Issn 1607-2782 Республикалық ғылыми-әдістемелік


ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ МЕН



Pdf көрінісі
бет5/33
Дата15.03.2017
өлшемі2,65 Mb.
#9388
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ МЕН
ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Т.С. ТЕБЕГЕНОВ, 
филология ғылымдарының докторы, профессор, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы кезеңіндегі ұлттық сөз өнерінің дамуы жаңа 
сарынды сипатымен халық тарихындағы өмір шындығын бейнелеп жазып келеді. Қазақ сөз өнерінің 
жаңаша дамуына тың серпін әкелген Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 1991 жылы 16 желтоқсан­
да жариялануы – ұлттық ояну, серпілу көңіл­күй ықпалын көркем әдебиет дамуына да сіңірді. ХХ ға  сыр­
дағы қазақ әдебиеті дамуына әлем әдебиетіндегі классикалық үрдістер жетістіктерін дарытқан ха кім 
Абай  және  оның  дәстүрін  ұстанған  көрнекті  қаламгерлер,  әдебиет  алыптары:  Шәкәрім  Құдай­
бер диев,  Ахмет  Байтұрсынов,  Мағжан  Жұмабаев, Жүсіпбек  Аймауытов,  Міржақып Дулатов,  Сәкен 
Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, 
Ғабиден  Мұстафин  шығармашылығы  дәстүрі  тәуелсіздік  жылдарындағы  әдеби  даму  желісіндегі 
бағдарлы ықпалын жоғалтқан жоқ. Аталған әдебиет алыптарының ұстаздық шығармашылық өнгесін 
дамыта жалғастырған ХХ ғасырдың 60­80­жылдарындағы қазақ сөз өнерінің жаңа толқын өкілдері де 
әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма) жанрларының классикалық үрдістерін өзіндік өрнектерімен 
дамытты. 
Ұлттық  сөз  өнеріне  жаңа  көркемдік  сипат  өрнектерін  дарыта  келген  жаңа  толқынның  алдыңғы 
сапындағы қаламгерлер шығармашылық үрдіс жолын тың туындыларымен жалғастырды. Хамза Есен­
жанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин, 
Қалижан  Бекхожин,  Ғали  Орманов,  Әбдіжәміл  Нұрпейісов,  Жұбан  Молдағалиев,  Хамит  Ерғалиев, 
Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шәймерденов, Зей­
нолла Қабдолов, Аманжол Шамкенов және т.б. ақын­жазушылар легі қазақ әдебиетінің уақыт талабына 
сәйкес туындыларын жазды.
ХХ  ғасырдың  60­80­жылдары  кезеңінде  қазақ  әдебиетіне  тағы  да  жаңа  бір  толқын  қосылды. 
Суреткер жазушы Мұхтар Әуезов осы толқын хақында тарихи мәні ұмытылмайтын «Жыл келгендей 
жаңалық сезінеміз» тақырыбымен ұлағатты пікірін музыка, сурет өнері, поэзия дамуына арнаған еді:
«...Біз өзіміздің жастар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқымыз келеді. 
Осы үш саланың табыстары жаңа жыл келгендей өнердің жаңа жас қайраткерлері келіп, қазақтың му­
зыка, живопись, поэзия өнеріне жаңа бір жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты. ... Жалпы ли­
рика туралы, қорытып айтқанда, біздің әдебиетке мәдениетті ақындар, оқыған ақындар келе бастаған. 
...Поэзияның тақырыбы шағын болса да өзінің туған жерін, анасының жайын, көктем, күз, қыс, ма­
хаббат  мәселесін  айтқысы  келеді.  Бұл  тақырыптар  –  бүкіл  адамзат  тарихи  болғаннан  бері  айтылып 

33
келе жатқан тақырыптар. Әрдайым өз үнімен, өзіндік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені ба­
сады. Қазіргі поэзияның, мәдениетті поэзияның өкілдерінің – әрбір ақынның өзінің өзіндік тілі, үні 
біреудің айтқанын жазу керек емес дегендей талаптарды өздеріңізге өздеріңіз қойып келе жатқандық ты 
байқатады.
...Сіздердің алдыңғы буын алдағы заманның жамандығын ала келетіні болады. Сіздер адал әдебиет­
ке, үлкен әділ таразыларыңыз бар, салмақты сабырларыңыз бар, әдебиеттің жақсылығын шын сүйетін, 
шын берілген кішіпейіл әдебиетші болыңыздар. Жақсы жазғандарыңыз далаға кетпейді, ешбір қасиет 
бағаланбай қалмайды, алтының танылмай қалмайды. Жақсылық арта түседі» [1, 47­456].
Суреткер жазушы академик Мұхтар Әуезовтің осы баяндамасында үмітті сеніммен бағаланған Із­
тай Мәмбетов, Тілеген Шопашев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев және 
осылармен қатарлас, өкшелес буын өкілдері Шәміл Мұхамеджанов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали 
Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды қуатты ойлы ақындар легі әдеби үдерісте даралана танылды.
Қазақ әдебиетінің 1960­1980 жылдарындағы дамуы үдерісінде халық тарихындағы елеулі кезең­
дердің деректеріне негізделген поэзиядағы, прозадағы, драматургиядағы жаңалықтар мол жа­
зылды. М. Ғабдуллиннің, Б. Момышұлының, Қ. Қайсеновтің, Т. Ахтановтың, Ә. Нұршайықовтың, 
Т. Бердияровтың, Б. Соқпақбаевтың, Қ. Мұхамеджановтың, Н. Ғабдуллиннің, М. Мағауиннің, 
Д. Исабековтің, С. Мұратбековтің, Е. Ибраһимнің, Ө. Нұрғалиевтің, Қ. Жұмаділовтің, С. Жүнісовтің, 
З.  Шашкиннің,  Т.  Әлімқұловтің,  Ғ.  Слановтың,  және  т.б.  қаламгерлердің  туындыларында 
1941­1945  жыл дардағы  Екінші  дүниежүзілік  соғыс  зардаптарының  майдан  мен  тылдағы  адамдар 
тағдырларын  тәлкекке  ұшыратқаны  тарихи  шындық  пен  көркем  шындық  тұтастығымен  бейнелен­
ді.  Сонымен  бірге  қазақ  ауылдарының  1950­1960  жылдардағы  экологиялық  қиындықтарға  ұшырай 
бастаған жағдайы да әлеуметтік­философиялық мағыналы бейнелеулермен шығармаларда қамтылды.
Бұл кезеңдегі қазақ прозасында эпикалық және лирикалық әдеби тек жанрларына тән көркемдік 
бейнелеулердің романтизм мен реализм тоғысуымен бейнеленуі айрықша орын алды. Қазақ прозасы 
әлем әдебиеті әдеби дамуы үдерісімен деңгейлес романдармен, повестермен, әңгімелермен, новелла­
лармен толыға түсті.
Ал  қазақ  поэзиясындағы  жаңашыл  ізденістерде  жадағай  саяси­идеологиялық  ұраншылдықтан 
арылған сыршыл сазды психологиялық терең ойлы лирикалық және эпикалық шығармалар жазу кеңі­
нен өрістей бастады. Лирикалық­философиялық, лирикалық­психологиялық сипаттағы туындылар дың 
жазылуы ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм дүниетанымы аясында тоғыса жырланды. Сюжет ті 
лиро­эпикалық  шығармалармен  (баллада,  поэма)  бірге  эпикалық  кең  құлашты  лирикалық  толғаулар 
публицистикалық­тарихнамалық  тағылымымен  ерекшеленді.  Сюжетсіз  құрылымдағы  лирикалық­
философиялық, дидактикалық­философиялық сарынды поэмалар жазудың поэтикалық үрдісі ұлттық 
топырақтағы үрдісін жаңаша түлете жалғастырды.
Қазақ  әдебиетінің  поэзия,  проза,  драматургия  салаларында  тарихи  тақырыпты  игеру  айрықша 
қарқынмен дами бастады. Әсіресе, қазақ даласында Ресей отаршылдығының Ақпан, Қазан төңкеріс­
терінің, Азамат соғысының салдарынан болған аштықтың, босқыншылықтың, саяси қуғын­сүргіннің 
және т.б. жат ықпалдардың зардаптары, қайғы­қасіреттері туралы көптеген тың туындылар жазылды. 
Поэзиядағы, прозадағы, драматургиядағы жаңашыл туындыларда өмір шындығы оқиғалары, тарихи 
қайраткерлер тағылымы елеулі кезеңдер қайшылықтарының, қақтығыстарының аясында бейнеленді.
ХХ ғасырдың 60­80­жылдары қазақ әдебиеттануы, фольклортануы ұлттық рухани құндылықтарды 
ұлықтаудың биік талаптары деңгейімен танылды. Қазақ әдебиеті тарихының ежелгі түркі өркениеті 
дәуірлерінен басталып, орта ғасырлардағы Ислам мәдениетімен толысуы, одай кейінгі Алтын Орда, 
Қазақ хандығы кезеңдерінде төл ұлттық сөз өнерінің даралана дамығаны іргелі еңбектерде дәлелден­
ді.  Ал  ХІХ  ғасырдағы  дәстүрлі  ақындар  поэзиясы  мен  жаңа  жазба  әдебиет  өркендеуі  жалғасуының 
әлемдік озық классикалық үрдістерге деңгейлес дамуға ұласқаны да тың зерттеулермен дәйектелді.
ХХ  ғасырдың  60­80­жылдарындағы  әдебиеттану  ғылымының  сын  саласындағы  жаңа  ізденістер 
қазақ сөз өнеріндегі аталған бұрынғы­соңғы кезеңдер жалғастығын айрықша назарға ала қарастырды. 
53-0124

34
Әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны салалары жаңа жазылған тың туындыларды көр­
кемдік  дәстүр  жалғастығы  және  жаңашылдық  ұстанымы  тұрғысында  тиянақты  іргелі  зерттеулер­
мен қарастырды. Көркем шығармалардың жанрлық сипаты, сюжет пен композиция, көркем шындық, 
тілдік­стильдік қолданыстар, поэтикалық үндестік, т.б. сан алуан мәселелер, ғылыми­теориялық таным 
ұстанымдары заңдылықтары аясында саралана қарастырылуы жүйелі қалпымен танылды. 
Әдеби  үдерістің  әуелгі  бастауларынан  бастап,  кейінгі  дамуы  кезеңдеріне  дейінгі  жолын  көркем­
дік дәстүр және жаңашылдық заңдылықтарымен қарастыру арқылы қазақ сөз өнерінің көпғасырлық 
қалыптасу, даму болмысы айқындалды. Мыңжылдықтар белестерінен өтіп келе жатқан байырғы қазақ 
халқының бұрыңғы­соңғы тарихының шындық екендігі дәлелденді.
ХХ ғасырдың 90­жылдары мен ХХ ғасырдың басындағы кезең шығармалары – тәуелсіз Қазақстан­
ның  жаңа  тарихының  жемістері.  Әлем  картасында  өзіндік  географиялық  орны  анық,  шекаралары 
нық белгіленген ұлттық атауымен, мемлекеттік Елтаңбасымен, Туымен, Әнұранымен, төл валютасы – 
теңгесімен  танылған,  Біріккен  Ұлттар  Ұйымына  мүше  болған  Қазақстан  Республикасының  рухани 
құндылықтарын қазіргі уақыт талабы рухында арнайы зерделеп бағалау – аса өзекті мәселе. Осындай 
өзекті мәселені арнайы қарастыру мақсатымен мынадай міндеттерді орындау көзделді:
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі жылдарындағы поэзияның дамуы сипатын жүйелеп бағалау;
– Жаңа тарихи дәуір кезеңіндегі прозалық шығармалардың жанрлық табиғатын да саралап, бағалау­
лар жасау;
– Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясы пьесаларының поэтикалық ерекшеліктерін сара­
лау;
– Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті дамуы үдерісімен сабақтас әдебиеттану, фольклортану ғылымы жетіс­
тіктерін де жүйелеу;
– Абайтану, Шәкәрімтану салаларындағы жаңашыл зерттеулерін жүйелеп бағалау.
Алыс, жақын шетелдердегі қазақ әдебиетінің көрнекті ақын­жазушыларының да дәуірмен сабақ тас, 
ұлттық тарихымызды ұлықтайтын туындыларын да қоса оқыту мен зерттеу.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті дамуындағы туындылар жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне 
орай іріктеліп пайдаланылады. Себебі, ХХ ғасырдың 90­жылдары мен ХХІ ғасырдың 2000­2011 жыл­
дары аралығында көп туындылар жазылды. Поэзия, проза, драматургия салаларындағы туындылар­
дың бірқатарын алғаш рет қамтып қарастырып отырғандықтан, назарға алына қоймаған көрнекті шы­
ғармалардың алдағы жаңа зерттеулерде қарастырылатынын басты назарымызға аламыз.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін зерттеу жаңа кешенді ізденістермен жалғаса берді. Ұлттық 
әдебиет шығармаларының әлем өркениетінде танылуы үшін жаңа бағалаулармен зерделенген еңбектерге 
зәрулік қазіргі уақыттың және болашақтың талабынан туындай береді.
Қазақ әдебиетінің көп ғасырлар бойы қалыптасқан даму жолы – әлем өркениетіндегі өзіндік орны­
мен бағаланатын рухани құндылық қазынасы. Адамзат тарихындағы ежелгі замандардан қазіргі кезеңге 
дейінгі талай белестерден өткен қазақ халқының сөз өнері мұралары ұлттық және жалпыадамзаттық 
рухани құндылықтар ұлағатын жинақтаған гуманистік­эстетикалық болмысымен ерекшеленеді. 
Ежелгі  дәуірлердегі  сақ,  ғұн,  түркі  мәдениеттерінде  негізгі  қалыптасқан  көркемдік­эстетикалық 
ойлау дүниетанымы кейінгі ғасырлардағы фольклор мұралары мен көркем әдебиет шығармаларында 
толыса, кемелдене өркендеді. Әсіресе, ұлттық өзін­өзі тануы көзқарастары дами түскен Алтын Орда, 
Мысырдағы мәмлүк сұлтандығы, Моғолстан, Қазақ хандығы кезеңдеріндегі сөз өнерінің тәлім­тәрбие­
лік,  қоғамдық­әлеуметтік  ықпалды  қызметі  ұрпақтардың  қалыптасуында  шешуші  қызмет  атқарды. 
Ал, ХІХ ғасырдағы дәстүрлі ақындар поэзиясы мен жаңа жазба реалистік әдебиет шығармаларының 
өркендеуі қазақтың халықтың дүниетанымының өркениеттер тоғысуындағы өзіндік қабылдау психо­
логиясының болмысын дәлелдеді. 
Шығыс пен Батыс өркениеттерінің озық жетістіктерін өзіндік төл мұралардағы көркемдік­эстетика­
лық дүниетаныммен ұштастырған халқымыздың талантты, дарынды шығармашылық тұлғалары руха­
ни құндылықтарымыздың бұзылмай сақталуын, жаңаша жалғасуын жүзеге асырды. Бұл орайда, 

35
ХХ ғасырдағы әдеби үдерістің фольклор мен дәстүрлі ақын­жыраулардың, хакім Абайдың, одан кейінгі 
Шәкәрім Құдайбердиевтің, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс 
Жансүгіровтің,  Сәбит  Мұқановтың,  Мұхтар  Әуезовтің,  Ғабит  Мүсіреповтің,  Ғабиден  Мұстафиннің 
және олардан кейінгі толқын қаламгерлердің көркем туындыларымен кемелденгенін айта аламыз.
ХХ  ғасырдың  90­жылдары  мен  ХХІ  ғасырдың  басы  –  тәуелсіз  Қазақстан  әдебиетінің  жаңаша 
өркендеген кезеңі. Ресей патшалығының, одан кейінгі кеңестік саяси­идеологиялық бақылау шеңберінің 
құрсауында  болған  қазақ  сөз  өнері  тәуелсіздіктің  еркіндік  мұхитының  айдынында  желкен  көтерген 
кемедей  жүзді.  Қазақ  әдебиетінің  жаңаша  сипаттағы  көркем  шығармаларында  халық  тарихындағы 
бұрын тақырып нысанына алына қоймаған халықтың мемлекеттілігі, ұлттық­азаттықты сақтау, қор­
ғау күрестеріндегі қайраткер тұлғалар (хандар, би­шешендер, батырлар, оқымысты зиялылар), еңбек 
ардагерлері және т.б. – бәрі де шығармалар арқауына алынды, жаңа буын оқырмандардың танып­бі­
луіне ұсынылды.
Қазақ  поэзиясының  тәуелсіздік  жылдарындағы  дамуында  көрнекті  ақындарымыз  –  Нұрлан 
Оразалиннің,  Темірхан  Медетбековтің,  Серік  Ақсұңқарұлының,  Иранбек  Оразбаевтың,  Темірше 
Сарыбайұлының, Аманхан Әлімұлының, Есенбай Дүйсенбайұлының, Ұлықбек Есдәулетовтің, Өтеген 
Оралбайұлының,  Бауыржан  Жақыповтың  және  т.б.  ақындардың  өлеңдері  тәуелсіздіктің  шынайы 
қуатын сездіретін сенімді үнмен жырланды. Ақындардың өлеңдерінде халықтың Түркі қағанаттары, 
Қазақ  хандығы  дәуірлерінде  негізі  қалыптасқан  елдік,  азаматтық­отаншылдық  ұстанымдары, 
Көктүркілік наным­сенімдері және діни­исламдық дүниетанымы поэзиядағы көркемдік­эстетикалық, 
романтикалық­реалистік тұтастықпен жырланды. Ақындар ұлттық әдебиетіміздің классикалық негі­
зі  жыраулар  поэзиясындағы  философиялық­дидактикалық,  азаматтық­мемлекетшілдік  сарындарды 
тәуелсіздік рухымен тұтастыра, жаңа дәуірдегі қуатты ұрпақтар үнін танытуға күш салды. Лирикалық­
философиялық,  философиялық­публицистикалық  сарынды  лирикалық  және  эпикалық  шығармалар 
жазу  қауырт  өрістеді.  Тәуелсіздік  жылдарында  әдебиет  айдынында  танылған  жас  толқын  ақындар 
ұлттық поэзияның жаңаша дамуына өзіндік үлестерімен, үндерімен келіп қосылды.
Тәуелсіздік  жылдарында  қазақ  прозасы  да  алдыңғы  толқын  алыптар  қалыптастырған  көркемдік 
үрдіс жолын жалғастыратындай шығармашылық тағылымымен байқалды. Қазақ прозасындағы көр­
некті көркем туындыларымен оқырмандарына танымал қабырғалы қаламгерлер Әбіш Кекілбаевтың, 
Мұхтар Мағауиннің, Рамазан Тоқтаровтың, Қабдеш Жұмаділовтің, Бексұлтан Нұржекеевтің, Ұзақбай 
Доспанбетовтың,  Сәбит  Досановтың,  Тынымбай  Нұрмағамбетовтің,  Адам  Мекебаевтың,  Дүкенбай 
Досжановтың,  Смағұл  Елубайдың,  Берік  Шахановтың,  Жанат  Ахмадидың,  Мархабат  Байғұтовтың, 
Сайлаубай  Жұбатырұлының,  Ғабиден  Құлахметовтың,  Жұмабай  Шаштайұлының,  Сұлтанәлі  Балға­
баевтың, Қуаныш Жиенбайдың, Жолтай Әлмашұлының және т.б.­дың әңгімелері, повестері, романда­
ры тәуелсіздік жылдарындағы уақытпен үндескен сипаттарымен танылды.
Жазушылардың  прозалық  жаңа  туындыларында  қазіргі  қазақ  ауылдарындағы  адамдардың  тұр­
мыстық­әлеуметтік жағдайы, қарым­қатынастар мәдениеті, әр алуан мінез­құлық қасиеттері үйлесім­
дер мен қақтығыстар аясында бейнеленген. Прозалық жаңа шығармаларда қалаға қарай ағылған қазақ 
жастарының  сан  алуан  тағдырлық  талқыға  ұшыраған  хал­ахуалдары  арқау  етілген.  Қиыншылықтар 
құрсауында жүріп, бірақ адамшылық­имандылық ұстанымын жоғалтпағандар мен тағдыр талқысына 
түскендер,  оларға  ешқандай  аяушылық  жасағысы  келмейтін  қатыгездер,  жалған  ғылыми  атақ  ие­
ленген көзбояушылар, жезөкшелікке мәжбүр болғандар, ел байлығын қулықпен иеленіп алып, мил­
лиондарымен,  миллиардтарымен  шетелдерге  қашып  кеткендер,  билік  тұтқасынан  айрылмай,  бірақ 
қазақтың ұлттық діл болмысына мұрнын шүйіре қарайтындар, екіжүзді саясаткерсымақтар және т.б. – 
өмір шындығының қайшылықты мәселелері шығармалар арқауына алынған. Көрнекті жазушы Адам 
Мекебаевтың повестері («Әжесінің баласы», «Бойжеткен», «Жар жағалаған қыз», «Жезтырнақ»), ро­
мандары («Періште келіншек», «Дауылы кенеттен көтерілген жер», «Құпия қойма», т.б.) қазіргі қазақ 
прозасының  адамдар тағдырларын  қайшылықты  сипатымен  танытқан  көркем  туындылар  болып  та­
нылды. 

36
Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің повестері («Гауһар тас», «Ғарыш әні», «Сырғалы қыз», «Қардағы 
гүл», т.б.), романдары («Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы», «Жылусыз от», «Шың мен шыңырау», 
т.б.)  –  бәрі  де  тарихи,  өмірлік,  шындық  оқиғалары  ортасындағы  жеке  адамдар  мен  жалпы  халық 
тағдырларын көркем шындық поэтикасы аясында психологиялық сипатпен бейнелеген ерекшеліктерді 
байқатады.
Жазушы Сәбит Досановтың Тәуелсіздік жылдарында жазылып, оқырмандарының биік бағасын ал­
ған шығармалары ұлттық әдебиетіміздің көрнекті көрсеткіштері қатарын құрады. Жазушының ХХ ға­
сырдың 90­жылдары мен қазіргі кезең әдеби үдерісіне қосқан сүбелі үлесі – «Жиырмасыншы ға сыр» 
атты  роман­эпопеясы.  Роман­эпопеяның  бұрын  жарық  көрген  «Қылбұрау»,  «Ұйық»,  «Тұйық»  атты 
кітаптары қазақ халқының ХХ ғасырдағы тарихи кезеңдерден өткен жолдары деректерге негізделген 
көркем шындықпен қамтылған. Жазушының роман­эпопеясында қоғамдық­әлеуметтік елеулі оқиғалар 
көрнекті тарихи тұлғалар, эпикалық баяндау, кейіпкерлерді даралау, мінездеу жолдарымен суреттелген. 
Романдардың  сюжеттік­композициялық  желісінде  империялық­отарлық  басқару  –  әкімшілік  жү­
йе сінің  зорлық­зомбылықтары,  орыс  шаруаларының  жаппай  қоныстандырылуы,  қазақ  даласындағы 
ұлттық­азаттық  көтерілістер,  ұлт  зиялыларының  демократиялық­революциялық  іс­әрекеттері,  орыс 
революцияларының  және  Азамат  соғысының  аласапыраны,  кеңестік  өктемдік,  зорлық­зомбылықтар 
(мал­мүлікті  тәркілеу,  күштеп  ұжымдастыру,  қазақтың  аштықтан  қырылғаны,  шетелдерге  ауып,  бо­
сып  кеткені,  ұлт  қайраткерлерін,  ел  азаматтарын  жаппай  қуғын­сүргінге  ұшырату,  атып  өлтіру,  жер 
аудару, т.б.), Сарыарқада тың игеру желеуімен жат елдер адамдарын тоғытып орналастыру, қазақты өз 
жерінде азшылыққа айналдыру, қазақ даласын атом сынағы, ғарыш айлағы алаңдарына айналдырып, 
экологиялық зардаптарға ұшырату, т.б. – бәрі де романдарда қамтылған.
Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің прозалық шығармаларында (повестерінде, романдарында) мінез­
құлық ерекшеліктері сан алуан адамдардың әрқайсысының даралықтарын да, өзара үндес қасиеттерін 
де,  іс­әрекеттерін  де  тарихи,  шындық  желісіндегі  көркемдік  тәсілдермен  суреттеген.  Жазушының 
повестерінде («Гауһар тас», «Ғарыш әні», «Сырғалы қыз», «Қардағы гүл»), романдарында («Қызыл 
жолбарыс», «Абылайдың ақ туы», «Жылусыз от», «Шың мен шыңырау») қазақ тарихындағы белгілі 
кезең адамдарының қайшылықты тұрмыс ортасындағы өзара үндес әрі қақтығысты тіршілік болмысы 
сипатталған.
Жазушы Жанат Ахмадидың тарихи романдары («Дүрбелең», «Шырғалаң», «Ай­тұмар», «Есенгелді 
би», т.б.), әңгімелері мен повестері (Зар­зарауха») тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасының жаңа 
көркемдік белестерін құрады. Жазушының тарихи романдары көркем шындық поэтикасы заңдылықта­
ры аясында өзіндік шешімі айқын суреткерлік шеберлікті танытқан туындылар қатарын құрайды.
