Дәріс мазмұны: Орталық Азияның әлемдік кеңістіктің дербес субъектісі ретінде мәнін анықтау.
Дәрістің топтама-тәсімі. Орталық Азия - геосаяси аймақ. Оның құрамы және геостратегиялық жағдайы. Аймақтық ұйымдар, оның қызметі. Ортаазиялық интеграциялық процестер. Орталық Азияның халықаралық-саяси ортасы. Аймақтың саяси-психологиялық келбеті. Аймақтық қатынастардағы саяси қайта құру факторы. Аймақ елдерінің сыртқы саяси іс-әрекетінің ерекшеліктері.
Орталық Азия геосаяси аймағы Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстанды қамтиды. Аймақ мұнай, газ, табиғи ресурстардың бай қорына ие. Аймақтың геостратегиялық жағдайы тарихи жағынан еркін сауда мен қолөнердің дамуына ықпал етті.
Қазіргі таңда Өзбекстан аймақтағы интеграция мен лидерлікке ұмтылуда, Түркіменстан мемлекеттілікті авторитарлық режим мен бай энергетикалық ресурстар негізінде құруда. Қырғызстан өте күрделі коммуникациялық жүйені сақтап қалудың қиындығын бастан кешіруде. Тәжікстан қарама-қарсы даму тенденцияларының арасындағы жанжалды толық деңгейде шеше алмай, мемлекеттіліктің даму жолын таңдауда дағдарыс үстінде
Орталық Азия – Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде бұрынғы Орта Азия республикалары мен Қазақстан аумағында пайда болған геосаяси кеңістік. Геоаймақ ресми түрде 1993 жылы 4 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Республикалары президенттерінің Ташкент қаласында өткен саяси, экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөніндегі басқосуында бекітілді. Орталық Азия болып аталуы – жер аумағының Еуразия құрлығының ортасында орналасуына және бұл елдердің тарихы, діні мен тілі, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, мәдениеті мен шаруашылығындағы жақындықтар, ұқсастықтардың көп болуына байланысты.
Орталық Азия аймағының аумағы 4 млн. шаршы шақырымнан асады, халқының жалпы саны 60 млн. адамды құрайды. Аймақ елдерінің сыртқы сауда және экономикалық қатынастарында ежелгі Ұлы жібек жолының қайта жаңғыруы өз көрінісін беруде, әрі Ресей, Қытай және ТМД-ның басқа да елдерімен дәстүрлі байланыстарын жалғастыруда. Орталық Азия аумағында Қытай, АҚШ, Үндістан, Батыc Еуропа және мұсылман елдерінің осы аймақтағы геостратегия мүдделері түйіскен. Орталық Азияның саяси-әлеуметтік өміріндегі өзіне тән ерекше қасиет – ол ислам әлемінің бір бөлігі саналады және христиан, буддизм, индуизм, т.б. өркениеттердің тоғысуымен де ерекшеленеді. Аймақ шығыс пен батыс елдерін жалғастыратын біріктіруші көпір қызметін атқарады.
Табиғи қазба байлықтарға бай Орталық Азия аймағы әлемдегі ірі державалардың мүдделері тоғысқан аймақ болып табылады. Әрине ішкі қарама-қайшылықтары мол, сонымен қатар сырттан әсер ететін факторлары бар аймақ қашанда қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық шаралары жүзеге асырылып келеді.