Өнер арқылы мәдениет өзінің тұңғиық тереңінде болып жатқан
құбылыстарын дәп бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан
да өнерді "мәдениеттің айнасы" деп анықтауға негіз бар. Нақты тарихи
жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер
арқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз. Өнер
— мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша
адамның дүниені игеруі барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет
туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және т.б. негізделген өнер түрлері
қалыптасады. Өнер — адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына
әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық
үлгісі. Өнер — адами ақикат, адамдандырылған "екінші әлем" тудыратын
күш. Сұлулық, әсемдік, әдемілік сынды бірдеңгейлік ұғымдар мазмұнына
негізделген өнер туындысы үшін адам мен қоғамның еркіндік туралы
түсінігінің мәні зор. Өнерді көп ойшылдар өз ләззаты, өз рақаты өзінде, еш
нәрсеге тәуелсіз "мақсатсыз" мақсаткездегіштік деп анықтайды. Бірақ, бұл
сипаттамалардан өнерді беталды, тізгінсіз әрекет деп түсінуге болмайды.Бұл
тұста таза өнер мен кәсіби өнерді ажырата білген абзал. Мысалы, неміс
философы И.Кант таза өнер мен кәсіби өнерді ажыратып қарастырады да,
біріншісін — еркін өнер, екіншісін — табыс үшін жасалатын өнер дейді.
Кант бұл жерде еркін өнер деп адамның өзінің рухани болмысынан шыққан
бейнелі шешімдермен байланысты өнерді айтып отыр. Ал табыс үшін, сауда-
саттық мақсатында жасалған өнер өзіне емес, өзгеге ұнау үшін, сатып алушы
талғамына, сұранысына ыңғайластырып жасалынады. Өнердің жекелеген
түрлерін және олардың бір-бірінен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты
ежелден бері толғандырып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: