Шаруашылығы мен мәдениеті. Түргештер көшпелі мал шаруашылығымен, жартылай отырықшы егін салумен және сауда, қолөнермен айналысты. Мал шаруашылығы түргештердің басты күнкөріс көзі болғанын айту керек. Малдың ішінде жылқы мен қой өсірудің маңызы біршама жоғары саналды. Егіншілік негізінен суы мол, құнарлы жері бар өңірлерде дамыды. Бұл көбінесе оңтүстіктегі өзендердің маңы болды. Жетісу өңірі егіншілік пен бақша өсірудің басты орталығы ретінде белгілі болды. Түргеш қағандығының кезінде сауданың дамығандығы байқалады. Оған басты себеп-қағанат жерінің Жібек жолы бойында орналасуы еді.
Екіншіден, сауда ісінің қайнаған орталығы Суяб, Баласағұн, Тараз, Испиджаб сияқты қалалар да сауданың өркендеуіне үнемі үлес қосып отырды. Қазба жұмысы кезінде Тараз қаласынан «Түргеш қағанатының теңгесі» немесе «түріктің көк ханының теңгесі» деген соғды жазуымен жазылған теңгелер табылған. Бұл теңгелер 704-766 жылдар арасында Таразда соғылған. Түргеш теңгелері VІІІ ғасырдан бастап белгілі. Бұл теңгелер алдымен Суяб қаласында, кейіннен қаланы қытайлар талқандағаннан кейін Тараз қаласында соғылған.
Қағандықтың халықаралық саудаға араласуы экономикалық және мәдени дамудың дұрыс бағыт алғандығын көрсетеді.
Қарлұқтар жазба деректерде біздің заманымыздың V ғасырында тирек тайпаларының құрамында кездеседі. Қарлұқтардың түріктермен түбі бір екендігі туралы араб-парсы деректерінде мәліметтер кездеседі. Онда қарлұқтарды «ежелгі түріктер» деп жазады. Араб тарихшысы Әл-Марвазидің айтуынша, қарлұқтардың құрамына тоғыз тайпа: тухси, жікіл, азкіші, түргеш, халаж, жарұқ, барысхан, көкеркін, бескіл деген тайпалар кірген.
Қарлұқтардың негізгі топтасқан жері Алтай тауымен Балқаш көлінің арасы. Қарлұқтар түргеш қағанатының әлсірегенін пайдаланып, 756 жылы билікті өз қолдарына алып, Қарлұқ мемлекетін құрды. Осы кезден бастап Қарлұқ қағаны мемлекет аумағын кеңейтуді қолға алады. Қағанаттың орталығы Суяб қаласы болды. Қарлұқ тайпалары 766-775 жылдары Қашқарияны жаулап алып шығыстағы шекарасын кеңейтті.
Қарлұқтар біздің заманымыздың ІІ ғасырында грек ғалымы Птоломейдің атақты «Географиясы» атты еңбегі арқылы белгілі болған. Қағанатта жоғарғы билеушіні «Елтебер» деп атаған. Қытай деректері қарлұқтардың салт-дәстүрлері батыс түркілерінікі сияқты, тілінің олардан айырмасы жоқ деп көрсетеді. Қарлұқтар Орта Азия жерінде арабтармен, шығысында Ұйғыр қағанатымен жиі соғысқан. Қағанаттың ыдырау себебі: ішкі талас-тартыстар, бақталастық, билік үшін күрестер. Сондай-ақ, жайылым жер үшін өзара күрес. Міне осындай қиын жағдайда Қарлұқ қағанатына Қашқар жағынан қауіп төнді. Бұл жағдайды шебер пайдаланған қарсыластары 940 жылы Баласағұн қаласын басып алып, Қарлұқ қағанатын құлатады.