Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады



бет2/2
Дата14.03.2023
өлшемі348,87 Kb.
#74157
1   2
Байланысты:
Кенесары Қасымұлы

Тобыл халқын билеуші губернатор жандаралға Кенесары сұлтан мен Көшек сұлтан Қасымұлдарынан арыз:
«Біз бәріне жаулық қылдық, қазақтардың сөзімен жау болдық, зорлықпен дуанға түсірді» деп бізге арыз қылды.
Енді «патша зорлық қылған жоқ екен қазақ өзі еркімен дуанға түскен екен», енді Мұхаммедтің ескі законда «мұсылман мен орыс жау болмақ сүннет, елдеспек парыз» деген сөзі бар. Енді жаулықтағы өлген адамдарды сіз де, біз де салауат қылайық, біздің қолымыздағы казак-орыс ұстап жүрген Тован Лабановты жібердік, сіздерде патша қазіретінің жараны болса Сібірдегі ұстаған біздің кісілерді жібергейсіз, көптен-көп тілейміз. Бізге шын елдік берсеңіз Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан дегенді бізге бергейсіз және тұтқындағы екі жігітті жіберсеңіз, патша қазіретінің жұртына оқ атып, қылыш суырмасқа ұлық тағны берсеңіз уәде қыламыз, егерде елдік бермесеңіз Бұқараға, Үргенішке кетеміз.
Кенесары Ақмола мен Ақтау бекінісін тас-талқан етіп жойып, одан кейінгі уақытта солтүстік батыс өңірлердегі қамалдарға да тынбай шабуыл жасаған кезде кескілескен ұрыста екі жақтан да көптеген адамдар қырылды, казак-орыстармен шайқаста олардың қолға түскен маңызды адамдарын босатып, оның орнына Сібірде тұтқында жатқан елшілерін, тағы басқа адамдарын босатуды талап еткен, өлген адамдарды салауат етіп ендігі жерде елдесейік деу арқылы маңызды адамдарын босатып алса алдағы уақытта күшінің мығымдала түсері даусыз, бір жағынан адамдарын қайтармаса Бұхара, Үргеніш жаққа барып олармен одақтасатын болсақ патшалықтың жағдайы мүшкіл халге түседі, жеңістік бермейміз деп сес көрсеткен. Батылдықпен патшалыққа осылай хат жазу Кенесарыдай баһадүрге тән ерлік, осы хаттан кейін адамдары босатылды ма, Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан деген адамдар кім, олар қандай жұмыстар атқарды деген мәселелерді зерттеу осы ұрпақтың парызы, ендеше тарихшыларымыз осыны қолға алуы қажет деп білеміз.Хаттарды аударып, түсініктемесін жазған: ҚР Ұлттық Архивінің ғылыми қызметкері Ахат Әшуұлы.
Порталға дайындаған: Есбол Нұрахмет
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8 (7172) 57 60 13 (ішкі - 1163)

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33078/


©
Кенесары хан және Тәуелсіздік
Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Осы қасиетті азаттық жолында хан-сұлтандардан бастап, батыр бабаларымыз бен Алаш арыстарына дейінгі мыңдаған азамат жан-алысып, жан берісіп, құрбан болды. Міне сондай бір айтулы тұлғаларымыздың бірі һәм бірегейі Кенесары хан болатын. Азаттық үшін арпалыста Хан Кененің патшалы Ресейге қарсы күресі, бұған дейін айтылып келгендей ұлт азаттық көтерілісі ғана емес, сонымен қатар қазақ-орыс соғысы еді. Өкінішке қарай жылдар бойы қалыптасқан ұғымды өзгертіп, тарихқа жаңаша баға беруде әлі де болса «әттеген-айымыз» көп.
Кенесары хан туралы көлемді еңбек жазған азамат туралы айтқанда ең бірінші еске Ермұхан Бекмаханов түседі. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған шақта Хан Кене туралы ғылыми еңбек жазу – өз өміріңді бәйгеге тігу болатын. Бірақ Ермұхан Бекмаханұлының тапсырмасы бойынша Елтоқ Ділмұхамедов «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Өкінішке қарай кейін аталған диссертацияның қорғалғаны жоққа шығарылып, оның даналары барлық қоймалардан алынып тасталды. Алайда ғажайыптың күшімен Ділмұхамедовтер әулетінде құнды еңбектің бір данасы сақталып қалған екен. Міне осы кітапты Болатхан Тайжан қоры 2012 жылы шығарып, сауатты іс жасаған екен. Біз аталған еңбекте жазылған деректерге шолу жасап, өз пайымымызды ортаға салсақ дейміз.
Аталған еңбектің алғысөзінде Мұхтар Тайжан «1986 жылдың дәл осы күні қазақтар көп жылдардан бері алғаш рет өз ұлттық қадір-қасиетін қорғап, алаңға шықты. Бірақ, осы оқиғадан тура 40 жыл бұрын, 1946 жылдың 17 желтоқсан күні Ташкент қаласында «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация табысты қорғалған еді», – деп жазған екен. 
Желтоқсан қасіретті һәм қасиетті ай

Ең маңызды қадамның бір айда, тіпті бір күнде жасалғаны кездейсоқтық па, жоқ әлде мұның бір тылсым күші бар ма? Мәселен желтоқсан қазақ халқы үшін қасіретті де, қасиетті ай. Қасыретті дейтіміз осы айда Желтоқсан ұлт азаттық және Жаңаөзен көтерілісі болды. Сондай-ақ тап осы желтоқсанда Қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін жариялап, әлем картасынан ойып орын алғаны көпшілікке белгілі. Тізбелей берсек, Желтоқсан айында болған қызықты оқиғалар жетерлік. Мысалы түркі халықтарының бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай 1890 жылдың 25 желтоқсан күні дүниеге келіп, тап осы айда (27 желтоқсан, 1941 жыл) көз жұмды.


Тағы бір қызық жағдай, Кенесары хан өмірден өткен 1847 жылдан Әлихан Бөкейхан 1917 жылы құрған Алаш Орда үкіметі арасында тұп-тура 70 жыл бар екен. Сондай-ақ Алашорда үкіметі құлаған 1920 жылдан 1991 жылдың арасы 69-70 жыл болады. Кеңес үкіметінің шаңырағы 1990 жылдан бастап шайқала бастағанын ескерсек, Кенесары хан мен Алашорда және Тәуелсіз Қазақ елінің азаттыққа ұмтылғанының арасында 70 жылдық кезең шығады. Бұл өз алдына зертеуді қажет ететін тақырып.
Елтоқ жазған ерекше кітап

Елтоқ Ділмұхамедовтың «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты кітапта Хан Кененің күресіне қатысты құнды деректер жиі кездеседі. Аталған кітаптағы орыс генерал-губерторлары мен әскери қызметкер және өзге де тарихшылардың деректері 1837-1847 жылғы кезең көтерістен гөрі қазақ-орыс соғысына көбірек ұқсайды. Мәселен Орынбор әскери генерал-губернаторы Перовский 1839 жылдың 9 қаңтар күні әскери министрге «Мен жақын арада Кенесарыны жақтайтындардың жақсы дайындыққа кірісіп жатқандары туралы мәліметтер алдым: оған қазірдің өзінде орынборлық қайсақтардың ішіндегі аты шыққан «жыртқыш» Жоламан барып қосылған және олар қосылып алып, 8000 адамдай жинап, көктем келе орданың Шығыс бөлігіндегі сұлтан-басқарманың ауылына шабуыл жасауға кіріспекші...», – деп жазады. 


Перовский жыртқыш деп есептеген Жоламан батыр Кенесарыға қосылып «сұлтан-басқарманың ауылына шабуыл жасауға кіріспекші...» болса, оны қалайша жай ғана көтеріліс деп бағалауға болады? Бұл қазақ-орыс соғысы емес пе? Сондай-ақ К.К.Абаза «10 мың атты әскердің басшысы бола отырып, ол күніге бірнеше рет тұрған жерін ауыстырып: жатуға қонған жерінен аяқ астынан түннің ортасында көшіп, 10 шақырымдай алдыға немесе артқа кетіп қалатын. Біздің ең сенімді деген тыңшыларымыздың өздері Кенесарының қайда түнеп жатқандығын білмей қойды», – деп Хан Кененің қырағылығына назар аударады.
Абазаның жазуынан байқағанымыз Кенесары хан жайбырқат жатпай, аса қырағы болып отырған. Бұл соғыс жағдайында аса қажетті сақтықтың бірі болып саналады. Егер бейқам жатса, Кенесары ханның жорығы 1837 жылдан 1847 жылға дейін созылмай, ерте аяқталатын еді. Бір сөзбен айтқанда Хан Кене соғыс өнерін жоғары деңгейде меңгеріп, қарсыластарын қан қақсатып отырған. 
Біздің бұл сөзімізге Красовскийдің «Өзінің атасына ақылы жағанына жол беріп, бірақ өзінің әкесі Қасымды өжеттілігімен басып озып, Кенесары барлық Сібір даласына 1836 жылдан танымал бола бастады», – деген сөзі толық дәлел болады. Красовскийдің «Өзінің атасына» деп отырғаны Абылайхан екені көпшілікке белгілі болса керек. Хан Абылай Патшалы Ресей мен Қытайдың арасында тепе-теңдікті сақтап, сәтті дипломатиялық саясат жүргізгені белгілі. 

Кенесары ханның дипломатиялық қыры


Бірақ та Красовскийдің бұл пайымымен күрес тарихын зерттеуші А.Ф. Рязанов келіспейді. Ол Кенесары ханның дипломатиялық жеңісі туралы «...жақын арада болған оқиға бізге Кенесарының үкімет алдында бас иуге деген ойының да болмағанын және мойынұсынамын деген уәде өзінің ойларын жүзеге асыру үшін жаңа күресті бастауға апаратын бұлаң дипломатиялық әрекет болғандығын көрсетіп берді», – деп жазады. 
Рязановтың дипломатиялық жеңіс деп отырғаны Кенесары ханның Ресейге бағынған сыңай танытып, әкесі мен ағасын өлтірген Ташкент бегінен кек алу болатын. Сол үшін де Хан Кене:
«...Мен Кенесары Қасымов, Сібірде ешқандай әділдік таба алмай, сібір линиясында қаруландым, ал орынбор линиясына өзіме ұлы государь тарапынан қамқорлық, ықылас, пана іздеуге келіп және орынборлық басшыларға менің барлық көрген құқайларым туралы айтқым келді», – деп Патшалы Ресейді тынышталдырып қояды. 
Ханның бұл хабарламасына генерал-губернатор Перовский сеніп, патшаға Кенесарыға сену керек деп дәледейді. Бірақ Елтоқ Ділмұхамедов мұның уақыт ұттырып, күшейіп алу екенін жазған. 

«Осы жағдайдан кейін Кенесары еріксізден бұрынғы шабуыл жасау тактикасын өзгертуге мәжбүр болды, өйткені екі жауға қарсы шешуші күрес жүргізу мүмкін емес деп есептеді. Сондықтан да Хиуа хандығынан айтарлықтай қолдау болатынын көрмеген ол Перовскийге бейбіт қана көшіп жүруге уәде беруге, оларды жау көруді доғарып, патшалықпен бейбіт келісімге келуге келісетінін көрсетуге тырысты. Сонымен қатар Кенесары әскери старшина Лебедовке бейбіт келісімге келу туралы хат та жазып жіберді. Генерал Перовский және Лебедов Кенесарының шын жүректен айтып отырғанына сенді. Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин оларды Кенесарының сөзіне сенбеңдер деп бақты, ол Кенесарының бұл әрекетінен уақытты ұтуға тырсып отырған қулығын көріп, өз күштерін қайта жинап алған соң әскерлерінің санын арттырып, тағы да соғысты бастайды деп құлақтарына құюмен болды. Батыс Сібір генерал губернаторы да Перовскийге жазған хаттарында Кенесарының сөздеріне сенбеуді, өйткені ол өзін тым қатыгез етіп көрсеткен деген кеңес береді», – деп жазады тарихшы.


Осы тұжырымға қарап отырып Патшалы Ресейдің Кенесары ханға сенбей, қарсыласа беруден де сақтанғанын байқауға болады. Оның үстіне орыс отаршылдары өзге хан-сұлтанды паралап алғаны секілді Кенесары Қасымұлын да сатып аламыз деп ойласа керек. Алайда Қазақтың соңғы ханы өзгелер секілді шен-шекпен мен ақшаға сатылмай, ұлт тәуелсіздігін бірінші орынға қойған болатын.
Ұзын сөздің қысқасы әскери министр князь Чернышевтың Кенесарыны кешіру туралы тапсырмасына байланысты екі губернаторда ханның барлық туған-туыстарын босатып жібереді. Тарихшы осы жағдайдан кейін қазақтар мен ортаазия хандықтарының арасында Кенесары Қасымұлының беделі мен ықпалы күшейе түскенін жазады. Нақтырақ айтсақ, Хиуа және Бұқар хандығымен одақтаса отырып, олардан патшалы Ресей мен Қоқан хандығына қарсы күресу үшін қару-жарақ алады.
«...Кенесары, өзінің әкесін опасыздықпен өлтірген ташкенттік бектен кегін алуды ойластырып Бұқар әмірімен одақтасты, Қоқанға соғыс жариялап, әскери әрекетін Созақ пен Ташкентті бір мезгілде қоршауға алудан бастайды».
Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин мен Батыс Сібір генерал губернаторы айтқандай Кенесары Қоқан хандығынан кек алғаннан кейін 1840 жылдың екінші жартысында патшалы Ресейге қарсы шабуылды бастайды.
Бұл туралы А.Г.Серебренников «Түркістан өлкесін жаулап алу тарихы материалдарының жинағында» «Көктем келісімен ол (Кенесары-Д.Е.) 500 адамнан тұратын қарулы жасақтарды жинап алып, өзінің немере інісі Әлжан Саржановқа басқартып, оларды патшалыққа бодан болыстардан жылқы барымталап және біздің жасақтарды бақылап қайтуға жіберді», – деп жазады. 
Елтоқ Ділмұхамедов өз еңбегінде Кенесары ханның бес бірдей дипломатиялық жетістікке қол жеткізгенін жазады.
1) Көтерілісшілерге қарсы қазақ даласына сібір және орынбор корпусынан жазалушы әскерлерінің жіберілмеуіне.
2) Туысқандары: Ғабдулла Уәлихановты, Қанжан Көшековты, немере інісі Нұрханды және қазақ Бейсенбай Дөненбаевты қамаудан және айдаудан босатып алды.
3) Үзілісті сыртқы қанаушыларға қарсы шабуыл жасайтын соғыс үшін әскери күшін жинақтауға пайдаланды.
4) Өзінің жауларының арасында қарама-қарсылық туғыза алды – (екі генерал-губернаторлар – Перовский мен Горчаковтың арасында болған ұзаққа созылған таластар мен айтқыстар).
5) Өзінің беделін арттырды, қазақ халқы мен көрші ортаазиялық хандықтарға ықпалын күшейтті. 
Елтоқ Ділмұхамедовтың пайымдауынша, осы табыстардың арқасында Кенесары 1842 жылы хандық атаққа сайланып алуға моральлдік алғышарттар жасаған. Бір сөзбен айтқанда ол Абылай ханнан кейін әлсіреп кеткен Қазақ хандығының керегесін кеңейтуге күш салды.

Кеңес көсемдерін мақтап, Кенесарыны көтерді

Тарихшының Кеңес үкіметінің қаһарынан қорықпай, Кенесары ханды Тәуелсіздік үшін күресті деп жазуы таңғалдырады. Себебі мұндай ойды ғылыми еңбекте жазбақ тұрмақ, ауызекі тілде айтудың өзі қауіпті болатын. 
«Абылай ханнан бастау алып Кенесары Қасымұлына дейін жалғасқан, тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық дәстүрлер Қазақстанның оңтүстігінде Кеенсары қозғалысының бұрынғы қатысушылары – Жанқожа Нұрмұхамедов пен Бұқарбай батыр басқарған, ал шығыста Саурық пен Сұраншы батырлар бастаған жаңа ұлт-азаттық қозғалыс толқынына күшті түрткі болды (1850-1870 жылдар), – деп жазады тарихшы.

Әрине 1947 жылы «Кенесары ханның басты мақсаты Тәуелсіздік болды» деп әрі Патшалы Ресейді айыптап диссертация жазу – ақылға сыймайтын нәрсе болатын. Алайда тарихшы «Марксизм-ленинизм халықтардың еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресіне үлкен мән беріп келеді» деп Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин мен Калинин секілді Кеңес иделогиясының көсемдері мен саясаткердің сөзін алға тартып, сүбелі еңбек қалдырды. 


Мәселен тарихшы «Бұқара көпшіліктің шын күресі, – дейді В.И.Ленин, – өзіндік саяси оның ішінде сол бұқараға халықтың революциялық күресінен ешқашан тысқары болуы мүмкін емес», «Орыс мемлекеті, – деп жазды Энгельс, – «Қара теңіз бен Каспий теңізі үшін және Орталық Азия үшін мәдениеттендіруші болды» деген ойды цитата ретінде пайдаланады. Сондай-ақ ол 1932 жылғы аштық пен 1937-1938 жылғы қанды қырғынды ұйымдастырған Сталиннің сөзінен мысал келтіріп, жазуға мәжбүр болады. Нақтырақ айтсам, ол «Сталин жолдас партияның Х съезіндегі баяндамасында көптеген мал бағушы халықтардың, оның ішінде қазақтардың артта қалушылығын атап көрсетті», – деп пайымдайды.
Бір сөзбен айтқанда Кеңес үкіметінің «көсемдерінің» сөзін пайдалана отырып Кенесары ханның күресі туралы құнды кітап жазу ерлікпен тең жүрекжұтқандық болатын. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген ұстанымды Ермұхан Бекмаханов өз шәкірті Елтоқ Ділмұрадовқа жақсылап түсіндірсе керек. Қос тарихшы Кеңес үкіметінің көсемдерін мақтап отырып, Кенесары ханды көтеріп кетті.

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33021/


© e-history.kze-history.kz

Тарихи орын - «Баһадүрлер қорымы»


Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 97 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Соның бірі – «Қараөткел» зираты.
Қараөткел мұсылман зираты Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауындағы «Жастар» шағынауданында орналасқан. Аумағы – 18 га. Көне қорымда қазақтардан өзге татар, шешен, ингуш т.б. мұсылман дінді ұлт өкілдері жерленген. Құлпытастар араб, парсы, төте жазумен жазылған. Елорданың қақ ортасында орналасқан ең ескі зират лайықты қоршалған. Мұнда17 ғасырдан бастап 20 ғасырдың ортасына дейін адамдар жерленіп келген.1962 жылға дейін 10 мыңдай қабір болған екен. Олардың арасында танымал дін өкілдері, байлар мен батырлар да жерленген. Зерттеушілер мұнда Қазақ хандығының соңғы азаткер ханы Кенесарының 200 сардары мен сарбазыдары жерленгенін айтады. Оларға құлпытас 1838 жылы орнатылған. Бірнеше жыл бұрын қасиетті орын «Қазақстанның қасиетті» нысандары қатарына қосылған.
«Қаланың қайнар көзі яғни ежелгі тарихын айшықтайтын нысандар: «Бозоқ» пен «Қараөткел». Бұлар әлі де зерттелмеген күйі жатыр. Соңғы жылдары ғалымдарымыз Ақмола бекінісіне шабуыл кезінде қайтыс болған, Кенесары ханның әскерлерінің ескерткішін тауып алды, бұл да біздің тарихымыз әрі еске түсіріп, құрметтеуіміз керек. Оның үстіне, Кенесары хан біздің тәуелсіздікке үмтылған күресіміздің символы. Біз тек оны ғана емес, оның батырларын да білуіміз тиіс. Бұл бірегей ескерткіш, сондықтан да осы тізімге еніп отыр», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Аталған зиратқа қазір адам жерленбейді, ол - тарихи орын. Жергілікті халық бұл жерді «батырлар қорымы» деп атайды. Кейбірі "Қараөткел пантеоны" деп те атап жүр. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Серік Негимов ағамыз көне зиратты «Баһадүрлер қорымы» деп атауды ұсынып, тарихта болған Ақмола шайқасы туралы көлемді зерттеу еңбегін жазған еді. Сол мақаласында: «Баһадүрлер қорымы» – Астана тарихының тамыры, елеулі бір парағы. Себебі, құлпытастағы жазулар қазақ халқының басынан кешкен ерлік-қаһармандық дәуірдің терең сырын шертері сөзсіз», - деген болатын. 
Ендеше осынау ғалым ағамыз ұсынған «Баһадүрлер қорымы» деген ұтымды атауды жергілікті халықта құптайды деген ойдамыз. Сіздер қалай, ойлайсыздар!

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/32978/


© e-history.kz

«Алашта Кенекеме ер жетпейді»


Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.
-Айеке, алғашқы сұрағымызда әкеңіздің қандай тарихи тақырыптарға қалмам тартқандығы жайында сұраған едім? Осы сауалды сәл қаузай кетсеңіз?
-Сөз жоқ ол кісі нағыз тарихшы қаламгер. Ол – осынысымен сирек, осынысымен де қымбат.
Жазушының тарихқа ден қойған негізгі тақырыптары Абылай, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Нысанбай, Бопай ханым, Жәпек батыр, Науан Хазірет тәрізді ұлы тұлғалар болып келеді. Сонымен бірге, поэзияда Махамбет, Абай, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Сәкен сері Жүнісов, Кәкімбек Салықов, тағы басқадай тұлғалар бейнелері Төлеген туындыларының жаңа қырларынан жарқырай көрінді.
Төлеген Қажыбайдың аса бір зор сүйсініспен жазып келген басты кейіпкерінің бірі – Кенесары Қасымұлы. Тіпті 2002 жылы оның 200 жылдығына «Алдияр» деген атпен жеке кітап арнап жазды. Мұнда толғаулары мен дастандары, драмалары топтастырылған.
Алдияр! – ұлылыққа табыну, елтұтқасына құрмет, халық қаһарманына тағзым деген сөз.
Төлегеннің халқымыздың азаттығы жолында он жыл бойы ат үстінен түспей табандылықпен күрескен, сол жолда қаһармандықпен шаһид кешкен Кенесары Қасымұлының 200 жылдығына арнаған кітабы ұлы хан Абылай, оның тұстастары қарауыл Қанай би, шапырашты Қарасай батыр, Абылайдың жорыққа мінген Шалқұйрық тұлпары жайлы желі тартады; Хан Кене, оның інісі Наурызбай, қарындасы Бопай, бас батырлары Ағыбай, Бұқарбай, жырау Нысанбай тұлғалары қаламгер толғаулары мен драмаларының діңгекті ұстын тұстары. Алмағайып заманда империялық саясаттан қорықпай, төбелерінен жай түскендей етіп, Мағжан ақын Кенесары тұлғасын шалқыта жырлап еді. «Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп оны халықтық үлкен тұлғаға бағалауы – сол заманда көзсіз ерлікпен барабар еді. Бірақ Мағжан «Оқжетпестің қиясында» поэмасында Кенесарының халық қамын ойлап толғанған бірер сәттік бейнесін ғана береді ғой. Іс-әрекет, күрес үстіндегі Кенесары тұлғасы танылмайды. Және поэма өте қысқа қайырылған. Соған қарағанда, цензураның қолымен күзеліп басылған деп те ойлаймын. Әрине, бұл арада оғлан ақынға кінә артудан аулақпыз. Кенесарының атын атаудың өзі қауіп тудырған заманда осының өзі үлкен ерлік еді. Төлеген, міне, осы жоқтың орнын толтырғандай хан Кене тұлғасын келістіре, жан-жақты толымды еңбектер жазған. Кенесары ханның аса күрделі тұлға екені белгілі. Оның бейнесін сомдау үлкен дайындықты қажет етер еді. ХІХ ғасырдағы Ресей мен Қазақстан арасын тегіс білуің қажет. Көтерілістің шығу себептерін дұрыс ажыратуың керек. Төлегеннің оыс кітабында Кенесары ханның өзі ғана емес, інісі Наурызбай, Бопай ханым, Ағыбай батыр, сөздің қысқасы, ханның төңірегіндегі туыстары мен серіктестері тегіс қамтылған. Сондықтан мен бұл жинақты тек бірыңғай Кенесары хан мен серіктері туралы поэзиялық толғаныс, драмалары ғана емес, үлкен тарихи танымдық еңбек деп бағалар едім. Автордың зор ізденіске барғаны, хан мен оның төңірегін, Ресейге қатысты мәселелерін шұқшия зерттегені байқалады.
Алғысөз орнына берілген «Алашта Кенекемдей ер болмайды» зерттеуінде Т.Қажыбай Кенесары көтерілісі хақында жан-жақты тоқтала кетеді. Мен «зерттеу» деп кездейсоқ алып отырған жоқпын. Төлеген мұнда кәдімгі кәнігі тарихшыларша көтерілістің себеп-салдары, қаһармандық шайқастың барысы туралы терең пәлсапалық әрі танымдық дүние жазған.
Мен бұл талдауды оқып отырып, әкемнің білдей бір тарих зерттеушісі болардай қырын аңғардым. Мұнда көптеген халыққа беймәлім мәліметтер де кездеседі. Кенесарының ақыл-парасаты, әкесі Қасым және оның әйелдерінен кімдер туғаны, көтеріліске қазақтың қай руларынан қатысқаны туралы, Наурызбайдың асқан батырлығы туралы қызықты әрі тың деректер бар.
Мәселен, Кенесарының Есенгелді мен Саржаннан басқа да Құдайменде, Әбілғазы, Уақ, Шуақ, Сапақбай деген бауырлары болғанын, Наурызбайдың бір шешеден жалғыз туғаны біз кездестіре қоймаған мәліметтер. Сонымен бірге біз Бопайды ғана білеміз де, ал олардың Бопай, Бопан, Бопыш атты үш апалы-сіңлілі болғанын біле қоймаушы едік.
Төлеген Қажыбайдың алғысөзіне енген мына тың дәйек-деректер де бұрын-соңды ешбір жерде аты аталып, түсі түстелмеген еді: «ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарын қамтыған азаттықтың күрес шеңбері барынша кеңіп, Арғын, Қыпшақ, Керей, Төртқара, Бағаналы, Тама, Табын рулары Кене ханның қасиетті туы астында бас біріктірді. Кенесары әскер жасақтаудың өз заманындағы озық үлгісіне сүйенді. Мыңдық, жүздіктерге бөліп, оларды мың басы, жүз басыларға басқартты. Үш жүздің Ағыбай, Иман, Басығара, Бұхарбай, Бұғыбай, Жекебатыр, Бәйсейіт, Сұраншы, Саурық тәрізді ұлы батырлары Кенесары қолын қиян кескі шайқастарға бастап, талай ірі жеңістерге қол жеткізді, ерліктері аңызға айналды, дала жырауларының шабытты жырларына арқау болды. Осылайдың ішінде ағасының оң қолы болған Наурызбай жайлы бірер пікір білдіре кеткен жөн болмақ.
Наурызбайдың қара басының қаһармандығы ала-бөтен болды. Жауға жалаң шекпен, шолақ найзамен шабатын талай жүрекжұтты батырларды батылдығымен таң қалдырды. Алдынан қарасаң шалқақ, артынан қарасаң еңкек болып көрінетін сүйріктей сұңғыла бойлы сұлу Науан Басығара батырдың оққа ұшқан тұсында батыр қаны жау табаны астында қор болып қалмасын деп қамалға өзі бастап кіргенде өзін қоршап алған мылтықты 12 қазақты ес жиғызбай найзаға іліп кеткен деседі. Майтөбенің етегінде қолға түскен Кенесары ағасын жау қолында қалдырып кетпеймін деп өз еркімен қырғыздар қолына берілуін қазір көзсіздік десек те, алып жүректі Науанның хас батырлығы демеске мүмкін емес. Есіл ер жау қолынан 25 жасында опат болды.
Күйеуінің қарсылығына қарамай отбасын тастап, қасына алты баласын ертіп ағасының қасынан табылған Бопай ерлігін де еске алмасқа болмайды. Құрамында 600 сарбазы бар ерекше топқа басшылық еткен Бопай ханшаның ерлік істері аңызға айналған. Оның ұлы Нұрхан, Кененің інісі Әбілғазылар да азаттық жолында аянбай күрескен, Кенесары таңдап алған тайғақ жолдан табан аудармаған сенімді батырлар еді.
Әуел баста жазалаушы отрядпен-ақ Кенесары қозғалысын басып тастармыз деген патша әрекеті тым әлсіз болып шықты. Олар тез арада-ақ шебер қолбасшы, тәртібі темірдей батыл да батыр күшке кезіккендерін аңғарды, аңғарды да қалың қол жасақтады. Мынау Көкшетауда сонау Қоқан хандығына дейін өкшелеп отырып ұрыс салуға мәжбүр болды. Сан рет жер қақпан жеңілістерге ұрынды. Далалық ұрыстың нелер ұтымды әдістерін қолдана білген Кенесары қолы жау қоршауын бұзып-жарып, Бетпақтың безерген даласынан аман өтіп еді. Сөйтіп, 1846 жылы Жетісуға табан тіреп еді. Бұл арада Ұлы жүз рулары негізінен Кене ханды мойындап қана қойған жоқ, оның әділетті күресін қолдайтындықтарын білдірді. Діні бір қырғыз манаптарыман бірлесіп, ұзақ жыл қазақтарға үстемдік құрып келген Қоқан хандығына ұрыс ашу мақсаты түсіністікпен қабылданды. Тайшыбек, Сұраншы, Саурық сияқты батырлары өз қолдарымен келіп қосылды, сандаған ұрыстарға қатысты. Алайда сұлтан Рүстем мен Сыпатай 12 мың қолмен бір түнде хан қосынын тастап шегініп кетті, жай кеткен жоқ, осы жымысқылықтарын қырғыз манаптарына сыбырлап кетті. Он жыл бойы үздіксіз соғыстан қажыған әрі Көкшетаудай ата жұрттан қол үзген сарбаздар титықтап қалған еді. Оның үстіне жығылғанға жұдырық – Сыпатай сатқындығы Кенесары қозғалысын тұйыққа тірегені тарихи шындық болатын. Кекілік-сеңгір тауының етегінде Майтөбе деген жерде қырғыз қолымен ақтық рет айқасқа түсті. Үш жақтан қоршауда қалған қазақ сарбаздары қатты шайқасып, батыл қимыл танытқанымен күш тең емес еді. Сөйтіп Жамбыл жырау айтқандай, «Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді. Ол етектен алған иттерден жеңілді ғой».
Осы арада кейбір қалам ұстағандардың мақалаларында Кенесарының қырғыздармен қақтығысын Наурызбай тентектігінен, яғни, көрді талқандап, найзасын өлікке қандағаннан кейін соғыс болып кетті дейтін келте пікірлердің де бас көтеріп қалып жүргендігіне назар аударғымыз келеді. Ол пікір, өкінішке қарай, «Хан Кене» кітабындағы кейбір авторлардың очерктерінде көрініс берген. Жеңіл, жосықсыз пікір қашанда тарихқа қиянат!
Жоқ, біз мұндай жеңіл-желпі айтыла салған парықсыз пікірмен келісе алмаймыз. Тарихи дәлел-дәйектемесі жоқ мұндай пікірдің астарында әрі қойсақ ұлт араздығын қоздыру, бері қойсақ Кенесары қозғалысының тарихи аспектілеріне терең үңілмеу, саяси-әлеуметтік құбылыстың мәнін бағамдай алмаушылық дегенге саямыз. Олай десек алдымен Кенесары-Наурызбай аруағын жер ету, екіншіден, туған халқының азаттығы жолында бастарын бәйгеге тіккен он сан батырлар арманына топырақ шашу болып шығар еді. Осынау қазақ даласын күрескерлік рухымен он жыл бойы сілкіндіріп тұрған азаттық қозғалысының мәнін ұғыну, сырлы сипатын танып білу үшін тағы да талантты тарихшы Е.Бекмахановтың пікіріне жүгінелік. Ол: «В 1947 году Кенесары вторгся в пределы Киргизии. В этой борьбе Кенесары преследовал основную цель – борьбу с господством Коканда, как врага казахов и алатауских киргизов и против киргизских манапов, являвшихся верными союзниками кокандских беков. Поэтому поход в Киргизию он рассматривал как ответ на действия манапов, передавшихся на сторону Коканда», – деп атап көрсетеді. Бүгін Кенесары қозғалысының тарихи мәні мен маңызын түсінгісі және шынайы ақиқатын білгісі келетіндер болса көрнекті ғалымның осы бір мәнді пікірімен санасса дейміз.
Кенесары күресінің ақиқаттығын алдымен халық ақындары түсініп, кезінде келелі жыр толғап, әділ бағаларын бергендігін де ескерсек керек. Сонау соғыстың басынан аяғына дейін бірге болған Нысанбай, Рүстем-Сыпатай сатқындығын бүкпесіз айтқан Жамбыл, қырғыз Қатағанмен айтысында бұл күреске зор баға берген Сүйінбай жырлары тарих ақтаңдақтарын толтыра алатын құнды деректер деуге толық негіз бар. Сонда Сүйінбай не деген еді, оқып көріңіз:
«Түркістан тарихы» еңбегінің авторы Н.Павловтың «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын, талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол тегі аса ірі дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерінің бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да мен оны «түздің соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнә жасадым дей алмаймын», – деген сөздерін келтіруі де тың ізденіс қырын танытады. Орыс генералдарының Кенесарыға берген әртүрлі қайшылықты пікірлері белгілі, бірақ олардың ешқайсысы дәл осындай мойындауларға бармаған. Ең жылы пікір айтқаны – Кенесарының патша ұлықтарына талап қойғандығы туралы ғана. Жоғарыдағы Н.Павловтың сөзі маған Кенесарының қадір-қасиетіне зор баға беру болып көрінді. Өзі орыс ұлтының өкілі бола тұра, әділ баға беріпті.
«Шалқұйрық» дастанында Арғын-Қарауылдың Жақсылық тармағынан тараған Дәулетбай деген кісінің Әбілмансұр-Абылайханға Шалқұйрық атты жылқысының ішінен таңдап берген оқиға сөз болады. Былай қарағанда болмашы ғана осы бір деректен үлкен оқиға тудырып, дастан жазып шығу – ақындық қиялдың жемісі деп ұғамыз. Анау-мынау емес, ханның өзіне серік болған лайықты ат сыйлау – үлкен мәрттік. Осы аттың үстінде ұрыс салған Әбілмансұр «Абылай» атанған.
Сол Дәулетбайдың Шалқұйрық атты Әбілмансұр-Сабалаққа мінгізу оқиғасын ақын әсерлендіре, әрлей жырлайды.
-Әйгілі «қарауылдың Қанай биі» мен «Бопай ханым» да дастанға арқау болған адамдар емес пе?
-Дәл солай. Дастанға арқау болған тағы бір кейіпкеріміз – алты алашқа аты мәлім Қанай би. «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» (Мағжан) Абылайды «хан ием!» деп басын иіп, елін билеуге әбден лайық көрсе, Төлегеннің Қанай биді бағалауы да биік. Барша қазақтың атынан Қанай биді мұншалық мәртебелі әрекетке баруы хан сайланған Абылайдың абыройынан төмен болып тұрған жоқ. Шығарманың түйінді жолдарында осы күнгі заманымызға да бір Қанай бидің жетіспейтіні орынды айтылған. Осы күнгі халықтың қалаулылары – министрлер, депутаттар болса, олардың көп іс-әрекетінің халық тілегімен сәйкес келе бермейтіні ащы да болса шындық. Қанай би сияқты халық сүйген тұлғаларды өнеге қылып отыру – Төлегеннің ақындық басты ұстанымдарының бірі еді.
Автордың келесі тарихи кейіпкері – «Бопай ханым» дастаны. Поэма қызықты сюжетке құрылған. Бопай ханымның тек ер азаматқа тән ерлігі ғана емес, адамгершілігі, сүйгені Жанайдарға деген адалдығын сақтай білуі тартымды өріліп отырады.
Көрнекті ақынымыз, Төлегеннің жерлес, сыйлас ағасы Кәкімбек Салықов «Бопай ханым» толғауына жоғары баға берген.
Міне, осылайша Кенесары хан мен оның жақын серіктері, інісі Наурызбай мен қарындасы Бопай, жолдас серіктері Нысанбай жырау, Ағыбай батыр бейнелері арқылы сонау Абылай бабаларынан басталған жорық жолдарын, өнегелі істерін циклді жыр тұтастырып шығарған. Әрине, Кене хан басты қаһарман болғандықтан оған көп орын берілуі де түсінікті.
«Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деп Мұқағали ақын айтпақшы, көкейдегі сөзіңді еркін айтып, шығармашылық құлашыңды кеңге жайып өткенге не жетсін?! Ұлтының жақсылығын айтқысы келмейтін, тарихына, өткеніне үңілмейтін, елдік мақтаныш сезімі жоқ қаламгер – қаламгер ме? Ал сол қаламгердің айтарын айтқызбай тіліне кісен салған, бұғаулап ұстаған жоғары биліктен не үміт, не қайыр?! «Тіліңе кісен салдырып, сөйлетпей ұрар ұртыңа» деп жырлаған Бұқар бабамыз қандай көреген еді?
Тәуелсіздік таңы атысымен, лықсып тұрған тығынның ауызы атылғандай болып, ақын-жазушыларымыз батыл көсіле бастады. Бұл халық үшін үлкен серпіліс, бақыт деп ұғамын. Әрине, қаламгерлер шығармаларынан өкініш, ашыну, мұң сарыны көбірек сезіліп жатса, оны да түсінеміз. Өйткені, қаламгер өткенін жазбай тұрмайды, ал қазақтың өткен асуларында өкінішті, шерлі сәттер аз болған жоқ. Қазіргі қоғамымыз да тәуелсіздікке бойын үйрете алмай жатыр. Қоғамдық формацияның ауысуынан, жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, ес жиып, етегімізді жаба алмай жатқанда, елді өркендетуге үлес қосқаннан гөрі өз есебін түгендеп жатқандар көп. Осыны қоғамның көзі мен құлағы болар қаламгер айтпай тұра ала ма енді?
-Төлеген Қажыбайдың айтпай кетпейтін жоталы туындысының бірі «Жәпек батыр» тарихи дастаны ғой?
-Рас, тұлғасы зор бола тұра, Абылай ханның өзіне оң қол болған серіктікке жараған Жәпек батыр туралы, өкінішке орай, көп дерек сақталмаған. Ш.Уәлихановтың қалмақтардың Абылай ханды тұтқындағанда қасында болған серіктерінің бірі Жәпек болғанын айтқан мәліметі, сосын Толыбай ақын мен Мағжан Жұмабаевтардың жыр жолдарында аты аталып өтетіні ғана. Бірақ осы аз ғана деректердің өзі Жәпек батырдың қандай зор тұлға болғандығын танытады. Ақындық, қаламгерлік бағытында ел тарихын көп зерделеген Төлеген Жәпек батыр жайында түбірлей зерттеп, тың деректер тауып, оны поэзия тілімен төгілдіре жырлауы үлкен азаматтық ұстаным жемісі. Өзге елдер жоқтан бар жасап жатқанда, біз барымызды таныта алмай келе жатырмыз. Жәпек батырға тікелей қатысты тұлға болғандықтан ең әуелі Сабалақ-Абылайдың Төле бидің түйесін баққан бозбала құл шағынан бастаған. Ақыры сезімтал би оның тегін жан емес екенін аңдап қалып, Сабалақ аталық Оразбен бір түнде қашып шыққан оқиғасы көпке белгілі. Бірақ бұл оқиға өріліп өлеңге түскенде баурап алардай тартымды сипатқа ие болыпты. Ақыры Түркістанды тастап, Сарыарқа бойына жеткен болашақ хан Атығай ортасынан пана тапқан. Осында келіп Жәпек батырмен де танысады. Бірін-бірі ұнатып, жолдас болып, жорықтарда, аңшылықта жұптарын жазбайды. Бір күні аң қуып жүріп, қалмақ тұтқынына түседі.
Қалмақтар көлмен қайыққа түсіп, қос тұтқынды әкеле жатқанда қайық аударылып, Абылай хан су астына кете жаздағанда, оны Жәпек батыр құтқарады. Қасындағы екі қалмақ өз бастарын сауғалап қашады. Осы оқиғаны қандастарынан естіген Қалдан Серен өзінің екі сарбазының басын алдырып, еліне Жәпекті үлгі қылады:
Дастандағы әрі қарайғы оқиға былайша өрбиді. Қалмақ қыстап отырған жерде алай-дүлей боран басталып, малы жұтай бастайды. «Қырылып өлгеніміз бе» деп сасқан Қалдан Серен қазақ тұтқындарының арасынан сәуегей іздейді. Бақтарына қарай Рай атты сәуегей шығып, «түс ауа боран басылар, алдан жақсылық күтіңіз» деп қалмақ қонтайшысын сабырға шақырады. Ақыры оның айтқаны дәл келіп, Қалдан Серен кеңшілік танытып, Абылайды бас қылып, тұтқындарды босатады. Осы оқиға кейде басқаша да баяндалатыны рас. Бірақ Төлеген ақын жалпы әңгіме желісін бұзбай, аздап көркемдік қиялмен өңдеп, дастан желісіне лайықтап жазып шыққан. Сонымен бірге тың мәліметтер де жоқ емес. Әсіресе, басты кейіпкері Жәпек батырдың Малайсарының Кежек деген қарындасын алғанын, одан арыстай бес ұл сүйгенін екінің бірі біле бермейді.
Дастанның оқиғасы, тілінің шұрайлылығы оқырманды жетектеп отырады.
Қалмақтың Кәбін батырын жекпе-жекте жеңіп, қалмақтың алақұйрық туын алып келгенде Абылай хан «О, Жәпегім, жампозым, жарадың!» деп сүйсінген екен. Бұл оқиғаның да барысын ақын үлкен шабытпен бейнелейді.
«Жәпек батыр» дастаны хақында ыстық лебіздер аз айтылған жоқ. Кәкімбек Салықов, Сәкен Жүнісов, Сарбас Ақтаев секілді үлкен қаламгерлер сүйсіне жазып, ақынды зор табысымен құттықтады.
Жалпы жоғарыда тілге тиек еткен ақынның «Шалқұйрық-дастан», «Қанай-дастан» және «Жәпек батыр» үш дастандағы Абылай жəне басқа хандар тұлғасының бейнеленуін жинақтай келе мынадай ғылими тұжырымдар жасауға болады: Біріншіден, дастандар Абылай жəне басқа билеушілер бейнесі сомдалатын тарихи аңыздар мен тарихи жырлардағы, қаламгерлер тарихи туындыларындағы тарихи оқиғаларды жəне тарихи əдебиеттегі деректерді негізге алатыны байқалады; Екіншіден, «Жəпек батыр» дастанындағы Əмір Темірдің бейнесін беруде тарихи шындықпен қатар, ақиқаттан ауытқып, тым əсірелеп көтермелеу де орын алғанын айта кету керек. Қожа Ахмет Яссауидің діни-софылық көзқарасын, əдеби мұрасын бағалап, оның атына Түркістан шаһарында əсем кесене салдырып, қаланың «төрт құбыласын бүтіндеп», түркінің Меккесіне айналдыруы, түркінің астанасы етуге ұмтылысы, сол жолда неше бір қиындықтарға, қаталдыққа барғаны, сөз жоқ, «Темір қаһар» бейнесіне жарасып тұр. Сонымен қатар тарихтан белгілі жайттар: 1) «ақсақ қаханның» өз қандасы Баязитті күйретіп, Осман империясы ықпалында болған Таяу, Орта Шығыс мұсылман елдерін əлсіретіп, Еуропа христиандарына жем қылғаны, 2) Тоқтамыс əскеріне қайта-қайта соққы беріп, туыс түркі-мұсылман Алтын Орда империясын бас көтерместей құлдырауына ықпал жасап, соның арқасында орыс князьдіктері бас қосып, күшейіп, оңтүтігіндегі түркі елдері мен халықтарына үлкен қасірет болғаны дастандағы «Исфахан қылышындай қайран Темір, Түркіні қосамын деп терін төккен» деген жолдарға тіпті үйлеспей, боямасыз нағыз «Темір қаһардың» бейнесін ашып тұр; Үшіншіден, дегенмен ақын Абылай тұлғасын кейіптеуде белгілі хан өміріне байланысты жайттармен шектеліп қалмай, хан бейнесін сомдауда тарихи шеңберден онша көп алыстамайтын едəуір жаңа дәйек-деретер мен оқиғаларды қосу (Абылай бастаған қазақ тұтқындарының Қатынсудан өтуі, Қалдан ордасындағы кенеттен соққан боран жəне Райдың жаурыншылдық қасиеті), бұрынан белгілі жайттарға жаңаша реңк беру (Көптеген фольклорлық үлгілердегі Төле бидің Сабалақққа қамқорлығы суреттелетін эпизодтар, керісінше Төле бидің секемшілдігі жеңіп, жігітті үйінен қашуға мəжбүр етуі) сияқты батыл қадамдарға барған; Төртіншіден, бұл үш дастандағы Абылай хан бейнесі ұлы хан өмірінің тарихи əр кезеңдерін суреттейді. Бұл тұрғыдан сөзсіз «Шалқұйрық-дастанның» тарихи кезеңі бұрынырақ – дастан Абылайдың жас балаң жігіттік «Сабалақ» атанып жүрген кезін баяндайды. «Қанай-дастанда» Қанай сынды дана қарттың Абылайды көп ішінен көре білген, ерекше қасиеттерін тани білген, ақ киізге көтеріп хан көтеріскен заманын суреттейді. Бұл шығарма Абылай хан тұлғасының тарихи бейнелуінің мезгілі жағынан екі дастан арасынан орын алады. «Жəпек батыр» дастанының уақыт диапазоны əлдеқайда кең – ханның жас жігіт (Сабалақ) шағынан Абылай ханның дəуірлеп тұрған шағындағы соңғы бір айқастағы көрінісі суреттеледі. Бұл дастан соңғы кезде жазылған, сондықтан тарихи кезең жағынан «Шалқұйрық-дастанның» тарихи кезеңін толық қамтып тұр; Бесіншіден, бұл үш дастанды бұлай орналастыру Төлеген Қажыбайдың Абылай туралы дастандарындағы Абылай хан тұлғалық бейнесінің эволюциялық даму процесін анығырақ көрсетуді жеңілдетеді. Бейненің даму жолын дəстүрлі схемалық тізбекпен көрсетсек ол мынадай түрде өрнектеледі: Сабалақтың Дəулетбай үйіндегі қызметі – Шарышты жеңуі («Шалқұйрық-дастан») – Абылайдың көп ішінен танылып-таңдалып, ақ киізге көтеріліп хан сайлануы («Қанай-дастан») – Сабалақ Төле би есігінде – Сабалақ Арқада Абылай атанып хан көтерілуі – хан көп күйшінің жүйрігі – тұтқын Абылайдың аударылған қайықтан аман шығып – жау ордасына өзі келген мəрттігі – Абылайдың босағаға отырмай, тектілігін танытуы – Шарыш өліміне айыпты еместігін мойындатуы – Қалдан ордасында боран соғып, мал қырылғанда Абылай жаурыншысының қалмақ елін аман сақтап қалуға септігі – Абылайдың Кəбін бастаған қалың қолын жеңердегі қолбасшылық шеберлігі – Абылай ханның Жəпек батырмен достығының шынайылығы («Жəпек батыр») дер едім.
Жалпы алғанда әкемнің әр туындысы қазақ халқының тарихымен тікелей байланысты.
Жазушының поэзиядан басқа үлкен шеберлігін танытар салалары – сөз жоқ, прозасы мен драматургиясы. Әдебиеттің осынау жанрларында да тарихи тақырыптарды көп қаузалаған. Дегенмен, бұл шығармалардың бәріне кеңінен тоқталу, жілігін шағып, майын тамыза талдау шағын сұхбатымыздың көлеміне сыймас. Осының бәрі қыруар уақыт пен қомақты парасат пайымды қажет етеді. Бәлкім, болашақта өрбейтін сұхбат-әңгімелерде бұлардың әрқайсысына жеке-дара талдау беріп өтетін боламын...Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/32528/
© e-history.kz
Ұлы даланың батыр аналары І
Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек.
«Қазақстан тарихы» интернет-жобасы тарихта ізі қалған, елдің тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыз туралы «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» оқырман назарына ұсынып келеді. Осы жолғы санымызда қазақ тарихындағы батыр аналарымыз туралы деректер ұсынбақпыз. 
Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар,  Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек.
Қазақ хандығы тарихында мемлекеттік деңгейде мұрағаттық құжаттарға түскен тарихи тұлғалар қатарында қазақ қыздары көп емес. Олар туралы сөз болғанда біз Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымды, Уәли ханның жұбайы Айғаным ханымды, Кенесары ханның қарындасы даңқты Бопай сұлудың аттарын атаймыз. Қазақ ханымдарымен сол тұстағы қазақтың белді тұлғалары ғана емес, сонымен бірге Ресей, Хиуа, Бұхара және өзге де елдердің мемлекеттік қайраткерлері таныс болған. Мұның өзі қазақ қыздарының қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін көрсетеді.  Сөз жоқ, қазақ қыздарының арасында Қазақ хандығының қиын-қыстау кезеңінде қазақтың Бас ханы Әбілқайырдың жанынан табылып, қиналған шағында еріне қолдау көрсеткен, 1748 жылы 15 тамызда хан өлгеннен кейін тек қана отбасына емес, жалпы қазаққа ақылшы болып, ел тыныштығы мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, көпке үлгі болған Бопай ханымның орны ерекше.
Бопай ханым
Бопай ханым –  (шамамен 1690 - 1780 жылдар) Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан сұлу, өте ақылды, ержүрек қайраткер, аузы дуалы мәмілегер.
Бопай кіші жүздің адай руынан - батыр Табынайдың үлкен ұлы Сүйіндіктің қызы. Бопай ханымның есімі Ресей мұрағаты құжаттарында 1731 жылдан кейінгі тарихи оқиғаларда  атала бастайды. Бұл кезеңде ол Әбілқайыр хан шаңырағының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге ханның барлық саяси қадамдарын қолдаушы ретінде көзге түседі. Бопай ел анасы аталып және оның қай ұлы да осал болмаған, олардың тарихта қалуына тағы­лымды тәрбие берген. Бопайдың өнер, ғылым жанашыры болғаны туралы мәліметтер тарихи дерек­терде сақталған. Ол орыс патша­сы алғаш ұйымдастырған музейге қазақ халқының этнографиясы ту­ралы мәліметтер жинастыруға көп көмек берген. 
Саясаткер, мәмлегер, қайраткер болғанын Бопайдың 1748 ж. 5 қазанда Елизовета Петровнаға, 1731 жылы 22 қараша патшайым Анна Иоановнаға жазған хатынан көрінеді. Бұл – сол дәуірдің шындық көрінісінен сыр суыртпақтайтын нағыз тарихи дерек­хат. Бопай ханшаның патша сарайынан алған сыйлықтары туралы Әбілқайырдың жанында болған прапорщик Муравин 12 қараша 1742 ж. журналында: «1 голь, 1 пара соболей, 1 соломей­ка, 2 платка итальянских бисеру, 2 выдры, 2 бобра, мех чернобурой ценой — 100 руб, денег 50 рублев, Абулхайр хану после присяги се­ребряною оправою с бирюзою ценой 65 рублев, пара пистолетов с медною оправою, панцирь желез­ной со объявлением что он хан, то оружие служает в против непри­ятелей е.и.в. и воохранение своего здоровия употреблял» ­деп жазған. Бопайдың сұлулығы мен ақыл­дылығы ерекше болған. Ағылшын суретшісі Джонь Кэстль 1736 жылы хан ордасында болып, сол кезде Бопайдың 40­-тың ортасынан асқан шағын аса қызығушылықпен әдемі суреттеген. Бопай алғыр, сауатты болған. Ресей үкіметінің жоғарғы лауазым­ды адамдармен (40 шақты) хат алысып және жеке мөр ұстаған. 1751 жылы 8 шілдеде Бопай Орынборға келіп, 7 тамызға дейін болып, Губернатордың қабылдауына кі­реді.
Бопайдың зираты Соль­-Илецкі­ден тіке барғанда 70 шақырым­ дай оңтүстікте, Орал облысының Шыңғырлау ауданымен шекара­дағы жерде әскери полигонның ай­мағында. Қасында «Бопай сайы» деген жылға бар екен.
Қарқабат Ана
Арғын ішіндегі ең бір өсіп-өнген ата − Мейрамсопыдан тарайды. Шежіре дерегінің басым көпшілігі Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан − Қуандық, Сүйіндік, екінші әйелінен − Бегендік, Шегендік, үшінші әйелінен − Болатқожа (Қаракесек) туып еді дейді. Бұлардың әрқайсысынан өрбіген ұрпақ бір-бір іргелі руға айналған.
Мейрамсопыны Қарқабат ерекше құрметтеп, қызмет көрсеткені сондай — өмірінде Мейрамның табанынан сыз өткізбей, етіне суық су тигізбей күтіпті. Түзге отын тере шықса, қу көдені жұлып әкеліп отағасысының табан астына төсеп, түнде дәрет алатын құманды бауырына басып жылытып жатады екен. Қарқабаттың осындай ықыласын көрген сайын Мейрамсопы: «Ой, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның аса берсін! Өсіп−өнген ұрпағыңның ұранына шық!» деп бата беретін көрінеді. Аруақты атаның сол батасы қабыл болып, Қаракесектер іргелі елге айналады, кезінде 25-26 болыс ел болды, елі мен жерінің айбары сияқты нелер жақсы-жайсаңдар шықты, Қарқабат ананың есімі Қаракесек руының ұранына айналды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976).
Ақбикеш Ару
Есім ханның шолғыншы батырларының бірі. ХVII ғасырда өмір сүрген. Есім хан жасақтарының Бұхараға, Қашғарға Қалмақ жеріне жасаған жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол негізінен алыстағы жау жасақтарының орналасқан тұсын дәл болжау арқылы Қазақ жасақтарына көп көмектескен. Аңыз бойынша оның көргіштік және болжағыштық қасиеті ерекше болған екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан төңіректі шолып тұратын болған. Және сол аңыз бойынша Ақбикешті жоңғарлар қапыда қолға түсіріп, өшікеннен оның көздерін ойып алған дейді.
Бопай сұлу
Бопай сұлу. Бопай (туған-өлген жылдары белгісіз) — Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай атты 6 ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Бопай бойжеткен шағында Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Өзінің күйеуі мен оның туыстары сұлтан Сартеке, Досан Әбілқайырларды көтеріліске қосылуға тартады. Олардан келісім ала алмаған соң, 1837 ж өзінің 6 баласын ертіп, көтерілісшілерге қосылады. Бопай арнайы жасақталған 600 адамнан тұратын қолды бастап, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша қажыр-қайрат көрсеткен. Ол сын сағаттарда қол бастап, қару алып, соғысқа да қатысады, тұтқынға да түседі. Соның бәрінде де ерлік-табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған.
Кенесары ханның қырғыз жеріндегі ақтық шайқасында Бопай ағасымен бірге шабуылға қатысқан.
Бопай сұлу Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Кілемжайған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде жерленген деген деректі тарихшы Серік Әжіғали өз монографиясында келтіреді.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ырғыз бойында Бопай есімімен аталатын ауыл бар.
Айғаным Ханым
Айғаным Ханым (1783 - 1853 жылдары) Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет жайлауында өмір сүрген. Уәли ханның кіші әйелі. Солтүстік Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге ықпал еткен. Ол өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, шығыстың бірнеше тілдерін білген. Санкт-Петербургтегі Ресей сыртқы істер министрінің Азия департаментімен хат жазысып, Омбыдағы, Тобыл мен Петропвалдағы шенеуніктермен тығыз байланыс орнатқан. 
Айғаным - Абылай ханның тұң­ғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Яғни ол атақ-даңқы әлемге тараған, алты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жаратылмаған ұлы Абылайдың келіні. Шыңғыс сұлтанның анасы, ғұлама ғалым Шоқанның әжесі. Жалпақ жұрттың қо­шеметі мен құрметіне ие болған. Тегі Құдайберлі Бәйімбет, руы Атығай. Өз әкесі Сарғалдақтың арғы жағы әйгілі Мәлім Қожа. Шынтуайтына келгенде, Айғаным төре тұқымына жатпайды. Әйтсе де «қарадан шығып хан болған» демекші, дарқан табиғат сыйлаған, Жаратқан Ием маңдайына тарту еткен тағдыр-талайы ханшаны шырқау биікке көтерген. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ әйелдері арасында ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, жалпақ елді басқару тізгініне ие болған. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты ана. Ұлы Шыңғыстан бастап балаларына орыс тілінде білім алуға ықпал етіп, тәлімді тәрбие берген.
Барынша күшін салып, биліктен айырылмаған, қазақтың қызына тән өр рухты көрсеткен Айғаным ханым туралы деректерге тоқталсақ, ол 1783 жылы дүниеге келген. Анасы өзбек қызы болған. Әкесі Сарғалдақ көзі ашық адам болып, Айғанымның білім алуына жағдай жасайды. Ол араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгереді. Сол кездері орыс ақсүйектерінің сәніне айналған француз тілін де үйренеді. Шығыс тарихы мен фәлсафасын жатқа біледі. Сол білімімен ол Уәлидің әйелі ғана емес, кеңесшісі, ішкі және сыртқы мәселелерді шешудегі бас ақылшысына да айналған. 
Заманында Александр І патша Сырымбет қойнауында кешенді қыстау, мекенжай салуға бұйрық шығарған. Осы құрылыстардың жұмысына бес мың сом ақша бөліп, оған қоса үкімет тарапынан 400 сом зей­нетақы белгілепті. Айғаным ханымның осы қонысты салдыртуы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласынан білім алып, көшпенді салттан отырықшылыққа біржола бетбұруы еді. Орыс шеберлерін шақыртып, қарағайдан он бөлмелі үй, ауласына мешіт, медресе, тұрмыстық сарай салдыртады. Салған медресесінде ханым аймақтағы бай-кедейіне қарамастан талапты балаларды жинап, діни пәндермен қатар орыс тілі, дүниетану, өнер пәндерін оқытады. Оқытуға атақты Құлмұхаммед молданы алдырған. Қоныстың маңайында Айғаным ханым мен Уәлидің мәңгілік мекені бар. Олардың басына құлпытас та орнатылған. Тарихи қоныста сәнімен салтанат құрған Айғаным ханым қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізе алған, еуропаша білім алған, бірнеше тіл меңгерген, саяси-қоғам қайраткері ретінде із қалдырды.
Гауһар батыр
Гауһар батыр - Шығыс Қазақстан, Үржар жерінде туған, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жары, шамамен 1700-1756 жылдары өмір сүрген, орта жүздің батыры әрі биі болған Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлігімен ел есінде қалған әйелдердің бірі. Қабанбай мен Гаухардың тұңғыштары Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.
1724 жылы жоңғарлардың әскерлері Түркістан қаласын тұтқиылдап тоқтаусыз шабуыл жасай бастайды. Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 ж. әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе «Гауһар батыр» атанады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.
Сапура (Көктемір) батыр
Сапура Мәтенқызы шамамен 1753-1776 жылдар аралығында өмір сүрген. Зерттеуші қаламгер Әнес Сарай 1997 жылы ақпан айында «Қазақстан әйелдері» журналында жарық көрген мақаласында, Сапура 1753 жылы қазіргі Ақтөбе облысының жері – Қобда бойында туды деген деректі алға тартады. Ақтөбе облысы Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында дүниеге келген. Сапура шамамен он алты-он жеті жасында сол елдегі орташа ауқатты адамға тұрмысқа шығады.

22 жасар жас келіншек Сапура бірінші күйеуін қашқын қалмақтар өлтіріп кетіп, әмеңгерлікпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ол Досалы сұлтанның ауылымен қоңсы екі мың кісімен Қобда бойында көшіп-қонып жүреді. Ресей патшалығында шаруалар күресін басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, далада жүретін бір құпия тұлға – «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Алайда, орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. «Көрінбейтін Көктемір батыр» туралы алып-қашпа әңгімелер тараған.


Белгілі тарихшы Исламғали Бітіктің "Сапура Мәтенқызын білеміз бе" атты мақаласында Сапураның өмір сүрген кезеңі Пугачев көтерілісі кезеңі екені айтылады. 
"Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қазақ халқының, әсіресе Кіші жүз аумағының Емельян Пугачев көтерілісінен кейінгі қанқұйлы жазалаулардың зардабын тартып, ел еңсесі түскен шағы екен. Сапар заты әйел болғанымен, көңіл көкжиегі кең, алысты болжайтын ақылмандығын осы тұста байқатады. Ол тарыққан, әрі қамыққан халқына пана болуды ойлайды.
1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған табын, тама руларының халқы атқа мініп, ереуілге шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Атап өтерлігі, сол ереуілдің дем берушісі де, қозғаушысы да Сапура Мәтенқызы болады. Күйеуі, жігерлі жас жігіт Жанбалта оның жанынан табылады.
Сапураның ат үстіндегі ерекше қозғалысы, күрес тактикасы мен ұстанған бағыт-бағдары оған деген ел сенімін арттырады.
Тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқы Емельян Пугачевтің іс-қимылына үлкен үміт артады. Өйткені, ол алғы күндерге мейлінше жақсылықтардың болатындығына сендірді. Елге жеке дербес мемлекеттік, теңдік пен бостандық берілмек. Оны былай қойғанда, Жайық, Орынбор казак-орыстары Қазақ хандығының қарамағында болмақ. Дегенмен, Кіші жүз ханы Нұралы бұған соншалықты сене қойған жоқ.
Соған қарамастан Пугачевтің идеясын қолдап, ашық та, жасырын да күреске шыққандар аз болған жоқ. Алайда көтеріліс басшысының қаза табуы өрекпіген көңілдерге тоқтау салғандай еді.
Ержүрек Сапура Мәтенқызын ғана ештеңе тоқтата алмады. Ол Пугачев атын ұрандатып, оның тасаға бет алған бұрынғы серіктерін, Жайық бойы казак-орыстарын, арғы беттегі қалмақтар мен терістіктегі башқұрттарды, тіпті мордва, чуваш, череміштерді басын біріктіріп, атқа мінгізуді ойлады" дейді И. Бітік. 
Орыс дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында армандай бостандық жолы бізге жақындай түсті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы
2. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы. Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғалар. Студенттік топтар кураторларына көмек ретінде. 3-кітап / ҚР ҰҒА академигі А.М.Ғазалиевтің редакциясымен. – 2-ші басылым, өңдел. және толық. - Қарағанды: Қараганды мемлекеттік техникалық университеті баспасы, 2011. – 120 б.
3. "Егемен Қазақстан" газеті Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы
4. Қазақша Уикипедия деректер базасы. 
5. https://e-history.kz/kz/news/show/984/
6. https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/kazak_handyigyi_-_550_jyil/aytumar/41159/
7. https://mangystaumedia.kz/kk/zhanalyktar/41931
8. http://kazgazeta.kz/news/55254

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/32523/


© e-history.kz

«Әкемнің ең сүйікті кейіпкері Кенесары Қасымұлы...»


Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.
- Құрметті Айеке, әкеңіз көрнекті ақын ғана емес, тарихи жадысы бай шежірелі қаламгер еді ғой. Осы орайда Төлеген Қажыбайдың ақындық болмысына сәл аялдап өтсеңіз. Сондай-ақ, ол кісі қандай тарихи тақырыптарға қалам тартты? Мінеки, әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ деймін?
- Поэзия, проза, тарих, драматургия деп аталатын айтулы өнерлердің ғасырлар бойы шұбала жылжыған көш-керуені бойында қадау-қадау қалған бүгінгі алыптарының ақтық өкілі, «Могиканның соңғы тұяғы» – қайран әкешімнің көз жұмғанына тура бес айдың жүзі болды. Өлеңді өмірім, прозаны тағдырым, драматургияны бақытым деп түсінген ақынның аласұрған сезімтал жүрегі мәңгілікке тыныс тапты. Біз бүгінгі тірілер сол үшін де аза тұтамыз, сол үшін де қара жамылып қайғырамыз.
Темір өзек пенде жоқтығын сезсек те Төлеген ақынның ноқталы басын өлімге, қасиетті рух билеген текті тәнін қара жер құрсағына қиғым келмейді. Бірақ тағдыр тезі, өлім құзыры осынау азалы да қаралы шаққа шөкелете шөктіріп әкеліп, еріксіз мойындатып тұр.
Әлқисса, Төлеген Қажыбайдың өлмес ғасыры, рухани өмірі басталды... Ол – оның қаламынан қалған қасиетті әдебиетіміздің тарихы мен тағдырын толғаған құнарлы туындыларының ендігі жерде ұзақ жылдар қалың елімен, қалың қазақ оқырманымен бірге жасай беретіндігі. Ол оның өлең, жыр-дастандарында, прозалық, драмалық, тарихи публицистикалық бай бағылан әдеби мұраларында, сандаған тәржіманың шаңын сіліккен саңлақ жүйріктігінде, сіздер мен біздердің көңіл төрінде тұрақталып қалған жарқын бейне, жасампаз рухында.
Сонда ғой деймін, бозбала ақын – Төлегеннің, талантты журналис – Төлегеннің, сарабдал да сергек сыншы – Төлегеннің, білік-парасаты мол қаламгер – Төлеген Қажыбайдың жанашырлығы мен қамқорлығы ақтарылған заңғар тұлғаның – Төлеген Қажыбайдың бүкіл жан-дүниесі, аңқылдаған болмысы бір тылсым құдіреттің арқасында «Мен өлмеймін! Мен жасаймын Санада...» Көкшеден ұшқан көк қаршыға Төлеген Қажыбайдың іңкәр жүрегінен алуан-алуан өріс алып, өзіне және өзгелерге шуақ шашып, тіршілік дарытқан артериясына, соның әрі ғаламат, әрі өксігі мол дүрсіліне айналып кеткеніне куә болғанымыз ғана орны толмас өкініш екен...
Қайтейін, күрсініп, күңіреніп зар илесек те, бүкiл шерi мен шеменiн ақтарып, еңкiлдеп жыласақ та, естiген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отырсақ та Алла-Тағала пендесiнiң шүкiршiлiк етуiн қалайды. Олай болса, шүкiр, ғұмыр бойы сенiң қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздерiңнiң бәрiн бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да, асыл жарың, анамыз Ярапия, ұл-қыздарың, немерелерiң, аға, iнi, қарындастарың, ағайын-туған, жегжат-жұрағатың қалды. Шүкiр!
Әдебиеттен ойып тұрып алған ерек, ала бөтен орның қалды. Шүкiр!
Жабыққанда жан-жүрегiнiң лебiмен дем берген достарың қалды. Шүкiр!
Дей тұрғанмен, «Сен – көктесің, мен – жердемін». Екеуміздің де жерде жүргеніміз күні кеше ғана еді ғой. Жалған дүние-ай! Сенің бұл беймаза тіршілікпен мәңгі қош айтысып кеткеніңе тура жүз елу күн өтсе де, Әке, сен мен үшін әлбетте тірісің. Затыңа атың сай, мінезің де кең, заманың да кең еді. Поэзия әлеміндегі өз салмағыңды терең түсінгендіктен, өлең оқығанда арқаң қозып, бәйгенің алдын бермейтін асау тұлпардай тықыршып, бір орында тұра алмай, дауысың жаңғырып, дүниенің бәрін ұмытып, кейде дана, кейде бала сияқты мінез көрсетуші ең. Соның бәрі санадан сыпырылып ұмыт бола бастапты-ау. Өйткені, «Сен – періште, мен – пендемін». Себебі, біз сияқты екі аяқты саналы тіршілік иелерінің алдында пендешілік атты тосқауыл тұр.
Осынау шағын да шымыр, шалқар да ширақ, шаңқан да шабытты, шемен де шерлі, шуақты да шырынды, ұлардың шырылындай сирек те таза, ширыққан да шыншыл ақын сөзіне қалайша сүйсінбейсің!
Дүниені айтқанына көндіріп, ығына бейімдеп, тіпті тіршіліктен түңілтіп жіберуге «Замана» атты ұлы күштің қауқары жетеді. Соның кесірінен қысыр қалған биедей тылсым түнекте тыпыршитын адам өмірінің өлшеулі екенін ұғып, көрсоқыр қараңғылықтың құрсауынан құтылуға сан рет оқталанғанымен, өзінің алдында тұрған пендешілік атты тосқауылға төтеп бере алмаса керек. Оны азаматтық борышымыздан да биік санап, жамауы мен көктеуінің жібін түзеп кеткеніміз соншама, перзенттік парыз бен пендешілік тірліктің арасын адам ажаратқысыз етіп жібермедік пе?!
Өмірдің ағысы қайда бұрса, сонымен ілесіп кете беретін біз құрдымға құйсақ та, алды мен артын болжамай, тек бір күнгі жылылыққа жұмсарып, бір күнгі суыққа төтеп бере алмай тісін қайрайтын ит тірлігіміздің кебінін кеудемізден жұлып тастауға амалымыздың да, айламыздың да қолынан түк келмейтінін сезіп, қайта сонымызға да үлкен мән беріп, көңіл жұбатамыз. Біз, Адам – пенде – кешегі Абыл мен Қабылдың кемелденген ұрпақтары әмсе момын жердің үстінде жүріп, маңдайымызға біткен бес елі сорымызды жоқтығымыздан емес, көптігімізден көреміз.
Алайда, дүние жаратылғаннан бері сол екі аяқты тобырдың хайуанға айналып кетуден сақтап қалып отырған бір ұлы Құдірет бар. Ол ұлы құдірет иесінің аты – Сезім. Ньютон мен Галилейді ұлы системалар құруға итермелеген де, Торвальдсенге періштенің суретін салғызған да, Пушкин мен Абайға ұлы өлеңдер жазғызған да сол – ұлы сезім рухы болса керек.
Әдетте, адам баласы дүниедегі бүкіл бітім-болмысытың иесі секілді өмірдің ащысы мен тұщысын бірден емес, бірте-бірте ұғынатыны рас. Дей тұрғанмен, Ақын адам баласының жан дүниесінің шексіз галактикасындағы жатқан құбылыстың бәрін іштей сезіп туатын сыңайлы.
Орыстың белгілі ақыны Андрей Вознесенский бір сөзінде: «Адамның жетпіс проценті өтіріктен, отыз проценті судан, тек бір-ақ проценті Микеланджелодан тұрады» деген екен. Бір процент... Ойлап қарасаңыз, жүз проценттің ішіндегі бір проценттің атқаратын рөлі өте төмен. Алайда кешегі тас үңгірдегі Адам – ата мен Һауа – ананың ұрпақтарын бүгінгі кемелденген ұлы ғасырға аман-есен жеткізген де, дүниедегі не бір ғаламатты ойлап тапқан да сол бір процент екенін мойындауымыз керек. Біздіңше, халқының қамын ойлап тер төккен ақынды сол бір процент иелерінің қатарына батыл қосуға болады.
Төлеген туындысында көркем поэзияға қажет компоненттердің баршасы бар. Жіліктеп, қайта мазмұндап жатудың өзі ерсі. Ақын көзінің, ақын сезімінің, ақын ойының, ақын суретінің осындай әрі қарапайым, әрі тосын, әрі шағын, әрі шынайы, әрі шыншыл, әрі қанағатшыл болмысына шын қайран қаласың, шын тәнті боласың.
Жасандылық атаулының жаяу борасынынан шаршаған, сансыраған оқырман қауымның арагідік болса да, әсіресе, әлі де болса ауылда қалған осындай табиғилықпен, қоспасыздықпен, өміршең әрі нақты суретпен, ұтқыр да дәл метафоралармен, теңеулермен ұшырасқанда, ақын Төлегенмен осылай табысып, осылай қауышқан сәтте поэзияның көзге көрінбейтін осындай тылсым жұмбақтарының әсері мол екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Бұл – ақынның бүкіл бітім-болмысы. Қорғасындай құйылып қалған жыр жолдарынан бір мін таба алмайсыз.
Сезім мен Сөз. Иә, шындығында, бұл дүниеге деген үлкен махаббат та ұлы Сезім арқылы келетіндігі рас. Соны терең түсінген ақынның нәзік сезімге толы маржандай өлең жолдарын тебіренбей оқуыңыз мүмкін емес.
Пендешілік тоғышарлық пен кеңсешіл тоғышарлықтың, әдебиет пен өнердегі әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптық орындалуы жөніндегі жөпелдемелеткен-шоқырақтаған ақпарлардың өте-мөте бел алып, көркем өнерге тән шынайы да биік өлшемдер әлсіреп тұрған шақта; тізгін ұстаған тізелілер мен мансап ұстаған майбасар манапсымақтардың, жымысқылығы мен жырындылықтарны әлеуметтік тапсырыстың жарапазанымен жібектей желбіреткен жембасарлардың, ресми атақтар мен ресми дәріптеулерге жаппай кезекке тұрғандардың тұсында; «сен – маған, мен – саған» дейтін сыбаға асататын беделдостардың тұсында, беделтабақтастардың не өзара жомарт, не өзара сараң бөлісулерінің тұсында; сонымен не керек, суы көп, өлең-очерктердің, репортаж-поэмалардың, суреттеме-әңгімелердің, арнау өлеңдердің, ропорт очерктердің, жалған панегириктердің дүрілдеп тұрған кезінде; көркем сынның көтерем болуына, салбөксе сырқат болуына мылқау ымырашылдықпен саналы түрде жол берілген тұста руханиятқа келу санаулылардың – таланттылардың сорына көрінетіні қаншалықты рас болса, желбуаз шығармалар мен желөкпе-желікпе жырларды қауқарсыз қайта басылым ретінде тоғытушылардың саудасы жүргені де соншалықты шын болғаны қазір ешкімге құпия емес.
Бұл ретте, талантпын деп, әлі танылмадым деп таңды-таңға ұратын, таусылмайтын жылаңқы әләуләйімен өзін де әрі өзгелерді де әрқашан мезі ететін және тіпті кейде еріксіз таскерең болуға мәжбүр ететін әр алуан деңгейдегі ақынсымақтар мен журналистсымақтар ортамызда жетіп артылады.
Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да асыл әкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей мақтанамын!
Талантпын деп, әуелден танылдым деп таңды-таңға ұратын, алайда атақ-мансап атаулыны тергіштеп жинаудан, тізбелеп түгендеуден әсте жалықпайтын және бұл аз десеңіз жартымсыз жарыстар мен жамыраған мүшәйралардан жартыкеш жүлделерін жырымдап алудың жырындылары да ортамызда жетіп артылады.
Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да абыз көкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей сүйсінемін!
Суреткерлік өзімшілдік пен суреткерлік астамшылықтың жоғарыдағы вирустық дерттері қаншама жұқпалы, қаншама қатерлі болғанымен, алайда соған мейлінше төтеп беретін, дарын-талантымен уызынан жарыған санаулы суреткерлердің қайсар да күрескер иммунитетінің өзі-ақ әдебиеттің, тәрбиенің, көркем ортаның, эстетикалық атмосфераның шынайы тазалығын, айқын жолы мен биік нысанасын, адамзаттық озық мұраттарын кіршіксіз сақтауға, әдебиет атты жанды да тірі организмнің ми мен қан айналысындағы сезім болмыстарын, парасат бітімдерін табиғи өміршең қалпында сақтауға шексіз мүмкіндіктер береді. Міне, осындай санаулы суреткерлердің сирек қатарында әкемнің тегеурінді ізі мен турашыл мінезі, руханият көшін бастаған сара даңғыл жолы қаланғандығы даусыз шындық, талассыз ақиқат...
Нағыз ақындар провинцияда – ауылда туып, орталықта – астанада өмірден өтеді дейтін әрі бір орайда өміршеңдігі дүдәмал осынау тәмсіл бұл арада ақын Төлеген Қажыбай үшін кәдеге жүрмейді, дәйек-дәлел бола алмайды. Бұл орайда, бар ғұмырын Көкшетауға арнап, өз талшығын тауып келген, сонысын қанағат етіп, сонысына сүйсінген ақын Төлеген шығармашылығы үшін бұл тек қызыл сөзбен қиқулатуға ғана жарайтын, желкемденген қаңбақ нақыл ғана болып қала берді. Иә, «Көкшетауда ТӨЛЕГЕН бар», – деген сөз ақиқатқа айналды. Осы орайда, әлеуметтік-қоғамдық үстемдіктердің әр алуан жүйесі бойынша ет пен сүйекке сіңіп кеткен небір кіріптарлықтар шорынан, құлақкесті мәңгүрттік, дүбәралық психологияның небір инфекциялары мен вирустарынан арыла отырып, бар дауыспен жалпақ жұртқа: «Ағайындар, Көкшетауда ТӨЛЕГЕН бар», оның РУХЫ сірі, тек зәм-зәм суы құйылған құтыдай, өртенген жаныңның бір дертіне дәру боп дарып жатқан қаламгердің сөз құдіретін мансұқ етпесек болғаны...
Жылт еткен талант көзі ашылу үшін де, әрі оның жетіліп, ірі тұлғаға айналуы үшін де қоғамдық-әлеуметтік ортаның тигізер әсері орасан. Орасан ғана емес, тіптен бірден-бір шарты десек те болады. Кез келген қайраткерді өсіретін де, өшіретін де – сол. Бүкіл кемшілігін, ел тіршілігіне тигізген кесапатын тергіштеп, қанша даттап, ғайбаттағанымызбен, кешегі кеңестік дәуірдегі ғылым мен мәдениетке, өнер мен әдебиетке айрықша жасалған қамқорлықты жоққа шығару қиянатпен тең. Қатаң идеологиялық бақылау үстемдік еткені де, ал дарабоз таланттар оны айналып өтудің жолын табуға тырысқаны да рас. Амалсыздың күнінен жасалатын бұл әрекет – шеберлікке жетелейтін жол болғаны да шындық. Соның өзінде, дәл осы кезең қазақ мәдениетінің де, әдебиетінің де күрт дамыған «алтын дәуірі» болды.
Осындай қарама-қайшылығы мол заманда қазақтың әдеби көркем ойының небір айтулы ірі тұлғалары өсіп-жетілді. Біреулер таза шығармашылық жолда еңбек етіп, қазақ көркем ойын жалаулатып көтерсе, енді бірі шығармашылық еңбегін қайраткерлікпен ұштастырып, «дертпен тең сөз өнерінің» даму мүмкіндігін жасап беруге күш-жігерін қоса жұмсады.
-Әкеңіздің әлем, қалаберді қазақ тарихының әйгілі тұлғалары мен өнер адамдары, қазіргі қоғамның құбылыстары мен бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да елге белгілі ғой. Осы орайда қайраткерлік қырына да тоқтала кетсек?
-Төлеген Қажыбай туралы сөз айтуға талпынсақ – оның қайраткерлік қызметінің кең ауқымдылығы мен тұтас тұлғасының жан-жақты, көп салалығымен бетпе-бет келетініміз хақ. Біразын айтып көрсек, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ақын-жазушы, аудармашы, драматург, журналист, көсемсөзші, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің майталман маманы... Міне, осы айтылған анықтамалардың әрқайсысын бір-бір зерттеу мақалаға немесе тар қауызға сыймаған таланттың өнегелі жолы, өрісті шығармашылығын кең қамтыған арнайы диссертациялық еңбекке арнаса да болар еді. Яғни, қазақ руханиятының кесек бітімінің бірі Төлеген Қажыбай еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеулер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық.
«Мен тіршілігі өзінің туындыларымен сәйкес келмейтін, үндес шықпайтын жандарды жек көремін» – дейтін Роберт Шуманның мейлінше қарапайым пікір-толғанысының терең мәні бар. Өйткені, әдебиет пен өнерде, білім мен ғылымда мұның бірталай шындығы аңғарылады. Әсіресе, бәз-баяғы «шала Шекспирлер мен толмаған Толстойлардың» (М.Әуезов) күнделікті өмірдегі фарисейлік іс-әрекеттері осының айғағы. Неміс халқының ұлы композиторы Шуман пікірінің кереғар полюстегі сипатын, біздімше, сөз жоқ Төлеген Қажыбай өмірі мен қызметі мейлінше әдемі, мейлінше шынайы, мейлінше шыншыл дәлелдейді. Өйткені, заңғар тұлғаның бүкіл тіршілігі, мағыналы ғұмыры өзінің барша еңбектерінде керемет бүртұтастықта, ғажайып үндестікте, теңдесі жоқ дара күйінде көрініс тапқан. Бұған Төкеңнің шығармашылық жолын, көркемдік танымын, эстетикалық-этикалық көзқарастарын және әсіресе ыждаһатты қаламгерлік ізденімпаздық қырларын айтсақ та жеткілікті. Соңғысы, әрине, құнары мол арнайы зерттеудің сүбелі сыбағасы болса керек.

Бұл ретте, шекпен-шапан жоралғысынан дәметкен аузы уәлі беделділердің де кей-кейде қармаққа түсіп қалатыны ешқандай тосын жаңалық емес. Себебі, кешегі тоқырау кезеңінде асқынғандығы сонша аспандап кетіп, жерге түсе алмай кеткен талай алғысөз, талай сәт сапар, жалпылдақ рецензиялар тәрізді баталардың «девальвацияға» ұшырағаны жасырын сыр емес. Мұндайда осындай батагөйлердің «таңертең туып, кешке өлетін өлең» (А.Тоқмағамбетов) жазатын рифмоплёт ақындардың, немесе: «көлемі көш-құлаш болғанымен тобық жасырар тереңі жоқ жайдақ су» (З.Қабдолов) проза жазғыш графомандардың қатарына қосылып кеткеніне кейде еріксіз қынжыласың. Мұны сезінбеуден асқан бишаралық, мұны уәлікке балаудан асқан тасырлық-күпірлік, сірә, жоқ шығар. Дегенмен, мұның бәрі енді бір ретте, шынайы талант, Төлеген Қажыбай сияқты нағыз суреткер жайында айтылған тұста әрқашан шырқау биіктік, асқақ пафос, ғаламат патетика болып шығатыны заңды әрі дәтке қуат.


Сөйте тұра шынайы талант, ғажайып тұлға Төлеген Қажыбай тұлғасы несімен ерекше? Мейлінше нақтылай түскенге, мейлінше тобықтай түйіп жеткізуге ұмтылғанға не тең келсін? Осы орайда, қайткен күнде де сұхбатымыздың лейтмотивіне, мазмұнына, міндетіне сәйкес құлақ күйін кілтін таптық дейік. Ал соның өзі бәрібір көзі ашық, көкірегі ояу, қиялы қанатты, сезімі сергек, мұраты асқақ қалың оқырманның оябынан табыла қояр ма екен?! Сонымен тәуекел түбі – желқайық дегендей Төлеген Қажыбайдың бүкіл болмысын анық әрі тұтастай жұп-жұмыр қалпында, образды түрде өзімізше жеткізуге, соны өзімізше дәлелдеп шығуға тырысып көргенге, сәті түсіп жатса, оқырман ойынан көрініп, жеңіс ұпайын алғанға не жетсін?
(жалғасы бар...)

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/32518/


© e-history.kz

Тарихи хроника


Бөкей Ордасының құрылуы (1801 ж.)
XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жылы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әскери бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді.
Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ниет етті.
Жаңа хандықты орыс жерлері мен бекіністі шептер жан-жағынан қоршап тұрды. Жайық бойында – әскери шептің казактар форпосттары, солтүстігінде – Жаңа өзен шебінің форпосттары, батысында – тұз жолдарының бекеттері мен Астрахан казак әскерлерінің тосқауыл отрядтары, қалмақтар жайлаулары, оңтүстігінде – Каспий теңізінің жағалауларындағы орыс қоныстары орналасты. Хандық шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерлерді қамтыды. Жайықтың батыс жағалауына көшіп барған қазақтардың кері қайтуларына рұқсат етілмеді.
1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті.
1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі.
Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақсатымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйектерінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді.
1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтік-экономикалық бағытта Ішкі Ордада феодалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қанаушылығына ұшырады.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы
бастаған шаруалар көтерілісі (1836–1838 жж.)
Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор.
Ішкі Ордада көтерілістің алғашқы толқыны 1827–1829 жылдары болып өтті. Қазақ ауылдары Оралдың арғы жағына қайта орала бастады. Өткір жер дауы, салықтық езгі, әлеуметтік қысым, отаршылдық қанау 1836 жылы көтеріліске әкелді. Көтерілісті белгілі батыр Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы басқарды.
1836 жылдың ақпанында Ішкі Орда қазақтарының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Оған сылтау болған Исатайдың хан ордасына шақырылуы еді. Ол барудан бас тартты және өзінің ауылдарын қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.
Хан мен оның айналасындағылар жала жабуға көшті. Барымта кезінде біреулер бақташы шалды өлтірген болатын. Қарауылқожа жүргізген тергеу ісі Исатайдың және оның жақтастарының өлімге қатыстылығын дәлелдеуге тырысады. 1836–1837 жылдары Жәңгірге қарсы арыз-шағымдар жазуды Исатай халық алдында хан мен оның айналасындағылардың саясатын әшкерелеу үшін пайдаланды. Исатай халық көп жиналған кезде Ордаға арыз тапсырады, бұл арызды хан 12 күннің ішінде қарастыруға уәде береді, бірақ ештеңе де өзгермейді. Хан уәдесінен таяды. 1837 жылдың басында көтерілісшілердің қимылы өрши түсті. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан өзінің айналасындағылардың Балқы би мен Қарауылқожаны шеттетуді, билікті ру старшындарының қолына беруді, сондай-ақ көтерілісшілерге қарсы басталған барлық істерді тоқтатуды немесе оларды билер сотының құзырына беруді талап етті. Жәңгір хан қатты састы. И. Тайманұлы әкімшілікті ханмен арадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге болатындығына көздерін жеткізуге тырысты. Бұл кезде Орынбор әкімшілігі мен хан асығыс түрде казак әскерін, хан жасақтарын жасақтай бастады. 15 қарашада таң алдында Тастөбе елді мекенінде көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында кескілескен соғыс болды. Шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, орасан көп малдары қырылды, ондаған адам қаза тапты. Бірақ аздаған қосынмен Жайықтың сол жағасына өтіп Исатай мен Махамбет құтылып кетеді.
Енді көтеріліс Жайықтың сол жағасында жалғасады. 1838 жылғы 12 шілдеде Кіші жүз жеріндегі Қиыл өзенінің бойында көтерілісшілердің жазалаушылармен кезекті шайқасы өтіп, осы ұрыста Исатай мерт болады.
Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді.
Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды.

Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс (1837–1847 жж.)


Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты.
Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортаазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізуге шешім қабылдайды. Қарулы көтерілістің алдында Қасым мен Кенесары тарапынан Орта жүз жерлеріндегі бекіністер жүйесін алып тастауды талап етіп, Сібір басшыларының атына хаттар жазылған еді, бірақ олар жауапсыз қалды.
1837жылдың көктемінде Кенесары азғана жасағымен Ақмола округінің шекарасына келіп жетті. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастады. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Көтерілістің алғашқы сатысында өздерінің мүдделерін көздеген, Кенесарыдан қорыққан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билердің бір бөлігі де қосылды.
Кенесары 1837 жылы жазда Чириковтың жазалаушы отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумақтарын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елшілік жібереді, қазақ жеріндегі бекініс пункттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, бұдан кейін Кенесары Ресейге қарсы белсенді қимылдарын қайта жалғастырады.
1838 жылдың жазында көтерілісшілер әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталады, барлық құрылыстар өртеліп жіберіледі. Бұдан кейін күз бойы қазақтар партизан күресін жалғастырады, Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап және байланыс тораптарын үзіп приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесарының ауылдары Жоламан батыр бастаған Кіші жүздің жасақтарымен бірігу мақсатында Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына өте бастайды.
1838 жылдың соңынан бастап Торғай мен Ырғыз аудандары қазақ жасақтарының негізгі базасына айналады, ал Кенесарының әскері Орта және Кіші жүздердің көптеген руларын біріктіреді. Орынбор әкімшілігі, жазалаушы экспедицияның еш нәтижесіздігін көргеннен кейін қазақтармен бітім жасасады. Патша үкіметі тарапынан 1840 жылы Кенесарыға кешірім жасалады, оның туыстары тұтқыннан босатылып, орыс әскерлерінің жазалау жорықтары тоқтатылады, хан мен орыс әкімшілігінің арасында келіссөздер жүргізіледі.
1841 жылы қазақ мемлекеттігінің қайта жаңғыруына байланысты азаттық күрестің жаңа сатысы басталады. Ұлытаудағы қазақ рулары өкілдерінің кеңесі 1841 жылы жазда Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары хан орталық үкіметті нығайтуға және күресті жалғастыру үшін мықты тылды құруға бағытталған бірқатар әкімшілік пен сот реформаларын жүргізді. Хан маңында оның жақтастары кірген кеңесші орган – Хан кеңесі құрылады. Салық жинауға, әскери дайындыққа, мәмілегерлік істерге жауап беретін қызметтер ұйымдастырылады.
Ханның ерекше көмекшілері – жасауылдар ел билеуде ханның сенімді адамдары болды және хан бұйрықтарының орындалуын қадағалап отырды. Сот ісімен тек Кенесарыдан рұқсат қағазы бар билер ғана айналысты. Барлық көшпелі елге «зекет», егіншілерге «ұшыр» салығы салынды. Кенесарыға бағынған қазақ рулары орыс және қоқан қазынасына төленетін салықтан босатылды. Хан өз әскерін қайта құрды. Оның өз артиллериясы болды, қазақтар жаяу әскер өнерін де игере бастады. Тұтқынға түскен және қашқын солдаттар мен офицерлерден Кенесары орыс тактикасының негіздерін үйренді. Ол әскердің ерекшелік белгілерін және көзге түскен жауынгерлерді марапаттау жүйесін енгізді. Көтерілістің күшейген тұсында хан тәртіпті, жақсы үйретілген, жинақы 20 мыңға дейін жететін атты әскер құрады.
Даладағы әскери қимылдар 1843 жылы қайта жанданды. Полковник Бизановтың басшылығымен 5000 адамнан тұратын отряд Сахарная бекінісінен, басқа отрядтар Омбыдан, Қызылжардан (Петропавловск) және Қарқаралыдан шықты. Тобыл өзені жағынан патша үкіметіне берілген сұлтан Ахмет Жантөриннің қазақ жасағы да шықты. Кенесары шайқастарда Бизановтың отрядын әбден титықтатып барып, 1843 жылдың қыркүйегінде оны Орскіге шегінуге мәжбүр етті.
1845 жылы күзде орыс әскерлері және патша үкіметіне берілген аға сұлтандардың жасақтары Кенесарының ауылдарына жаңа шабуылдарын бастады. Оңтүстікке шегіне отырып хан орыс әскерлерімен күресін тоқтатпады, алайда негізгі күш Қоқанмен соғысқа жұмылдырылды. Батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен қосылып Кенесары Қоқан билігіндегі қазақ руларын азат ете бастады. 1846 жылы қыста Кенесары жасақтары Іле өзеніндегі және Алатау баурайындағы Ұлы жүздің қоныстарына келіп жетеді. Кенесары қырғыз манаптарын Ресей мен Қоқанға қарсы бірлесіп күресуге шақырады. Алайда Ормон манап бастаған қырғыздар оның ұсынысынан бас тартады да, Кенесарының билігіндегі ауылдарға шабуыл жасай бастайды. Үш майданда – қоқан әскерлеріне, қырғыздарға және орыс отрядтарына қарсы ауыр соғыс басталады.
1847 жылы Кенесары жасақтары қырғыз шекарасына жақындады. Мұнда олар орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті жерді білмеу, қырғыздармен арадағы жаугершілік, қырғыз, қоқан және орыс отрядтарының біріккен әрекеттері жеңіліске себеп болды. Кенесарының соңғы шайқасы Пішпекке таяу жердегі Кекілі тауында өтті. Тау ішінде қазақтарды қоқан және қырғыз әскері қоршап алады. Кенесары тұтқынға түседі. Өлім алдында ол тағы бір рет қырғыз манаптарына жаулықты тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін күштерді біріктіруді ұсынады, алайда бұл жолы да қырғыз манаптары оның ұсынысын қабылдамайды.
Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаков соғыста көзге түскен барлық қырғыз манаптарын марапаттайды, ал Кенесарыны өлтірген манап Қалиғұл Әлібековке құрмет хатын табыстап, оны күміс медальмен марапаттады. Кенесары көтерілісі Ресей Отаршылдығына қарсы бағытталған қазақ елінің ең ірі бас көтеруі болды. Көшпелілер он жыл бойы өз тәуелсіздігін, еркіндігін қорғап, мұздай қаруланған Ресей әскерімен алысып, өз хандығын, соңғы ханын қорғады.

Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов


басқарған көтерілісі (1853–1858 жж.)
XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардың
әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды.
Хиуа және Қоқан феодалдары Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы және Ырғыз, Торғай, Емба өзендерінің аңғарларындағы қазақтарды өздеріне қаратуды көздеді. Олар бұл жерлерге үнемі шапқыншылық жасап отырды. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңадария және Қуандария алқаптарын басып алып, бұл жерлерде әскери бекіністер салды, оған Арал маңындағы қазақтарды күштеп пайдаланды. Хиуа хандығы жергілікті халықтардан алым-салық жинап отырды. Сөйтіп, қазақтар тек өз феодалдарына ғана емес, сондай-ақ Хиуа және Қоқан билеушілеріне де зекет және ұшыр төледі. Алым-салық жинау үшін олар әскери күштерді пайдаланды.
Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1780–1860жж.) басқарды. Шекті руы басшыларының бірі – Жанқожа жай қарапайым халық арасында беделді әрі мақсаткер батыр ретінде даңққа бөленді. Жанқожа Сырдария бойы қазақтарының, соның ішінде егінші бұқараның өте күшті отаршылдық езгіге түскендігін түсінді. Сондықтан Сыр бойы қазақтарының бостандығы және хиуалықтардың озбырлығына қарсы күресте батыр өзінің жасақтарын құрды. Оның жасақтары бұған дейін 1838 жылы Кенесары сарбаздарымен бірге Созақ қамалын қамауға қатынасқан болатын. 1842 жылдың күзінде Жанқожаның әскері Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы қиратып, қала коменданты Бабажанды өлтірді. 1843 жылы Жанқожа батырдың жасақтары Қуандария бойындағы хиуалықтар тұрғызған қамалды талқандады, ал 1845 жылы осы қамалды қайтадан қалпына келтіру үшін жіберілген екі мың хиуа шоғырларын талқандап жеңді. 1853 жылы орыс әскерлері Ақмешітті басып алып, жаңадан Сырдария әскери желісі пайда болды.
Алым барлық халықтардан бірдей алынды. Ірі бай, орташа, кедей – бәрі бірдей мөлшерде, яғни әр шаңырақ төлеп отырды. Сырдария бойындағы шекаралық өкімет Райым және Қазалы әскери қамалдарын салу үшін мыңдаған қазақ шаруаларын айдап келіп, еріксіз жұмыс істетті. Әскери қару-жарақтар және азық-түлік тасу үшін де қазақтарды күштеп қызметке тартты. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.
Орыс отарлаушыларына қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 жылы желтоқсан айында басталды. Көтерілістің басталуының себептері қазақтардың еріксіз жұмыстарға жегілуінде, жолды пайдаланудағы, керуендерге қызмет көрсетудегі ауыр салықтар, сондай-ақ патша өкіметінің қоныс аударушылық саясатында жатты. Бұл көтеріліс кезінде Жанқожа өзінің жақсы меңгерген әскери әдісін қолданды, ол 1856 жылдың аяғында Қазалы фортын қоршауға алды. Бұған дейін көтерілісшілер казак-орыс тұрған Солдатская слобода поселкісін жойды.
1856 жылы 19–23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты.
Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал-губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал-майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Жанқожа сарбаздарының шабуылы сәтсіздікпен аяқталып, аман қалғандары бытырап тарап кетті. Ауыр жараланған Жанқожаны сарбаздар шайқас болған жерден алып шығып, қауіпсіз жерге жасырды.
Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді.
Көтерілістен кейін Жанқожаның өзі халықтан бөлініп, тек бидің қызметін атқарды, кейін оны жаулары опасыздықпен өлтірді. Бірақ осыған қарамастан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған 1856–1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өйткені, ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық-азаттық қозғалыс еді.
XIX ғ. Қазақстандағы экономикалық қатынастар
XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты үлкен ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рыноктар арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.
70–80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды. Сонымен бірге күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ, т. б.) көтеріңкі бағамен сатылды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. Қазақ халқы айырбас шартының қандайына болса да келісуге мәжбүр болды, өйткені ол өзіне қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашылығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.
Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрін – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл, (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50 ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулиеата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.
Қазақстанда сауда капиталының пәрменді түрде енуімен өлкеде сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары көбейді.
XIX ғасырдың 80–90 жылдарында Қазақстанда өсімқорлық сауда жаппай тараған кез еді. Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар, банктер мен басқа да кредит мекемелері беретін қарыздардың капиталистік формалары орын ала бастады.
Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30дан астам қалалар мен 400 казак-орыс поселкалары пайда болды. Қалаларда әскери адамдар, құрметті азаматтар мен саудагерлер, қазақ ұлықтары тұрды. Қала халқының көпшілігі кедейленген шаруалар мен майда кәсіпорындарының жұмысшылары болатын.
XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің қаржыларын әкеле бастады. Жер мен шикізат арзан еді, жұмысшылардың жалақысы төмен болды. Мұның өзі банк мекемелерінің ашылып, олардағы ақша айналым қатынастарын күшейтті. 1871 жылы Қазақстанда алғашқы ашылған банктердің бірі – Петропавлдағы негізгі капиталы 40 мың сом болатын қалалық қоғамдық банк еді. 1875 жылы Ташкентте Мемлекеттік банк бөлімшесі құрылды.
Табиғи қазба байлықтарға өте бай Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70-ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т. б. рудниктері жұмыс істеді. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Каспий теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Шымкент пен Түркістанда негізінен мақта тазалайтын бірнеше зауыт істеп тұрды. Арал теңізінде, Павлодар уезіндегі Қарабас көлінде, Орал облысы Басқұншақ кәсіпшілігінде тұз кен орындары ашылды.
XIX ғ. 70-ші жылдары ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874–1876 жылдары Орынбор темір жолы салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды.
Сонымен, капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлінісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.
Қазақстандағы XIX ғ. 60–90 жж. әкімшілік-саяси реформалар
1867–1868 жж.
1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уалиханов Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.
1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д. А. Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде II Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» бекітті.
1867–1868 жылдары реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының XIX ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды.
Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір, әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал– губернаторлықтарының құрамына кірді. Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды.
Әкімшілік басқарма әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.
1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотының шешімін орындату кірді. Ауыл старшындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады.
«Уақытша Ереженің» 210-тармағына сәйкес Қазақ жері Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Сұлтандардың барлық әлеуметтік-саяси және мұрагерлік құқықтары жойылды, ел билігі орыс шенеуніктерінің қолына шоғырланды.
Ескі экономикалық және идеологиялық жағынан тұтас, туыстыққа негізделе біріккен әкімшілік-рулық ұжымдардың орнына «Уақытша Ережені» енгізудің нәтижесінде жасанды бірліктер пайда болды. Осының бәрі қоғамдық билік жүйесінің дәстүрлі базасына әсер етті. Сондықтан тоқырауға ұшырады, оның маңызы, беделі және қажеттілігі төмендеді.
1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.
1886 жылдың 2-маусымындағы Түркістан өлкесін басқару туралы ереже. III Александр патшаның Түркістан өлкесін басқару туралы 1886 жылғы 2 маусымда қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкені басқарудың бүкіл құрылымына реформа жасауды бастап берді. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқанд кіргізілді. Кейініректе, 1897 жылы, Жетісу облысы да жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына берілді. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын, көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды.
1886 жылғы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі нысаны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялап, жергілікті халықты жерін беймерзім жалға берушілер деп қараған үкімет, соңғыларына «мал жаюға, топырақ және тас, балшық жинауға» құқық бере отырып (253-бап), номадтардан құнарлы алаптардың алып қойылуын тездетті, ол XX ғасырдың басында столыпиндік аграрлық реформалардың жүргізілуімен аяқталды. 1886 жылғы Ереженің отаршылдық бағыты салық жүйесінен де өз көрінісін тапты. Ол 1867 жылғы Уақытша ереженің баптарын қайталады; әр түрлі міндеткерліктердің көлемін көбейтті. Мысалы, шаңырақ алымы 4 сомға дейін көбейтілді. Сот құрылымындағы өзгерістер Ережеде көрсетілген жаңалықтардың іске асырылуын заң тәртібімен қамтамасыз етуге тиіс болды және ол рыноктық қатынастарға тартылған әлеуметтік жіктердің мүдделерін қорғауды көздеді. Негізгі үш сот инстанциясы – бітістіруші судья, облыстық сот және үкіметтік Сенат отаршылдық тәртіптер енді ғана орныға бастаған жағдайларда қоғамның тіршілігін құқықтық жағынан қамтамасыз етуді реттеген бұрынғы заң ережелерін жоққа шығарды.
1891 жылдың 25 наурызындағы Далалық облыстарды басқару туралы ереже. Өңдеуші өнеркәсіптің ұлғаюы, кен өндіретін өнеркәсіптің біршама тез дамуы, жаңа темір жол желілерінің салынуы, урбанизация үрдісі, жұмысшы табының қалыптасуы – осының бәрі жинақтап алғанда әлеуметтік-экономикалық факторлардың бүкіл жүйесінің өзгеруіне әкеп соғып, Қазақстанды отарлық шет аймаққа айналдырды, барған сайын нығайып келе жатқан рыноктық кәсіпкерлікті заң арқылы қамтамасыз етті.
Ерекше Комитеттің пікірі бойынша, «бірінші алғашқы ереженің» барлық өзгерістері «оның уақытша сипатын жоюға» және оны жүзеге асыру барысында «іс жүзінде кездестірілген» алауыздық атаулыны неғұрлым «дәл редакциялау» арқылы жоюға, сондай-ақ «империяның басқа бөлімдеріне неғұрлым қолайлы келуі мүмкін негіздерде» басқару және сот жүйесін дамытуға, толықтыруға тиіс болды. Ұсынылып отырған «Ереже» капитализмнің «кеңейе» дамуына байланысты өзгерістерді ескеру негізінде Қазақстандағы Ресей әскери-әкімшілік өкіметін орнықтыру үрдісін аяқтауға тиіс болды. Сонымен, 1891 жылдың 25 наурызындағы патша жарлығын Қазақстанның әр түрлі тілде сөйлейтін халқының өмірін қайта құруға нысаналы түрде жасалған әрекет деп қарау керек. Жаңа реформаны қабылдау уақыты империя халқының саяси белсенділігінің жандануымен, азаттық қозғалысының өрістеуімен ерекшеленді. Облыстарды басқару жүйесі тәртіпке келтірілді: патшаның қалауы бойынша арнаулы «патша жарлығымен» тағайындалатын және босатылатын, далалық генерал-губернаторына бағынатын Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының Бас басқармалары құрылды. Генерал-губернатор қайтыс болған немесе қызметінен босатылған, яки ауырған жағдайларда, егер бұл орайда оның міндетін атқаруды император басқа адамға тапсырмаса, оның міндеттерін жергілікті әскери губернаторлықтың қызмет бойынша дәрежесі үлкені уақытша атқарды.
1891 жылғы ережеде далалық облыстардағы сот құрылысына елеулі толықтырулар мен нақтылаулар жасалды. Ең алдымен онда «Уақытша ереженің» көшпелілерді де, отырықшыларды да Ресейдің ішкі губернияларының селолық тұрғындарына теңестіру туралы бабы нығайтылды.
Үкіметтің бұрынғы сот жүйесін қатты өзгертуіне себеп болған негізгі міндет ислам шариғатын уағыздаушы билерді және құқықтық жүйені ығыстырып шығару, олар ондаған ғасырлар бойы пайдаланып келген жеңілдіктерді жою болды. Жаңа ереже билер сотын жойып, халық соты деген жалпы атаумен құқықтық құрылыстың жаңа құрылымын енгізді.
1891 жылғы Ереженің 119-бабында ел мекендейтін де, мекендемейтін де бүкіл жер қорының мемлекеттік меншік деп жариялануы заңдастырылды, ал жазғы жайлаулар дағды бойынша көшпелілердің пайдалануында қалдырылды; кен кәсіпшілігіне арналған қысқы қыстаулардағы жерлер жалға берілді. Жалпы алғанда 1886–1891 жылдардағы Ереже XIX ғасырдың аяғындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдаяттарын көрсете отырып, XIX ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ басталған жаңалықтардың жалғасы және аяқтаушы кезеңі болды.
Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы
Жетісуда егіншіліктің дамуына XIX ғасырдың 70–90 жылдарында Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер ықпал етті. Қоныстандыру екі кезеңде болды. Бірінші кезеңде 1877 жылы Тоқмақ ауданына (Солтүстік Қырғызстан) шэньси дүнгендерінің бір тобы келді, 1881–1883 жылдары, Санкт-Петербург шартына сәйкес, Іле өлкесінен ұйғырлар мен дүнгендердің негізгі көпшілігі қоныс аударды.
Қоныстанушылардың жаңадан 5 болыс: Жаркент және Кетпен (қазіргі Панфилов ауданының аумағында), Ақсу-Шарын (Ұйғыр ауданында), Малыбай (Шелек ауданында), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданында) болыстары құрылды.
Жетісуда ең жақсы жерлер казактардың пайдасына тартып алынып қойғандықтан, ұйғырлар мен дүнгендер қолдан суландырылмайынша егіншілікке онша жарамды болмаған учаскелер алды. Облыстың село халқын жерге орналастыру жөнінде 1882 жылы Жетісу облыстық басқармасы белгілеген ережелер негізінде дүнгендер мен ұйғырлар әрбір еркек адамға 10 десятинадан жер алуға тиісті еді. Алайда 1885 жылы қоныстанушыларға үлесті жер бөліп беру қолға алынған кезде, әрбір еркек адамға 4–5 десятинадан ғана жер бөлініп беріліп, 1892 жылдың 1 қаңтарынан бастап оброктық алым – салық салынатын болды.
Селодағы және қаладағы ұйғыр мен дүнген халықтары өздерінің әкімшілігі, мешіті және оны басқаратын дінбасы бар қауымдарға бөлінді.
Қоныстанушылардың кедейленген бөлігі алғашқы кездерде өздеріне берілген үлесті жердің шағын учаскелерін ғана игере алды. Соның нәтижесінде қауымдар ішінде өзінше бір арендалық қатынастар қалыптасып, қауымның кедей мүшелері өздерінің үлесті жерлерін немесе олардың едәуір бөлігін қауымның әлді мүшелеріне беріп отырды, ал өздері «арендаторларға» күнделікті жұмысшылар (мердігерлер) ретінде өнімнің бір бөлігін алатын болып жалданды. Бұл үлесті жерлер формальды жағынан әлі де бұрынғы иелерінің атында болып қалғанымен, іс жүзінде олар жаңа қожайындардың толық иелігіне көшетін.
Сөйтіп, қауымдардың жоғары бай топтары, дінбасылар және дүнген, ұйғыр қауымдарының селолық әкімшілігінің өкілдері қауымның көптеген мүшелерінің үлесті жерлерін өз қолдарына шоғырландырып, ірі жер иелеріне айналды.
Қауымдық жерлердің село байларының қолына шоғырлануына дүнгендер мен ұйғырлардың шет кәсіпке кетуі де себепші болды. Алған жерлері құнарсыз болып, жұмыс көлігі мен ауыл шаруашылық құралдары болмаған кедейлер алым-салықтар төлеу жөніндегі жеңілдік берілген мерзім біткеннен кейін мүлдем күйзелді, өздерінің үлесті жерлерін жаппай тастап, қалаларға жалдама жұмысшы және ауыл шаруашылық батырақтары болып табыс іздеп кетті.
Дүнгендер мен ұйғырлар өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Дәнді дақылдар ішінде бидай басым болып, жердің жартысынан астамына бидай егілді.
Ұйғырлар сондай-ақ мақта өсірумен және ішінара жібек құртын өсірумен де айналысты. Дүнгендер мен ұйғырлар май дайындау үшін зығыр мен күнжіт, қыша екті. Кейіннен темекі өсіріп, оны жергілікті рынокта тиімді етіп өткізе бастады.
Жетісуда қоныс аудару қоныстандырушыларға да әсер етпей қойған жоқ. Егер бұрын ұйғырлар мен дүнгендер шаруашылығында ағаш сабандар мен басқа да добал құрал-саймандар қолданылып келсе, енді олар темір соқаларды, тырмаларды, сеялкаларды, т. б. пайдаланатын болды, жаңа ауыл шаруашылық дақылдарын: сұлы, темекі, картоп, помидор және басқаларын егуді игерді. Байырғы халықтар – қазақтар мен қырғыздардың әсерімен дүнгендер мал шаруашылығымен айналыса бастады.
Ұйғырлар мен дүнгендердің тарихи тағдырлары Ресейдің бір бөлігі ретіндегі Қазақ өлкесі халықтарының тағдырымен тығыз астасып кетті.
Қоныс аудару саясаты (XIX ғ. 1870–1880 жж.)
XIX ғасырдың 70-жылдары орыс және украин шаруаларын қоныстандыру басталса, 80-жылдары қарқынды жалғасты. Алғашқы қарашекпен қоныстары 1879 жылы Көкшетау уезінде пайда болды.
Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысы бойынша 1868 жылғы «Шаруалардың Жетісуға көшуі туралы Уақытша ережелер» қабылданып, ол 1883 жылға дейін қолданылды.
1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының көші-қонды басқару ережесі қабылданды. Бұл құжат бойынша әрбір ер адамға 10 десятина жер берілді, қоныстанушылар 5 жылға дейін салықтан босатылды, кейін 5 жылда салықтың жартысын ғана төледі.
«Ауыл тұрғындарын өз еріктерімен жаңа жерге көшіру және бұрынғы көшірілген топтар туралы арнайы ережесі» 1889 жылдың 13 шілдесінде қабылданып, қоныстандыру тек алдын ала Ішкі істер министрлігінің және мемлекеттік жер иеліктері министрлігінің рұқсаты арқылы іске асырылды. Бірақ патша жаппай қоныстандыру үрдісін бақылай алмады. Шаруалардың өздігінен көшуі жалғаса берді. 1891–1892 жылдары егіннің шықпауынан орыс шаруалары еуропалық Ресейден шығысқа қашып, қазақ жерлеріне қоныстанып алды.
Ережеде қоныстанушылардың аудандары нақты Томск және Тобыл губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары деп көрсетілді. 1891–1892 жылдары заң Торғай және Орал облыстарына да тарады. Шаруалардың қоныс аударуы қазақ көшпелілерінің жерлерін тартып алу есебінен жүрді. Қоныс аударушы шаруалар арқылы отарлау Сырдария облысына да тарады.
Қазақ жерінің Сібірмен және Приволжьемен темір жол арқылы жалғастырылуы, Қазақстанға орыс қоныс аударушыларына қолайлы жол ашты. Нәтижесінде орыс шаруалары құнарлы жерлерге қоныстанса, қазақтар сусыз, нашар жерлерге көшірілді. Қазақ өлкесінің демографиялық жағдайы да өзгерді. 1897 жылғы жалпы санақ бойынша өз жерінде қазақтардың жалпы мөлшері 87,1%-ға кеміді. Қоныс аударушылар көбінесе стратегиялық маңызды аудандарға көшіріліп, мылтықпен қаруландырылды.
Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.)
«Уақытша ереженің» енгізілуі Орта жүзде қарсылыққа кездеспеді, сөйтіп көтеріліс негізінен Кіші жүзді қамтыды. Зерттеуші Н. А. Середа Орал облысындағы ашу-ызаның себебі «халық пен реформаларда» емес, қазақтарды сұлтандар арқылы басқару әдісінде деп білді. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған факторлардың бірі үкіметтің фискалдық саясатының қатайтылуы еді. Оның үстіне қатардағы көшпелілер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Мұның өзі патша өкіметінің қазақ қоғамының артықшылықтары, топтары жөніндегі қамқоршылық саясатының көрінісі болды; салықтар мен басқа да міндеткерліктердің күрт көбейтілуі Орал, Торғай облыстарында халықтық бой көрсетулердің басталуына түрткі болды.
Патша «Уақытша ережені» мақұлдағаннан кейін үкіметтің бірден дерлік жүзеге асырыла бастаған салық саясатына қазақтардың наразылығы 1868 жылғы қарашаның аяғына қарай қарулы қарсылыққа ұласты. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын тамаша білген көтерілісшілерге қарсы қимылдаған шағын казак шолғыншылары олардың тегеурінін әлсірете алмады.
Жазалаушылардың неғұрлым ұйымдасқан қимылдары 1869 жылдың көктемінен басталады. Наурыз айының басында Орынбордан Жем ауданына екі жүздік казак отряды жіберілді. Бірақ далада келе жатқан кезінде отряд үкіметтің әлі де реформа енгізуге батылы бармай отырған Қобда және Елек өзендерінің бойында қимыл жасап жүрген «қазақтар қарақшыларының» шабуылына ұшырады. Көтерілісшілердің бұл тобы біріне Ханғали Арсланов сұлтан, екіншісіне Ықылас Досов басшылық еткен екі жасақтың біріккен күші болғаны анықталды.
Қарулы бой көрсетулер шектес екі облыстың бірқатар аудандарында бір мезгілде дерлік болуы себепті тұрақты бөлімдер аз болған кезде қазақтардың нақты күштерін ұтымды бөлу қиын болды. Оның үстіне көтерілісшілер өздерінің бытыраңқы жасақтарын үкіметтің өзін-өзі қорғайтын күштерімен жеткілікті қамтамасыз етілген ірі әскери-тірек бекеттеріне қарсы емес, қайта қазақ ауылдарына казак отрядтарының қорғауымен жасырынып жүрген жеккөрінішті старшындарға, болыстарға қарсы бағыттады.
Көтеріліс Орал облысының солтүстік-батыс аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы халық көтерілістері бойынша да отаршылдыққа қарсы қозғалыстарға белсене қатысқаны аңғарылған жауынгер табын, шекті руларының қоныстарын кең қамтыған. Бұл жолы да табындар реформадан кейінгі кезеңдегі отаршылдыққа қарсы күреске елеулі үлес қосты.
Отаршылдық өкімет орындары көтерілістің шектес екі далалық облыс аумағына қанат жаюының шын мәніне бойлап жатпай, мұның себебін барлық уақытта хиуалықтардың ықпалы деп білді.
XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін Хиуа үкіметі Ресейге барынша адалдық көрсетіп, онымен ең алдымен өзара тиімді сауда қатынастарын жасап отырды.
Алайда Қазақстанның оңтүстігіндегі Ресейдің соғыс қимылдары, өзбектердің басты қаласы Ташкентті орыс әскерлерінің шабуыл жасап басып алуы Хиуаның Ресейге көзқарасын күрт өзгертті, Хиуа ханы өзін Ресейдің барған сайын өршеленген және ашықтан-ашық «дұшпаны етіп» көрсетті, сөйтіп Орал облысының оңтүстік аудандарында көшіп жүрген қазақ руларын осы аймақтағы Ресейдің ықпалына қарсы аттанысқа итермеледі. Хиуа ханы реформаларды жүзеге асыру қызған кезде, табын, назар руларына өз өкілдерін жіберіп, оларды өз мүдделерінің арнасында ұстауға тырысты. Хиуа билеушілерінің Орал және Торғай облыстарының көтерілісшілерімен тұрақты ынтымағын анық факт деп есептейміз, өйткені Ресей тарапынан ол қоқан хандығын соғыста жеңіп, Қазақстанның оңтүстік шегінде империялық билік орнатқаннан кейін нақты қауіп-қатердің күшейе түскен жағдайында оны дербес ел ретінде Хиуа шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін талап еткен болатын. Оның үстіне далалық екі облыстағы көтерілістің жетекшілері – Ханғали Арсланов сұлтан, билер Дәуіт Асауылов, Әзберген Мұңайтпасов, Уфа молдасы Ықылас Досов, молда Рысқұлов және басқалар Хиуа билігімен әр түрлі дәрежеде байланысты болатын, оның қолдауына сүйеніп, сол арқылы патша өкіметінің Хиуа хандығы аумағында да соғыс қимылдарын жандандыруына себепші болды.
Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)
«Уақытша ереже» Маңғыстауда 1870 жылы енгізілді. Патша әкімшілігі Маңғыстаудың негізгі халқы – адай руы «Уақытша ережені» күрессіз қабылдамайды деп қауіптенді және оны жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды күтті.
Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869–1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа тарифке сәйкес дереу енгізуді талап етті; көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшы жатақтары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатуға тырысқан Рукиннің ойланбай жасаған әрекеттері жер-жерде көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жазалаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты. Көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станицасына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда олар сәтсіздікке ұшырады. Патшалық өкімет орындарын көшпелілердің батылдығы қорқытты, мұның өзі оларды қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр етті; Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертті. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Графтың жоспарында «елдің ішіне тереңдей еніп, онда жергілікті адайлар өздерінің көшуі үшін қажет болған кезде айналып өте алмайтындай бекіністерді алдын ала басып алып», сол арқылы олардың шегінетін жолына кедергі жасау, «бағынуға мәжбүр ету» көзделді. Орыс отрядтарының алуы үшін қолайлы бекіністер ретінде Кутаисов Маңғыстаудың Киндері шығанағынан және Үстірт қыратының солтүстік бөлігінде, Орынбор даласымен «көршілес» жатқан Сағым алқабынан жүз шақырым жердегі Бесақты шатқалын таңдап алды. Александровск форты ауданындағы әскер топтарының бастығы генерал-майор Комаровтың пікірі бойынша, ауданға тұрақты бөлімдердің едәуір құрамасын шоғырландыру көтерілісшілерге қорқынышты әсер етуге және 1871 жылғы 1 ақпанға қарай оларды отаршыл өкімет орындарының «орыс өкіметіне бағынуы жөніндегі» шартын қабылдауға мәжбүр етуге тиіс болды. Графтың жоспары сәтсіздікке ұшыраған жағдайда Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Н. А. Крыжановский жергілікті тұрғындардың Үстіртке, «бейбіт ауылдарға өздерінің шегіне кірер жолын жауып тастауды ұсынды». Қозғалыс жетекшілерінің Хиуа хандығына оның тарапынан сырттай қолдауды қамтамасыз етуге үміт артып делегация жіберуі жергілікті өкімет орындарын тағы да мазасыздандырды. Хиуалықтар тарапынан талай тонаушылықтар мен алым-салықтарды бастан кешірген адайлар олардың қолдауы туралы, қасиетті Ислам дінін таза сақтау туралы уәделеріне сене де бермейтін еді. Оның үстіне патша өкіметі оңтүстік аймақты басып алғаннан кейін Хиуаның Ресей сияқты құдіретті әскери державамен жанжалға баруы екіталай болатын. 1870 жылдың желтоқсанында қозғалыстың жетекшілері Досан Тәжиев, Ержан, Ертімбет Құловтар, Иса Тіленбаев және олардың көптеген серіктері 3 мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтті.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жазалаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрістері мүдделері отаршыл империяның әскери құрамаларының өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушылықты туғызды. Көтеріліс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды – бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның бір бөлігі қазақ шаруаларының бой көрсетулерімен қамтылып, «Уақытша ереженің» жүзеге асырылуын қиындатты.
XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
Материалдық мәдениет. Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнермен байланысты еңбек құралдары болып табылады. XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады. Ең көп таралған қару түрі үш метрлік «сойыл», одан соң «шоқпар» болды. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды.
Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші-қонға ыңғайлы киіз үйлер болатын. Қазақтың киіз үйлері олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат деп аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болатын. Сыртқы түрі бойынша күмбез тәрізді және шошақ болып келетін. Қысқы қыстаулар орналасқан өзендердің аңғарлар мен тау шатқалдарына қазақтардың киіз үйлері тұрақты үлгімен салынатын. Бұлар жер бетіне киіз үй сияқты етіп тастан (шошала), қамыстан (доғара) тұрғызылған құрылыс түрінде, тік бұрышты жеркепе және жертөле, жер бетіне тік бұрышты етіп салынған шым үй және саз балшықтан домбаздалған соқпа там болды. Дәстүрлі ағаш жәшіктер – кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүкаяқтардың және ескіден келе жатқан төс-ағаштардың орнына, қазақтардың тұрмысында әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды.
Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, басына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.
Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар туралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.
XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеген.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – кедейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.
Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының тарихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.
Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы музыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри берген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ойналатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс елеулі із қалдырды.
Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.
XIX ғ. екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
XIX ғ. 60-жылдары Қазақстанда бастауыш мектептердің ашылуы Ы. Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. 1867–1868 жылдардағы реформалардан кейін мұндай мектептер Қазақ өлкесінің көптеген аймақтарында жұмыс істей бастады. 1868–1869 жылдарды Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі, 2 екі сыныптық, 6 селолық 1 сыныптық, 14 жоғары сыныптық мектеп және 2 жекеше училище болды. 1877 жылға қарай Орал казак әскерінің 47 мектебінің бесеуі қыздар мектебі еді. Облыста 70-жылдардың басынан бастап мектеп ісі едәуір жандана түсті. Ер балалар және қыздар гимназиялары мен прогимназиялары, мұғалімдер даярлайтын семинария, ер балалар оқитын уездік приход училищелері, округтік әскери училище, станицалық және басқа да оқу орындары ашылды. 1883 жылы қазақ балаларын оқытуға арналған ер балалар интернаты облыс орталығы Семейде, уездік қалалар Павлодарда, Өскемен мен Зайсанда жұмыс істеді, ал қазақ қыздарын оқытуға арналған интернаттар Семей мен Павлодарда ғана болды. Сырдария облысындағы орыстарға арналған алғашқы мектептер 1860 жылы Райым (Қазалы) бекінісінде және Перовскіде (Қызылорда) ашылды. Жетісу облысының аумағында алғашқы мектептер 1868 жылдан бастап ашыла бастады. Верный және Қапал бекіністерінде приход мектептері құрылды. Облыстың қалған уездерінде 12 станицалық және поселкелік бастауыш мектеп болған еді.
XIX ғ. Екінші жартысында болыстар мен ауылдардағы қазақ балалары әдетте мұсылман мектептері мен медреселерде оқыды. Патша үкіметі Қазақ даласында мұсылман мектептерінің ашылуына жол бермеу үшін шаралар қолданды. Ол жергілікті отарлық органдар мен оқу бастықтарына мұсылман мектептерін қатаң бақылау жөнінде нұсқаулар мен ережелер жіберді. Қандай да болмасын шектеулерге қарамастан жер-жерде, әсіресе Қазақстанның ислам дінінің ықпалы күшті болған оңтүстік облыстарында мұсылман мектептері ашыла берді. Қазақ балалары жаздыгүні киіз үйлерде, ал қыстыгүні жертөлелерде оқытылатын. Бұл кезеңнің оқу құралы «Шариат-ул-иман» немесе «Иман-шарт» болды. Құран оқумен бірге, татар және араб тілдеріндегі кітаптар бойынша исламның негізгі қағидалары мен басты ғұрыптық ережелер оқытылды. Мектептерде көбінесе 8–17 жасқа дейінгі балалар білім алды. Медреселерде мектепте білім алған және өз білімін тереңдетуге тілек білдірген адамдар оқыды. Медресеге түскендер «талиб-улам» (білімге ұмтылушылар) немесе шәкірттер деп аталды. Олар Орта Азияға және Еділ татарларына жалпы белгілі оқулықтар мен оқу құралдары бойынша араб филологиясын және мұсылман діні құқығын, сондай-ақ діни философияға қатысты басқа да бірқатар пәндерді оқыды. Медреселердің «мұғалімдеріне» келетін болсақ, олар негізінен алғанда дін жолын ұстанушылардың ұсынысы бойынша тиісті үкіметтік органдар бекітіп, тағайындаған молдалар болды. Бұл молдалар мешіттерде діни қызмет атқара жүріп, медреселердегі істерді басқарды және шәкірттерді оқытумен айналысты.
XIX ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. Білім мен мәдениеттің дамуына алдыңғы қатарлы орыс зиялылары үлкен ықпал жасады. 1847–1857 жылдарда украин ақыны Т. Г. Шевченко Қазақстанда айдауда болды. Қазақстан Орыс географиялық қоғамы бөлімшелерінің зерттеу обьектісіне айналды, мұнда мәдени-ағарту мекемелері мен статистикалық комитеттер жұмыс істеді; өлкетану мұражайлары ашылып, ертедегі ескерткіштер, халықтың ауызша шығармашылығы және құқықтық заңдар, соның ішінде қазақтардың дағдылы құқығы зерделенді; орыс-қазақ мектептері мен кітапханалар ашылды. Қазақтар өз балаларына білім беруге ұмтылыс жасап, балаларын кадет корпустары бар Омбы мен Орынборға жіберу үшін мүмкіндік іздестірді. Білім алуға деген жаппай ұмтылыс пен ықылас жағдайында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушыларының тобы қалыптасты.
Шоқан Уәлиханов (1835–1865). Аса көрнекті ағартушы, ғалым және зерттеуші Ш. Уәлиханов Құсмұрын бекінісінде туған. 12 жасына дейін Шоқан Құсмұрындағы жеке меншік мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. 1847 жылдың күзінде Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Кадет корпусында Шоқан Уәлиханов белгілі ғалым, географ және Азияны зерттеуші Г. Н. Потанинмен бірге оқып, достасып кетті. Ол орыс тілін тамаша меңгерді. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың достық қарым-қатынастарын олардың түрлі уақытта жазысқан хаттары дәлелдейді. Ф. М. Достоевский өзінің хаттарында дос ретінде Шоқанға пайдалы кеңестер беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қояды. 1853 жылы Шоқан кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір казак әскеріне қызметке жіберіледі. Көп ұзамай Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт оның қабілеттілігіне назар аударып, 1854 жылы Шоқан оған адъютант болып тағайындалды. 1855 жылы Ш. Уәлиханов Гасфорттың Омбыдан Іле Алатауына дейінгі сапарына қатысады. Бұл сапар қарапайым халықтың өмірін танып-білудің басы болды, олардың тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алуға мүмкіндік берді. 1856 жылдың көктемінде болашақтағы Шығыс зерттеушісінің өмірінде өшпес із қалдырған айтулы оқиға болды – ол аса көрнекті ғалым, белгілі географ П. П. Семенов-Тянь-Шанскиймен танысты. Сол жылы Шоқан Уәлиханов екі экспедицияға қатысты – біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі; екіншісі дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов алатау қырғыздарына тағы да сапар шегеді, онда көшпелі қырғыз халқының өмірімен, тұрмысымен бұрынғыдан да жақсы танысып, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. Осы жолы ол қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды. Ш. Уәлихановтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі 1858 жылғы Қашғарияға құпия сапары болды. 1859 жылдың күзінде Шоқан Әскери министрліктің шақыруымен Петербургке сапар шекті. Оның «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қондары туралы», «Сот реформасы туралы» жазба еңбектері бар. 1864 жылдың көктемінде Уәлиханов Черняевтің Оңтүстік Қазақстан аумағын Ресейге қосып алуды мақсат еткен әскери жорығына қатысады. 1864 жылдың жазында Верныйға қайтады. Содан соң албан руының аға сұлтаны Тезек төренің ауылына барып тұрады. Төренің қарындасына үйленеді. Сол кездің өзінде Шоқан өзін нашар сезініп, жорықтағы өмірдің ауыртпалықтарын көтере алмаса керек. Ол 1865 жылдың сәуірінде Алтынемел жотасының етегіндегі Көшен-тоған деген жерде Тезек сұлтан ауылында қайтыс болды.
Ыбырай Алтынсарин (1841–1889). Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай облысында туған. Әкесі ертерек қайтыс болып, атасы – Орынбор шекаралық комиссиясының әскери старшинасы Балғожа (Жаңбыршин) бидің қолында тәрбиеленді. 1850 жылы Ыбырай шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арнап ашылған мектепке түсіп, оны алтын медальмен бітірді. Мектеп бітіргеннен кейін Алтынсарин үш жылдай (1857–1860) атасының қоластында кеңсе қызметкері, содан соң 1859 жылдың 1 тамызынан бастап Орынбор басқармасында тілмаш болып қызмет етті. 1860 жылы облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды да, өзін сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындады. 1864 жылы 8 қаңтарда мектеп салтанатты түрде ашылды. 1868 жылы Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасып, содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Алтынсарин патша өкіметінің саясатына қарсы болды. 1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. 1888 жылы ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарын оқытатын, интернаты бар мектеп ашып, патша әкімшілігінен интернаттары бар қыздар училищелерін ашуға рұқсат алды. Алтынсарин көзінің тірі кезінде төрт екі сыныптық орталық «орыс-қазақ» училищесін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс шаруаларының балаларына арналған екі училище аштырды. Ол орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралын жазды, оларды Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғаннан көп бұрын бастап, 1869 жылы аяқтады.
Абай Құнанбаев (1845–1904). Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. АлайдаАбайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгерді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білдіріп отырды. 1886 жыл Абайдың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне («Жаз») өз атын жазып, көркем шығармашылыққа толығымен ден қояды. Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.
Музыка мәдениеті. XIX ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның музыка өнерінің гүлденген дәуірі болды. Бұл кезеңде өмір сүрген көптеген аса көрнекті кәсіби композитор-әншілер мен күйшілердің шығармалары халықтың музыкалық классикасының негізін құрады. Көптеген халық композиторлары өз заманындағы білімді адамдар еді; олардың бәрі дерлік хат танитын, кейбіреулері орыс тілі мен араб тілін білетін, бірақ өз шығармаларын нотаға түсіріп жаза алмайтын еді.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Абай әндері қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы бауырлас достықты нығайтуға игі ықпал етті. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан аударған Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Қазақ әндерін жазып алуда С. Г. Рыбаков көп еңбек сіңірді. Ол 100-ден астам ән жинады. Қазақтың ән әуендері оркестрлік шығармаларда да пайдаланылды.
Өлкетану және ғылыми зерттеу ұйымдарының қызметі. Баспасөз.
Ресей империясының экономикасы мен саяси өмір саласына Қазақстанның енуі оның ерекшеліктерін жан-жақты зерттеуді: оның тарихи өткен-кеткенін ой елегінен өткізіп, табиғи ресурстарын, өндіргіш күштер деңгейін анықтауды қажет етті. Қазақстанды зерттеумен Ресейдің толып жатқан ведомстволары – Ғылым академиясы, Географиялық қоғамы, Тау-кен ведомствосы, Қатынас жолдар министрлігі, Мемлекеттік мүлік министрлігі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы және басқа да ұйымдар айналысты.
Белгілі тарихшы және мемлекет қайраткері А. И. Левшин (1797–1879) «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген іргелі еңбегінде еуропалықтарға қазақтардың географиясын, тарихы мен этнографиясын бір жүйеге түсіріп, суреттеп берді. Қазақстанның әр түрлі қалаларында көптеген ғылыми қоғамдар: облыстық статистика комитеттері, географиялық қоғамның бөлімдері, 1887 жылы Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы ашылады. Ғылыми зерттеу орталықтарының бірі Орынбор болды. 1896 жылы «Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция» жұмыс істей бастады. Экспедицияның міндетіне аумақты табиғи-тарихи жағынан зерттеп, суреттеу, жер түрлерін, бұл мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жерді пайдалану тәсілдерін анықтау кірді. Экспедицияның құрамына Ф. А. Щербина, Ә. Бөкейханов, Л. К. Чермак, П. А. Васильев, Н. Ф. Гусев, Н. Белев, В. А. Владимировский, Н. Ф. Дмитриев, қазақ зиялыларының үлкен тобы – Ұ. Базанов, Т. Жалмұхамедов, И. Жақсылықов, И. Құдайқұлов, И. Тілекеев, Г. Саркин, Р. Мәрсеков, Е. Итбаев, М. Бекетаев, М, Шомбалов, Д. Сатыбалдин, Т. Есенқұлов және басқалар кірді. Экспедицияға қатысушылар арасында экономистер, ботаниктер, топырақтанушылар, агрономдар болды. Олар материалдар жинап, Қазақтардың жер пайдалануы жөнінде Ф. А. Щербинаның экспедициясы жинап, өңдеген материалдардың он үш томын басып шығаруға әзірледі.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық баспасөзі дүниеге келді. 1870–1882 жылдарда Ташкентте «Түркістан уәлаяты газеті», 1888–1902 жылдарда Омбыда қазақ тілінде «Дала уәлаятының газеті» шығып тұрды.
Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы.
1905–1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Ресейде реакция кезеңі басталды. 1907 жылы 3-маусымда Екінші мемлекеттік Думаның таратылғаны, Үшінші мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша жарлығы шықты. Заң бойынша қазақтар мен өлкені мекендеген басқа шағын халықтар сайлау құқынан айырылды.
Осы кезде революциялық ұйымдар мен қозғалысқа қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді.
Патша өкіметі тек қана қудалау жасаумен ғана шектелмеді, сонымен қатар шаруалар қауымын күшпен ыдырату саясатын жүргізе бастады. 1906 жылы 9-шы қарашада Столыпин шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды.
П. А. Столыпин 1906–1911 жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде өзінің аграрлық реформаларын әзірледі. Оның бірінші шарты шаруаны жердің иесі етіп бекіту болатын. П. А. Столыпиннің аграрлық саясатының мәні үш заң актісінде көрсетілді. Бұл Сенаттың қарауына берілген 1906 жылғы 9-қарашадағы «Шаруалардың жер иеленуіне және жер пайдалануына қатысты қолданылып жүрген заңның кейбір қаулыларын толықтыру туралы» жарлық. Ол III-Мемлекеттік Думада 1910 жылы 14 маусымдағы «Шаруалардың жер иеленуі жайлы кейбір қаулыларды өзгерту мен толықтырулар туралы» заң етіп қайта қаралып толықтырылды.
1911 жылғы 29-мамырда «Жерге орналастыру туралы» заң қабылданды. Аграрлық реформалар бойынша шараларды жүргізу оның барысында шаруалардың көшіп-қонуына еркіндік берілді, нәтижесінде олардың шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға жаппай көшуі кеңінен өрістеді.
1910–1911 жж. жаңа экономикалық өрлеуге байланысты Қазақстанда ереуілдік қозғалыстар жандана түсті. 1911 жылы мамыр айында Перовск және Түркістан станциялары теміржол шеберханаларының жұмысшылары, «Атбасар мыс рудалары» акционерлік қоғамы рудниктеріндегі кеншілер ереуілге шықты.
1912 жылы Ресейдің жұмысшы қозғалысында жаңа революциялық өрлеу басталды. Сол жылғы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту зауытында басталған ереуіл 1913 жылдың маусым айына дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартысында Ембі мұнайшыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу кезінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қол жеткізді. Өлке жұмысшыларының ереуілдері патша өкіметіне қарсы шаруалар толқуларының артуына, ұлт-азаттық қозғалысының дамуына ықпал етті.
1905–1907 жылдардағы орыс революциясына Қазақстан
халқының қатысуы.
Қазақстан еңбекшілерінің 1905–1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланысты еді.
1905 жылы ақпанда Орал, Перовск, Түркістан, Шалқар теміржолшылары өздерінің экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуіл жасады. 1904 жылы пайда болған Сібір социал-демократиялық одағы, оның Омбы, Орынбор, Саратов комитеттері Қазақстан жерінде революциялық жұмысты күшейте түсті.
1905 жыл Қазан айындағы Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Қазақстанның барлық қалаларында шерулер, митингілер мен жиналыстар болып өтті. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан және қазақтардан шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15 қарашадағы үлкен саяси митингке қазақтардан, татарлардан, орыстардан және басқаларынан тұратын 400-дей адам қатысты. Олар патша өкіметіне қарсы бірқатар талаптар қойды, отаршылық әкімшілікке қарсы күресуге шақырды. Кейіннен Қарқаралы оқиғасының басшылары қуғынға ұшырады. А. Байтұрсынов Орынборға, Ж. Ақбаев Якутияға жер аударылды.
Патша өкіметі 1905 жылы 17 қазанда елдегі революциялық қозғалысты басу мақсатында арнайы манифест қабылдады. Бірақ бұл жоғары мәртебелі манифест жұмысшы қозғалысын бәсеңдеткен жоқ, қайта кейбір жерлерде күшейте түсті.
Қазақ жұмысшылары мен шаруалары патша өкіметіне орыс жұмысшыларымен және қоныстанған шаруалармен қол ұстаса отырып қарсы шықты. Қазақ шаруалары ең алдымен жер, су үшін, теңдік, бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті. 1905 жылы жазда Семей, Торғай және Орал облыстарында жер үшін толқулар болды.
Мәскеудегі желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 жыл 11 желтоқсанда Успен руднигіндегі жұмысшылардың ірі ереуілі өтті. Ереуіл барысында орыс жұмыскері Петр Топорнин мен қазақ жұмысшысы Әлімжан Байшағыров басқарған «Орыс-қырғыз одағы» құрылды. Жұмысшылар өздерінің жалпы жиналысында қабылдаған талаптарын «Петиция» ретінде рудник басшысы Н. Фелльге тапсырды. Оның бірде-бір пункті қабылданбағандықтан «Орыс-қырғыз одағының» шақыруымен рудникте ереуіл басталды. Рудник кеңсесі үстіне қызыл жалау көтерілді. Успен руднигі жұмысшыларының ереуілі 1905–1907 жылдары Қазақстанда болған революциялық қозғалыс тарихында көрнекті орын алады. Яғни, ол өлкеде революциялық қозғалыстың ең жоғарғы шарықтаған кезі деп саналады.
1906 жылы 6 қаңтарда патшаның арнаулы жарлығымен Ақмола және Семей облыстарының бүкіл аумағына соғыс жағдайы енгізілді. Солтүстік Қазақстанға Меллер-Закомельскийдің жазалау экспедициясы әкелінді.
1905–1907 жж. болған революциялық қозғалыстармен байланысты Қазақстан жұмысшыларының кәсіподақ ұйымдары бой көтерді. Алғашқылардың бірі болып Оралдағы теміржолшылардың кәсіподағы (1905 ж. қараша) құрылды, оған Н. Смуров, Н. А. Покатилов және Н. И. Ульянов басшылық жасады. 1905–1906 жж. Орынбор-Ташкент теміржолшыларының кәсіподағы ең ірі ұйым болып саналды. Оның 6 мың мүшесі болған.
1905 жылы желтоқсан айында I Мемлекеттік Думаны шақыру туралы патша үкіметінің жарлығы шығып, оған Қазақстаннан 9 депутат, оның ішінде 4 қазақ сайланды. Олар: Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Б. Құлманов. 1906 жылы тамыз айында II Мемлекеттік Дума шақырылды. Оған Қазақстаннан 14 депутат сайланды, оның алтауы қазақ халық өкілдері болды. Олар: Ш. Қошығұлов – Ақмола облысынан, Х. Нұрекенов – Семей облысынан, Б. Қаратаев – Орал облысынан, А. Бірімжанов – Торғай облысынан, Т. Аллабергенов – Сырдария облысынан, М. Тынышбаев – Жетісу облысынан.
Ұлттық қозғалыстың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған жетекшілері халықтың азаттық қозғалысын конституциялық монархия, либерал –демократиялық реформалар жүргізу үшін күреске бағыттағысы келді. 1905 жылы қазанда ұлттық интеллигенция өкілдері Оралда бес облыстағы қазақтардың делегаттарының съезін өткізіп, онда олардың ұлттық мүддесін қорғауға тиісті Ресейдің конституциялық-демократиялық партиясының филиалын құрмақшы болды. 1906 жылы сәуір-мамыр айларында Семейде қазақтардың екінші съезі болып өтті.
Қазақ еңбекші бұқарасының 1905–1907 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы көп жағдайда ұйымдаспаған түрде өтті.
Алаш қайраткерлері
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866–1937) қоғам және мемлекет қайраткері, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, публицист ғалым, аудармашы. Әлихан Бөкейханов Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпағы (Бөкей-Батыр-Мырзатай-Нұрмұхамед-Әлихан). Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып медресеге оқуға берген, алайда ол оқуды қанағат тұтпай қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепте оқиды. 1879–1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алады. 1886–1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890–1894 жылдары Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезде саяси талас-тартыстарға белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан. Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша өкіметі кезінде қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды және Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырған. 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының екінші съезінде Ә. Бөкейханов Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті. 1937 жылы ату жазасына кесілген.
Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, лингвист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші берген. Торғай мен Орынборда білім алғаннан кейін А. Байтұрсынов Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және 1917 жылға дейін сонда болады. Өзінің сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, редакторы болды. Ресейде патша өкіметі құлағаннан кейін қазақ жерінде «Алашорда» үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, қарсы шықты. 1921–1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Ресейдің солтүстік облыстарына жер аударылды. Кейіннен босап шығып, бірақ қайтадан 1937 жылы қамауға алынып, атылады.
Міржақып Дулатов (1885–1935) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, педагог, қоғам қайраткері. 20-жылдардың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. 1902 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ педагогикалық училищесін бітірген. 1902–1918 жылдары мұғалім болған, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде қызмет еткен. 1917–1918 жылдары «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі ретінде, Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене атсалысты. 1928 жылы репрессияға ұшырап, 1935 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. Міржақып әдебиет пен мәдениетте жаңа демократиялық бағыттың кеңінен орын алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл идея «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағында қуатты ұран болып естілді.
Мұстафа Шоқай (1890–1941) Ақмешіт, қазіргі Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасыр басындағы еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлердің ірі өкілі. Мектепте мұсылманша білім алып, Ташкент гимназиясын, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының өкілі болды. Ұлы Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанды. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанда мұсылман ұйымдары конгресс өткізіп, Түркістан автономиясын жариялады. Шоқай үкімет мүшесі болып сайланып, көп кешікпей ол орыннан кеткен премьер-министр М. Тынышбаевты алмастырады. Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің құрамына да енді, бірақ Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін иммиграцияға кетуге мәжбүр болады. Иммиграцияда жүріп Кеңестерге қарсы идеялық күресін жалғастырады. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі тарихындағы аса ірі қайраткер тұлғаларының бірі Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлинде беймәлім жағдайда қайтыс болды.
Жақып Ақбаев (1876–1934) қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы, қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітірген. 1905–1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында демонстрацияларға қатысып, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйледі. «Степной край» (Омбы) газетінде отарлау аппаратының озбырлығы мен жүгенсіздік әрекеттерін, самодержавиенің халыққа жат саясатын әшкерелеген мақалалар жазып, еңбекшілерді патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен езгісіне қарсы күреске шақырды. 1917 жылы Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Жақып Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылды. 1917 жылы шілдеде Колчактың әскери-далалық соты оны Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты көтеріліске шақырды деген айыппен өлім жазасына кесті, 1929 жылы Кеңестік билік жалған айыптармен қуғындап, Воронежге жер аударды. Халқының бостандығы жолында үнемі қуғын-сүргінге ұшыраған Ж. Ақбаев ауруы меңдеп 1934 жылы қайтыс болады. Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси және құқықтық көзқарастары оның саяси серіктері А. Байтұрсынов және т. б. Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ж. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде публицистикалық материалдар жариялады.
Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1937) қазіргі Алматы облысы Сарқанд ауданы Тынышбаев ауылында дүниеге келген. XX ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш қайраткері, тұңғыш кәсіби-техникалық маман, тарихшы-ғалым. 1900 жылы Верный гимназиясын алтын медальмен, 1906 жылы Санкт-Петербург Жол қатынасы институтын үздік бітірген. 1907 жылы Жетісу губерниясынан II Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланады. Думада патшаның отаршыл саясатына қарсы бағыт ұстанды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалып, Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің зардабын жоюда, қырғыз және қазақ босқындарына көмек ұйымдастыруда белсенділік танытты. Алаштың 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақ съезіне қатысады, 5–13 желтоқсан күндері өткен екінші съезде Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына мүше болып сайланады. М. Тынышбаев Түркістандағы Қоқан автономиясының тізгінін де ұстады. Ол Түрксіб темір жол жобасын жасауға, кейін магистральдің құрылысына белсене араласады. 1937 жылы репрессия құрбаны болды. М. Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, Қазақстан тарихы мен қазақ халқының рулық-тайпалық құрамы туралы құнды еңбектер жазды.
Халел Досмұхамедов (1883–1939) қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алашорда көсемдерінің бірі, дәрігер, ғалым, публицист. 1903 жылы Орал реалдық училищесін үздік, 1909 жылы Санкт-Петербург Императорлық Әскери академиясын алтын медальмен бітірген.
1905 жылдан бастап, саяси күреспен айналыса бастады. «Алаш» партиясына кіріп, Алашорда үкіметінің мүшесі болды. 1918 жылы қыркүйек айында Батыс Алашордасы құрылып, оның басшылығына Жанша және Халел Досмұхамедовтар тағайындалады. Халел Досмұхамедов Алаштың өзге қайраткерлерімен бірге Алаш партиясының жұмысына, Алаш автономиясын жариялау ісіне, Алашорда үкіметін құруға белсене ат салысып, оның басшылары қатарында болды. 1920 жылы Алаш қызметіне тыйым салынған соң Х. Досмұхамедов бүкіл күш-жігерін ғылым-білімге жұмсайды. Алашордаға қатысқаны үшін саяси айып тағылып, 1939 жылы атылған.
Халел Досмұхамедов қазақ ғылымының қалыптасуына орасан еңбек сіңірді. Ғалым соңына медицина, тіл білімі, тарих, этнография және әдебиет жанры бойынша қыруар мұра қалдырды. «Мұрат ақын сөздері», «Исатай-Махамбет», «Аламан» атты жинақтар шығарды.
XX ғасыр басындағы Қазақстан мәдениеті
Оқу ағарту ісі. XIX ғ. аяғы – XX ғ. басында Ресей империясының халыққа білім беру ісі мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесіне көп дәрежеде өз ықпалын жасады. Оқу ағарту ісі айқын таптық сипатта болды, оның Қазақстандағы айырмашылығы ұлттық ерекшелікке орай жүргізілді. Ұлттық мектептер туралы 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң ұлттық мектептердегі және ұлттық шет аймақтардағы бүкіл ағарту жүйесін: 1) әлі аз орыстанғандар үшін, 2) орыстары көп жерде тұратындар үшін, 3) жеткілікті дәрежеде орыстанғандар үшін деп, 3 санатқа бөлді.
Заңды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда әр түрлі облыстарда әр алуан үлгідегі мектептер құрыла бастады. Мәселен, Ақмола және Семей облыстарында – мектеп-интернаттар мен ауыл шаруашылық бастауыш училищелері, Торғай мен Оралда – ауылдық мектептер, болыстық (бір сыныпты), екі сыныпты училищелер, Жетісу мен Сырдарияда — «орыс бұратаналық» мектептер, Ішкі Ордада (Бөкей Ордасында) старшындық және учаскелік училищелер құрылды. Олардың бәрі Халық ағарту министрлігіне бағынды.
Халыққа білім беру саласындағы империялық саясат шеңберінде 1906 жылы тамызда болып өткен III жалпымұсылмандық съезі халыққа білім беру ісі бойынша тұтас бағдарлама жасады. Съезд шешімдерінде былай деп белгіленді:

  1. барлық қоныстарда балалар мен қыздарға міндетті бастауыш білім беретін мектептер ашылсын;

  2. оқыту бір бағдарлама бойынша және араб әліпбиі негізінде ана тілінде жүргізілуі тиіс болды;

  3. мектептерді ұстау земствоның, қала молдасының қарауында, ал басқару мен бақылау мұсылмандардың өз қолында болуға тиіс;

  4. мұғалімдер мен оқушылар құқықтары жөнінен орыс мектептерінің мұғалімдерімен және оқушыларымен теңестірілуге тиіс болды.

1907 жылы Ресей империясында жалпы білім беруді енгізу туралы жоба жарияланды, онда бастауыш мектептер желісін құру көзделді. Жоба бойынша білім беру ісі 7–11 жастағы балаларды қамтуға тиіс болды, бастауыш білім беруді 10 жыл ішінде енгізу жорамалданды.
Нақ осы жылдарда бастауыш білім беру мұқтаждарына қаражат босату туралы заң (1908) және 1909 жылы Халық ағарту министрлігі жанына «мектеп-құрылыс қорын» құру туралы заң қабылданды. Бұл заң актілері мектепте білім беру жүйесін кеңейтті, халыққа білім беру ісінің, соның ішінде Қазақстанның бүкіл аумағында орыс-қазақ мектептерінің (ол кездегі құжаттарда – орыс-қырғыз және орыс-туземдік) кең желісін құруға кейбір дәрежеде жағдайлар жасады.
Ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметі.
Мерзімді баспасөз. XX ғасырдың басына қарай Қазақстанда ұлттық қазақ зиялыларының қалыптасу үрдісі жүріп жатты, олардың бір бөлігі еуропалық білім алғандар еді. 1905–1907 жылдардағы революциядан кейін Ресейдегі мұсылмандардың, соның ішінде түрік халықтарының қозғалысы жаңа қарқын алды. Мерзімді баспасөздің пайда болуы мен дамуына капитализмнің, тауар-ақша қатынастарының, көлік пен байланыстың дамуы да, өлкені одан әрі отарлау да себепші болды. Туып келе жатқан ұлттық буржуазияның үстемдік етуші орыс буржуазиясымен бәсекесі, шетел капиталының енуі білім беру, баспасөз және байланыс жүйесі реформасының қажеттігін туғызды.
Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздің алғашқы басылымдары «Түркістан уәлаятының газетін» (1870–1882), «Дала уәлаятының газетін» (1888–1902) және Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы болды, ал екіншісін Омбыда Дала генерал-губернаторлығы шығарды (1902 жылдан кейін олар Ақмола және Жетісу облыстарының «Ведомостарына» қосымша ретінде шығарылды. Сондай-ақ бұл басылымдар ақпараттық-анықтамалық сипатта болды. Сонымен қатар газет ұйымдарына империяның қамқорлығындағы отарлық өлкенің тұрмыс салтын насихаттау миссиясы жүктелді. Осы мақсатпен ресми емес бөлімде түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен әдебиеті жөніндегі материалдар жарияланды.
Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905–1907 жылдардағы революциның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұловтың бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3–4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған. 1907 жылғы наурызда Троицкіде «Қазақ» газетінің бірінші (әрі соңғы) нөмірі шықты.
Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығының ұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911 жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді «Қазақстан» газеті шықты. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда «Ешім даласы» газеті шығып тұрды.
Алайда таралымы шектеулі бұл газеттер орасан үлкен аймақтың түрлі топтарының өскелең талап-тілегін қанағаттандыра алмады. Жалпыұлттық көлемде мерзімді баспасөз құру бұрынғысынша жалпыұлттық проблема болып қала берді.
«Айқап» журналы. 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872–1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған
«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.
М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқын авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпыұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқтатылуына себеп болды.
«Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстың қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.
«Қазақ» газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, ой-өрісі кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. «Қазақ» газеті 1918 жылы (№№261 – 265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.
XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.
Біртұтас болып біріккен үштік – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білді.
Газетті оның негізін қалаушылар «Қазақ» деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық мақтаныш және бірлік идеясын таратты.
«Қазақ» шын мәнінде бүкілресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделік танытты.
Қазақ әдебиеті. Ресейдегі XX ғасырдың басындағы революциялық қозғалыс ұлттық шет аймақтардың, соның ішінде Қазақстанның да жағдайына әсерін тигізді. Саны аз ұлттық зиялылар осы жағдайды пайдаланып, тәуелсіздік пен бостандық үшін, халықты ғасырлар бойындағы ұйқыдан ояту үшін, қос езгіден: патша өкіметінің отаршылдық бұғауынан және жергілікті патриархаттық-рулық зорлық-зомбылықтан құтылу үшін күрес бастады. Зиялылар халықты тәуелсіздік жолына шығарды, білімді, ғылымды, өнерді меңгеруге шақырды.
XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті дамуының ерекшелігі оның басқа халықтардың әдебиеттерімен байланысы болып табылады. Тарихи жағдай қоғамдық-экономикалық байланыстардың күшеюіне себепші болып қана қоймай, рухани мәдениет саласындағы қарым-қатынас үрдісін жандандыра түсті. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті сол тарихи дәуірдегі халық өмірінің шындығы туралы көркем шежіре болды.
Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен байытқан ақын. Ол қазақ тілінің реформаторы. Ол араб графикасы негізінде әліпби жасады. 1912 жылы басталған бұл жұмыс 1924 жылы «Жаңа емле» ретінде ресми қабылданды. А. Байтұрсынов «Оқу құралы» (1912) және «Тіл құралы» оқулықтарын жазды, олар үш бөлімнен: фонетика, морфология, синтаксис бөлімдерінен тұрады. А. Байтұрсыновтың оқулықтары қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі тілдес дүние үшін де жаңалық болды. Кейініректе ол әдістемелік сипаттағы «Баяншы» (1926), «Тіл жұмсарту» (1928) деген кітаптар шығарды. Әдебиеттану жөніндегі тұңғыш еңбек — «Әдебиет танытқыш» (1926) та Байтұрсыновтың туындысы.
Міржақып Дулатов (1885–1935) — Ахмет Байтұрсыновтың халық бостандығы жолындағы күрес жылдарында да, әдебиет саласында да онымен қатар жүрген серігі. Оның «Оян, қазақ!» (Уфа,1909) жинағы – халық тағдырының проблемалары өткір көтерілетін алғашқы туындылардың бірі.
«Оян, қазақ!» жарыққа шыққан кезінен бастап отаршылдыққа қарсы бағытталған кітап ретінде қабылданды, оның таралымы жойып жіберілді, ал авторы қуғынға ұшырап, талай рет түрмеге қамалды. Алайда бұл ақынды мойытпады, ол өзінің әдеби-көсемсөздік қызметін сол күйінде белсенді түрде жалғастыра берді. Бұл кезеңде ол «Бақытсыз Жамал» романын (Орынбор, 1910), «Азамат» (Орынбор, 1913), «Терме» (Орынбор, 1915) деген жинақтарын шығарады. 1913 жылдан бастап Орынборда тұрақты тұрып, Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығарады.
М. Дулатов орыс және шетел классиктерінің (Пушкин, Лермонтов, Шиллер, Тоқай) бірқатар туындыларын аударды. Дулатовтың қазақ көсемсөзін дамытуға да қосқан үлесі баға жеткісіз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) – тәуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мәдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, әділетсіз өмір бет пердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін туындылар жазды. Отаршылдыққа қарсы күрескен бауырларына ынтымақтастық ниет көрсете отырып, С. Торайғыров «Таныстыру» деген поэмасында (1918) Дулатовты, Байтұрсыновты, Бөкейхановты «күн», «таң», «ай» деп атайды.
Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетін оның көркемдік-эстетикалық дамуы тұрғысынан байытты. Бұлармен қатар ол қазақ әдебиеті үшін жаңа жанрларды қалыптастыру мен дамыту ісінде біраз іс тындырды. Оның өлеңмен жазылған «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, лирикалық өлеңдері, көсемсөздік, сын мақалалары оның көркемдік ізденістерінің сан қырлы және жан жақты болғанын ашып көрсетеді.
Үгіттік-ұраншыл өлеңдер шеңберінен шығып, ол табиғат және адамның ішкі дүниесі туралы тереңдігі мен көркемдігі жағынан тамаша лирикалық өлеңдер туғызды. Ақын әлі де феодалдық-патриархаттық негіздердің шырмауында қалып, қараңғылық пен надандық күн кешкен қазақ қоғамы дамуының өткір әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете білді («Кім жазықты»). Оның уақытты, дәуірді философиялық ой елегінен өткізуге құрылған поэмалары лирикалық-публистикалық поэма жанрының жаңа да жарқын үлгілері болды. Қазақ әдебиетінде Абай негізін қалаған реалистік өнердің жоғары үлгілерін біз Сұлтанмахмұттың шығармашылығынан таба аламыз.
Қазақ әдебиетінің сыншыл бағытын дамытуда, көркемдік құралдар арқылы ағартушылық идеяларын асқақтатуда Шәкәрім (1858–1931), Сәбит Дөнентаев (1894–1933), Мұхамеджан Сералин (1872–1929), Спандияр Көбеев (1878–1956), Бекет Өтетілеуов (1883–1949), Әріп Тәңірбергенов (1856–1924), Ғұмар Қарашев (1876–1921), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882–1939), Бернияз Күлеев (1899–1923), Нарманбет Орманбетов (1870–1918) және басқалар шығармашылығының ерекше маңызы болды.
Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде (1914–1918)
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылы 19 шілдеде (1тамызда) басталды. Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасын құлдырауға әкеп соқты. Ауыл шаруашылығында өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы жер көп болған, егіншілікпен оны жақсы меңгерген және орыстың қоныс аударушы шаруаларынан тәжірибе алған халық айналысқан аудандарда бәрінен де жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеп соқты. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады.
Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы бірінші кезекте жайылымдық алаптарды одан әрі тартып алу салдарынан зардап шекті. Бұл мал санының азаюына әсер етті. Қазақтардан тартып алынған жерлерде капиталистік үлгідегі ірі мал өсіретін шаруашылықтар құрыла бастады. Соғыс жылдарында мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Патша өкіметі соғыс қажеттері үшін жергілікті халықтан түйе, жылқы, сиыр, жинады. Мал санының қысқаруы ең алдымен қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Осының салдарынан соғыс тапсырыстары көбінесе орындалмай қалатын.
1916 жылғы көтеріліс кезеңінде патшалық өкімет орындары қазақ халқына арнайы контрибуция салды, оның бүкіл ауыртпалығы еңбекші бұқараның мойнына түсті. Көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамастан олардың мүлкі мен малы тартып алынды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру болды. Мыс рудасын негізінен «Спасск мыс рудалары», акционерлік қоғамы «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамдары өндірді.
1915 жылғы қыркүйектің ортасында 80 адамнан тұратын Жетісу әскери-өнеркәсіп комитеті құрылды. Жылдың аяғына қарай Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және уездік әкімшілік орталықтарының көпшілігінде ӘӨК (әскери-өнеркәсіп комитеті) құрылды.
Қазақстандағы ӘӨК құрамына қарағанда, оларда көбінесе буржуазияның өкілдері болды, облыстық ӘӨК комитеттерінде армия, жабдықтау және интенданттық сұраныс керек-жарағымен, кәсіпорындарды жұмыс күшімен және отынмен, медициналық қызмет көрсетумен айналысуға тиісті 5–7 бөлім болды.
Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайды. Өлкедегі шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арналған сұрғылт армия шұғасын дайындай бастады. Соғыс армияны консервіленген ет өнімімен тұрақты жабдықтауды қажет етті. Бұл жылдарда Петропавлда ет-консерв комбинаты, Оралда армия интенданттығының тапсырыстары бойынша жұмыс істеген мал соятын орын салынды.
Кәсіпшіліктерден ең көп таралғандары балық аулау, тұз өндіру және тасымалдау кәсіпшіліктері болды.
Соғыс жылдарында патша үкіметі қазақтардан жерді тартып алуды жалғастырды. Ауылдың ең кедей бөлігі бұрынғысынан да зор қайыршылыққа түсіп, біржола күйзелді. Малынан, жерінен айырылып, кулактар мен байларға батырақ болған немесе өнеркәсіп орындарына, кеніштерге, кен орындарына күнкөріс іздеп кеткен қазақтар саны барған сайын көбейе түсті. 1917 жылға қарай Семей облысында ғана 17 мыңға жуық батырақ қазақтар тіркелген.
Әр түрлі алымдардың 10-ға тарта түрі болды. 1916 жылы 3 миллиард сомға жаңа мемлекеттік заемға жазылу науқаны жүргізілді, ол да қазақ халқының мойнына ауыр салмақ болып түсті. Соғыс басталуына байланысты қазақ халқына тағы бір ауыртпалық: әскери салық салынды, ол әскери міндеткерлік атқармайтындар ретінде қолданылды. Сонымен бірге отаршылдық әкімшіліктің қысымымен қазақ халқына майданға көмек көрсету үшін әр түрлі ерікті қайырымдылық жасау міндеттелді.
Соғыс жылдарында кедейлер мен орташалардың жағдайы нашарлады. Запастағы шен иелері отбасыларының жағдайы өте ауыр еді, олар не кулактар шаруашылығында батырақтар болуға немесе табыс табу үшін өнеркәсіп орталықтарына кетуге мәжбүр болды. Қазақстанда әкімшілік-полициялық езгі жыл өткен сайын күшейтілді.
1916 жылғы 9 қыркүйекте Министрлер кеңесі Сібір мен Дала және Түркістан өлкелерінің облыстарында полициялық күзет енгізу туралы мәселе қарады. Соғыс жылдарында халық бой көрсетулерінің кең таралған нысаны «әйелдер бүліктері» дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсы бой көрсету деп қарады. Солдаттар бұқарасының бой көрсетулері жергілікті әкімшіліктің жазалау шараларын қатайтуына әкеп соқты. Көтерілістерге қатысқаны үшін, ереуілдер ұйымдастырғаны және басқа әрекеттер үшін өлім жазасы енгізілді. Халық бұқарасының соғысқа және патша өкіметіне қарсы қозғалысы 1915 жылдың екінші жартысында ерекше күшейді. 1916 жылдың басында майданнан революциялық күрес тәжірибесі бар жұмысшылар қайтып орала бастады. Жұмысшы қозғалысы қайтадан өрістей бастады. Семей қаласында еңбекшілердің ерекше бой көрсетуі болып өтті. Онда 1916 жылғы 19–20 қарашада 17 дүкен қиратылды. 1916 жылдың екінші жартысында жұмысшы қозғалысының дамуына қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы зор ықпал жасады. Тыл жұмыстарына шақыруға қарсы көтеріліспен байланысты Қазақстанның кең кәсіпорындары мен темір жолдарында жұмысшылардың ірі толқулары атап өтілген. Бұл толқулар жұмысшы қазақтардың жұмыстан жаппай кетіп қалуына ұласты. Жұмысшы қозғалысын басуға тырысып, өкімет орындары үш айға дейін түрмеге қамауға немесе 3 мың сомға дейін ақшалай айыппұл салуға қатаң шаралар қолданды. 1916 жылдың орта шеніне қарай кедейлер әбден ашынған жағдайға жеткізілді. II Николай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыстарына алуы туралы жарлығы Қазақстанның барлық облыстарындағы көтеріліске ұшқын түсірді.
1916 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыс халықтың барлық топтарын қамтыды: өнеркәсіп орындарының, кеніштер мен кен орындарының жұмысшылары ереуілдер жасады, қалалар мен селоларда дүкендер мен дүңгіршіктерге ойран салынды, Қазақстанның бүкіл аумағы ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.
Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды.
Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметіне сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Ақтөбе даласында – Әділбек Майкөтов, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.
1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.
Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды.
1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі – Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент – тараншы болысының Городское селосындағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды.
Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі – Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жарлығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды.
Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүрді. Көтерілісшілердің жасақтары жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға кетті. Жетісудағы көтеріліс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды.
Көтерілістің ең бір күшті болған орталығы Торғай облысы еді. Мұнда көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды.
Торғай уезінің қыпшақ руының қазақтары өздерінің ханы (әмірі) етіп Нияз бидің немересі Әбдіғапар Жанбосыновты сайлады. Ал оның әскерінің бас сардарбегі (әскер қолбасшысы) болып Амангелді Иманов тағайындалды. Арғын руының болыстарын Оспан Шолақов басқарды.
Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде, кедей шаруаның семьясында туған. Әкесінен ерте айырылған Амангелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен-ақ жоқшылық пен мұқтаждық көрді. Амангелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Көтерілісшілердің штабы (орталығы) Торғай даласының қиыр түкпірінде, Батпаққара маңында орналасты. Ол отрядтарын 10, 50, 100 және 1000 адамнан құралған топтарға бөлді. Олардың басына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды.
1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісшілер Торғай қаласын қоршап алды. Бірақ олар қаланы ала алмай, қоршау бірнеше күнге созылды. Амангелді бастаған көтерілісті басу үшін патша үкіметі генерал А. Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқанын естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Жазалаушылар көп шығынға ұшырап, көтерілісшілер қатарын әрең бұзып өтіп, 16 қарашада Торғай қаласына келіп кірді.
Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге қашықтап шегініп, Батпаққараның төңірегіне жиналды. Мұнда соғыс қимылдарына басшылық ететін кеңес құрылды. Амангелді Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды.
Бірақ қыстың ерте түсуі көтерілісшілердің қимылын қиындатты. Көтерілісшілер өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, алыс жерлерге жертөлелер салды, киіз үйлер тікті. Сөйтіп, 1917 жылдың басынан бастап, А. Иманов күресті әрі қарай жалғастыруды көздеді.
Патша жазалаушылары мен Амангелді Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғаса берді.
Торғай облысында Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған большевик Әліби Жанкелдин еді. Ол 1884 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысында кедей семьясында туған. 1902 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, ол Қазан семинариясына оқуға түсті. 1905 жылы Қазақ студенттерінің революциялық қозғалысына қатысқаны үшін, семинариядан шығарылды. 1906 жылы революциялық қызметі үшін, оны осының алдында ғана оқуға түскен Мәскеу семинариясынан шығарды. 1915 жылы большевиктердің Петроград ұйымы оны партия мүшелігіне қабылдады.
Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көптеген аудандарда көтеріліс антифеодалдық сипат алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарды. Көтеріліс патшаның малайлары ретінде феодалдық рулық жоғары топтың шын сиқын қазақ шаруаларына айқын көрсетіп, ауылдағы тап күресін жаңа сатыға көтерді.
Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді. Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интелегенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алғанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы — Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты. Ол империядағы саяси және әлеуметтік дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды, әскери-феодалдық және әскери отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты.
Қазақстан 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде
1917 жылдың басында Ресейдің революциялық жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді. Өлке халқының арасында революциялық өрлеудің өрістеуіне бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қазақстан жеріне айдалған Австрия-Венгрия мен Германия соғыс тұтқындары да елеулі әсер етті. 1917 жылы олардың жалпы саны 41.285 әскери адамды құрады. Бұлардың басым көпшілігі Омбы, Ақмола, Павлодар, Семей уездерінде орналасты.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.
Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Революцияшыл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.
Қазақстанда кеңестер 1917 жылы наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т. б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының кеңестерімен қатар сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Бұл кеңестерде көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды. Сонымен бірге буржуазиялық уақытша үкіметтің жергілікті органдары 1917 жылы наурыз-сәуір айларында құрылды. Бұлардың басында бұрынғы патша өкіметінің отарлаушы шенеуніктері, қанаушы таптардың өкілдері тұрды.
Ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы және «Алаш» партиясының құрылуы.
Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездік комитеттері де ұйымдастырылды. Оларға комиссарлар болып ұлттық интеллигенцияның өкілдері, атап айтқанда, Торғай облысында Ә. Бөкейханов, Жетісу облысында М. Тынышбаев, Түркістанда М. Шоқаев, т. б. тағайындалды.
Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары кулактарға, қазақтардың басшы топтарына, қазақ ауылдарының бай-манаптарына арқа сүйеді. Олар жұмысшылар мен еңбекшілердің революцияшылдық шабытын әлсіретуге тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді, бұқараны империалистік соғыстың ауыртпалықтарын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалды, орасан зор жер иеліктері мен орыс-казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сақталды, қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы Қоныс аудару басқармасы өз қызметін өзгертпеді. Сөйтіп, Уақытша үкімет Қазақстанда бұрынғы патша өкіметінің саясатын одан әрі жалғастырды.
Патша өкіметі құлатылған соң, Қазақстан большевиктері астыртын жағдайдан шықты. Большевиктік партияның қатарына С. Сейфуллин, Б. Серікбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев және басқалары кірді.
Ақпан революциясы жеңгеннен кейінгі Қазақстан жұмысшы табының елеулі табысы – кәсіпшілер одақтары ұйымдарының құрылуы еді. Олардың қалыптасуында Орынбор-Ташкент теміржолшыларының Қүрылтай съезі және Омбы темір жол жұмысшылары мен қызметкерлерінің бірінші съезінің үлкен маңызы болды. Бұл съездердің күн тәртібінде бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер қаралды. Олар: Уақытша үкімет пен соғысқа көзқарас, 8 сағаттық жұмыс күні, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары Кеңестеріне қатыстылық, контрреволюциямен күрес, Құрылтай жиналысына қатысу, пенсиямен қамтамасыз ету және т. б. мәселелер.
Осы кезде Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей т. б. қалалары оқу орындарының қазақ жастары алғашқы кезде мәдени-ағарту істерімен шұғылданған жастар үйірмелері мен ұйымдарын құрды. Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкіде «Үміт» деп аталатын және басқа жастар ұйымдары, 20 шақты үйірмелер мен топтар пайда болды. Бұл ұйымдардың белгілі бір бағдарламалары болмады, әлеуметтік құрамы жағынан да біркелкі емес еді. Алайда, олар қазақ халқын патша өкіметінің ұлттық орталық езгісінен азат етуді шын пейілдерімен қалады, өз халқының білім алуын талап етті, еңбекшілердің санасында ұлттық бірлік, бостандық пен тәуелсіздік идеяларын оятуға ұмтылды. Солардың бірі Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» еді. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді. Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда болған «Бүкіл қырғыздық» съезде «Алаш» партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде қазақтың автономиясы – Алашорда Үкіметі – Ұлт Кеңесі құрылды. «Алаш» партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Олар:

  1. Ресейдің демократиялық федерация болып жариялануы туралы;

  2. Ресей құрамында Қазақ ұлт автономиясын құру;

  3. Халықтар арасында тең құқықтық орнату;

  4. Дін туралы, дінді мемлекеттен ажыратып шығару;

  5. Елдегі билік және сот туралы;

  6. Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру;

  7. Халықтың табысына қарай салық салу;

  8. Жұмысшылар туралы;

  9. Ғылым және білім туралы;

  10. Жер мәселесі.

Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық Кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді.
1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.
Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы – ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі – Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зорлық-зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.
К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісін талдаудағы кеңес тарихнамасының тұжырымдамалық парадигмасы
1837-1847жж.қазақ халқының ұлт-азаттық күресін зерттеу күрделі және қайшылықты эволюцияны басынан кешті
1837-1847жж.қазақ халқының ұлт-азаттық күресін зерттеу күрделі және қайшылықты эволюцияны басынан кешті. Көбінесе бұл К.Қасымұлы қозғалысы қазақ халқының патшалықтың үстемдік құру кезеңінде қарсы шыққан басқа да көтерілістер сияқты, Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі тарапынан қарастырылуына байланысты болды. Қазіргі уақытта, ресейге қосылу факті тарихи әдебиетте жаулап алу, кіру, бейбіт және әскери отарлау, бағыну деп бағаланды, метрополиямен күрес ұлттық формаларын зерттеуге де жаңа тәсілдер қажет. Бұл көтеріліс, қозғалыс, соғыс, революция болса да соңында міне осы қарсылық формасы болып табылады, сонымен қатар қазақ этносы өзінің еркіндігі мен мемлекеттік тәуелсіздігін сақтауға тырысқан құрал. Олай болса, халықтың ұлт-азаттық күресі — ең алдымен бұл объективті құбылыс, ол тіпті ішкі әскер салдарынан болса да. Бұдан қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихының үздіксіз зерттелуі Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті, яғни «ең аз жауыздық» немесе негативті болды ма деген көзқарасынан кеңестік тарихшылардың концепциялары бойынша «еңүлкен жауыздық» делінді деген қорытынды жасауға болады. Осындай жағдайда мәселенің саясилануы мен идеологиялануы болады, бұл оның объективті түрде анықталуына жағдай жасамайды.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың объективсіз зерттелуіне кеңестік дәуірдегі тоталитаризм кезеңіне «ұлтшылдық» терминіне негативті бояу беруі үлкен әсер етті. Бұдан шығатыны егер халықтың қарсылық қозғалысы ұлт-азаттық болса, онда ол сөзсіз «ұлтшыл», ал оның көшбасшылары — «ұлтшылдар». Осы жағдайда профессор А.А.Айталиевтің талқылауы аса көрнекті: «КСРО-да қуатты ұлттық қозғалыстардың пайда болуы мен дамуы, оның құлауы және жаңа мемлекеттердің пайда болуы ұлтшылдық пен ұлттық қозғалыстардың дәстүрлі амалы мен дәстүрлі интерпретациясын өзгертеді. Көбінесе, «ұлтшылдық» түсінігін кеңестік мағынада, яғни негативті жоспарда ғана емес, мазмұны әр түрлі болатын объективті процесті білдіретін әлемдік ғылыми дәстүр мағынасында белгіленген — бейтарап түсінік ретінде қолдану қажеттілігі туындайды. Марксизм ұлтшылдықты шиеленістермен және соғыстармен бірге жүретін ұлттық дамудың жанама салдары деп қарастырады... Қазіргі түсінік бойынша қазақ ұлтшылдығы «қазақ халқының ұлттық-патриоттық қозғалысы» түсінігінің синонимі болып табылады. Қазақ ұлтшылдығы өз-өзін қорғау түйсігі, империялық басқаруға табиғи реакция, сондықтан қорғанышты сақтайтын сипатқа ие. Уақытша аспектіде батырлық өткен оқиға алдында бас июдің көрінуі, қазіргі заманды сыйлау және болашақта жетістікті армандау».
КСРО ҒА тарих Институты Ғылыми кеңесі отырысындағы талқыланған Е.Б. Бекмаханов кандидаттық және докторлық диссертациясы стенограммасы сталинизм идеологиясы басталғаннан кейінгі және дейінгі Қасымұлы қозғалысы мен тұлғасы үлкен қызығушылық туғызады.
Е.Б. Бекмахановтың кандидаттық диссертацияны қорғау кезіндегі бір сөзінде, былай деген болатын: «Кенесары Қасмұлы көтерілісі айқын антиотарлық сипатта болды. Бұл қазақ халқы тарихында үлкен прогрессивті рөл ойнады... Бұл мектептен Амангелді Иманов, атасы, әкесі және Кенесары Қасымұлы көтерілісіне қатысқан барлық туыстары шықты. Осы көтерілістің дәстүрлері Кеңестік билікке қарсы күрескен қазақ халқының кейінгі ұрпақтары азаматтық соғыс жылдарында қолданды» [1, 224 б.]. К.Қасымұлы әрекетінің алға басушылығын Е.Б. Бекмаханов үш фактормен көрсетті: 1. Ресей боданындағы Қазақстанның егемендігін талап ету. 2. Кенесарының қазақ халқын біріктіріп, ұлттық мемлекет құруға ұмтылуы. 3. Қазақ халқы ұлт-азаттық тарихында ең ұзаққа созылғаны болып, бұл қазақ жерінде орыс патшалығының қанау мерзімін созды және әрі қарайғы күреске қазақ бұқарасына әскери дайындық болды«. Сол уақыттың өзінде Е. Бекмаханов К.Қасмұлы қозғалысына арналған революциядан кейінгі авторлар зерттеулерінде орын алған екі тенденцияны анықтап берді. «Олардың біреуі тұрпайы-социолистік көріністен қорытынды жасай К.Қасмұлы көтерілісін ол феодал және хан болғысы келгендіктен ғана кертартпа деп есептеді. Келесі тенденция, буржуазиялық-ұлтшыл авторлар зерттеулерінде орын алған, Кенесарыны революционер және демократ деп есептеді» [1, 224 б.].
К.Қасымұлы қозғалысы мен тұлғасының тоталитаризмнің идеологиялық құрылымы мәтініне сәйкес келмеуі туралы ережелер мен сұрақтарды жан-жақты қарастыру қисынды. Тағы бір жағынан оларға соғыстан кейінгі зерттеушілер сөздерімен, сонымен қатарқазіргі заманғы көзқарас тұрғысанан жауап беріп көрейік.
1. К.Қасымұлы қозғалысы ұлт-азаттық және прогрессивті болды
ма, әлде қазақ халқының ұлттық мақсаттарына қатысы жоқ сұлтанның өзімшіл әрекеті болды ма?
Е.Б. Бекмаханов К.Қасымұлы қозғалысының феодалдық негізін жоққа шығарған жоқ: «Кенесары құрған мемлекет — феодалды мемлекет болды. Мұның себебі, қазақ қоғамының өндірістік қатынастарының феодалдық негізі Кенесары қайта жасауымен өзгерген жоқ. Өндірістік қатынастың феодалдық сипаты Кенесары арқылы күшее түсті. Ол Қазақстан территориясын өзінің хандық тұқымының меншігі деп қарады, ол жайында өз сөзінде бірнеше рет атап көрсетті». Сонымен қатар ресми иедологияның жақтаушылары Кенесары хандық билікті және өз ата-бабаларының орта ғасырлардағы тәртіптерін қалпына келтіргісі келіп, Қазақстан Ресей боданынан қайткен күнде де алып шыққысы келді деп есептеді. Сонымен бірге олар Ш.Уәлихановтың сөзіне шағым түсірді: «Оның балаларға қоятын міндеті, оның әмір темірлің саясатының жалпы сипатын көрсетеді: ол (Аблай) қырғыз тайпаларының руаралық істерін толық шешпеуге кеңес береді, өйткені келіспеушілік және алауыздық қана хандық биліктің берік тірегі болады».
XIXғ. Бірінші ширегінде қазақ билеуші тобы әрбір қадам сайын өздерінің саяси ұстанымын жоғалтып, қазақ мемлекеттілігінің белгісі болып табылатын хандық билік жойылғанын мойндауға ресми режимге тиімсіз болды. Кенесары Қасымұлы сол кездеге тарихи жағдайды ескерсек қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруға тура келді.
2. Кенесары Қасымұлы орталықтандырылған мемлекет құру міндетін
қойды ма? Бұл міндеттің орындалуы қаншалықты айқын болды, әлде бұл «бүлікшіл қырғыз сұлтанының» күдікшіл іс-әрекеті ме? Оның ішкі саясаты қандай болды?
Академик Н.М. Дружинин айтқандай: «Кенесары алдына мынадай міндет қойды — қазақ халқының бөлшектелуін тоқтату, орталықтандырылған қазақ мемлекетін құрып, оларды біріктіру, яғни, Қазақстанның көптеген тарихи қайраткерлерінің қолынан келмеген ғасырлық мәселені шешу. Патшалық билік феодалдар арасындағы алауыздықты үнемі тұтандырып отырды. Кенесары Қасымұлы бұл құбылысты бір жола жойғысы келді» [2, 56 б.].
Шынымен де, Бекмаханов мен Кенесары Қасымұлына деген ызалы орынсыз шабуылы кезінде сталиндік идеологияның жақтаушылары орталықтандырылған мемлекет құру феодализмнің тарихи даму процесіндегі прогрессивті қадам екенін жіберіп алды. Сондықтан бір жағынан орталықтандыру идеясының жүзеге асуы немесе іске аспайтындығы туралы сұрақ қою қисынсыз, ал екінші жағынан бұл идеяның кертартпалығы. С.В. Бахрушин айтуынша феодалдық бытыраңқылық жағдайында Тәуке, Абылай, Кенесары сияқты хандар қызметі маңызды болып табылады. Кенесарыға қысым және патшалықтың араласуы жағдайында әрекет етуге тура келді, сондықтан оған төтенше жағдайларға баруға тура келді. «Феодалдықмемлекет қ .руда, әрине, көп таптық қатаңдық бар. Егер біз осы көзқараспен Ресейді жабайы әдістермен әрі бері лақтырған Иван III, Иван IV, Ұлы Петр қызметтерін талқылайтын болсақ, бізде қатаң сын пайда болады: Иван IV ірі феодалдардың күшін әлсірету үшін бірнеше шаруа ауылдарын өртеп, шаруа малдарын жайратып жіберді. Ол ойланбастан өз қожаларының биліктерін қолдаған феодалдарды бүкіл аймақ алдында өлім жазасына кесті. Феодалдық жағдайда мұндай қатаңдықтан қашып құтылу мүмкін емес. Егер біз бұл жағдайларға мемлекетті ұйымдастырған феодалдардың альтруистік көзқарасы тұрғысынан қарасақ тарихшы болмас едік».
3.Кенесары Қасымұлы жаппай көтеріліс болды ма, немесе Кенесары, қазақ руларын өзіне күштеп қосты ма?
Ресми тарихнама бұл сұрақты түсіндіруде түрлі бояулар қолданылды: «Кенесары есауылдары мен төлеңгіттерінің азулы топтары бейбіт ауылдарды ойрандап, малдарын тартып алып, адамдарын жайратып далада кезіп жүрді. Қазақ халқының табын, арғын, қыпшақ және т.б. рулары талқандалды. Солтүстік және Орталық Қазақстанның бірнеше ауылдары Кенесарының азулы шабуылы салдарынан бүлінді. Мыңдаған шаруашылықтар үйсіз-күйсіз, малсыз қалып ашаршылық өлімге ұшырады». Осы дәлелдерді нақтылау үшін оқиғалық құрамның жалпы мәтінінен алынған құжат үзінділері алынды, келешекте объективті анализге және сынға ұшырамады. Кенесарының қатыгездігі туралы сілтемесеі және түсініктері жоқ деректер дәлел ретінде мысалға келтірілді. Мысалы, А. Якуниннің «XIXғ. 30-40 жж. Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаттамасын бағалау сұрақтары бойынша» мақаласында нақтыланған сілтемесі жоқ дәлел келтіріледі: «Бұл «адамгершілігі мол хан» «бағынбайтын» қазақ руларына рақымсыз және қаныпезерлі қорқытулар қолданды. Мысалы,, «Кенесары тұтқынға алынған Бабыр батырды белдеме етін кесіп алып, қуырып, өзіне жегізуге бұйрық берді» [3, 48 б.].
Қозғаушы күштердің, К.Қасымұлы көтерілісінің әлеуметтік базасының бұқаралығы туралы сұрағына келетін болсақ, бірінші қарағанда оңай болғанмен, бұл өте қиын сұрақ. Сол уақыттағы тарих ғылымы дамуының деңгейі бұл сұрақты толық шеше алмады, бұл қазіргі уақытта да өңделмеген және аса өзекті мәселе болып отыр. Тек 80-жылдары ғана дәлелдердің толық болуынан және жаңа әдістер қолдану арқылы шаруалардың әлеуеметтік-саяси қарсылығы мәселелерінің өңделуіне мүмкіндік болды. Н.М. Дружинин бұл туралы былай деді: «Бұл жерде мәселе кең етек алды, Ресейдің, Хиваның, Қоқандтың жан-жақтан келіп жатқан ішкі күштерінен қазақ халқының саяси жекеленуі. Сонымен қатар жер туралы сұрақ үлкен маңызға ие болды, еңбек етуші шаруалар және феодалдар жайылымдарын жоғалтып жатырмыз деп ойлады. Көшпелі мал шаруашылығынан егін шаруашылығына өту керек деп айтты. Тарихта мұндай үлкен өзгерістер оңай болмайды, тіпті бұл қозғалыстың жетекшілерінің өзі біз сияқты бұл қажеттілікті айқын ұғына алмады. Бұл жерде жер үшін, ұлттық бірлік үшін күрес болды. Сондықтан бұқара халық Кенесары Қасымұлын қолдады. Қарсы пікір беруші жолдастар қандай нұсқау берсе де, қозғалысқа қатысқан қазақ руларының саны аз болса да, бұқара халық тарапынан қолдау болмады деп айта алмаймыз және олардың күш көрсету арқылы ғана көтерілісті қолдады деп айту миға қонымсыз. — Неге, өз пайдасын ғана ойлаған басқа феодалдар бұқара халықты өзіне тартып қазақ жерінде үлкен және ұзаққа созылған көтеріліс ұйымдастыра алмады. Қазақ фольклоры қойнауынан қандай болсын іздеулер жүргізсек те Кенесары Қасымұлы ұмыт болып қалды деп айта алмаймыз, Кенесары Қасымұлы қалың бұқара халық үшін солтсүтіктен оңтүстікке қарай жылжып келе жатқан жауға қарсы шыққан күрескер батыр деп білгенін айтпай кете алмаймыз» [2, 63 б.].
4. Кенесары Қасымұлының халықаралық байланысын және Қырғыз еліне
жорығын қалай бағалауға болады?
Кенесары Қасымұлы мен Ермұхан Бекмаханов идеологиялық әлемі уақытындағы халықаралық байланыс туралы сұрақ кінәратты сұрақтардың бірі болып есептелді, себебі, Ресейге жау болып есептелген оқиғалар Қазақстанда да солай қарастырылды. Мысалы, қазақ-ортаазиялық қатынас Ресейден Қазақстанды күшпен алу көзқарасынан қарастырылды. Бұл сұрақта тоталитаризм жақтаушылары өздерінің дәлелдеріне құптауды революцияға дейінгі авторлардан тапты. Көбінесе, Н. Середа еңбектерінің цитаталары мысалға келтірілді: «Кенесары сұлтан Қайсақ бостандығын құтқаруды қырғыз ордалары Хиуа хандығымен қосылғанда ғана көретінін білді. Хиуалық биліктегі қайсақ ханы атағын алғанда, ол Хиуаға зекет төлеп, соғыс кезінде әскеріне көмек беретін оның құлы ғана болытынына сенімді болды. Кенесары басқа жағдайларда өз бетімен билеп төстеуші рөлін ойнаймын деп ойлады. Орда Хиуамен қосылғанда пайда болатынын толық бағалап, Кенесары өзінің өжет шабармандары арқылы Ресей отаршылдығына қарсы шығып Хиуа хандығын мойындауға шақырған үгіт қазағаздар таратты» [4, 151 б.].
Сталинизм идеологиясы орнау кезеңіндегі Кенесары мен Қытай қарым-қатынасы туралы ресми тарихнама мына дәлел белгіледі, 1847 ж. патша әскері ығыстырған Кенесары өзінің төлеңгіттер әскерімен қытай шегарасына келіп, Қытай жағына өту үшін қытай үкіметімен келісімге келу әрекетін жасап көрді. Осы мақсатпен ол қытай үкіметіне немере інісі Құдайменді мен екі биді Қытай қол астына өтуге және қытай жерінде көшіп жүруге рұқсат сұрап келуді аттандырды, қытай үкіметі оларға былай деп жауап берді: «Қытай қол астына ала алмаймыз, қайдан келді, сонда барып өзінің ақ патшасынан кешірім сұрасын, оның ол астындағы қашқындарды қабылдайтын ойымыз жоқ». Қазақстанға өзінің саяси билігін орнатқысы келетін келешектегі ұлы империялар ретінде олар өздері арасында бейбітшілікті сақтап қалғылары келетіні туралы мүлдем сөз қозғалмады. Қазақ-жоңғар соғысы уақытындағы жағдай тағы да қайталанды.
Тарихнамада Кенесары Қасымұлы қозғалысымен қатысты толық өңделмеген сұрақтар қатарына оның Қырғыз елімен және қырғыз манаптарымен қарым-қатынастары сұрақтары жатады. Профессор С.В. Бахрушин Қырғыздармен күрес сұрағын Е.Б. Бекмаханов пен басқа зерттеушілер сияқты жалаң шеше салуға болмайды деп айтты. «Манаптармен қақтығыс болып жатқандаймыз — бұл дұрыс емес. Бұл құбылыс одан да күрделірек. Бұл белгілі қарама-қайшылығы бар құбылыс. Манаптар өз халқын Кенесары тарапынан келетін шабулға қарсы күресті басқарды. Кенесарыны олар басқа халықтан шыққан жаулаушы ретінде қарастырды. Кенесары тіпті феодалдық күрес жағдайында да феодалдық қайшылықтан жоғары көтерілуге тырысты. Егер ол хан ретінде феодалдық бағыныштылық формасында бірігуді ойласа, онда феодалдық жағдайда басқаша болуы мүмкін емес» [1, 230 б.].
Тоталитаризм идеологтары көзқарасы бойынша Кенесары Қырғыз еліне қырғыз елінің ханы болғысы келіп, басып алғысы келді. «Қырғыз халқы оны хан ретінде мойындаудан бас тартып, бүкіл халықпен бірігіп оған қарсы шықты. Осыдан кейін Кенесары оларға ауыр жаза қолдана бастады. Ол ауылдарды өртеп, тонады, су қайнап жатқан қазанға балалар мен әйелдерді тастап өлтіре бастады. Қырғыз халқының осы жаулаушы және қанаушыға қарсы жалпыұлттық соғысының себебін Кенесарының жауыздық саясатынан іздеу керек. Бұл күрестің қорытындысын манаптар емес, қырғыз ұлттық бұқарасы шешті. Кенесарыны тұтқынға Колча атты қарапайым қырғыз алды. Қырғыз әйелдер Кенесарыны оларға жазалауға беруді сұрады, олар оның басын кесіп, бөшектеп тастады. Кенесарымен бірге оның жақтастары мен төлеңгіттері де қаза болды». Бұл туралы С.В. Бахрушин сөзі: «Бұл күресте мен патша үкіметінің рөлін төмендете алмайым... Шешуші сәтте қырғыздардың жеңісіне көмекке орыс әскері келді. Бұл нақты факт» [1, 230 б.].
Қазақ-қырғыз қатынастары мәселелері мен Кенесары Қасымұлының Қырғыз еліне жорығы мәселелерін зерттеуде зерттеушілер арасындағы қарама-қайшылықтар жөнінде академик М.К. Қозыбаев былай деп жазды: «М.О. Әуезов классикалық шешім берді. Кенесары қазақтар мен қырғыздарды біріктіріп ортағасырлық ортаазия хандықтары мен Ресей империясны қарсы шығуды көздегенде ол Кенесарының жақтаушысы. Бірақ Кенесарыны ағайындылар бірін-бірі өлтіре бастағанда айыптайды. Қазақ-қырғыз соғысы кезеңінде қозғалыс азаттық сипатты жоғалтып алды».
Қазақтар мен қырғыздар арасындағы ағайындылар соғысы тақырыбы өзектілігін жоғалтпауда. Бұл тұрғыда А.Ш. Махаева зерттеулері қызығушылық тудырады. өркениеттік анализ тұрғысынан зерттеуші бұл мәселені қазақ және қырғыз халықтарының Ресей отарлау саясатына қарсы біріккен күрес деңгейіне көтереді. Әрине, екі халық арасында орын алған өкпе-реніш, өзара әрекеттенулері болды. Дегенмен, автордың айтуынша, қырғыздар Кенесарыны өлім жазасына кескен кезде де, Кенесары қарындасы —Бопай, Тезек төре, ақын Сүйінбай және басқа көрнекті тұлғалар қырғыз бен қазақ арасындағы бірлікті сақтап қалуға тырысты [5, 26 б.].
Калпана Сахни айтқандай: «Орыс емес ұлт өкілі екінші дәрежелі болды және үндемеуге мәжбүрледі. Партия бағытына сәйкес келмейтін бұрынғы тарихи жұмыстар кітапханалардан алынып, ресми рұқсат етілген зерттеулер ғана қолжетімді болды. Сталиндік мұра сақталды. Ғылымдық енді тағы да отарлауға кең, ауыр және ішкі қарама-қайшылықты көзқарасты қайталады. Австро-Венгериялық пен Герман империяларындағы ұлттар күресі, отарланған Азия және Африка елдеріндегі азаттық қозғалыстар прогрессивті екені енді анықталды. Патшалық Ресейдегі осындай қозғалыстар зиянды деп аталды, немесе тым әсіреленді, немесе шетелдік агенттер, феодалдар жұмысы нәтижесі деп аталды. Басқалардың тарихын бұрмалау, жала жабу, жасыру ережеге айналды. 20-мыңжылдықтағы ресми кеңестік тарихнама басқаларға қатынаста мемлекеттік ұстанымды шығарды. олар жалған мәлімет пен өтірікті таратты, және оның әдейі жалбырынуы адам жанына зиян келтірді, басқа насихат жұмыстары сияқты. Марксистік тарихтың түпнұсқалығы, объективтіліг және ғылыми негізін бекіте отырып, тарихнама бір тараптан талассыз бедел ретінде қабылданды. Сондықтан, баламалы дауыстар үндемеуге мәжбүр болды, орысқа қарама-қарсы ретінде Басқаның беделін анықтауда ресми тариханама табысты болды. Дегенмен, Басқаны теріске шығара отырып, мемлекет өзінің құлдырауын тездетті. Ұлтшылдықтың келесі өсуі орсы еместерге қарсы маргинализацияланудың әлсіздігі болды. [6, 17 б.]. Жақын арада болған тарих халық естеліктерінде сақталып қалды, ресми бұрмалау ұлттық сана-сезімнің артуын ынталандырды. Орта таптағы орыс өзінің «ағалары» туралы тарихтан бейхабар болды, ол оған мемлекеттің ақпарат құралдары, білім және риторика арқылы берілген стереотиптерді ғана білді. Сондықтан, өз ойын айтуға мүмкіндік туғанда, орыстар айтқан қарапайым тұжырымдар бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан жаргондардың қайталамасы болғанына таң қалмаймыз: «мұсылмандардың» мәдение және экономикалық тұрғыда артта қалуы; олардың мәдениеті орыстар арқылы көтерілді деген «талассыз фактілерге» сүйенеді; Ресей бұрын да, осы мыңжылдықта да ешқайндай ұлтты отарлаған жоқ деп сендіреді, тарихи бұрмалануға орыс еместердің наразылығы миға қонымсыз. Орыс жазушысы Паустовский былай деген болатын: «Надандық немқұрайлылықты тудырады, ол қатерлі ісік сияқты тез тарайды». Надандық Кеңес Одағында немқұрайлылық пен жек көрушілік тудырды... Балама дауыстарды тұншықтырудың мемлекеттік әдістері, Кеңестік Шығыс надандығын абсолютизациялау, және ресми аңыздарды табысты орасан нәсілшілдік тудырды" [7, 22 б.].
Қорыта айтқанда, біріншіден Е.Б. Бекмаханов К.Қасымұлы қозғалысының феодалдық негізін жоққа шығарға жоқ, себебі: қазақ қоғамының өндірістік қатынастарының феодалдық негізі Кенесары қайта жасауымен өзгерген жоқ. Өндірістік қатынастың феодалдық сипаты Кенесары арқылы күшее түсті. Ол Қазақстан территориясын өзінің хандық тұқымының меншігі деп қарады. Екіншіден, Кенесары Қасымұлы орталықтандырылған мемлекет құру міндетін қойды, мысалы, Академик Н.М. Дружинин айтқандай: «Кенесары алдына мынадай міндет қойды — қазақ халқының бөлшектелуін тоқтату, орталықтандырылған қазақ мемлекетін құрып, оларды біріктіру, яғни, Қазақстанның көптеген тарихи қайраткерлерінің қолынан келмеген ғасырлық мәселені шешу. Патшалық билік феодалдар арасындағы алауыздықты үнемі тұтандырып отырды. Кенесары Қасымұлы бұл құбылысты бір жола жойғысы келді». Үшіншіден, Кенесары, қазақ руларын өзіне күштеп қосты, мысалы А. Якуниннің «XIXғ. 30-40 жж. Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаттамасын бағалау сұрақтары бойынша» мақаласында нақтыланған сілтемесі жоқ дәлел келтіріледі: «Бұл «адамгершілігі мол хан» «бағынбайтын» қазақ руларына рақымсыз және қаныпезерлі қорқытулар қолданды. Мысалы,, «Кенесары тұтқынға алынған Бабыр батырды белдеме етін кесіп алып, қуырып, өзіне жегізуге бұйрық берді». Кенесары хан бастаған қазақ халқының азаттық күресі-объективті түрде жалпы ұлттық мүддені көздеген, кіші халықтардың болашағына қамқорлық көрсете алған.
Тоталитаризмнің идеологиялық парадигмалары тарихнамалық дәстүр азаттық қозғалыс және Кенесары Қасымұлы көтерілісі қатынасында қалыптасуна алғышарт болып отыр. Ұлт-азаттық қозғалыстың көптеген жақтарын тарих және тарихнама теориясы тұрғысынан түсіну қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мажитов С. Ф. Народно-освободительное движение в Казахстане XVIII — начала XX вв.: проблемы истории, теории и историографии: Диссертация на соискание ученой степени доктора исторических наук Республика Казахстан.: — Алматы, 2007.- 224 б.
2. Якунин А. К вопросу об оценке характера национальных движений 30-40-х XIX века в Казахстане // Вопросы истории. — 1951. — № 4. — 55-64 б.
3. Обсуждение монографии Е. Бекмаханова «Казахстан в 20-40-е годы XIX века» // Вестник КазССР. — 1948. — № 3. — С. 35-58.
4. Середа Н. Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1843-1847 гг.) // Вестник Европы. — 1870. — № 9. — 20-250 б.
5. Сүтеева Қ. А. Қазақстанның Ресейге қосылу тарихының қазан төңкерісіне дейінгі орыс тарихнамасындағы негізгі концепциялары // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы- 2009. — № 2. — 26 б.
6. Ыбырай Е.Т. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күресі тарихының ғылыми зерттеулерінің кейбір мәселелері. // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы- 2008. — № 3. — 14 б.
7. Оспанова Г. Қазақстандағы XIX ғ. ұлт-азаттық қозғалыстар тарихының зерттелуі мәселелерінен // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы- 2010. — № 1. — 222 б.
Әлмағамбет М. Е., студент, ғылыми жетекші: Амрина М.С. т.ғ.к., доцент
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.

Источник: https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8724/


© e-history.kz

ХІХ ғасырдағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық қозғалысының тарихи зерттелуі жайында


1838 жылы сəуірде, «Сібір қырғыздарына Россия империясының заңда рын қолдау туралы» жеке басқару туралы заң қабылданды.
ХІХ ғасыр басында патша өкіметі қазақтардың Орта жүзі территориясы үшін қабылдаған 1822 жылғы Сібір қырғыздары туралы Устав «Отарлау» саясатының өте жылдам-деңгейде жүргізілуіне сəйкес аталған құжаттың шарттары патшаның саяси жəне экономикалық талаптарына жауап бере алмады. Соның салдарынан тағы да бірнеше рет заңдық күші бар ережелер қабылданды. Оның ішінде атап айтқанда 1838 жылы сəуірде, «Сібір қырғыздарына Россия империясының заңда рын қолдау туралы» жеке басқару туралы заң қабылданды. Патша өкіметі орталықтандыру, жергілікті басқару органдарын бақылау жасау Орталық Қазақстан қазақтарын патшаның жер жəне сауда саясатының ықпалына көндіру негізгі мақсаттарының бірі болады.
Патша өкіметі отарлау саясатын іс жүзіне асыруды қазақ əскерлері үшін əскери шекаралық шептер форпостар, редуттар, приказдық отарлықтар дистанциялық жүйелер салу т.б. іс-шаралар жасау арқылы жүргізді. Қазақстанды отарлаудың мысалы ретінде Жайық өзені бойындағы салынған 14 қамал «Ұя» өзені бойындағы 770 шақырымға созылған шептер Есіл өзені бойындағы 8 бекініс оның ішінде Орталық Қазақстан өңіріндегі Қарқаралы, Ақмола, Көкшетау, Баянауыл бекініс арқылы Орынбор жəне Сібір əскери шептерінің түйісуі арқылы қазақтардың Орта, Кіші жүздері территориясын айнала қоршау аяқталды. Қазақ тар патшалы Россияның қарулы күштерінің құрамындағы ерекше əскери сословиеге жатқызылып ұлт аймақтарындағы отарлық саясатты жү зеге асырушы алым-салықтарды жинаушы қызметтері тапсырылып ол еңбектері үшін олар үнемі марапатталынып отырды. 1822 жылғы «Уставтың авторы М.Сперанский жəне оның негізгі мақсаты ХІХ ғасырдың 20–30 жылдардағы қабылдаған құжаттардың міндеттерін қазақ даласында қантөгізсіз жүзеге асыру болды. Бұл кезеңде Орта жүз қазақтарының территориясы көп ұлтты империяның құрамында 900 верст жерді ала отырып Ертіс өзенінің оң жағалауында Құлынды даласы Алтай аймағы Томск губерниясы территориялары аумағында 5 сыртқы округтік приказдар ашылып үлгерген еді. Ендігі кезектес Ұлытау тауы маңында 6-шы округтік приказды ашу жоспарланған еді.
Округтік приказдардан басқа Ертістің оң жағалауында даланың ішкі жағында Орта, Ұлы жүздер шекарасында тірек орталықтары (опорные центры) құрылыстары салынып жатты. ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Орта жүздің далалық аумағында 100-ге жуық жекелеген əскери бөлімдердің пикеттері тұрғызылды.
Қазіргі кезеңде Қазақстан тарихын зерттеушілер тарихи маңызы бар «ақтаңдақты мəселелерге жаңа методологиялық көзқарас негізіндегі зерттеу еңбектері жарық көріп жатыр. Нəтижесінде тарихтың ғылыми айналымына жаңа деректемелік, тарихнамалық маңызды құжаттар енгізілді. Соның ішінде Кеңес дəуірі кезінде толық мəніндегі шындық бағасын ала алмай келген. 1837–1847 жылдары болып өткен қа зақ халқының Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына деген тарихи көзқарас еді. Еліміз тəуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыз салтанатты өмір кешіп жатқанда Кенесары хан бастаған көтеріліске шынайы тұрғыда, жаңа тың мəліметтермен негізделген қоғамдық пікір қайта жанданды. Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған кезенде шындықты айтып шырылдаған ұлы тарихшы зерттеуші Е. Б. Бекмахановтың 1947 жылы жазған «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века» еңбегі ана тілімізге аударылып оқырманға ұсынылды.
Бұрынғы Кеңестік дəуір кезеңіндегі тарихшы зерттеуші ғылымдардың басын қосу арқылы ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында болып өткен Қазақстан, Орта Азия, Закавказье территориясындағы отарлық саясатқа қарсы болған қозғалыстарға нақты баға беру бағытындағы іс-əрекет тер жасалынды. Оның ішінде Қазақстандағы К.Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс та бар еді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты ғалымдары мен «Вопросы истории» журналы бірлесіп ұйымдастырған «Колониализм жағдайындағы ұлттық қозғалыс тар: Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Кавказ» атты Бүкіл одақ тық дөңгелек үстел мəжілісі өткізіліп ондағы К.Қасымов қозғалысы туралы тарихшы ғылымдар М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейісов, Д. И. Дулатова, Н. Е. Бекмахановалардың жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан айт қан ғылыми тұжырымдарының тарихи маңызы зор деп ойлаймыз. Ол мəжіліске Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан, Ресей, Шешен — Ингушетия зерттеушілері қатысып, болып өткен ұлт-азаттық қозғалыстардың догматикалық стереотипіне жан-жақты талқылау жасап ортақ пікірге келген тың ойлары айтылып ол арнайы жинақ ретінде жарық көрді. Кенесары қозғалысы туралы объективті бағаларын берген еңбектер М.Қ. Қозыбаев, Р.Б. Сүлейменов, Ж.Қ. Қасымбаевтардың зерттеу еңбектері жарық көрді.
К.Қасымов қозғалысы туралы тың мəселелер орта білім беретін мектеп оқулықтарына да арнайы тарау болып енгізілгені-де құптарлық іс-шара деп есептейміз.
Жалпы ұлтының ұлы мұратының салмағын арқалай білген, тəуелсіздік жолында бел буып, патша саясатына қарсы шыққан Кенесары, Ағыбай секілді ірі тарихи тұлғалардың азаттық күресін зерттеу ісін белгілі үш кезеңге, яғни патшалық билік тұсы, кеңестік билік кезеңі, сондай-ақ мемлекеттік тəуелсіздік алған жылдары деп бөліп алып қарауға болады.
1870 жылы Петербургтік «Европа жаршысы» журналының бірнеше санында «Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» (1838–1847) деген атпен патша шенеунігі Н.Середаның, ал 1888 жылы Ташкентте Е. Т. Смирновтың кіріспе сөзімен жəне осы кісінің аударуымен Сұлтан Ахмет Кенесариннің «Кенесары жəне Садық" атты еңбектері жарық көрді.
Аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап бастыру ісі осы мезгілде қолға алына бастады. 1908–1915 жылдар аралығын Ташкентте Ресей Соғыс істері министрі А. Н. Куропаткиннің тапсыруы мен полковник А. Г. Серебренников «Түркістан өлкесі. Оны жаулап алу тарихының жинақ материалдары» деген атпен 14 томдық құжаттар жинағын бастырып шығарды. Осы көптомдылық алғашқы бес томында Кенесары, Ағыбай бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көрді. Осы алғашқы кезеңде дайындаған еңбектер азаттық қозғалыстың шынайы ғылыми бейнесін жасады. Ұлт-азаттық қозғалысы мəселесіне қырын қараған кеңестік билік тұсында Кенесары хан тақырыбын арқау еткен ғылыми зерттеу еңбектері, көркем шығармалар қуғынға ұшырады. 1934 жылы жарық көрген белгілі еңбегі толассыз айтыс-тартысқа толы болды.
Кенесары, Ағыбай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қарсы күрес үшін патша өкіметі қазақ арасында қамалдар салып, оларды тұрақты əс ке ри гарнизондар ұстауға көшті. 1835 жылы Ырғыз өзені жанындағы Жармола шатқалында Уральское (қаз. Ырғыз қаласы) бекінісі, ал Торғай өзенінің жағалауында, Бесқопа шатқалының маңында Орынбор (қаз. Торғай) бекінісі, 1847 жылы Аралда Райм бекінісі, 1848 жылы Қара бұтақ форты салынды.
Тарихшы ғалым Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында» атты еңбегінде сол кезеңдегі тарихи-əлеуметтік, саяси жағдайы, ұлт-азаттық көтерілісінің, оның көсемдері Кенесары, Ағыбайлардың ұстаған мақсаты мен мұратын тарихи қырынан жан-жақты жазған. Е.Бекмахановтың «Кенесары қазақтардың саяси тəуелсіздігін жəне территориялық тұтастығын сақтауды талап етті» — деуінде үлкен шындық бар.
90-жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістеріне деген отандық зерттеушілердің қызығушылығының негізінде 1992 жылы Е.Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан атты монографиясының екінші басылымы жəне осы еңбекке байланысты ғылыми ортадағы дискуссияның стенограммасы (2000 ж.) жарық көрді. 1992 ж, Ақтөбе қаласында «Қазақстандағы ХVII–XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстар. Бірыңғай тарихи үдеріс мəселелері, ізденістер шешімдер» — деген атпен арнайы ғылыми-теориялық конференция өткізіліп оның материалдары жарық көрді. Қазақтардың тəуелсіздік үшін күресінің аз зерттелмеген мəселелерін көтеруде жəне қазақ халқының азаттық күресінің тарихы мен тарихнамасының əдіснамасын зерттеу проблемаларына үлкен мəн берген алқалы жиын болды. Осы кезеңдерде Ж.Қасымбайұлының ұлт-азаттық қозғалысына деген қызығушылығы артты, жас тарихшы зерттеуші ізденушілердің, аспиранттардың диссертациялық тақырыптарында осы мəселелерге бұрады. Қазақстан тарихының ХVIII–XIX ғасырлардағы халық азаттық қозғалыстарының зерттеушісі ретінде профессор Ж.Қасымбаев «Қазақстан тарихы ертедə уір ден бүгінге дейін» очерктер еңбегінің 1993–1994 жж. орыс, қазақ тілінде гі кітабын дайындауға Ш.Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты, А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының кəсіпқой ғалымдарымен бірге дайындалған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» бес томдық академиялық іргелі еңбектің «Ресей колония билігінің орнатылуына қарсылық жағдайындағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалыстары» атты арнайы тарауларын дайындауы оның кəсіпқой зерттеуші-тарихшы екендігін, оның шеберлігін паш еткен факторлар еді. Көтерілістердің алғы шарттары, себептері саяси тарихы, нəтижелері, жеңілу себептері, маңызды сабақтары деген мəселелеріне деген бұрын соңды тарихи зерттеулерде айналысқа түспегенмұрағат құжаттарын ұтымды түрде қолданысқа түсірді. Ж.Қасымбайұлының азаттық қозғалысының зерттеушісі ретінде көңілін аударт қан, қызығушылықпен мəн берген тақырыбы əрине 1837–1847 жылдары Кеңесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы еді. Ол осы тақырыптағы елеулі көзге түсер еңбектердің қатарында жеке дара тұрған өзінің университеттегі ұстазы, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеуі тарихшыларға жаңа бағыт берді деп есептейді. Кезіндегі коммунистік идеологияның қатаң қыспағына қарамастан Кенесары бастаған халық қозғалысын көркем сөзбен қоғамдық ұлттық, сананы қалыптастырудағы үлкен белес ретінде көрнекті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің белгілі триллогиясы бөлігінің хан Кенесарыға арналуы да зерттеушілердің жəне көпшіліктің санасын дүр сілкіндірген құбылыс ретінде болғанын атап айтады. Ж.Қасымбайұлының ХІХ ғасырдағы Ресейдің ұлт аудандарындағы отарлау саясатына қарсы қаналушы халықтардың наразылық көтерілісін зерттеудегі шеберлігінің шыңы, əйгілі, ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты еңбегіндегі ұлы имам, ұлы қайраткер деп мойындаған Кавказ халықтарының Шəміл бастаған көтерілісі мен Кенесары бастаған көтерілістер арасындағы ортақ белгілерді салыстыра отырып зерттеуі еді. Кенесары бас таған ұлт-азаттық қозғалыс тарихына арналған Ж.Қасымбайұлының авторлығымен «Кенесары хан» (А., 1993), «Хан Кене» (А., 1993), «Последний поход и гибель Кенесары» (А., 2001) атты жеке ғылыми монографиялар, сонымен бірге «Қазақстан коммунисі» журналы бе тінде тарихшы Р.Б. Сүлейменовпен бірлесіп «Кенесары көтерілісі жəне шындыққа жаңа көзқарас», «Казахстанская правда» газетінде академик М.К. Қозыбаев, Р.Б. Сүлейменовпен бірге «Митридат Киргизской степи. Правда и вымысел о восстаний Кенесары Касымова», «Көтеріліс тің көзден таса беттерінен» т.б. с.с. ғылыми мақалалар материалдарымен мазмұнының маңызы дерек көздерінің молдығында, жаңа мұрағаттық құжаттардың ғылыми айналысқа енгізілуі, кесек-кесек объективті тұжырымдардың жасалуында еді.
Ж.Қасымбайұлы зерттеуші ретінде Қазақстан тарихының тарихнамасына өзінің сүбелі зерттеу еңбектерімен жас зерттеуші тарихшыға лым дар ға, аспиранттар мен магистранттарға, ізденушілерге, студенттерге үлгі бола отырып, талай-талай тарихи мəселелерді зерттеп кесек-кесек сүбелі еңбектерді дайындап ғылыми айналымға тың тұжырымдарды енгізуді, күрделі мəселелерді зерттей отырып батыл ой-пікірлерді, айтудан қорықпайтын батыр — ғалым болғанының куəсі болғанбыз. Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын зерттеу арқылы жас ұрпақ тың бойында шынайы ұлтжандылықты қалыптастыру, ұлы тарихи бабаларымыздың асыл қасиеттерін қастерлеп насихаттау, ұлттық ізгілік пен өркениетке бастау алып, оны сыйлау Ж.Қасымбайұлы еңбектерінің негізгі мұрасы еді.
Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Бекмаханов Е.Б. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында. Алматы,
1994.
2. Материалы Всесоюзного круглого стола на тему: национальные движения в условиях колониализма. Қазақстан Средняя Азия, Северный Кавказ. Целиноград, 1991.
3. Сүлейменов Р., Қасымбаев Ж.Қ. Кенесары көтерілісі жəне шындыққа жаңа көзқарас // Қазақстан коммунисі, 1991. № 3.
4. Козыбаев М.К., Сүлейменов Р.Б., Касымбаев Ж. К. Митртдат Киргизкой степи. Правда и вымысел о восстании Кенесары Касымова // Казахстанская правда 13.03.1992; Қасымбаев Ж.Қ. Кенесары хан. Алматы, 1993; Касымбаев Ж. К. Последний поход и гибель Кенесары. Алматы, 2001.
5. Касымбаев Ж. К. История Казахстана. Учебник для 9-класса. Алматы. 1992.
6. Ұлт-азаттық қозғалыстардың зерттелуі. (ХVІІІ ғ. ІІ ж. — ХІХ ғ).
7. Саменова А.С. Ағыбай батыр тұлғасының тарихи зерттелуі // ғылыми-практикалық конференция мақалалар жинағы. Жезқазған. 2002. 38-б.

Источник: https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8731/


© e-history.kz

Хан Кененің рухы


Қазақ халқын ғасырларға созылған бодандық бұғауынан құтқару жолында тәуелсіздік туын көтерген ұлт қаһармандарының бірі Кенесары Қасымұлының соңғы шайқасы біздің Қордай ауданының жерінде болды
Атасы Абылайханның бытыраңқы қазақтың басын қосу туралы арманын жүзеге асыру үшін сонау Көкшеде атқа қонып он жылдан аса отарлаушылармен ашық майдандасқан есіл ер, қазақтың соңғы ханы Алатау бөктерінде қапияда қаза тапты. Жазушы I. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы сол қайғылы оқиғаны сипаттаумен аяқталады. Ондағы аталатын Кекіліктау, Әулиешоқы, Майтөбе таулы адырлары мен туып-өскен Қаракемер, ауылдық аймағының Күнгей аталатын түстігінде орналасқан. Сол өңірдін қай тұсынан қарасаң да мен мұндалап Әулие шоқы төбеңнен төнеді. Одан төменірек Кекіліксеңгермен арада «Кене ханның ту тіккен жері» деп аталатын Майтөбе, қозы өрім жерде гүрілдеп Шу өзені ағып жатыр. Сол қанды қырғынның белгісіндей Майтөбе, үстінде бұрыннан-ақ қолдан үйілген қорымдар, балбал тастар болатын. Алты жылдай бұрын хан ұрпақтарының күшімен ескі қорымның ортасынан қызыл гранит тақталармен қапталған биіктігі бес метр еңселі ескерткіш орнатылып, төңірегінде таңбалы тас белгілер пайда болған еді.Айнала қоршалып, жақын маңнан шырақшы үйі де бой көтерді. Оның артынша Күнгейді бойлап жаңадан салынған «Қаракемер - Қарасай» тасжолы Майтөбені жанай өтіп, ондағы ескерткіштер шоғыры жолаушылардың ат басын тартып ата-бабаларымыздың ерлік рухына тәу ету орнына айналып келеді. Бұл белгілер Кенесары мен оның жаужүрек інісі Наурызбайға, олармен бірге азаттық жолында ажал құшқан қазақ батырларының рухына арналған.
Талайлы тарихымыздың сол бір сұрапыл оқиғаларына куә болған киелі жерлер...
....1847 жылғы сәуір айы. Анталаған жаудың ортасында жаралы арыстандай арпалысқан Кенесары Кекіліксеңгірдің сайында қолға түсті. Көкетайлап Наурызбай ағасының қасына өзі келді. Қырғыздар батырдың басын шауып, патша офицерінің қанжығасына байлап береді. Бас Омбыға кетті, одан әрі Петерборға өтті. Ал денесін қырғыздар ішкеріге алып кетіп сол маңнан 30-40 шақырымдай жерге жасырын жерлеген деседі...
Сол қанды қырғыннан бергі бір жарым ғасырдан астам уақытта Кенесары қозғалысы туралы аз жазылған жоқ. Атақты француз жазушысы Жюль Верннің қазір «Жамбыл» журналы жариялай бастаған «Кенесары» романынан бастап, дастандар да, ғылыми зерттеулер де, көркем шығармалар да баршылық. Орыс тарихшылары орыс әскерімен теке тірескен Кенесарының биік парасатын, көзсіз ержүректігін мойындап, орыс журналдары арқылы төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Мәселен Орынбор қаласының мэрі Н. Середа: «Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемі бола білді. Оның жасақтарының лапылдаған биік рухына еуропалық қолбасшыларының қай қайсысы да қызғанышпен қараған болар еді» дейді. Ал орыс армиясының генералы В. Потто оны сайьн даланың жеңілуді білмейтін сайыпқыран қолбасшысы, дала көкжалы атаған. «Түркістан тарихының» авторы Н. Павлок «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын – талмайтын Дала батырларының типіне жатады: ол тегінде аса дарынның адамы болса керек. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «Түздің соңғы батыры» атаймын деген. Әлемге әйгілі Жюль Верн орыс басылымдарындағы осындай очерктерден өзінің қайталанбас романтикалық кейіпкерін тапқан болу керек. Бірақ халықтың жадынан тарихын өшіріп орыстандыруды көксеген коммунистік идеология тұсында ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандарымызға ашық баға беріп, есімдерін қастерлеу аса қиынға түсті. Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Кенесарыны ауызға алған М. Әуезов, І. Есенберлин, Е. Бекмаханов және басқалары қуғынға ұшырады, түрмеге жабылды, жер аударылды. Дегенмен, олардың жазғандары тарихта қалды, бүгінгі тәуелсіз мемлекет жағдайында қазақты қазақ еткен, қазақтың ұлан байтақ жерін қорғап, сақтап қалған кемеңгер хандарымыз бен билеріміздің ,қаһарман батырларымыздың есімін өмірге, ұлт санасына оралтуға баға жетпестей қызмет етуде.
Кенесары қозғалысы хақында қаншама ғылыми тұжырымдар жасалды. Осынау қасиетті күрестің мәнін шынайы ұғынуға мүмкіндік беретін тың көзқарасты зерттеулер бүгін де жалғасын тауып келеді. Көтерілістің алғышарттары, өрістеуі, шарықтау шегіне жетуі, ақыр аяғында жеңіліс табуының себептері туралы әділ бағасын еліміздің тәуелсіздігі тұсында ғана ешбір жалтақсыз ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Қасым сұлтан мен қара басын күйіттесе, қарны тоқ, өмір сүрулеріне мүмкіндігі мол еді. Бірақ, олар ұлт мүддесін мансаптан жоғары қойды. Жер жаннаты Көкшетауды тастап, Ресей бұғауына қарсы қоқандықтармен бірігуге Сыр бойына көшіп келді. Алайда, арыдан ойлай алмаған Қоқан билеушілері Қасым сұлтан мен олардың ұлдары Саржан меп Есенгелді сұлтандардан қорқып, олардың андаусызда көзін жояды. Әйтсе де, Қасым сұлтанның қайсар ұлы Кенесары әкесі мен ағаларының жоғын жоқтатпай, аз уақыттың ішінде үш жүздің батырларының басын қосып, Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы күреске елді бастап шығады. Алдымен Ресейдің қазақты ішкерілей отарлау үшін арқа төсіне салған бекіністерінің бірі – Қараөткел бекінісі 1837 жылы тас-талқан етілді, сөйтіп тарихта «Кенесары көтерілісі» деген атпен қалған қарулы қақтығыстар өрті бұрқ ете түседі. Үш жүздің игі жақсылары 1841 жылы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан деп жариялады. Содан бастап Кенесары жасақтары қазақтың ұшқан құстың қанаты талар сайын даласында құйындай ойнап патша отарлаушыларына қарсы ойранды салады. Оның әскери тактикасының мықтылығы соншалық, Ресей империясының тісқаққан әскері көтерілісті ауыздықтай алмай, әл дәрмені құриды. Дегенмен, Хан Кене Ресейді жалғыз өзі күресіп жеңе алмайтынын ұғынып, оңтүстіктегі қалың үйсінді өз жағына тартып, көршіміз қырғыздармен одақтасуды ұйғарады. Оның үстіне оңтүстікте қылышын жалаңдатып оқиғаның аңдысын аңдып отырған ежелгі дұшпан қоқандықтар да алаңдатулы еді. Сөйтіп, Ұлы жүз Алатау қырғыздарын көтеріліске тарту үшін көтерілісшілер Арқадан Жетісу жеріне ойысты. Арғы атасы Абылайханның бар қазақтың басын қосып, біртұтас тәуелсіз елге айналдыру арманын жүзеге асыру жолында он жылдан аса ат белінен түспеген қазақтың соңғы ханы Қордайдағы Кекілік таудың баурайында ажал құшты.
Біз бұл шағын мақаланы жазу барысында Кенесарының ажалына себеп болған қырғыздармен болған ақтық күресі туралы жазылған деректерді біршама ақтарған едік. Ең алдымен қолға түскені небәрі 34 жасында өмірден ерте кеткен, Қордайдан шыққан белгілі тарихшы Әбілқасым Ділебаевтың (1914-1948) мұрасы болды.
1934 жылдан Қордай аудандык комсомол ұйымының хатшысы болып істеп, 1940 жылы ҚазПИ-ді бітірген соң Қазақстан| КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, инспектор, институтта оқытушы бола жүріп ол өмірдегі тарихи оқиғаларға зерттеу| жасап, жекелеген тарихи тұлғалар туралы ел аузындағы аңыздар мен естеліктерді жинақтаған. Төле би, Өтеген батыр туралы жазбаларымен таныспыз. Сондай-ақ, Кенесары ханның қырғыздармен қақтығыстары және Кекілік тауының түбінде қаза табуы туралы оқиғаның ізі онша суи қоймаған, оны білетін көнеқұлақ қариялардың баршылық кезінде бұдан жетпіс жылдай бұрын қағазға түсірген зерттеу еңбсгі де бар. «Батырлардың ерліктері және Кенесары туралы әңгімелері көп. Олар әртүрлі. Олардың ішінен алғаным – оқиғаның ортасында болғандардың өз аузынан есгігендердің әңгімелері» деп ескертеді тарихшы.
Қордай ауданының Қасық ауылының солтүстік жағында жатқан бір кырканы бұрын жұрт «Кене ханнын қырқасы» деп атайды екен. Ол жердің неліктен бұлай аталғаны жөнінде Нұрпа Төлебайұлы деген қария тарихшыға былай түсіндірген. «Ел жайлаудан түсіп, Шудың бойында отырған кезі екен, бір күні ертең ерте қараса кырқаға толған ақ үй қонып алыпты. Сөйтсе, ол Кене ханның ауылы екен.Біраздан кейін ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке сойыс алып, ханның ауылына барыпты. Оларды қонақ үйге түсіріпті. Бір кезде «Хан шақырады»деп екі жігіт келіп, оларды ертіп, ханның үйіне алып кіріпті. Сәлемдесіп жөн сұрасып болғасын Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. Ел болайық дегенге көнбеді. Жауға қосылды. Елшімді байлады, ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздеріңде, ертең елін шабамын. Дулат баласы іргелі ел едіңдер, көздеріңмен көріп олжаларынды алыңдар» депті. Айтканындай, ханның қолы ертеңіне Шудың арғы жағына өтіп, Піспектің қасындағы қарағаштың бергі түбінде қырғыздың қолы кездесіп, соғыс болыпты. Қырғыздың батыры өліп, әскері бет-бетімен тауға қарай қашыпты.Түскен олжаны хан елге таратып беріпті де,теріскейге қайта көшіп кетіпті, деп әкем әңгімелеп отырар еді».
Қыстыгүні Кене хан Жантайға тағы адам жіберіпті. Басшысы Өтеген батырдың немересі Орман Биембетұлы деген шешен адам екен. Бұғыбай, Саурық бастатқан ба-тырлар барыпты. Қырғыздар қошеметтеп сыйлапты.Бірақ, екі ай жатқызып, жөнді жауап бермей аттандырыпты. «Орман бастатқан елші жіберу Кененің ең ақырғы шарасы көрінеді, – дейді тарихшы. – Одан бұрын бірнеше рет елші жіберген. Бекбатыр бастаған елшіні манаптар байлап, қамап қойған. Сыпатай бастаған елшімен сөйлеспеген. Бұлардан кейін барыш манаптарға қарсы Кене қолы аттанады. Соғыс кейінгі кезде Кекілік тауының түбіне барған. Сол жерде Кенесары қолға түседі».
Тарихшы Ә. Ділебаевтың зерттеулері бойьнша Кенесарының штабы Майтөбеде болып, соғысты сол жерден басқарып отырған.Сыпатай мен Рүстем қолы сол Майтебеден бөлінеді. Ол жөнінде «Кеңес» колхозының мүшесі Мәдібек Бекқожаев тарихшыға былай әңгімелеген: «Сыпатай батыр мен Рүстем төре қолды Шудың арғы жағымен түнде қашырыпты. Қол келіп Мықын суына тіреліп өте алмай жүргенде таң атьш кетіп, оларды қырғыздар көріп, сол жерде соғыс болып, арты жау, алды су болып көп адам өліп, көп адам қолға түсіп, қазақтар көп шығынға ұшырапты» (кейіннен қолдың қырғын тапқан жерінде 1925-1926 жылдары көпір салынғанда найза, мылтык, қылыш сияқты көп құрдар табылып Фрунзедегі музейге өткізіледі). Қазақ қолы азайғасын манаптар Майтөбенің оңтүстік шығысынан келіп, батысына өтіп, қалған қолды (Кенесарының) Алмалыға қарай шегінуге мәжбүр еткен сияқты. Оны жер жағдайының өзі дәлелдеп тұр. Қол азайғасын, қырғыздар кептей бастапты. Қазактар Майтөбеден тауға қарай шегінеді: Алмалы мен Суал-ман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түседі. Хан қолға түскен соң, Наурызбай төре қырғыздарға өзі барыпты. Қалған батырлар соғыса-соғыса, тау-тасқа шығып құтылыпты.
Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай тағы басқа батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскесін ғана шегінген.Олар да қоршауда болған, бірақ таулы жердің жықпыл-жықпылын сағалап сытылып кеткен.Егер Кенесары бір ғана құтылудың қамьн ойласа, ол жерден қолға түспейтіндігін жер ыңғайы көрсетіп тұр. Ханның қолға түсуінің негізгі себебі «Соғыста жаудан қашқан хан – бола алмайды. Сайдан шыққанымыз. Қашсам, мен хан емеспін» (Қалыш Кәрібозұлының айтуынан) деушілігінен болуы керек.
Тілеміс – оқиғаның ішінде болған адамдарды көріп, әңгімелерін өз аузынан естіген адам. Сыздық келіп, қырғыздан Кенесарының ерін аларда бірге барып қасында болған.Кейініректе Жантайдың баласы Шабданды мұқата: «Менің атам Өтеген» деген өлең айтқан. Ол өлеңінде атасы – Ұлы жүз, Дулаттан шыққын Абылай тұсындағы атақты Өтеген батырдың қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаудағы ерлігін айтқан. Тілемістің жоғарыдағы өлеңінде айтылған Шаншар – сол Өтеген батырдың немересі. «Бұл өлеңде Кенесары – халықтың қамқоры, оның қозғалысы – жалпы халықтың тәуелсіздік қозғалысы екендігі тарихи шындықпен тура көрсетілген» деп түйіндейді тарихшы Ә. Ділебаев бұдан 67 жыл бұрын жазып қалдырған зерттеу еңбегінде.
Кенесары тақырыбында қырғыз тарихшылары да едәуір зерттеулер қалдырған. Олардың ішінде Кенесарының денесі қайда жерленгендігі туралы деректер біз үшін маңыздырақ. Өйткені, ханның бас сүйегі бір жақта қалып, бір ғасырдан бері туған жердің топырағына берілмеуі күллі қазақтың намысын қорлап, жігерін құм етіп отырған жай екені айтылудан кенде емес. Тіпті, Кенесарының бас сүйегі мен денесіне қатысты Парламент депутаттары да мәселе көтерген еді, аяғы сұйылып кетті. Әуелден Эрмитажда тұр делінген бас сүйектің енді онда жоқтығы туралы сөз шығып жатыр. Қырғыз жерінен сүйегін іздестіруші экспедициялардың зерттеулері де нәтижесіз. 1994 жылдан бері мұндай үш экспедиция шыққаны мәлім. «Атамұра» корпорациясының сол кездегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап құрамында Манаш Қозыбаев, Карл Байпақов, Оразақ Смағұлов тәрізді белгілі тарихшы, археолог, антропологтар бар алғашқы іздеушілер хан сүйегі жатыр деген тұста оншақты күн жұмыс жүргізіп ештеңе таппаған. Ал мәскеулік «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар» сериясымен Кенесары туралы кітап шығарған белгілі тарихшы Едіге Уәлиханов пен геолог Молдияр Серікбаев 2005 жылы шағын экспедиция ұйымдастырады. Олармен бірге барған қаракемерлік, Ұлы Отан соғысының ардагері, аймаққа танымал халық емшісі Хамза Демеуов ақсақал бізге былай деген еді:
– Тоқпақтан түстікке қарай 15 шақырымдай қашықта Алшалы ауылы бар. Соған таяу сай ішінде «Әулие бұлақ» деген жерде атақты адам жерленген деп жұрт қасиет тұтып, ауру адамдар шипа іздеп, түнейді екен. Бірақ, қабірдің дәл орнын ешкім бізге көрсете алмады, дұрысы көрсеткісі келмей жасырды. Ханның сүйегін қазып әкетсе киесі қоса кетеді деп қорықты ма, әлде басқа сыры бар ма біле алмадық. Біз де сол маңда бір түнеп шығып құр қол қайттық.
Ал, 2007 жылы Айсара, Күмісай көріпкелдердің көрсетуімен ханның сүйегі қырғыз жерінен қазылып алынып, Алматының шығыс жақ іргесіндегі Беснайза тауларының қойнауына жерленгені туралы кезінде кейбір басылымдар жазды. Бірақ, содан бері бірер жыл өтсе де бұл оқиғаға ғылыми тұжырым шығарылғаны туралы естімедік. Ол сүйектерге әлі күнге дейін ғылыми-антропологиялық сараптау жүргізіліп жатса керек. Дегенмен, дүлдәмал ой да жоқ емес. Өйткені, Кенесарының қырғыздармен соғысы туралы мейілінше жете зерттеген қырғыздың көрнекті тарихшысы Белек Солтанаев «Кенесарының соңғы күндері» деген еңбегінде «Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқпақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағында болады» деп нақты жер атауын көрсетеді. Оған бұл деректі Хан Кененің басын Қапалдағы орыс ұлықтарына апарып тапсырған Қалығұл Әлібеков 1894 жылы: «Өлүгүн Қызыл су мен Шамшының ортосундағы Бордуу деген сайдың орто бөксөсу тоого көмген» деп айтып беріпті. Бірақ, жоғарыдағы экспедициялардың бірде-бірі, неліктен екені белгісіз, бұл араға ат ізін салмаған. Қырғыздың тағы бір тарихшысы Есенқұл Төреқұлов: «Сүйекті Кіші Алмалының басындағы Тоқтарбай қыстауынан, не болмаса ол жерді «Көрпебай мазары» деп атайды, міне, сол жерден іздеу керек» дейді. Қалай болғанда да жұмбақ көп. Оның үстіне өлтіргенге дейін тұтқында ұстаған күндері күтушісі болған адамға Кенекең «сүйегім жатқан жерді ешкім білмесін, ешкім қорламасын» деп антын алған деген де сөз бар. Ханның сүйегі қырғыз жерінің өзінде бірнеше мәрте қайта жерленген көрінеді.
Алғаш 1884 жылы Сыздық Сұлтан әкесінің сүйегін іздеп қырғызға келгенде асығыс бұрынғы орнынан жасырын түрде басқа жерге жерлеген. Одан тағы да жүз отыз жыл өткенде бақшасының шетінен ұра қазбақшы болған ауыл тұрғыны адамның бассыз сүйегін тауып алып өзге жерге апарып көмеді. Әлгі үшінші экспедиция тауып Алматы маңына апарып жерлейтін сүйек осы. Бірақ, ол туралы мемлекеттік құзырлы органдар әлі кесімді сөз айтпай отырғандығына қарап, сүйектің нақ хандікі екендігіне күдік туады. Біздіңше, бұл мәселеге жоғары үкіметтік тұрғыда мән беріліп, ханның бас сүйегі мен денесі туған жерге қайтару мемлекет аралық келісімдер арқылы шешілуі тиіс. Қазақстан тәуелсіздігінің жиырмасыншы жылын мерекелеп отырған еліміздің, осынау тәуелсіздікке жетудің сан ғасырларға созылған ұзақ жолында оқтын-оқтын бой көтерген қиян-кескі ұлт-азаттық күрестерде қол бастап, жан пида еткен ұлт қаһармандарына қатысты қолдан жасалған қиянаттарды қалпына келтіруіміз парыз. Соның қатарында Хан Кененің денесін тұтас күйінде кіндік қаны тамған Көкше топырағына апарып аса кең ауқымда,биік мемлекеттік деңгейде қайта жерленуі еліміз үшін үлкен абырой болмақ.
Ақырында, тағы бір жайға – бүгінгі таңдағы көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері өз жерлесіміз Несіпбек Дәутайұлы талайдан бері көтеріп жүрген мәселеге назар аударайық.
– Кенесары Қасымұлыньң ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ халқының тарихындағы алатьн орны қандай? Кенесары көтерілісі, ғалым Е. Бекмаханов дәл көрсеткеніндей, отаршылдыққа қарсы айқын бұхаралық сипат танытқан прогрессивтік қозғалыс, – дейді жазушы. – Кенесары қазақтың біртұтас мемлекетін құруға ұмтылды, ақырында оның көтерілісі патшалық Ресейдің қазақ даласына төніп келе жатқан кұлдық бұғауын біраз уақытқа шегеріп тастады әрі халқымыздың алдағы ұлт-азаттық күресіне жауынгерлік дайындық болды. Біз енді ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының айрықша тарихи тұлғасы, Отанды, елді сүюдің, сол мақсат үшін жанын пида етудің өшпес өнегесі – Кенесары бабамыздың өлмес рухьн ғасырлардан ғасырларға жеткізуге тиіспіз. Сондықтан, ең соңғы шайқасы өткен Қордай жерінде қазақтың ұлттық батыры Кенесары Қасымұлына мәңгілік Ескерткіш орнату – күллі қазақ баласының қасиетті борышы.
Құрманбек ӘЛІМЖАН

Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/776/


© e-history.kz

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет