1 Бөлім. Ақпараттық үрдістер.
Қазіргі қоғамда үш дәстүр - бұқаралық қоғам, бұқаралық мәдениет және бұқаралық медиа үстем етіп отыр. Бұқаралық дәстүр мен қоғамдық қозғалыс күшіне енген дәуірде БАҚ-тың рөлі мен оның даму бағдары қандай болмақ? Өркениетті елдерде мынандай ақпараттық заңдылық айқындалуда: 1. Бұқаралық ақпараттың саны да, оның атқаратын қызметтері де көбеюде; 2. Оның ұғымдары мен ұстанымдары туралы түсініктер мен көзқарастар сала-салада ауқымдалуда; 3. Информация мен коммуникативті қызметтердің адам мен қоғамның әр жағына әсер етер сапалық көрсеткіштері де өсуде. Информациялық дәуірдің және оның коммуникативті сипаттамасының ерекшеліктері қарқындауда. Бүгінгі таңда информацияны екі деңгейде - әлеуметтік-мәдени жаңғырудың және әлеуметтік субъектілердің арақатынасының жүйелі тәсілі ретінде қабылдау қалыптасқан. Ал бұқаралық медиа саясаттың қуатты құралына, идеологияның кең таралған көрсеткішіне, әлеуметтік-мәдени практиканың жалпылама түріне айналуда. Қысқасы, ол адам іс-әрекеті мен өркениеттің барлық саласында шешуші стратегиялық факторға айналуда. Батыста тіпті «информацияны кім иемденсе, билік сонда» (3.Ж.-Ф. Лиотар) деген пікірде кең таралған.
Себебі БАҚ адамның өмірлік кеңістігінің қалыптасуына ықпалын арттыруда. Ал кезкелген адам қазіргі БАҚ-ң ықпалын күн санап тереңірек әрі саралап сезінуде. Сезімталдық қос заңдылықты айқындауда: 1. Адамның ұнату қабілеті жаңғырған, күшейген және кеңейген сайын БАҚ жүйесінің реттеуші және бақылаушы рөлі шектелінуде; 2. ¬Өзінің ішкі дүниесін ұйымдастыратын, үйлестіретін, ұстайтын адам ақпараттың шашыранды ықпалына ұрына бермейді. Содан әр әлеуметтік орта мен идеялық жүйеде басқа коммуникативті-мәдени жағдайдың қалыптасуы, сыртқы насихаттық ықпалдың күшеюі аңғарылады. Осыдан ХХ ғ. ортасында Г. Лассуэл: «бұқаралық коммуникацияның негізгі функциясы - ортаны бақылау, қоғамның түрлі бөліктерін реттеу және әлеуметтік-мәдени мұраны жеткізу» деген тоқтамды ұсынды.
Ұсынысқа халықаралық деңгейдегі ұлттық бірлестіктің және қоғамдық ұйымдасудың қарқынын жеделдету, өлкелік бетбұрыстардың адамдық өзгерістерін қалыптастыру және бағалау қажеттілігі себеп болды. Осы бағытта БАҚ-ң атқарар қызметі қыруар. Әсіресе жаһандану сарынында, әлемдік дағдарыс иірімінде БАҚ-а деген талап күшеюде.
Халық а) қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени өмірі туралы объективті мәліметтерді дер кезінде есіткісі келеді; ә) БАҚ-н ендігі адресті кеңістікте жүйелі әрі тиімді қызмет етуін күтуде. Тіпті ақпарат жүйесіне, оның басты ұғымдары мен қағидаларына деген субъективті (қауымдастық, қоғамдық, партиялық, тіпті индивидуальды) көзқарастар мен талғамдар кең таралуда, әрқалай өрбуде.
Байланыстың қазіргі жаңа құралдары әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтардың мәдени құндылықтарын жан-жақты және жедел айырбастауға нақты мүмкіндіктерді кеңейтуде. Информациялық айырбастың салдары әрқалай. Байыбына барсақ, информациялық айырбас а) жеке адамның дүниеге деген өзіңдік түсінігің басқа дәуір мен халықтардың тәжірибесі арқылы тыңайтады; ә) индивид пен бұқаралық топтардың мәдени кескінін қалыптастырудың мүмкіндігін кеңейтеді; б) қоғамдық дамудың заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік тудырады, көмектеседі.
