Байланысты: 03.02.2023. Жұма уағызы. Ізгі қоғам (1)
Қадірменді жамағат! Қазіргі күні ислам дінін ұстанып жүрген мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де, дін ұстанған кей мұсылманның діни білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамға үрей-қорқыныш қалыптасу сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Біз мынаны білуіміз керек! Пенденің бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деп айта алмаймыз. Негізгі кемшілік таза дінді дұрыс жеткізбей әрі дін қалағандай қағидаттарды ұстана алмаудан туып отырған жағдай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмей аман болған адам», – деген (имам Муслим).
«Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген қанатты сөздің астары осы болса керек. Демек діннің талабына сай ұстайтын болсақ, көптеген қасиеттерге қол жеткіземіз.
Алла Тағала біздерге қоғамға ізгілік әкелуші пенделерінен болуымызды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнімізді мүбәрак еткей!