі.
Қазақ халқында той ұлттық ойынсыз, сайыстарсыз өтпейді. Бәйге, күрес, көкпар, айтыс, қыз қуу, жамбы ату сияқты ұлттық сайыстар өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |