Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет5/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

Жиырма бес пайғамбар

Алланың тұңғыш елшісі –

Есімі Адам, ер кісі.

Алланың соңғы елшісі –

Көргенде ғажап дер кісі,


Ғалайсалам Мұхамбет,

Ізгілік – оның белгісі.

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар

Əрдайым жүрген өрге ісі,

Солардың жүрген ішінде,

Жұмсаған қуат, күшін де

Үш жүз он үш елшісі.

Құранда аты аталған

Жиырма бес пайғамбар –

Адам, Нұх, Һұд, Лұт,

Зүлкəфіл, Салық, ИбраҺим,

Əйіп, Ысмайыл, Ысқақ –

Дұғасы қабыл болғандар,

Жүніс, Ыдырыс, Жақып,

Жүсіп, Ілияс, Əлисағ –

Момынға пана, қорғандар.

Дəуіт, Сүлеймен, Мұса, Һарұн,

Шұғайып, Зəкария, Жақия –

Намысын биік қойғандар,

Иса жəне Мұхамбет –

Қанатын кеңге жайғандар.

Іргесі берік мұсылман,

Кезде де қатты қысылған

Пайғамбарлар көрсеткен

Əділдік жолдан таймаңдар.

Бірдей емес

Бір қалыптан шыққанымен əртүрлі

Жұмыртқаның ағы менен сарысы,

Жұмыс қылса байқалатын қарқыны,

Бірдей емес жасы менен кəрісі,

Бірге өссе де, қасиеті сан түрлі,

Шалқар көлдің қоғасы мен қамысы,

Бірдей емес табиғаттың тартуы,

Бірдей емес өзеннің де ағысы,

Бірдей емес найзағайдың жарқылы,

Бірдей емес домбыраның қағысы,

Бірдей емес шешендердің сөзі де,

Бірдей емес əр адамның əр ісі,

Бірдей болып көрінсе де көзіне,

Бірдей емес əрбір істің мəнісі,

Бірге жүрген жолаушының өзіне

Бірдей емес жақыны мен алысы,

Түсіп жүрген өмір-талқы тезіне,

Бірдей емес жігіттердің намысы,

Қуанса да, қайғырса да езіле,



Бірдей емес жүректердің соғысы.

Əділетсіз

Болып кетсе ыстықта төңірек сыз –

Əділетсіз!

Қалып қойса кедейлер соғым-етсіз –

Əділетсіз!

Сүйгенінен айырылса еңіреп қыз –

Əділетсіз!

Ақын болса жазғыштар қабілетсіз –

Əділетсіз!

Болып кетсе аста да көбірек тұз –

Əділетсіз!

Ішім-жемді тірліктің мəні деп сіз

Түсіңсеніз –

Бұл – тағы Əділетсіз!

Ауыратын адамның тəні депсіз,

Қайда қалмақ жан сонда?

Əділетсіз!

Сауалдар

Уақыт секілді

Сауалдар бітпейді.

Не?


Неге?

Неліктен?

Сұрақтар не түрлі

Парызды жүктейді.

Тамырым тереңде,

Өзіме сай əнім.

Бəйтерек секілді

Түбінде мен елге

Жапырақ жаямын.

Бар болса өлеңім,

Өлмеймін мен ертең.

Ал одан адамға

Тиер ме көмегім,

Түсер ме көлеңкем?!

Жолындай даланың

Сауалдар бітпейді.

Тиеді сауабың,

Аласың жауабын,

Ақырын күт дейді.

Күн шықса күлімдей,

Көңілден, ақыным!

Сағаттың тіліндей

Жылжиды білінбей


Ғұмырың ақырын.

Бұл өмір сый-арман,

Жұмбақтан құралған.

Күдерді үзбейміз,

Шешуін іздейміз

Шыққанша құмардан…



Толған сұрақ

Төңірегім толған сұрақ коршаған,

Қиын, қиын жауап айту шегелеп.

Мазалайды мені ылғи да сан сауал:

Неге,

неге,


неге??? – деп.

Тіршіліктің жұмбағы көп, дау бар ма,

Адам кейде отқа ұшатын көбелек.

Қайталайды сол сұрақты таулар да:

Неге,

неге,


неге??? – деп.

Сырды ашпақ боп құпиясын жасырған

Ойлар, ойлар... миды талай кемірмек.

Кенет біреу тіл қатады тосыннан:

Өмір,

өмір,


өмір!!! – деп.

Сайран салсаң жастық шақтың бағында

Өне бойың қалар бір сəт жеңілдеп.

Қайталайды сонда санам тағы да:

Өмір,

өмір,


өмір!!! – деп.

Жауабы жоқ

«Жəрдем қыл!»

деп сұраса адам тілеп,



Қай мүшесі болады оған тірек?!

Оң аяғы ілгері ұмтылса егер,

Сол аяғы тұрмай ма табан тіреп.

Бір тууға анадан жараса да,

Бір-біріне ағайын қараса ма?!

Төбелессе бір қолың, екіншісі

Дайын тұру керек қой арашаға.

Бірін білсек жалғанның, бірін білмей,

Тура жолдан өтсе екен сүріндірмей.

Бір маңдайға екі көз бітсе-дағы,

Өтеді екен біреуі бірін көрмей.

Дүйім елді сөзіммен ұйыттым деп,



Тауқіметін тірліктің үйіппін көп.

Ауыз біреу болғанмен, ерін екеу,

Үстіңгі ерін мақтанар биікпін деп.

Ағыздым деп жүрсем де жыр бұлағын,

Суын ішкен бұлақтың бірлі-жарым.

Бір құлағым қабылдап алған сөзді,

Жібереді шығарып бір құлағым.

Толған сұрақ жауабын табамын деп,

Қазанына миымның саламын кеп.

Сауалдар көп...

Көбінің жауабы жоқ,

Қылар шара, жасайтын амалым жоқ.

Қайнап-қайнап, сарқылып қала ма деп, 

Лүпілдейді кеудемде дара жүрек.



Бітпейді екен тілегім

Не тілейсің десе егер достарым,

Көп қой менің, көп қой айтар тілегім.

Күнім жарық, ашық болсын аспаным,

Ел деп, жер деп соғып тұрсын жүрегім.

Көкірегін ашып жүрген жандарға,

Ту сыртынан оқ атпаса деймін мен.

Жалғыздықтан жапа шеккен жандарға,

Қасіретті жолатпаса деймін мен.

Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,

Бітпейді екен...

Бітпейді екен тілегім.

Еңбегінің оты жанған жандардың,

Бағын ешкім күндемесе деймін мен.

Бірін-бірі құлай сүйген жандардың,

Махаббаты кірлемесе деймін мен.

Қасиетті ата-баба дəстүрін,

Ешқашан да тат баспасын деймін мен.

Ақсақалдар ұмытпасын жас күнін,

Өмірмен тез қоштаспасын деймін мен.

Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,

Бітпейді екен...

Бітпейді екен тілегім.

Екі аяғым аман болса, жалғанды

Жалпағынан басып өтсем деймін мен.

Екі қолым аман болса, алғанды

Игілікке шашып өтсем деймін мен.

Екі көзім аман болса, жап-жарық

Жердің бетін көріп өтсем деймін мен.

Жақсылыққа таңдай қағып, таң қалып, 

Жаратқанға сеніп өтсем деймін мен.


Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,

Бітпейді екен...

Бітпейді екен тілегім.

Досқа тілек

Досым, саған қандай бата беремін,

Қабағыңнан тек мейірім көремін.

Жүзеге асып көңілдегі ойларың,

Жүзіңнен нұр тарап тұрсын дер едім.

Өткір көзің, семсер сөзің, байламың –

Жау қашырар жарақ болсын дер едім,

Судың шеті, таудың ұшы болса да,

Жетсем деген талап болсын дер едім.

Алда қандай қиын бөгет тұрса да,

Ізгі істерің сауап болсын дер едім,

Ат мертігіп, арбаң жолда сынса да,

Жақсы-жаман сабақ болсын дер едім.