Жазушы Жолтай Әлмашұлының әңгімелері («Найзашың», «Сұлуды сүю», «Пенде мен періште»), 
романдары («Ұмытылған ұрпақ», «Оянған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы») қазіргі кезең әдебиетіндегі 
жаңашыл сипатымен танылады. Жазушының «Күлкі мен көз жасы» атты екі кітаптан құралған роман­
дилогиясында ХХ ғасырдың 1900­1954 жылдары арасындағы халық тағдырының сан алуан қуаныш­
ты, қасіретті сипаты, сонымен бірге қайшылықты тіршілік қозғалысындағы адамгершілік асыл сезім 
қуаттылығы дәлелденген.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті құрамында қазіргі қазақ драматургиясы да қарастырылады. 
Қазіргі қазақ драматургиясы қаламгерлері: Әбіш Кекілбаевтың, Қалихан Ысқақовтың, Дулат Иса­
бековтің, Софы Сматаевтың, Төлен Әбдіковтің, Немат Келімбетовтің, Нұрлан Оразалиннің, Иранбек 
Оразбаевтың,  Сұлтанәлі  Балғабаевтың,  Жолтай  Әлмашұлының,  Серік  Асылбекұлының,  Роза  Мұ­
қанованың және т.б. қаламгер­драматургтердің пьесалары көрермендерге ұсынылуда, театр сахнала­
рында қойылып келеді.
Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ең әдемі келіншек», «Қыз 
жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Жамбала, Миско және қасқыр», «Біз де ғашық болғанбыз», 
«Әйелдер әлемі», т.б. пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық­тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, 
трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленген.

37
Жолтай Әлмашұлының пьесаларында («Сана дерті» – драма­элегия, «Абақты ғұмыр» – поэтика­
лық  драма­сұхбат,  «Фрустракция  –  драма­элегия)  қазақ  тарихының  қайраткер  тұлғаларының  саяси 
қуғын­сүргінге  ұшыраған  тағдырлары  драмалық­трагедиялық  болмысымен  психологиялық  тұрғыда 
бейнеленген. Жазушы­драматургтің пьесаларында уақыт пен кеңістіктегі адамтанудың өзекті мәселері 
көркемдік­эстетикалық таныммен қамтыла суреттелген.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті дамуының аясында әдебиеттану, фольклортану ғылымдары 
салалары  да  жаңа  ізденістермен  толыға,  толыса  дамыған.  Бұл  орайда,  Немат  Келімбетовтің  «Қазақ 
әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Шығыс классикалық поэзиясы мен қазақ әдебиеті», «Ежелгі түркі поэ­
зиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бастаулары», «Ежелгі әдеби 
жәдігерліктер», «Көркемдік дәстүр жалғастығы» және т.б. еңбектері түркітану, шығыстану салалары 
бойынша жаңашыл тұжырымдарымен танылды. 
Тәуелсіз  Қазақстан  әдебиеттануының  әлемдік  деңгейдегі  көрсеткіштері  қатарында  Абайтану 
саласындағы  ғылыми­зерттеулер  айрықша  жоталана  байқалады.  Алаш  зиялылары  және  көрнекті 
оқымыстылар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев және т.б. алдыңғы 
толқын қалыптастырған дәстүрлі жолды тәуелсіздік жылдарында жаңа зерттеулер жалғастырды. Ака­
демик С. Қирабаевтың, З. Қабдоловтың, Т. Кәкішевтің, Р. Бердібаевың, З. Ахметовтің, М. Мырзахмет­
ұлының, Ж. Ысмағұловтың, Ш. Елеукеновтің, т.б. ұстаз­ғалымдардың іргелі зерттеулері Абайтанудағы 
жаңа  бағыттарға  жол  ашты.  Абайтанудың  тарих,  философия,  психология,  педагогика,  өнертану,  т.б. 
салалардағы көрнекті зерттеулері жаңа тұжырымдармен толыға түсуде.
Аталған  кезеңде  Шәкәрімтану  бағытында  да  көптеген  монграфиялар,  оқу  құралдары,  мақалалар 
жарық көрді. «Шәкәрімтану мәселелері» атты көп томдық ғылыми еңбектер жинағы жарық көрді.
Қазақ  фольклортануы  ғылыми  саласында  тың  зерттеулер  жазылып  жарық  көрді.  Қазақ  фольк­
лорындағы мифтер, эпостану, тарихи жырлар, жазбаша әдеби үдеріс шығармаларындағы фольклорлық­
этнографиялық нышандардың сақталуы, т.б. сан алуан өзекті мәселелерге арналған жаңа зерттеулер 
отандық ғылымның әлем өркениеті кеңістігінде лайықты үлесін танытты.
Қорқыт  Ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университеті  –  Тәуелсіз  Қазақстан  Республикасын­
дағы  іргелі  жоғары  білім  беру  оқу  ордасы.  Университет  ректоры,  академик,  профессор  Қылышбай 
Алда бергенұлы  Бисенов  қазақ  әдебиетін  оқыту  мен  зерттеу  жұмыстарына  тікелей  қамқорлық  жасап 
келеді. Университеттің 75 жылдық тарихындағы жаратылыстану, қоғамдық­гуманитарлық, техникалық 
ғылымдар салалары бойынша еңбек сіңірген талай ұстаз­ғалымдардың мұраларын мәңгіліктендіру жұ­
мыстарын жүзеге асыруда. Мысалы, университетте ұзақ жыл еңбек еткен, Алаш ғылымының әлем дік 
деңгейдегі алыптарының бірі, профессор Әуелбек Қоңыратбаев шығармаларының 10 томдығын жарық­
қа Шығаруды жүзеге асырды. Ректордың қолдауымен әдебиетші­ұстаз Әйтімов Мұратбек Кенжебайұлы 
Тәуелсіздік дәуіріндегі жаңа туындылар бойынша «Қазіргі қазақ романы: тарихи шындық және көркемдік 
шешім» тақырыбымен филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі үшін диссертация қорғады.
2011­2012 оқу жылынан бастап ректор Қ.А. Бисеновтің тікелей ұсынысымен «Тәуелсіз Қазақстан­
ның жаңа әдебиеті» атты жаңа пән оқытыла бастады. Осы пәннің ҚР БҒМ бекіткен типтік бағдарлама­
сы дайын далып, республикамыздың жоғары оқу орындары үшін ұсынылды. Университеттің магистра­
тура сы мен докторантурасы да Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін зерттеу тақырыптары бойынша 
ізденістер жасауда.
Қорыта  айтқанда,  Тәуелсіз  Қазақстанның  жаңа  әдебиеті  және  зерттеу  салалары  ұлттық  руха­
ни құндылықтарымыздың уақыт өзгерістерімен үндесе даму болмысын танытты. 2004 жылдан бері 
Елбасы  Н.Ә.  Назарбаевтың  тікелей  басшылығымен  жүзеге  асырылған  «Мәдени  мұра»  мемлекеттік 
бағдарламасы [2] да Отанымыздың әлем өркениетіндегі қуатты әлеуетін айқындап отыр. 
Қазақстан  Республикасының  Еуропадағы  Қауіпсіздік  және  Ынтымақтастық  Ұйымына  (ЕҚЫҰ, 
2010), Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ, 2011) төрағалығы және т.б. бүкіләлемдік деңгейдегі 
көрнекті деңгейлері қазақ сөз өнері туындыларының да, жаңа зерттеулерінің де жоғары сапамен да­
муына ықпал етері ақиқат. Бұл – біздің ұлттық рухани құндылықтарымыздың үздіксіз қозғалыстағы 
шығармашылық жолының көрнекті көрсеткіші.

38
Әдебиеттер:
1. Әуезов М.О. Жиырма томдық шығармалар жинағы: монография мен мақалалар, Т. 20. – Алматы: 
Жазушы, 1985. – 496 б.
2. Назарбаев Н.А. «Мәдени мұра мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс» // Егемен Қазақстан. – 2003. – 
№ 311­312. 
Резюме
В статье рассмотрены актуальные научные проблемы обучения и исследования новейшей литера­
туры Независимого Казахстана. Представленная научная статья является первой попыткой осветить, 
углубить и дополнить исследования, посвященные изучаемому периоду. Следует также отметить, что 
предложенная тема требует дальнейшего исследования с учетом фактора развития современного обще­
ства и появления новых научных концепций и теорий. 

39

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет