Сырым Датұлы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Кіші жүз бен Орта жүзде бірқатар көтерілістер мен қозғалыстар болды. Мұндай көтерілістердің ішіндегі ең қуаттысын Сырым Датұлы бастады деп айтуға болады. ХVІІІ ғасырдың аяғында басталған көтеріліс ұзақ жылға (1783-1797 жж.) созылды. ХVІІІ ғасырдың 80 жылдарында кіші жүз ауыр жағдайға тап болды. Ресейдің отаршылдық саясаты күшейді. Орал казактары елдің ішкі аумағын жаулап, Жайықтан бергі жерді тартып алды, қазақ-башқұрт, қазақ-қалмақ жанжалдары да өрши түсті. Кіші жүздегі Нұралы хан мен оны жақтаушылар елдегі үрейді тоқтата алмады. Ұзаққа созылған дағдарыс халық арасында наразылық туғызып, ел толқи бастады. Әбілқайыр хан тұқымына қарсы наразылық топты Сырым Датұлы бастады.
Кіші жүздегі ХVІІІ ғасырдың аяғындағы көтерілістің негізгі себептері – жер мәселесі, патша үкіметінің көшпелілерге Орал өзенінің «ішкі жағына» мал жаюға тыйым салуы, сонымен қоса ру басшылары билігін шектеу, халықты қатаң қанау болды. ХVІІІ ғасырдың 80 жылдары көтеріліс күшейе түсті. Егер қазақ ауылдары жиі тоналса, қазақ батырларының орыс бекіністерінеқарсы аттануы да жиіледі. Бұл әсіресе 1783 жылдың көктемі мен жазында Сырымның Орал казактарының қолына түсіп қалуынан кейін өрши түсті. Нәтижесінде 1783 жылы жазда Нұралы хан Сырымды босатып алу үшін ақы төлеп, оны елге қайтарды. Бұл жерде оның туыстығынан бұрын (Сырымның әйелі Нұралы ханның туған апасы), негізінен Сырымның дала халқы арасындағы үлкен беделі себеп болды. Сырым Датұлы 2700 адамнан тұратын әскер жинады, барлық көтерілісшілер саны 6 мың адамнан асты (кейбір деректерде 7 мың). Көтеріліске қатысушылар шаруалар және Нұралыға қарсы билер, ру басшылары еді. 1785 жылдың шілдесінде кіші жүз ақсақалдары ІІ Екатеринаға арнап жазған хатында: «Біз қырғыз-қазақ жұртының қарапайым кіші жүз халқымыз, барлық қара халық пен оның басшылары Нұралы ханға қарсы... Егер де хан билігінен Әбілқайырдың тұқымын алып тастамасаңыз, арамызда тыныштық болмайды. Бұл оның бүкіл тұқымына қарсылығымыздықтан емес, ханның қатыгез саясатынан туындады. Сондықтан оны тақтан тайдырмағанша ешқандай келісім де, бейбітшілік те болмайды», - деп жазады.
1785 жылы қозғалыс бүкіл кіші жүзге тарады. Нұралының беделі мен билігі әлсіреді. Халық оны жақтамады, патша үкіметі Нұралы хан билігінің әлсіздігіне көз жеткізді. 1784 жылы Симбирск және Самарск билеушісі болып О.А.Игельстром тағайындалды. Ол 1785 жылдың күзінде кіші жүзде жиналыс ұйымдастырып, күн тәртібіне екі мәселені қояды: хан билігін жою және кіші жүзді 3 бөлікке немесе «негізгі ордаларға» бөлу. Отаршыл билік саяси дағдарысты пайдаланып, хандық билікті жоюға асықты.
1786 жылдың 3 маусымында ІІ Екатерина Нұралы ханды биліктен аластату туралы рескриптіге қол қояды. Бірақ Игельстромның реформасы Нұралы ханның інісі Ералы сұлтан бастаған қарсылыққа тап болды. Олар хандық билікті қайтаруды талап етеді.
1797 жылы қазанда Айшуақ хан болып сайланды. Сырым Датұлы Нұралының балалары, Айшуақтың жақтаушылары көзін жою үшін соңына түскендіктен Хиуа хандығына көшіп, 1803 жылы сонда қайтыс болады.
Сырым Датұлы дүниеден озған кезде оның асында 2000 жылқы, 2500 қой сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз киіз үйлер тігілген. Бұл бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді. Сырым Датұлы 2000 шаңырақты басқарған.
Сырым Датұлы өз халқының нағыз партиоты екенін таныта білген және отарлық бұғаудан елді босатуға қор үлес қосқан. Ол Ресейдің отарлау саясатын жүзеге асырған қазақтарға қарсы соғысты. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі – патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды. Халық көтерілісін Сырым батырмен бірге Барақ, Тіленші, Оразбай, Жантөре сұлтан сынды елдің беделді азаматтары басқарды. Кіші жүздің байбақты, табын, шекті, кете және шеркес рулары көтеріліске қатысты. Көтерілістің бас кезінде Сырым батырдың 2700 сарбазы, Барақ батырдың 2000 және Тіленші батырдың 1500 сарбазы болды.