Тəлім алған ұл мен қызың санаулы

Жұмсауыңа жарап тұрсын дер едім,

Ғұламалар парасатты, қалаулы

Жүздесуді қалап тұрсын дер едім.

Жомарт атың жалпақ жұртқа жайылып,

Киер киім, тамақ болсын дер едім,

Дастарханға адал асың қойылып,

Қыдыр келіп қонақ болсын дер едім.

Қайырымың таудай болып жиылып,

Жамандықтар талақ болсын дер едім,

Жаратқанның жақсылығы бұйырып,

Қайда жүрсең, жол ақ болсын дер едім.

АллаҺу əкпар!



Абайды оқығанда

Жас тамса көзімнен,

Сөз шықса тілімнен,

Барлығы өзімнен,

Көретін күнімнен.

Кемеңгер Абайдың

Алланы тануы –

Тазартқан талайды,

Жүректің жалыны.

Тер ақса тəнімнен,

Шер туса жүректен,

Сескенсем өлімнен –

Өмірге тілектен.

Ақ сөйлеп ақынның,

Шындыққа келуі –

Жетегі ақылдың,



Ақиқат сенімі.

Жыр оқып сүйіндім,

Жаныма үңілдім,

Аллаға сыйындым,

Ақынға жүгіндім.

Абайға үңілем...

Жанының шуағы

Жүректің түбінен

Шымырлап туады.

Өзгертсе өзгені,

Сананың қаймағы,

Абайдың сөздері –

Хақ діннің айғағы.

Жарты

1.

Жарты деген орта, олқы деген сөз,

Жарты деген жалғыз, жалқы деген сөз,

Жарты деген қызып тұрған базардың

Көрген талқы анық нарқы деген сөз.

Жартыларға жүрсең жақсы күтім қып,

Сол жартыдан құралады бүтіндік.

Бір жартыдан айырылып қалса да,

Екіншіге еткендер көп шүкірлік.

Жарты десе жан-жүйесі жаншылар,

Санасы кем жарыместер бар шығар.

Тұтастыққа жетпей жүрген жартылар

Бұл өмірде емес, сірə, таусылар.

Тумауы үшін кемтар болып жарты өлең,

Тебіреніп, күйіп-жанып, өртенем.

Жартыларға жар болсын деп Жасаған,

Жаратқанға жалбарынам ертемен.

Тіршілікте тоқсан тарау, шарты мың,

Аз болса екен жарлы сезім, жарты ұғым.

Екі жарты бүтін болса болғаны,

Бірлігінің ұйтқысы сол халқымның.

2.

Жұрттың көбі бүтінмін деп мəз екен,

«Бəрі бүтін кім бар?» – дейді қазекем.

Көрген күнге жүргенімен шүкір қып,

Бүтіндікке қол жеткізген аз екен.

Тұтастықтан пана тапса халқымыз,

Сен де жарты, ұл да жарты, жарты қыз.

Əуел баста бізді жұптап жаратқан

Алла бүтін, қалғанымыз жартымыз.


Жалғыз деген күннің де бар сыңары,

Ол жоқ кезде айдан жарық шығады.

Олқылығы жетіп жатқан адамның

Көп қылығы жарты болып шығады.

Тіршілікті неге шақтап өлшеппіз?!

Ризамыз бір жақсылық көрсек біз.

Бір деген сөз тек Аллаға жарасқан,

Қалғанымыз оған ерген бөлшекпіз.



3.

Неге, неге «екі жарты – бір бүтін?»

Құпияны аша алар ма сырлы түн.

Бүтін деп біз нені айтамыз əдетте,

Ішкен су ма бір ұрттам,

Ауа ма əлде бір жұтым?!

Қазы сотта шешім айтса үкім қып,

Пəтуада бар деймісің бүтіндік?!

Қоғам оны қабылдай ма күмəнсіз,

Алғыс айтса бір адам,

Қарғыс айтса бүкіл жұрт.

Жарты десе – əлі де орта болғаны,

Бүтін болса – шарасының толғаны.

Сондықтан да жалқылардың əлбетте

Арқа сүйер қорғаны

Бүтін болу – арманы.

Алға бастар көсем болса ел көшін,

Қалың елдің бүтін қылар іргесін.

Біртұтас боп ұйып тұрған халқымды

Тіл мен көзден сақтасын,

Əзəзілдің оғы тиіп жүрмесін.

Мұсылманмын

Аяқ жүрсе, жұмысқа да қол шебер,

Құлақ естіп, көзім бəрін көреді.

Тіс жармаймын, келер зиян болса егер,

Мұсылманмын себебі.

Кейде тəнге жалған кірі жайылып,

Қара албасты маған келіп төнеді.

Дастарханға отырамын шайынып,

Мұсылманмын себебі.

Шайтан кесіп кетпесе егер жолымды,

Тілімнен де, қолымнан да келеді.

Тілді тежеп, қусырамын қолымды,

Мұсылманмын себебі.

Жан-сарайым аяқ асты бүлініп,

Ауыр ойлар түнгі ұйқымды бөледі.

Тəуба қылам жайнамазға жығылып,



Мұсылманмын себебі.

Алма бағы

Өмір маған алма бағы секілді,

Алма бақтан ой аулайсың не түрлі.

Қызыл алма ұққандай-ақ ниетіңді,

Қызықтырып, билеп алар еркіңді.

Құрт жайлапты өзегін кей алманың,

Шарасыздан бармақ тістеп, өкіндім.

Қызармай-ақ көктей солып кей алма,

Арманда боп қалды көп жан жей алмай,

«Қайтіп үзем?»

десе біреу қия алмай,



Арам қолын созды біреу ұялмай.

Бір делқұлы жемісті əлі піспеген,

Жұлып алып, салды ауызға, ой, Алла-ай!

Адамзаттан артылған ба айла-амал,

Бақша деген берік емес, жай «қамал».

Кезбе көңіл қай мезгілде жайланар,

Ес тоқтатқан кісі болса ойланар...

Бөліп жеген Адам ата, Хауа ана

Ең тəтті алма, бірақ, қазір қайда бар?!

Алауыздық алмасы

Алматыда алауыздық алмасы

Жақсыларды жыққан дейді жарға осы.

Жеп алған соң ала қаптан алмасын

Дұшпан болып шыға келген жан досым.

Жиып алып алауыздық алмасын,

Толтырыпты жолаушының арбасын.

Енді біреу шарап жасап алмадан,

Сасытыпты құт дарыған қамбасын.

Сол шараптың дəмін татып алғасын,

Миың быршып, көңіл құстай самғасын.

Бір нəрсені əп-əдемі бастаған

Ертеңіне таба алмапты жалғасын.

Ішінде оның құрты болса – арға сын,

Алманы жеп алжып кеткен жолдасым.

Сырқаты да, емшісі де жемісті

Бірге жесе, дерттен қалай қорғасын?!

Асағандар алауыздық алмасын

Білсе-дағы бағы қайтып жанбасын,

Алма деген жемісті алып қойған соң,

Басқа жолды қалай ғана таңдасын?!

Алма, шіркін, қолдан қолға барғасын,

Тесіп шыққан қайыршының дорбасын.

Жолдан біреу тауып алып, олжа қып,

Деген болар: «Кейінгі ұрпақ сорласын!»


Қылғытқандар алауыздық алмасын

Енді келіп бірін бірі қарғасын.

Өзгелерді тепкенімен өзекке,

Білмейді ғой түбінде өзі оңбасын.

Байқап қара, қаққа бөліп, жарғасын,

Сырты жылтыр, түбі шикі болмасын,

Қатып-семіп жатып қалған кей алма

Оқ болуы мүмкін кейде қорғасын.

Қызыл алма дастарханға жайғасып,

Қызықтырар қалғандарды қарны ашып.

Құрт, бауырсақ – барлығы да ұмыт қап,

Бөбек алып, тіліне сап, сормасын.

Бұл заманда алауыздық алмасы

Жер шарының жарылмаған бомбасы.

Мыңбасылар қолды қалай басқарар,

Жүзбасыға қарсы шықса онбасы.

