Қарым-қатынас[– адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты болып табылады.
Қарым қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивті деген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады. Негізгі қызметі:
1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);
2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.
Қарым-қатынастың құрылымы мен атқаратын функциясының күрделілігі қарым-қатынастың өзара байланысты үш жағынан байқалады. Олар:
– ақпараттық (немесе коммуникативтік), қарым-қатынасқа түсетін адамдар арасында ақпарат алмасу жүреді;
– өзара әрекеттесу (немесе интерактивтік) қарым-қатынас жасаушылардың білім, идея, жай-күй ғана емес әрекет алмасуларымен ерекшеленеді.
– түсінісу (немесе перцептивтік), қарым-қатынастағы серіктестердің бір-бірін қабылдауы, бағалауы және түсінуі болып табылады.
Коммуникативті жағы- ақпарат алмасуда, интерактивті – қарым – қатынас серіктерінің қарым – қатынасының таңбалық жүйелерін кодтау, өзара әрекеттерін реттеуде, перцептивті - әңгімелесушіні салыстыру, сәйкестендіру, апперцепция, рефлексия сияқты механизмдердің көмегімен «оқу» кезінде бір-бірімен байланысты жүзеге асырылады.
Қарым қатынас – а) Бірігіп әрекет ету қажеттілігінен туындайтын, құрамына ақпарат алмасу, өзара әрекеттесудің біртұтас стратегиясын жасау, өзге адамды қабылдау және түсіну, адамдар арасындағы байланыстың орнауы мен дамуының күрделі, көп мақсатты процесі; б) Субъекттердің белгілілік құралдармен жүзеге асырылатын, бірігіп әрекет ету қажеттілігінен туындаған және серіктесінің жай-күйін, мінез-құлқы мен тұлғалық-маңыздылық құрылымын өзгертуге бағытталған өзара әрекеттесуі.
Қарым-қатынаста бірінің әрекеті екіншісінің әрекетіне бейімделуіне қол жететін кемінде екі адамның әлеуметтік коммуникациясының не қарым-қатынасының формасы - әлеуметтік әрекеттестік болып табылады. Тұлға диспозициясы – әрекеттің белгілі бір жағдайлары және осы жағдайлардағы белгілі бір мінез-құлықты қабылдауға деген бейімділіктердің жүйесі.