Информациялық жүйеде БАҚ функциясының жалпы сипатқа ие болып жатқаны, осы басты үш негізге орайлас екенін социологтар орынды атап өтуде. Социологтардың «бұқаралық қоғам теориясы» деген тұжырымдамасында билік институты мен бұқаралық коммуникацияның өзара тәуелділігіне және өзара байланысына ерекше мән берілуде. Әйтседе бұл теория үстем күштердің саяси және экономикалық мүддесіне қызмет ететінін де ескерелік.
БАҚ туралы қазіргі түсінік қандай? Оның қызметінде қандай бағыттар басымдық етуде? Бұқаралық ақпараттық құрал (БАҚ немесе бұқаралық-медиа) дегеніміз а) бұқараның мінез-құлқы үлгілерін іріктейтін және шектейтін, соған иландыратын күш; ә) сөздік, бейнелік және музыкалық информацияны жаппай көбейтетін, әрдайым тарататын, ақпаратқа жалпылама бұқаралық сипат енгізетін ұйымдық-техникалық комплекс. Негізінде, БАҚ-тың қоғамға қажетті көпжақтылы идеологиялық міндетті атқарудағы әрі рухы жоғары идеяны уағыздаудағы рөлі жетілуде. БАҚ-ң әлеуметтік-психологиялық сипаты ендігі еселеуде. Оның қоғамдық қарым-қатынаста атқаратын саяси-әлеуметтік рөлі де алуан. Бүгінде БАҚ ағартушылық, насихаттық, ұйымдастырушылық, топтастыру жұмыстарын атқарып келеді. Оған құлағымыз да, көзіміз де үйренгендей. Әйтседе ақпараттық жұмыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік жауапкершілігі қатар жетілмеуде. Осы қос өлшем бірдей, тең ұсталғанда, оны мәдениеттің маңызды бөлімі деп әрі әлеуметтік күштің күнделікті тиімділігі мен маңызын арттыранына күмәнданбаймыз. Содан БАҚ қоғамдық күшті жұмылдыратын, біріктіретін, шабыттандыратын әлеуметтік қуат деген түсінік күш алуда.
БАҚ-тың идеологиялық бағдарын жаңғырту – ұзақ та күрделі процесс. Жаңғырту үрдісі әлемдік және өлкелік өгерістерден туындайды. Көзқарасты жаңғырту күшпен немесе жарлықпен орнығатын жай емес. Ол көптеген мамандардың қалыптасуын және халықтың құндылық бағдарының қайта толастауын қажет етеді. Тарихи қажеттілік аясында әлеуметтік практикаға негізделген азаматтық идеологияны қалыптастыру және технологиялық коммуникацияның идеялық негізін толықтыру абзал.
Қазақстандағы тәуелсіздікке талпыныс БАҚ қызметін жаңа деңгейге көтерді. БАҚ қызметінің заңды, пайдалы, тиянақты, нәтижелі болуы жаңа кезең өлшемдерін құрастыруда. Жүйелі БАҚ арқылы халықтың түрлі топтарының пікірлері мен көңіл-күйлерін біліп жатамыз. Билік БАҚ арқылы қоғамдық пікірге ықпал ете отырып, бұқараның көңіл-күйін аулайды, қажет дегенде оны өз саясатына икемдейді. Ал БАҚ-ң қызметін реттеу немесе көтермелеу, ақпараттық қызметтің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеттеріне жатады. Бүгінгі таңда «БАҚ-ң қоғамдағы, экономика мен бизнестегі күштерді теңестірудегі қызметі артуда. Газеттерді жеке тұлғалар мен корпорациялар иемденсе де, баспаның бостандығы халыққа қызмет етуі керек». (2). Мұндай іргелі тұғырнама басты постулаттарға сүйенеді. Олар:
- сөз еркіндігі, БАҚ тәуелсіздігі мен басылым еркіндігі – азаматтық қоғамның негізі;
- БАҚ өз қоғамы мен мемлекетінің игілігіне қызмет етуі керек;
- информациялық кеңістік өзін-өзі реттейтін негізде болуы шарт;
- информациялық басқару – этносаралық қатынастарға тиімді ықпал ететін құрал. Осы тектес түбегейлі постулаттарды сақтамаған немесе орындамаған кезде, қоғамда ақпараттық қақтығыс немесе әлеуметтік-психологиялық шиеленіс күшеймек.
Достарыңызбен бөлісу: |