Келе алмаса бəйгеде озып жорғасы,

Қатарынан кейін қалса ұрғашы,

Барлығының татқан дəмі белгілі,

Оның аты – алауыздық алмасы.

Қорек болса алауыздық алмасы,

Ауызға алып, көрсеқызар болмашы.

Бір құмалақ қарын майды шірітер,

Өтінемін, қоржыныма салмашы.

Жиылып кеп алауыздық алмасы,

Толтырмай ма бұлақтардың арнасын.

Мұхиттарға асықпай ма содан соң,

Өзен-көлді əбден жайлап болғасын.

Адам ата, Хауа ананың жол басы,

Қыбырлаған тіршіліктің жалғасы,

Көкте, суда, жер бетінде, о, тоба,

Толып кеткен алауыздық алмасы.

Ала шайтан – алауыздық алмасы

Шын мəнінде – түсінбестік таңбасы.

Азғырады, аздырады адамды,

Қара жерге тигенінше жамбасы.

Барлық жерде алауыздық алмасы

Бар дегені шын мəнінде бар ма осы?!

Бақша өсіріп, жеміс жиған бағбан көп,

Жемістері таза болса, арман жоқ,

Құдіретті Алла, соған жар болшы!

Жолда

Біреулердің ашық-жарқын қабағы,

Біреулердің тұнжыраған жанары.

Бірі түсіп, бірі мініп жатады


Вокзалдарда вагондардың қонағы.

Біреулердің көтеріліп ыстығы,

Тонып-жаурап енді біреу қыс күні,

Өзеуресе карта ойнаған жігіттер,

Жолаушының естіледі мысқылы.

Билет барда ешкім жолда тастамас,

Орындардың үстінде – үлкен, аста – жас,

Біреу отыр ағыл-тегіл тамақ жеп,

Біреу отыр жадап-жүдеп, аштан аш.

Əңгіменің тұрған шақта иі кеп,

Бейтаныстың көршісіне сыйы көп.

Ахуалды барлап-байқап қайтады

Вагонға да погондылар жиі кеп.

Ешкі-сынды елжіреткен лағын,

Телефонға тосып алып құлағын,

Бір келіншек əмір беріп еріне,

Айтып жатыр күтіп алар тұрағын.

Шам жанғанда жарығындай əр үйдің,

Жан жылынар үні естілсе сəбидің,

Тоқсан тағдыр бір арнада тоғысқан,

Мына вагон – айнасындай Фəнидің.

Қайырым

Бұл жалғанда жимай жүрген айылын

Патшалар да жасайды екен қайырым.

Кем-кетіктің мұқтаждары тола ма,

Айту қиын білмей жатып байыбын.

Жуып-шайып фəнидегі айыбын,

Ханымдар да жасайды екен қайырым.

Садақаны қалай, кімге бермекші,

Əрқайсында санасына сай ұғым.

Қайырымда бар əртүрлі айырым,

Кейбіреуі бір-ақ күндік қойылым.

Кедейлерге жомарт болып көрінген

Кеусен берген əспеттейміз бай ұлын.

Тайыз суда жүзбей қойса қайығың,

Төрт түлікке жетпей жатса жайылым,

Жоқтың орнын жаппаса да түп-түгел,

Əлсіздерге əл береді қайырым.

Жарық

Жарық сөніп, компьютер өшіп қалды,

Аяқталмай қанша ісім тосып қалды,

Осы бір жай тап болған тұтқиылдан

Бітпей жүрген жарамды қасып қалды.

Қағып-соғып біреуді, бастан аттап,

Сыртқа шықтым қарамай қас-қабаққа,


Көлік біткен жүрісін баяулатып,

Абыржиды көшеде сасқалақтап.

Бағдаршамдар көздері бақырайып,

Жапалақтай қалыпты жапырайып.

Жарық сөнген үйлер де мөлиеді,

Дегендей-ақ:»Біз сырттан бақылайық!»

Қалалардың шамдары самаладай

Ғажап болып көрінген маған ұдай.

Жүргендер көп ұмытып өткен күнін,

Білте шам мен май шамды бағаламай.

Өшпейтұғын кеудеде отың барда,

Жастық жалын алаудай лапылдар ма?!

Жарық кейде жетпейді үй астына,

Жарық кейде жетпейді шатырларға.

Жарық жанып тұрған соң қорамызда,

Оның құнын білмейтін баламыз ба?!

Қолда барда алтынның қадірі жоқ,

Жарық кейде жетпейді санамызға.

Жарық жетпес жерлердің дерті кімде,

Жарық бар ма, білмеймін, жер түбінде.

Жарық бар ма қараңғы қуыстарда,

Жарық бар ма тұңғиық көл түбінде?

Күн көзіне бар əлем қарық болса,

Жерде, көкте, теңізде жарық болса,

Жаратқанның бір өзі жар болады,

Не болады сол жарық сөніп қалса?!



Қан майдан

Кесілген соң тамырынан қан шығып,

Терек болып жетілмеді тал-шыбық.

Қалың шалғын душар болған жалынға,

Шөбі болып жарытпады малдың да.

Уылдырық жем болғанда балыққа,

Жұмыртқасын таппай қойды тауық та.

Балапандар қанаттары қиылған

Құзғындар мен жыландарға бұйырған.

Арлан болып үлгірмеді бөлтірік,

Үңгірінде кетіпті оны өлтіріп.

Бесігінен белі шыққан жас бала

Мүшелге де жете алмаса – масқара!

Ерте тозып сапасы жоқ бұйымдар,

Теңге болып жиылмады тиындар.

Жатқан шақта жаңа сауған сүт ашып,

Бал орнына уды кейде жұтасың.

Кездеседі деп ойлама сор қайдан?

Мұның аты – фəнидегі қан майдан.


Өшпесін

шырағың!

Шырақ жағу – жақсылық, жақсы үміт.

Оны өшіру қазақ салтында – жаман ырым.

Батыстың ырымы,

Шатысқан шылығы,

Туған күн кешінде

Шырақты өшіру –

Үйренген қылығы.

Шырақты сөндіру,

Айтқанға көндіру,

Шуақты жоғалтып,

Қараңғы төндіру –

Жақсылық деймісің?!

Өшкенге шаттану,

Даурығып, мақтану,

Ғұмырым өтті деп,

Өтірік ақталу –

Жақсылық деймісің?!

Жарық боп тұрағың,

Ешқашан, шырағым,

Өшпесін шырағың,

Солмасын жайқалған

Жап-жасыл құрағың.

Он үш

Інжілде  Исаны  сатып  кететін  құпия  кеңесте  он  үш  апостол  жиналғаны

айтылады.Он үшінші апостол Иуда опасыз болып шығады.

Шығыс  Рим  империясының  астанасы  Константинополь,  бүгінгі  Ыстамбұл

Осман  əулетінен  шыққан  Сұлтан  Мұхаммед  Фатиһтың  (Жеңімпаз)  қалың  қолымен

жауланып, он үші күні алынды. Ыстамбұлдың негізі Ислам бол деген мағынаны береді.

Сондықтан да діні басқалар он үш санын ұнатпайды.

Он үш санын шығарғандар санаттан,

Оны көрсе айырылып тағаттан,

Күйіп-пісіп, қалады екен абыржып,

Ит көргендей алып жатқан балақтан.

Мүшел толса төңірегін тазалап,

Он үш жаста мінбесе де қазанат,

Аттың жалын тартып мінген баласын

Біздің қазақ атамай ма азамат.

Он үш деген – туған айдың бір күні,

Емес қой ол толған айдың жыртығы.

Сондықтан да он үшті жек көргендер

Еріксізден келтіреді күлкіні.

Күндер болар қалар көңіл жаншылып,

Қалар кейде кірден жаның аршылып,


Он үш санын жаман жору, шынында,

Жаратқанға, жар болғанға қарсылық.



Өмір

Қабырғаға ілінген секілді өмір тұс кілем,

Күйе жесе, алайда, жүре алмайсың үстімен.

Аяғыңа төселген секілді өмір текемет,

Қыл-қыбыр мен жүн-жыбыр бетінде оның өте көп.

