Хандық билікті іс жүзінде жойған 1822 және 1824 жылғы Жарғылар жаңа капиталистік қатынастар өрістей бастаған кезде өлкенің шаруашылық даму талабына сай болмады. ХІХ ғасырдың 60 жылдары қазақтарды басқару жүйесін өзгерту үшін И.И.Бутков басқарған комиссия құрылды. Қазақ даласын 2 облысқа бөлу жоспарланды. Батыс облысы оның орталығы – Торғай. Шығыс облысы оның орталығы – Сергиополь немесе Қарқаралы. Бірақта бұл ұсыныс қабылданбады. 1865 жылы Ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін «Дала комиссиясы» құрылды. Оның құрамына Ішкі істер министрлігінің, әскери министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді.
1865 жылғы 5 маусымда ІІ Александр бұйрығымен қазақ жерін зерттеу сұрақтары дайындалды: жерді иелену түрлері, сот ісі, ағарту ісі, салық, діни мәселе тағы басқа. Өзінің шекарасы күннен-күнге ұлғайып келе жатқан Ресей империясы үшін сыртқы жағдай әкімшілік жүйесін реформалауды жүргізуге қолайлы болды. Шаруалардың басыбайлы тәртібі жойылғаннан соң Ресей үкіметі земствоның, соттың, қалалықтардың және тағы басқа әлеуметтік-саяси өмірін түбегейлі өзгерткен бірқатар реформалар жүргізді. Осы жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформалар - Ресей патшалық үкіметі жүргізген әкімшілік-басқару шаралары. Түркістан және Дала өлкелерін басқару үшін тәжірибе ретінде жүргізілген бұл реформалар «Уақытша ереже» деп аталды.
Ресей өнеркәсібі үшін Қазақстан бай шикізат көзі және тауар өткізетін рынок болды. Қазақстанның байлығын Ресейге толық тәуелді ету үшін патша үкіметі Қазақстандағы өзінің үкімет билігін нығайтуды көздеді. Осыған байланысты қазақ даласында жүргізілген әкімшілік-басқару реформалары сот, оқу-ағарту, алым-салық, жер тағы басқа мәселелерді қамтыды. 1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д.А.Милютин бастаған ерекше комитет құрылды.
Нәтижесінде ІІ Александра патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша ережені» бекітті.
1867-1868 жылдары реформаның (Уақытша ереже) негізгі мақсаты «Қазақ даласының ХІХ ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.
Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және батыс Сібір болып бөлінді. Әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі - Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан. Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді.
Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды. Мысалы, Семей және Ақмола облыстары 5 уезден, ал Сырдария облысы 8 уезден және т.б. Уездер болыстарға бөлінді. Болыстар 100-200 шаңырақтан тұратын әкімшілік ауылдарға бөлінді. Облыстың басына әскери губернаторлар қойылды, ал уездерді генерал-губернатор сайлаған орыс офицерлері басқарды. Болыс басына сайланбалы болыс басқармалары, әкімшілік ауылдарда ауыл старшындары тағайындалды. Болыстар сияқты ауылдар да рулық принцип бойынша емес, аумақтық принцип бойынша құрылды. Әкімшілік басқарма ашықтан-ашық әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.
1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады.
«Уақытша Ереженің» 210-тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялау оны қазақ халқының пайдалануынан жатсындырып, қоныс аударушы қара шекпен учаскелеріне таратуға заңды құқық берді. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды. Ел билігі орыс шенеуніктерінің қолына шоғырландырылды.
1867-1868 жылдардағы реформалар екі жылға уақытша енгізілгенімен, бұл тәжірибе 20 жылға созылды. Бұл реформалар қоғамның түбірлі қайшылықтарын шеше алмады. Реформа арқылы отарлық басқару, билік нығайтылды. Халықты бағынышты жағдайда ұстайтын, үстем таптың саясатын бұлжытпай орындайтын әскери әміршілер Қазақстанда да өз күшіне енді.