Өмір əлде көрпе ме жаурағанда жамылған,

Əлде асыл бұйым ба қыз-келіншек тағынған?!

Өмір кейде ағын су, тас бұлақтай сарқырап,

Жағасында кейбіреу отырады қалтырап.

Өмір кейде – қос қанат, алып ұшар биікке,

Өмір – алып қашқан ат, ұшыратар күйікке.

Не де болса, əйтеуір, жетегімен көңілдің,

Ащы менен тұщысын татып келем өмірдің.

Ақырзаман

Көріпкелдер, сəуегейлер, балгерлер

Ақырзаман күні тақау қалды дер.

Су тасқынын, зілзаланы көргендер

Жан шығарда ақырзаман келген дер.

Қай пенде де кездерінен ес кірген

Ақырзаман кеп қалар деп сескенген.

Ақындар да алдын, артын барлаған

Ақырзаман болады деп зарлаған.

Мақтымқұлы сөз сөйлеген тақылдап,

Ақырзаман қалды деген жақындап.

Ғалымдар да бұл фəниде қас қағым

Сөз қылыпты ақырзаман жастарын.

Əр ғасырда, əр дəуірде, мысалы,

Болған екен ақырзаман нышаны.

Ақырзаман қашан, қай күн келеді,

Оны жалғыз Алла ғана біледі.

Ауыл наласы

Сөзге сараң, іске бейім,

ұмыт болды кешегіміз,

Ұйқы басып, түске дейін

жиналмайды төсегіміз.

Əзер тауып ішкен асын

сөз бастаған шешеніміз,

Күйттеп кетті қара басын

ел басқарған көсеміміз.

Төрт түліктен тұлдыр қалды,

егін егер тұқым бітіп,

Толып кетті ұры-қары

абақтыда үкім күтіп,


Елдің көбі елтең-селтең,

арақ ішіп, түтін жұтып,

Көрген дұшпан күлмей ме ертең

саусақ кезеп, көзге шұқып.

Мақтау айтса тасынатын,

дертімізді жасыратын,

Қонаққа бос шашылатын

«надан» едік, адам болдық,

Мешіті көп, мұсылманы аз,

пысығы көп, ысылғаны аз,

Арсызы көп, қысылғаны аз

берекесіз қоғам болдық ...



Біліп алғын!

Халал деген – адал,

Харам деген – арам.

Қайсы кімге залал?

Біліп алғың, балам!

Пана болар саған,

Иман – берік қамал.

Таза деген – жақсы,

Лас деген – жаман.

Əл-Бұхари

Əл-Бұхари хадистерді жаттаған,

Одан асқан өсиетті таппаған.

Пайғамбардың айтып кеткен сөздерін

Кеудесінде бұлжытпастан сақтаған.

Көріп жүріп фəнидің де азабын,

Сона шақса тоқтатпаған намазын,

Көзін жұмған жайнамаздың үстінде

Сол имамнан үлгі алсайшы, қазағым!

Топқапы

( Түркиядағы мұражай-сарай)

Көркіне жұртты қаратқан

Сарайдың зəулім басты аты –

Қақпадан шыға оқ атқан

Топ ете қалған Топқапы.

Көңілін толып көл-көсір,

Тізеңді бүгер жер осы,

Жүреді жебеп пендесін

Пайғамбарымыздың киесі.

Өткенді кеткен алыстап

Бүгінге енді жалғайық,

Жатырмыз дұға бағыштап,

Құбылаға қарап қол жайып.

Алатын əсер жетеді,



Исламның туы желбіреп,

Жан-жүйең еріп кетеді,

Іші-бауырың елжіреп.

Тілегі қабыл адамның

Жүректен сырын ақтарған,

Киелі ғалайсаламның

Сақал мен мөрі сақталған.

Болса да қиын күн қандай,

Табанды басқын тасқа сəл,

Жап-жарық қылып тұрғандай

Төбеден төнген аспа шам.

Ыстамбұл ғажап жер екен,

Жол түсіп барып, қондың ба?

Дарыған ырыс-береке,

Алланың нұры бар мұнда.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет